Марқұм Рақманқұл Бекенов ақсақалдың айтуы бойынша жазылған «Мамай би мен Қарадос шешеннің оқиғасы:
– Өткен он тоғызыншы ғасырда қара сөзге жүйрік Қарадос деген шешен өтіпті. Жасы жиырмаға толғанда Қарақалпақ еліне елшілікке аттаныпты. Екі елдің арасында барымта болып, ізі ушығып үлкен жаугершілікке айналғалы тұрған кезі болса керек. Қарақалпақтың бетке ұстар биі Мамай адуын мінезді, әрі сөзден, жолдан ешкімге дес бермеген азулы адам екен. Өз еліне тізесін батырып тұқыртып алған соң, көрші қазаққа да ауыз сала бастағанға ұқсайды.
Қарадос серіктерімен үйге сәлем беріп кіріп келгенде, төрде шынтақтап жатқан Мамай би кісі келді деп селт етпепті. Амандықтың белгісін болар – болмас қимылдаған ерні ғана білдіріпті. Жасы жетпістен асса да сұсты, суық жүзі әлі сол қалпында екен. Қарны жер сызып, алдыңғы дастарқанның бір шетін басып жатыр. Бір уылжыған жас келіншек қасында, тағы бір сондай келіншек шай құйып беріп отыр. Үйде өзге жан жоқ. Үй иесінен қимыл – қозғалыс, иә былай былай шық дегендей белгі болмапты. Тіл кескендей тыныштық орнапты. Тұра беруді ыңғайсыз көрген Қарадос сөзді былай бастаған екен:
– Би, мына екі келіншек те өзіңіздің әйеліңіз бе? – деп сұрапты.
– А, қазақ, көпсініп тұрғаның осы екеуі болса, біреуін ал да жөніңе тайып тұр, – депті Мамай би.
– Сізбен бұлардың жас мөлшерінде біраз алшақтық болған соң сұрап едім, – дейді Қарадос.
Сонда Мамай:
– Елуде егеулі найза өңгерген ермін, алпысымда араннан тоқтамай өтемін, жетпісімде аспанға атылған жыланмын, сексенімде тайдай секіремін, тоқсанымда топтан торай шалдырмаймын, жүзге келгенде мына екеуінің көңілін қалдырмаймын, – дейді.
– Жоқ, би, олай емес. Елу ерте көшкен ел емес пе, алпыс қайта қонған жер емес пе, жетпісте отыз омыртқаң бүгілмей ме, сексенің серіктікке себі жоқ, тоқсан жоқ сан ғой, жүзге келген оңбай ма, өлігіңе қара қарға қонбай ма? – дейді Қарадос.
Сол кезде Мамай би екі қолымен жер тіреп, кеудесін көтере қаһарланып:
– Тарпиын ба, қарпиын ба, – деп ақырады.
– Тарпып, қарпитын түйе емессің ғой, би. Қарпып көрші, ішек – қарныңды ұлтабарыңмен қоса артыңа жіберетін бүркітпін, – деп Мамайдың суық жүзінен көз айырмай қырандай қадалады.
Меселі қайтып, босаңсыған Мамай би:
– Қазақтың Ұлы жүзінің шешесі қойдың бөтекесіне, Орта жүздің шешесі балға, Кіші жүздің шешесі қасқырдың бауырына жерік болды деп еді, батырлығыңа бардың – ау, – дейді.
Сонда Қарадос:
– Әжем жүз бен жүзді жүзіқара айырады деуші еді. Көңілің қарау, бетің қара екен, би. Құдай сенің сөзіңді майда қылса, менің сөзімді найза қылды, түйрейін бе осы? – деп, тап бергенде:
– Қойдым, қойдым. Қазақтан шыққан Қарадос сен екенсің ғой, – деп кілем төсеп, төрге отырғызып сыйлапты.
Сөйтіп, Қарадос шешен екі елді татуластырып, бітімге келген екен.
– Міне көрдің бе Әсет, осы дала халқының өткен ғасырлардағы әңгімелеріне көз жіберіп, көңіл қойсақ сол кездегі тұрмыс жай, екі ел арасындағы елшіліктің астарынан сол кездегі ел адамдарының денсаулықтары туралы да көп нәрсені көңілге түйуге болады. Табиғатпен жымдасып, біте қайнап өскен дала перзенттерінің денсаулықтарының өте мықты болғанына көзіміз еріксіз жетеді.
Сұрақ: – Рахым Алмабекұлы, енді өзімнің ата бабаларымның шежіресін қозғап, руымыздың ұраны неліктен «Шыңқожа» деп аталатынына тоқтала кетсем деймін, пікіріңіз қалай?
Жауап: – Әсет бауырым, біздің халық «Жеті атасын білмеген жетесіз» дейді, мен бұны саған генетик әрі селекционер ғалым ретінде айтып отырмын. Қазіргі біздің кең байтақ еліміз бен шалқар көлдеріміз, жер асты үсті толған байлығымыз сол ата бабамыздың бізге қалдырған мұрасы. Аруақтарыңнан айналайын бабаларым, оларды қастерлеп қадірлемегенде, кімді пір тұтамыз?! Осылардың жақсы қасиеттерін сақтау үшін әр қазақ баласына жеті атасын білу шарт, себебі ол ұрпақ жалғастырушы, оның адамшылығын сол арқылы – ақ білуге болады. Мынауың бір тұнып тұрған әңгімеге ұласайын деп тұрған сияқты. Мұндай әңгіме – шежірені мен күнде ести бермеймін, бұл халқымыздың тарихы емес пе? Осындай әңгімелерді тыңдау мен үшін үлкен дәреже, айта ғой.
Марқұм Рақманқұл Бекенов ақсақалдың «Қожакелді мен Шыңқожа батырлардың әңгімесі. Тума руына Шыңқожа батырдың атының ұранға қалай айланғаны туралы хикая». Рақманқұл ақсақалдың үшінші естелігі:
– Әсет балам, баяғы қалмақ жоңғар шапқыншылығы заманында сенің Қожакелді бабаң батыр болыпты. Бір күні жас өспірім бауыры Ерназар бір тойда біреумен ерегесіп бір ұрғанда ана жігіт өліп кетіпті. Ағайындары: «енді қайттік, ағасы Қожакелді батырға не айтамыз?», – деп қиналыпты, сонда да: «сіздің бауырыңыз тойда ерегесіп біреуді өлтіріп тастады»,– дейді. Сонда Қожакелді батыр: «е, менің бауырым кісі өлтіретін шамаға жетіпті ғой!», – деп қуанғанынан ат шаптырып, ұлан асыр той жасапты.
Жаугершілік заманда қол бастайтын, ел қорғайтын жасты ел ішінен ерте тауып, сынап тәрбиелеп, оған қарт батырлар ту ұстатып, сауыт-сайманын тапсыратын, көптің алдында бата беретін салт болыпты.
Сол кезде Қожакелді, Ерназар батырлар, рудың ұлы қариялар мен игі жақсыларын жинап алып: «Біз қартайдық. Туманың туын кім ұстайды. Кімге тапсырамыз?» дейді. Жиын топтың ішінен бір жігіт Қожакелді батырдың алдына келіп: «Уа, батыр аға, өзіңізбен бірге Төлендіқараның үйінде түстенгенімізде, Жаманкөзден қалған Шыңқожа деген бір жанып тұрған баланы көріп едік қой! Атымызды байлап, есік ашып, қолға су құйып, орамал ұсынып жүрген сол баланың бітімі бөлек, адамның қарай бергісі келетіндей бала еді. Сіздің туыңызды ұстауға сол лайық!», – дейді.
Қожакелді батыр қасына нөкерлерін ертіп, Жаманкөздің ауылына Төлендінің үйіне түседі. Аттанар алдында: «Осы үйде бір бала бар еді, ол кайда?» дейді Қожакелді батыр. Төленді төмен қарап күмілжиді. Сонда Төлендінің әйелі; «Ағалар, бұл бауырларыңыз жүзі күйіп, сіздерден қорқып үндей алмай тұр» дейді де, болған жайдың бәрін, баян етіпті.
Төлендіқара ұрлық жылқыдан үлесіне тиген бір ту биені қара күзде жығып алады. Жылқы етінің иісін түстік жерден сезетіндер болады ол күнде. Елге білдірмей, ұрлық жылқыны иісін сездірмей жеу керек. Жер тошалаға жасырып отырған биенің бір кесек майын Шыңқожа істікке шаншып, отқа ұстап, пісіріп жемек болады. Шыжыған майдың иісі мұрнына келген Төленді үйден атып шығып: «жетім ит» – деп Шыңқожаның қолындағы май шанышқан істікті жұлып ап, баланың бетіне басады. Ыстық майға өңін де бұзбаған, көзін де жұмбаған бала сол түні жоғалып кетеді.
Шыңқожа бала сол кеткеннен мол кетіп Ташкент асып кетеді. Өстіп алты жыл өтеді, Шыңқожа өнерлі, өрімдей жігіт болған кезінде өзбек ханының әскер жасағында сарбаз болады, ірілі ұсақты соғыстарда ерлігімен және соғысты басқару, әскерлерді соғыста ұйымдастыра білу қабілетімен ерекше көзге түсіп, біртіндеп он басы, жүз басы, мың басы содан өзбек хандығының жасағының түмен басы қызметіне тағайындалып, батырлық, қолбасшылық атағы алыс-жақын көрші елдерге жайылады.
Шыңқожаның хабарын біле алмай жүргенде, оның батырлық атағы мен даңқ-дақпырты Қазақстанның қиыр шетінде, елдің шетінде, жаудың өтіндегі Тарбағатай өңіріне де жетеді. Қарт Қожакелді батыр бауыры Шыңқожаны іздеп Ташкент қайдасың деп тартып береді.
Өзбек ханына келіп: «Бауырымды қайтарып бер, өзіммен бірге ала кетемін», – дейді. Хан бермейін десе, нақ бауыры екенін біліп тұр, берейін десе бұндай батырды, әскербасын қайдан табады. Хан беруге қимай: «Мың сарбазды бірдей киіндіріп, екі сапқа бөліп қарама қарсы тізіп қоямын, солардың ішінен бауырыңды дөп танып алсаң ғана қайтарамын, танымасаң саған жоқ, келген ізіңмен кері қайтасың» деген шарт қояды. Қожакелді батыр бұл шартты қабыл алады. Сонан кейін Қожакелді батыр самсап тұрған қалың сарбаздың ортасынан атымен құйындата шауып, екі жағына кезек-кезек теңселіп: «Бауырым Шыңқожа! Шыңқожа!» – деп ұран тастайды. Сол мезетте ұранды естіп қаны қызып, туған жерін аңсап, сағыныштан сарғайып жүрген Шыңқожа батыр да: «ағекем, ағакем, бармын, бармын!» – деп Қожакелді батырға қарсы шабады. Екі ағайынды батырлар өстіп табысқан соң, өзбек ханының амалы құрып Шыңқожа батырды ағасы Қожакелді батырға қосып береді.
Содан бері бүкіл Тума баласының соғыстағы ұраны «Шыңқожа» болып қалды, әлі де осы ұран. Қырық жыл созылған қанды шайқаста Шыңқожа батыр Туманың қолын бастап қазақ жасағының бас қолбасшысы Қабанбай батырдың қосынында болды.
Қатты бір шайқаста аз адаммен қоршауда қалған Шыңқожа батыр құтылмасын біліп, өзінің бас бармағын қылышпен шауып алып, атының ер тоқымының жапсарына қыстырып атты айдап жібереді, ат үріккен бойы батырдың туған жеріне келіп басын тірейді. Сол кезде аттағы күректей бас бармақ Шыңқожа батырдікі екенін танып, серіктері осы бас бармақты Аякөз ауданы, қазіргі Шыңқожада ауылындағы биік төбенің басына арулап жерлеген.»
2000 жылдың 29-30 қыркүйегінде Тоғыз Тума ұрпақтары бас қосып, Шыңқожа батыр бабамыздың туғанына 295 жыл толу құрметіне Мақаншыда ұлы дүбір той жасап, Шыңқожа ауылындағы зиратына ескерткіш тұрғызды.
* * *
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Жәнібек, Бостан, Баймұрат,
Шынқожа, Бұхар, Боранбай.
Бес жүз батыр, сан мың қол,
Қынадай қырып қалмақты.
Қақпасына Жоңғардың,
Қойша қуып қамапты.
* * *
Үш күн, үш түн дегенде,
Дамылдапты батырлар.
Нәр татпаған, күн жауын,
Жарқылдап жай шатырлар.
Үш күн құйып шелектеп,
Толастамай тұр екен.
Көзге түртсе көргісіз,
Тас қараңғы түн екен.
Ыстық ішер отын жоқ,
Ашығыпты Қабекең.
Бір төбенің басында
Шарбақ бейіт бар екен.
Ата-баба салтында,
Аттау қиын аруақты,
Шынқожаны жұмсапты,
Әкелуге шарбақты.
Көтеріп басын, күңіренген
Көріпті бір «аруақты».
Сындарапты Шынқожа,
Шатырлатып шарбақты.
«Тек ары жат ыңыранбай.
Аштан өлгелі жатыр,
Сен түгіл, тірі Қабанбай».
«Шынқожалап» батырлар,
Сонда ұран салыпты.
Төбесіне қалың қол
Хан көтеріп алыпты.
Дүрілдесіп батырлар,
Лаулатып от жағыпты.
Жейдесіне Қожаның
Алтын түйме тағыпты.
Жатқызып әлгі зиратқа,
Аруақ қып батыр Барақты.
Шынқожаны Қабекең
Соңғы рет солай сынапты.
* * *
Жеңіліпті жау қалмақ,
Батырларға бас ұрып.
Найза ұшымен тастапты,
Алтай тауын асырып.
Орал, Көкше, Тянь-Шань,
Қаратау мен Алатау,
Тарбағатай, өр Алтай,
Тазарыпты дала, тау.
* * *
Батырлардың талайы,
Жорықта өлген жапанда.
Жау қолынан мерт бопты,
Ер Шынқожа атаң да.
Жүрген екен батырлар,
Жылап, жоқтап, дүр ерін.
«Таппай тарамайсыңдар,
Шынқожаның сүйегін»
Деп іздетіп Қабекең,
Даланы, сай-саланы.
Айлап қарап ақыры,
Бір бармағын табады.
О күнде де сүйектен,
Кім екенін тауыпты.
Биік төбе басына,
Со бармақты қойыпты.
Ат шаптырып, ас беріп,
Мыңдап қара сойыпты.
Содан соң қол тарапты.
Қабекең беріп батасын,
«Шынқожа деп атапты
Арқаның осынау жотасын».
Ұлы Мұхтар Әуезовтің тапсыруымен, профессор Қайым Мұхаметқанов талдау жасаған «Қаракерей Қабанбай батыр» дастанында хал үстінде жатқан Қабанбайға көңілін сұрай келіп тоқсандағы Бұхар жырау:
«Арғыннан айттым жүз кісі
Найманнан айттым жүз кісі,
Үйсіннен айттым жүз кісі
Қара мойын лағың жараса!» дейді.
Батырдың беті бері қарамасын білген соң:
«... Мен кісі танысам,
Адам болар кебі жоқ,
Шағалақ пен Шыңқожа,
Дәулетбайға барыңдар,
Барып хабар салыңдар!»
деп, Шағалаққа Қубасты, Шыңқожаға Бөрте атты мінгізіп, Дәулетбайға шапқызады.
Аманжан Жақыпов, «Қаракерей Тума тарихы. Алматы: «Үш Қиян», 2004 ж.
– Әсет Ризаұлы, біз осы Қабанбай, Шыңқожа батыр бабаларымыздың тарихи деректерінен байқайтынымыз, сол кезеңде өмір сүрген бабаларымыздың денсаулығының өте күшті болуы және батырлар 70-80 жасқа дейін ат үстінде найзасын тастамай ел қорғағандығы, ал Бұхар жыраудың 90-нан асқан шағында өлең-жыр шығарып халықты басқыншыларға қарсы жұмылдырып, рухани дем беруі таңқаларлық нәрсе емес пе, осының өзі бабаларымыздың салауатты өмір салтын ұстап, қартайған шақтарында да іс-қимыл әрекеттерін тоқтатпауының арқасында Жаратушының берген 100...120 жыл ғұмырын толықтай сүргендерінің айғағы емес пе?
– Әсет, қарашы қандай керемет! Поль Брэггтің 95 жасқа, Бекенов Рақманқұл мен Нұртаза Абылханов, Есетей Сыдықов ақсақалдардың 90-ға таяуы, Данабек атаның 95 жаста әлі тың болуының, оның шешесі Захария әжеміздің 107-ге ал, осы әжеміздің туған бауыры Саңқайбай атаның 104-ке келуі, өзіңнің ағаң Ораз қажы Рахметовтың анасы Камаш апамыздың, Бәтия Әшімова әженің, Төлеген Бегетаров атаның 100-ге, Найман бабамыздың тоқсан жасында ұрпақ әкелуі, Бұхар бабамыздың 90-нан асқан шағында да қырғын соғыста халыққа жігер беріп, намыстарын қайрауы, Қабанбай, Қожакелді мен Шыңқожа батырлардың қартайғанша қолдарынан найза тастамауы, ал Мамай бидің жетпісінде ел басқарып, елуде найза өңгергенін, алпыста арынды болғаны, жетпісінде аспанға атылған жылан екенін, сексенінде тайдай секіретінін, тоқсанында топтан торай шалдырмайтынын, жүзінде екі келіншегінің көңілін қалдырмайтынын айтуының өзінде үлкен мән бар. Себебі денсаулығының арқасында осылай болатынына сенімді болған және осылай болған да, өзін өзі осыған иландырып алған. Жүз жасқа дейін тамаша табиғи денсаулықпен жүру, өмір сүру, ұрпақ әкелу олар үшін қалыпты жағдай болған.
Аталарымыздың Елубай, Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбай деп балаларына ат қоюдың өзі осының бір дәлелі емес пе? Жаугершілікте, соғыста немесе басқа қырсықтан өліп кетпесе Жаратушының, табиғаттың адамға берген 100-120 жыл ғұмырын толықтай сүрген, ауру-сырқау, улану дегендер жоққа тән болған. Ең бастысы табиғат заңдарын бұзбаған, осының жетегімен өмір сүре білген.
Ал қазіргі замандағы біздің замандастарымыз 60-қа жетер жетпестен өздерін қартайдық деп иландырып алып, өмірден түңіліп, денсаулықтарын түзетумен шұғылданудың орнына, баяғы «әніне салып» бей берекет өмірлерін жардан омақаса құлағанша жалғастыра беруде.
Малақ ауылында мешіт салған кәсіпкер Әділхан Байділдановтардың толғауы.
Тақырыбы: Осы өмірдегі жоғары мақсаттың мәні неде? Дұрыс ой, дұрыс сөз, дұрыс іс-әрекет дегеніміз не? Көпшілік адамдардың қазіргі көріп жүрген қуаныш-қайғыларының түп қазығы қайда? Ой – денсаулық пен молшылықтың сәулетшісі дегенді қалай түсінеміз?
Басыңдағы ақыл, қалтаңдағы ақшаға тең. Әділхан Байділданов
Байділданов Әділхан Әбдікәрімұлы – Ұржар ауданының өзі туған Малақ ауылында өз қаржысына мешіт салған азамат. Қазіргі таңда Алматы қаласында белгілі кәсіпкер. Талай жылдар Ұржар ауданының «хх-шы партсъезд» колхозында бас инженер, кәсіподақ комитетінің төрағасы болып қызмет істеген алпысты алқымдап қалған жігіт ағасы. Әділхан Әбдікәрімұлының сұңғақ та сымбатты, спортшыға тән солқылдаған денесіне, өн бойынан жалындап тұрған қуатына, келісті келбетіне, мейірімді жүзіне, қарапайымдылығы мен кішпейілділігіне, ақылының тереңдігіне, мәдениетінің жоғарлылығына қарап «а, мына азамат қамал алатын 40 жаста екен ғой» – деп, бірінші көрген адам өзінің осы азаматты танымаса да, сүйіспеншілікпен, силастықпен қарайтынына шүба келтіре алмайсыз. «Апама жездем сай» – дегендей Құдай қосқан қосағы Рымтай (Тома) жеңгеміз де – қазақ келіншектерінің сұлулығының бар сипатын бойына тоғыстырған адал жар, кемеңгер әже.
Сұрақ: – Әділхан Әбдікәрімұлы, мен осы әңгіме барысында өзіміздің ауылдың ғана емес, кәсіпкер ретінде жалпы ұлтымыздың мақтанышы болғаныңыз ешкімге де құпия емес. Белгілі кәсіпкер ретінде ата-тегіңізді, ағайын-бауырларыңыздыды, қазіргі жастарға үлгі болу үшін баяндай кетсеңіз артық болмас еді?
Жауап: – Оған еш қандай да қарсылығым жоқ, өзің біл. Әсет Ризаұлы, өзің жақсы білесің, осындай жетістікке жетуімнің бірінші себепкері Алла болса, екінші себебі өзімнің талпынысым, ойлау жүйемді түбегейлі өзгерте біліуімнің арқасы.
Алты ақша
Қарабас
Атамыз сол күндегі хан Қарабас,
Қараған қол астына қалың Алаш.
Ажал жетіп, дүниеден өзі кетіп,
Ерназар, Қожакелді қалыпты жас.
Атамыз одан арғы аты Тума,
Білмесең ата жөнін ата қума.
Қамбардың ханға берген қасқасындай,
Жарқырап көзге түскен қалың дуда.
Тумадан арғы атамыз Шүрентай-ды,
Жарықтық, білгіш екен елге жайлы.
Аруақты, шарапатты адам екен,
Шүкеңе шек келтірген кісі оңбайды!
Аманжан Жақыпов, «Қаракерей Тума тарихы. Алматы: «Үш Қиян», 2004 ж.
– Менің ата-тегім осы Қожакелді батырдан тарайды. Өзімінің әкем Әбдікәрім дүние жүзілік екі соғысқа да қатысып, аман оралған. 1916 жылғы «Июнь жарлығы бойынша 19 бен 31-дің арасындағы қазақ жастары соғыстың қара жұмысына алынуға тиіс болды. Онда Әбдікәрім 19 жаста еді. Екінші дүние жүзілік соғысқа Кеңес Одағында 18 бен 45-тің аралығында еркек кіндікті аттанатын болды. Онда Әбдікәрім 45 жаста еді.
Қилы заманда қырғын соғысты кешкен Әбдікәрімді қара танымайтындығы, орыс тілін білмейтіндігі қатты қинайтын. Елудің ішінде кешігіп көрген жалғыз ұлы мені Әділханды орыс мектебіне берді.
Әсет бауырым, өзің білесің орыс мектебінде оқыған ақыл-есті қазақ баласының ұлттық санасы ерте оянады. Өжет болады. Әке-шешесі орысша білмейтін орысша оқыған бала, ана тілінде ағып тұрады.
Әкем Әбдікәрім мені ұлық болсын деп орысша оқытқан жоқ. Әділханымның еңбек жазатын есепші болғанын көрсем деп армандайтын-ды.
Әкемнің үмітін ақтап, оның жалғызы Әділхан жоғары білімді инженер болды.
Әкем Әбдікәрім қарулы қара жұмыстың адамы еді. Өмірінде бір сәт қарап отырмаған, тыным таппаған кісі болатын. Қар кетіп, жер қарая салысымен беткейдегі тобылғыны түбірімен шауып, баулап, арқалап тасып алады. Көк қаулап шыға бастағанда-ақ ши-қияқ орып, оны да арқалап әкеп, маялап қояды. Ауласындағы бақшалық жеріне көкөністің түр-түрін өсіріп, мол өнім жинайтын.
Қолынан он шақты ұсақ мал, үш-төрт қара үзілмеді. Мал бағу деген – жан бағу. Еңбекпен өз күнін өзі көру – еркіндік. Әкемнің осы қасиеті маған да дарыды. Менің анам Қадиша аса мейірімді, ақылды кісі еді. Менің басымнан құс ұшырмай, еркелетті.
Мен барлық жалғыз өскен балалар сияқты ата-анама еркеледім, бірақ шолжаң, тентек, бұзық болмадым. Өмірге еркелеген жоқпын. Алайда өмірдің қатал тәрбиесі мен тәжірибесін қанша қағида етейін десем де, әкем Әбдікәрімнің, анам Қадишаның рухтары үнемі ойымда, бейнелері күнде көз алдымда тұратын аяулы ата-анамның сіңген мейірімдері, қайда болмайын, қандай қиыншылық көрмейін, менің жүрегімді майдай ерітіп, жылы шуақ бөлеп тұрады.
Сұрақ: – Әділхан Әбдікәрімұлы, осы өмірдегі жоғары мақсаттың мәні неде?
Жауап: – Әсет Ризаұлы, өзің кітаптарыңда жазып жүргендей, салауатты өмір – адам баласын түпкі мақсатқа жеткізу әдісі. Яғни, салауатты өмір салты имандылықпен қабаттасып, біртұтас болып жатыр. Имандылық адам баласы үшін өмірдің түпкі мақсатына жету кепілі болса, ал салауатты өмір сол мақсатқа жету жолы болып табылады. Адам баласының басқа жан иелерінен негізгі айырмашылығы – оған ерік пен ерекше ақыл берілген. Сол ақыл мен ерікті ол дұрыс пайдалану арқылы өмірдің түпкі мақсатына жетуі керек. Шын мәнінде адамға өз өмірін басқаруда үлкен ерік берілген. Мысалы, кейбір сана-сезімі толысқан зиялы адамдар өз тіршілігін түпкі мақсатқа жету үшін рухани жолға бағыттаса, ал ой-өрісі әлі толық жетілмегендіктен, өмірдің түрлі сергелдеңіне шырмалып, өзіне берілген бұл сирек кездесетін сыйдың маңызын түсінбей, өзінен-өзі жоқшылыққа, кедейшілікке, бақытсыздыққа ұрынып жүреді.
Сұрақ: – Дұрыс ой, дұрыс сөз, дұрыс іс-әрекет дегеніміз не?