Тамақтануда, демалғанда, ұйықтағанда және өмірдің қарапайым әдеттерінде табиғатқа неғұрлым жақын болуға тырысыңыз. Табиғаттың қалауы бойынша өмір сүре бастаңыз, сіз шексіздіктің бір бөлшегісіз. Тағдырыңызды табиғаттың қолына тапсырыңыз, оған сеніңіз. Егер сіз қала тұрғыны болсаңыз, қаланың сыртына немесе теңіз жағасына барып нақтылы демалыңыз, мамыражай қалыпқа түсіп, өзіңізді тәртіпке келтіріңіз.
Аздап сырқаттанса болды адамдар дәрі-дәрмектерге ұмтылады. Неге табиғи әдістерді қолданбасқа? Мысалы, сіз қатты жаурап қалшылдап келсеңіз, шешініңіз де құрғақ сүлгімен, не болмаса жылқының қылынан жасалған қолқаппен өн-бойыңызды тез-тездедіп ысқылай бастаңыз, сонан кейін құрғақ киініп, ыстық су ішіп жылы оранып жата қалыңыз. Сіз терлеп қолма-қол сауығып кетесіз. Ауырғаныңызды күтпеңіз. Кез келген нәрсені ауызға салып қылғытып жұта бермеңіз. Дәрі-дәрмектерді қолданбауға тырысыңыз.
Омыртқаңызға, оның түзулігіне басты назар аударыңыз. Көптеген аурулар омыртқаның қисаюынан, жұлынның қысылып не жаншылып қалуынан... болады. Жүйке жүйесі мүшелерді қоректендіретіндіктен алдымен жүйкені емдеу қажет. Қазіргі дәрігерлер адамның тәнін ғана оқиды. Олар ақыл, ой, сезім, саналарды есепке алмайды. Нақтылы ем – бұл біздің өмір сүру салтымыз; қалғанының бәрі де 2-ші, 3-ші, 4-ші орындарға сырғиды.
Сұрақ: – Әсет бауырым, өзіміздің тұқымымызда салауатты өмір салтын ұстап ұзақ жасағандар бірігіп отырып еске алсақ қалай?
– Ораз аға, сізге өзім көрген, куә болған бір оқиғаны айтып берейін.
– Ой, хой Әсет бауырым, осы әңгімелерді жадыңа сақтап айта білгенің үшін өзіңді Алла қолдап, ата-бабамыздың аруағы қолдап жүрсін!
– Әумин, тілегіңіз қабыл болсын! Өзіңіз жақсы білесіз біздің арғы аталарымыз он ағайынды болғанын. Арғы бабаларымыз: Қаракерей, Байыс, одан Тума, одан Ақша, одан Қарабас, одан Қожакелді, одан Көкі, одан Қылқабай, ал Қылқабайұлы Босқынбай атамыздан он ағайынды ұл: Нысанбай, Жолбарыс, Аблан, Қабылан, Есім, Өмір, Естемес, Отаршы, Малшы, Қасен екен. Солардың төртеуінің ұрпақтары бармыз. Сол ұрпақтарының біреуі сіздің атаңыз Нысанбай мен менің атам Жолбарысұлы Мұқашбектің бауыры, Есімұлы Саңқайбай атаны 100 жасында Науалыдағы Есім атамыздан тарайтын Мақыш ағаның менімен жасты ұлы – Солтансейіттің жаназасында кездестірдім.
Саңқайбай ата 104 жасында Аякөзде үлкен баласының қолында біраз ғана сырқаттанып жатып көз жұмды. Саңқайбай атамыздың өңі шырайлы, бойы екі метрден астам, қақпақ жауырынды, батыр тұлғалы, денесі тіп-тік, жүрісі серіппелі, әскери адамдардікі сияқты аршынды екен. Аузындағы тісі түгелдей бүтін, қимылы жас жігіттердікі сияқты ширақ, көз жанары өткір, құлағы сақ. Түрі жетпіске енді ғана толған адам сияқты. Мен барып танысып өзімнің Жолбарысұлы Мұқашбектің немересі екенімді айттым, осы ашығу ілімін енді бастап жүрген кезім. «Ә, мен сенің атаңды, өзімнің ағам Мұқашбекті жақсы білемін, 1937 жылы нахақтан ұсталып, «халық жауы» деген айып тағылып атылып кетті-ау, есіл ер! Оның бар жазығы молла болып Құдайға сенгендігі мен ауқатты жеке шаруа жер иесі және көзі мен көкірегі ашық болғандығында ғана болды ғой. Қайта жақсы, ағайымның көзі Ризадан сендер өсіп жетіліпсіңдер, бұғанда шүкір» – деп мені бір желпінтіп алды. Сонан кейін өзінен кәрі бір шалды әкеп менімен таныстырды «Әсет, танысып қой Құрман деген ағаң болады, менің 78 жастағы екінші балам» дегенде, жас шалдың өзінен 10-15 жас үлкен шалды ұлым деуі маған біртүрлі ерсілеу күлкілі сяқты, күлейін десем екі шалдан ұят, күлмейін десем бұрын соңды мұндайды естіп көрмеген басым, күлкі қысып әкетіп барады. Қыстығып, қымқырылып күлкімді әзер дегенде тежедім. Ол кісінің тағы бір ерекшелігі аузына келген сөзді, ойды мәймөңкелемей тура айтады екен. Осы жаназада ауылдың ақсақалдарының ішінде «аяқтыға жол, ауыздыға сөз», төрден орын бермейтін дегендей балапан шалдардың ішінде шоқтықтары биік, жастары 80-нің о жақ, бұ жағындағы Данабек, Есетай, Нұртаза, Төлеген т.б. ауылдың қадірменді кәриялары отырған. Саңқайбай ата: «Әй балалар, немене бос сөйлеп отырсыңдар», – деп саңқылдаған даусымен бір тисіп өтті. Ана шалдар жасын силағандікі ме, бәрі де таяқтарымен жер шұқылап, молданың алдындағы шәкіртке ұқсап, төмен қарап бұқпынтайлап үндемей отыра берді. Өзінен кәрі, таяққа сүйеніп орнынан әзер тұрып-отыратын, аяқ қолдары селкілдеп берекесі кетіп жүрген өлмелі ақсақалдарды өздерінен жап-жас адамның «бала» деп айтқанына енді күлмеске шарам қалмады. Былайырақ шығып өзіме-өзім келгеннен кейін: «Ата, сіз осы денсаулыққа қалай жеттіңіз, осының құпиясы неде?», деген сұрақ қойдым.
Менің екі жұдырығым бір уысына сиып кететіндей, еті қашпаған күректей алақанының салалы саусақтарымен сақалын сипап тұрып: «Біз ауқатты тұрдық, 1932 жылы кәнпеске басталғанда үркінді болып, бас сауғалап Қытайға өтіп кеттік. Ол жерде байларда малайлықта болдым. Егін суғардым, шөп шаптым, бидай ордым. Осы жаққа келгенде де, әлі күнге дейін қара жұмыстан қол үзіп көрген жоқпын, малға шөпті өзім дайындаймын, тыным таппайтын мазасыз адаммын. Бос отыра алмаймын. Өмірімде арақ, темекі дегенді аузыма алып көрген пенде емеспін.
Үйірілген сары алтындай сары қымыз,
Ауруға – ем, сауға қуат, дәрі қымыз.
Елімнің ең сүйікті асы болдың,
Шығаршы тағы нең, бар кәні, қымыз! Жамбыл Жабаев
Бие байлап қымыз сауамын, айына екі қабат саумал ішіп ішімді тазалаймын. Бірақта өмірімді серілікпен өткіздім, кездескен көлбең етектіні құр жіберіп көрген емеспін. Атаң жүзге келсе де әлі қауқары бар», – деп біркелкі жарқырап тұрған аппақ күрек тістерін көрсетіп, қулана жымиып қойды.
Есімұлы Саңқайбай атаның туған апайы Захария әже 107-ті жасқа келген. Захария әжеміз 107 жасқа келгенше инені өзі сабақтап, тауық-құстарын өзі бағып қағып, үй шаруасын жайғап тыным таппайтын адам болатын. Фәни өмірден бақи әлемге ауырмай-сырқамай бір-ақ күнде аттанды. Қазір 100-ге таяп қалған соғыс және еңбек ардагері – Данабек Байсалханов ақсақал Захария әженің туған баласы, әлі тың. Данабек ақсақалдың бір ерекшелігі еш уақытта тоя тамақ жемейді, кешке тамақ ішпейді, уақытының бәрін өлең, қисса шығаруға арнайды.
Сұрақ: – Ораз аға, осы әңгімелерден қандай түйін шығарар едіңіз?
Жауап: – «Күшті сақтау үшін жеу керек» – деген көзқарас қалыптасып қалған. Осының санаға сіңіп қалғаны сонша, біз күніне 3 қабат тамақтануымыз қажет екеніне өте сенімдіміз. Біз тәбеті жақсы, ашқарақ адамдарды денсаулығы мықты адамдар деп есептейміз. Біз сауығу үшін тамақты көп жеуін қолдаймыз.
Әсет бауырым, менің тамақты талғап аз-аздан шұқып қана жейтінімді және осылай тамақтанудың арқасында өзімнің туған анам Камаш апам да бір ғасыр өмір сүргенін өзің жақсы білесің. Өзім өмір бойы әр түрлі тағамдарды ұзақ өз бетімше зерттеуімнің нәтижесінде, бұл жәй әдет емес екені туралы көзқарас қалыптастырдым. Аштықты басу үшін, дене асқазанын не болса сонымен толтырып алады. Бірақта тамақтың бір түрімен мықты, сау, күшті жас жасаушалар жасауға болады, ал екінші түрімен әлсіз, ауру, ағзаның жұмысын қалыпты қамтамасыз ете алмайтын жасаушаларды құруға болады. Біз «жақсы» тамақтанатын адамдарды жиі көреміз, бірақта олардың жағдайлары жақсының ауылынан алыс. Ас қорту жүйесіне тамақ молынан барып жатса да, терісінің түрі нашар, бұлшық еттері болбыраған, қуаты төмен.
Адам өзінің тамағын өңделмеген қалпы тікелей табиғаттан алып тұрған заман болған. Ол уақыттарда адамның, өзінің денсаулығына қажетті тамағын табиғи түрде іріктей алатын мүмкіншілігі болған. Не жеу керек екенін ішкі даусы айтып тұрды. Осы дауысты болмыс немесе басқа деп атауға да болады, бірақта адамның көне дәуірінде осы керемет көмектескен.
Жоғарғы керемет, шұрайлы тілмен баяндалған Нұртаза ақсақалдың әңгімесінен байқайтынымыз – өткен ғасыр ортасындағы қаймағы бұзылмаған қазақтардың салт дәстүрі, мінез-құлықтары және тамақтану мәзірі. Біздің халық табиғатынан мықты болса да ұзақ жасамаған. Қазір тіпті де, себебі тамақтану дұрыс емес. Әңгімеде айтылғандай Нұртаза ақсақал намыс үшін көп жеп қойып артық тамақтан уланып 4...5 тәулік тұра алмай қалған. Тек табиғат берген ерен денсаулықтың арқасына ғана аман қалған. Осындай денсаулықтары мықты ақсақалдарымыз тамақты тартына ішсе сөз жоқ 100 ...120 жыл өмір сүрер еді. Әне өзің жоғарыда айтып өткен Нұртаза ақсақалдың досы, 95-ке келген Данабек ақсақал кешке мүлдем тамақ ішпейді екен, тамақты еш уақытта тоя жемейді, ал оның шешесі 107-ге келген Захария әжеміз де сол сияқты тамақ мәзірін ұстанумен қатар 107-ге келгенше тыным таппаған, ал Захария әженің туған бауыры 104-ке келген Саңқайбай атамыз саумал мен айына екі қабат ішін тазалап отыруымен қатар, ол кісіге де тынымсыздық тән қасиет болған.
Әсет бауырым, енді осыдан шығатын қортынды адам баласы егер де дұрыс тамақтанып, ағзасына кем дегенде 36 сағат ашығу арқылы дем алыс беріп, өмір бойы тынымсыздықпен дене қимылын тоқтатпаса ұзақ ғұмыр сүруіне толық мүмкіншілігі бар. Адамның денсаулығы мен тағдыры өз қолында екенінің бұлтартапас дәлелі емес пе, бұдан артық қандай дәлел керек!
Ізденуші Әсет Ризаұлының тоғызыншы толғауы.
Тақырыбы: Марқұм Рақманқұл Бекенов ақсақалдың естелігі бойынша айтылған 1932-33 жылдарда елімізде болған ашаршылық. «Қарақалпақ Мамай бидің әңгімесі мен Қожакелді мен Шыңқожа батырлардың әңгімесі». Адам кәріліктен өле ме? Біздің ата бабаларымыз қалай бір ғасыр жасаған? Найман бабамызды неге 90 жасында қайта үйлендірген? Поль Брэгг қалай 95 жасқа келді? Бұрынғы қазақтар неге балаларының атын Елубай, Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбай деп қойған?
Жасы үлкендермен сұқбаттасып, ғұламалардан ақыл сұрап, дәрігерлерменараласып тұрыңдар.ПайғамбарымызМұхаммед(с.ғ.с.)
Сұрақ: – Әсет бауырым, өткен бір әңгімеңде өткен ғасырдың 30-шы жылдардағы ашаршылықтың куәсі болған бір ақсақал туралы айтып едің ғой. Сонан кейін өзіңнің батыр болған ата-бабаларың жөніндегі қызықты әңгімелеріңді оқырмандарға айта кетсек, қарсылығың жоқ па?
Жауап: – Мақұл Рақым Алмабекұлы, енді мен сізге баяғыда 1980 жылдары Мақаншы ауданының «Қарабұлақ» совхозында бас агроном болып жүрген кезімде салауатты өмір салтын ұстанатын Рақманқұл Бекеновдеген зиялы ақсақалдың өз аузынан естіген әңгімемді айтып берейін. МарқұмРақманқұл ақсақалдың естелігінен: «Елімізде болған 1932-33 жылғы алапат ашаршылықта 1,5 млн қандастарымыз ашаршылықтан қырылған уақытта болған, сонда адамдардың кейбіреулері аштықтан емес, бас сап қомағайланып жегендіктен, тамақ бірден аш өзекке түсіп кетіп, қолма қол отырған жерлерінде өліп кеткен. Ол кезде бала болсам да, сол жылдары қиыр шығыстан ауып келген кореецтер таң қалып жағаларын да ұстағанын көрдім: «осыншама мол тамақтың ішінде жүріп, мына қазақтардың шыбынша қырылғандары қалай?», – деп. Мен сол заманның куәгерлерінің бірі болдым, сол кезде қиыр шығыстан ауып келген корей ұлтының қалай аман қалғандарынын да көрдім. Ал ауып келген корейлер мен үркіп қашып бара жатқан қазақтар бір жағдайда болған. Сол кезде бір орыс, не бір басқа ұлт өкілдері қырылды ма, жоқ! Олардың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып жүрді. Біздің жақта сол кезде орыспен қоныстас егін салған және көл, су жағалап балық аулауды кәсіп еткен қазақтар дін аман қалған. Ол кезде Алакөлдің балығы бүкіл қазақты тамақтандыруға жететін, әлі де жетеді. Біздің ішкері жақтағы мал баққан қазақ ет және мал өнімдерінен басқа тамақ барын білмеген және жер ананың қадір қасиетін түсінбеген. Осыны данышпан Абай атамыз былай деп суреттеген, Әсет ұлым, осыны сенің мамандығың агроном болғаннан кейін ғана айтып отырмын», – деп Рақманқұл ақсақал Абайдың бір шумақ өлеңімен сөзін түйіндеп еді:
Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған.
Менің бұның бәрін тәпіштеп жазып отырғаным, бала күнімізде ауылдағы Қусақ өзенін жағалай ойнап жүргенімізде ары кетсе жарты метрдей тереңдікте, бетін ғана жаба салған адам сүйектерін жиі тауып алатынбыз. Себебі, біздің Науалы ауылы, Тарбағатай бауырында, Қытайға өтетін үлкен керуен жолының бойына орналасқан. Ал Қытайдың Шәуешек қаласы біздің ауылдан 120 км. Ашаршылық жылдары босқан халық осы жол бойында ақ жоңқа боп аштан қырылған, осыны сол жылдарды көзімен көрген Рақманқұл ақсақал да талай айтты. Бірақ ол кезде жас болғаннан ба, бұндай әңгімелерге онша көп мән бермейтінмін. Қазір есейгеннен кейін ойлап қарасам, қасиетіңнен айналайын Рақманқұл ақсақал маған және ұлы мен келіні Талғат пен Нұрғаниға және сөз мәнісін түсінетін жастарға осының бәрін тәпіштеп әдейі айтады екен ғой. Өзіммен бірге осы көргендерімді алып кетпейін деп. Рақманқұл ақсақал екеуміз сағаттар бойы әңгімелесетінбіз. Осы естіген көптеген қазақи әңгімелерім, өзімнің де өмірге деген кейбір көзқарастарымды өзгертіп, дұрыс азамат болып қалыптасуыма көп әсер еткенін білемін, Рақманқұл ақсақал халық ауыз әдебиетінен ұстазым еді. Осы ақсақалдың тағы бір қасиеті, айтқан ұлағаттарын сөзбен емес іспен дәлелдей білетін, әңгімелерін болған оқиғаларға ғана негіздеп отырып айтатын. Жасы келсе де кейбір жұмыстарды адам айтпаса да өзі іздеп жүріп атқаратын. Ауылдың басқа ақсақалдары сияқты сандалбай жүріс пен бос әңгімені сұқаны сүймейтін.
Сұрақ: – Рақым аға, енді сіздің көзқарасыңызды одан әрі шегелеп тастауыңыз үшін, ата бабаларымыздың өткен тарихына көз жүгіртіп, көңіл аударып, олардың ұзақ жасау құпиясының түп қазығына терең бойласақ қалай қарайсыз?
Жауап: – Әсет бауырым, мынауың тағы бір тамаша асыл дүние болғалы тұр екен, қане айтып жіберші!
Сұрақ: – Рақым Алмабекұлы, онда мен өзім Семейдің Найманы болғандықтан Найман бабамыздың ұрпақтары қалай дүниеге келгенінен бастасам қалай ойлайсыз?
Жауап: – Әп бәрекелді! Онда жалғастыра бер.
Найманның жалғыз ұлы Туаш атты,
Жасында Туаш мырза дүние сапты.
Найман шалдың тоқсаннан асқан кезі,
Шешеміз, жесір келін – Әлпіш қапты.
Ішінен Әлпіш сұлу ойын түзді,
Атама әперсем деп бір жас қызды.
Үйсіннің биіменен ақылдасып,
Бір қызды алып берді сұлу жүзді.
Тоқтының сүтін бөлек іркіт қылып,
Неше күн атасына құрт ішкізді.
Атамның бел қуаты келе ме деп,
Күн – түні арқасына қыз құшқызды.
Сол кезде балиғатқа бабам жарап,
Өзі өліп, Қызенейден ұл туғызды.
Өкірештен өрбіді осынша ұрпақ,
Нәсілді ғып жаратқан ұрқымызды!
Жақыпов Аманжан. Қаракерей Тума тарихы.
Алматы »Үш Қиян», 2004 жыл.
Рақманқұл ақсақал сол кездің өзінде сексеннің сеңгіріне таяп қалған – аудан мен ауылға қадірлі, өте беделді соғыс және еңбек ардагері еді. Ол кісінің тұла бойы тұнып тұрған қазақтың шежіресі мен тарихының қоймасы болатын. Әңгімені баяу бірқалыпты жағымды үнімен айтқан кезде, тыңдаған адам қанша тыңдаса да ынтыға түсетін. Шебер әңгімеші, таусылмас шежіре болатын. Өмір бойы салауатты өмір салтын ұстанды. Өзі бие байлап қымыз сауды. Бертінге дейін малдарына шөпті өзі дайындап шауып, бөкелеп, арбасымен тасып алатын. Қимылы ширақ, ойы жүйрік, сөзге шешен, мақал мәтелдеп сөйлейтін орта бойлы аққұба өңді, бойында бір қырым артық еті жоқ шырайлы, адам баласының келбеттісі еді. Жүрген жұріс тұрысынан, ықшам киген киімінен, қақан қазықтай сымбатты денесімен, лыпылдаған жүрісінен кезінде әскери офицер болғаны білініп тұратын. Рахманқұл ақсақал жас кезінде Абай, Аякөз, Көкпекті, Мақаншы аудандарының ішкі істер бөлімдерінде қызмет атқарған. 1949 жылы Абай ауданында қызмет істеп жүрген кезінде атом жарылысының құрбаны болып кете жаздаған. Жарылыс болар алдында бұрынғы Абыралы ауданының халқын аяғынан тік тұрғызып басқа жаққа көшуін тікелей басқарып, қадағалаған адам. Осы атом бомбасының кесірінен радиация дертіне шалдығып, зейнетекерлікке ерте шыққан. 1954 жылы өзінің дертін туған жері «Барлық Арасан» мен Алакөл өңіріне келіп, осы сулардың шипалық қасиетін көңілімен сезіп саф таза ауа, қымыз бен жылқының қазы – қартасы мен тамақтанып, өзін-өзі радиация салдарынан емдеп – жазып алған ерекше адам.
Кейінен осы Алакөлдің суына ғарыштан келген ғарышкерлерді (космонавтарды) бірден осында алып келетін. Рақманқұл ақсақалдың ұлы Талғат екеуміз талай ғарышкерлермен (космонавтармен) дәмдес, табақтас та болдық. Чернобыль апаты болғаннан кейін жас балаларды жаз бойы осы Алакөлге алып келіп демалдыратын. Рақманқұл ақсақал бертін келе 90-ға таяп қалған жасында Алматыда баласы Талғаттың қолында көз жұмды. Міне осы бір ғажайып ақсақал салауатты өмір сүрудің арқасында радиация зардабынан айығып қана қойған жоқ, ұзақ та бақытты, салауатты ғұмыр сүре білді.
Енді осы әңгіме шежірелерді айтқан Рақманқұл Бекенов ақсақал сүйегі Тума, Қарабасүлы Ернзар батырдың баласы Бегетардан тарайды. Жалғыз ұлы Талғат институтты енді ғана бітірген 20 жасар маман, совхоздың комсоргы болатын. Талғат екеуміздің илейтініміз де терінің бір пұшпағы.
Рахманқұл ақсақал айтатын: «Әсет бауырым, Талғат әлі жас қой, бірақ түбі жақсы азамат болатынына кәміл сенемін. Оның үстіне екеуіңнің қызметтерің де бір, Талғатыма ендігі ұстаз сенсің, ол саған қайтсе де еліктейді, таза жүріп, адал қызмет етіңдер, жерде қалмайсыңдар. Байқаймын сен сөз төркінін терең түсінетін жігітсің, мына әңгімелерді мұқият зердеңе тоқып ал. Бірде болмаса бірде қажетіңе жарар», – деп. Міне содан бері 30 жылдай уақыт өтті, менің қазір қадірменді соғыс және еңбек ардагері Рақманқұл ақсақалдың осы көрегендік болжауына таң қалмасқа шарам жоқ. Рахманқұл ақсақалдың да қаламының ұшының желісі бар болатын. Осы ақсақал мені жазуға, партия ұйымының хаттамасын сауатты толтыруға, көпшілікпен тіл табысуға, дұрыс азамат болып қалыптасуыма көп әсер еткен рухани ұстазым болды.
Марқұм Рақманқұл ақсақалдың Талғаты да әкесі сияқты терең ойлайтын, сөзді түйдек-түйдегімен лақтыратын, ақ көңіл, адамгершілігі өте мол, толқынданған қап-қара бұйра, қайратты қара шашы, Талғаттың қараторы өңіне, сымбатты да, қайратты бітіміне ерекше жарасып тұратын. Талғат ерекше бала болып, 15 жасында мектепті өз құрбыларынан ерте бітіріп Семейдің мал дәрігелік институтына түсіп, 20 жасында бітіріп келгеннен кейін өмір соқпақтары екеумізді бір арнаға әкеп тоғыстырды. Мен парторг, ол комсорг. Ағалы інілідей болып кеттік. Ұзақ жылдар өтсе де қарым қатынасымыз үзілген жоқ. Қанша кейбір елдің басы айналатын биік лауазымды қызметтерде жүрсе де, өзі іздеп телефон шалып хабарласып тұратын. Мәнсапқа басы айналмаған, қазақ азаматтарында жиі болатын «жұлдызды ауруға» шалдықпаған, сирек кездесетін – санасы мен жеке басының мәдениеті өте жоғары, талантты да зиялы ел басқарып жүрген жігіттердің бірі. Өзінің табиғат берген қабілетінің арқасында биіктен биікке самғай білді. Комсоргтан, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, одан Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болды. Заман өзгергенде Қазақстан мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінің бөлім меңгерушісі, Қазақстан Үкіметінің Премьер Министрінің көмекшісі, «Қазақойл», «ҚазМұнайГаз» компанияларында бас менеджер, департамент директоры болып қызмет атқарды. Қазір жеке кәсіпкерлікпен айналысады.
Кімде – кім үш қыз өсіріп, тәрбиелеп, бой жеткізіп, құтты орнына қондырса, оның орны жаннат. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)
Қосағы Нұрғайни екеуі үш баланың абзал әкесі мен аяулы анасы. Немерелері бар. Үлкен баласы Америкада жоғары оқу орнын бітіріп келген жас маман, қалған балалары студенттер. Талғаттың нағашы атасы Асқанбай оқыған, өз заманында озық ойлы, Қабанбай батыр ұрпақтарынан шыққан, қолының шипасы бар қасиетті адам болған. Талғаттың шыққан биіктері, алған асулары, адамгершілігі мен парасаттылығы, әке өсиетінің, аманатының абыроймен ақталғанының дәлелі емес пе!