Сұрақ: – Жүрек жанама түрідегеніміз не? Қай мүшеде орналасқан?
Жауап: – Жүрек жанама түрі – жүректе шоғырланған. Ол жүректің жұмысы мен еске сақтау қабілетіне жауапты. Шешімсіздік, күмәндану, өзіне сенімсіздік осы жанама түр әлсірегенде пайда болады. Осының тепе-теңдігінің бұзылуы жүрек аурулары мен жүректің шаншуына себепкер.
Сұрақ: – Көз жанама түрі дегеніміз не? Қай мүшеде орналасқан?
Жауап: – Көз жанама түрі – көзде болады. Көздің жарқырауы, жақсы көруі, нұрлануы тепе-теңдікті білдіреді. Осы тепе-теңдік бұзылған жағдайда: ашу-ыза, кектену, көре алмау, жек көру сезімдері ушығып кетеді.
Сұрақ: – Тері жанама түрі дегеніміз не? Қай жерде орналасқан?
Жауап: – Тері жанама түрі – терімізде орналасқан. Осының арқасында температура айырмашылығын, құрғақ пен ылғалды ажыратамыз. Осының тепе-теңдік жағдайы бұзылған мезетте: тері ауруларына ұшырап, тері рагы, әртүрлі бөрткендер мен қотырлар қаптап кетеді.
Ізденуші Мұқашбековтың сегізінші толғауы.
Тақырыбы: Су ерекшеліктері, Су ерекшеліктерін тепе-теңдік қалыптан шығаратын себептер. Судың жанама ерекшеліктері. Неге таңертең ерте тұруымыз керек?
Ей Алланың пенделері, аурудан емделіңдер, Алла тағала ешқандай ауруды әдейі жаратпаған. Ал егер ауру келген болса, сол ауруға лайықты емді жаратқан. Тек бір кеселдің ғана емі жоқ – ол кәрілік. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)
Су ерекшеліктері
Су ерекшеліктері – «биологиялық су» немесе шырыш. Су – денемізді байланыстыратын элемент, тініміздің мықтылығы денеміздегі судың жағдайына байланысты, жаңа жасаушалардың құрылуы, алмасуы ағзамыздағы су мен шырыш арқылы іске асады. Денемізде су мен шырыш болмаса бізідің сүйектеріміз морт және үлбіреп тұрған болар еді. Сүйегіміздің беріктігі денеміздегі судың қуатына байланысты. Су қанымызды үнемі алмастырып, сұйықтың деңгейін бірқалыпта ұстап тұрады да, теріміздің кеуіп кетуіне мүмкіншілік бермейді. Қартаюымыздың себебі, денеміздегі судың сапасының нашарлауынан. Су қанымызда, лимфте, плазмада, протоплазмада, мүшелеріміздің шырыш қабықтарында болып, буындарды майлайды, терімізді ылғалдандырады.Оның негізгі тұрағы кеуде сүйегіміздің асты мен асқазан. Ауыр, суық, баяу, ылғалды, қою, қозғалмайтын, ылай – су мен шырыштың осы сапаларын біле отырып, денедегі су мөлшерінің көбею себебін анықтауға болады. Жоғарыда аталып өткен сапалар оның жағдайын , сапасын төмендетеді. Осы кемшіліктерді теңестіру үшін басқа қарама-қарсы сапалар бар.
Судың сапасы
(нашарлататын)
Қарама-қарсы сапа
(жақсартатын)
Суық
Ыстық
Ауыр
Жеңіл
Баяу
Тез
Ылғалды
Құрғақ
Қою
Сұйық
Кір
Таза
Қозғалмайтын
Қозғалатын
Майлы
Майсыз
Су ерекшеліктерін тепе-теңдік қалыптан шығаратын себептер:
· су ерекшелігінің тепе-теңдігін бұзу
· дұрыс тамақтанбау
· дұрыс ойламау
· қоршаған ортаның кері әсері
Су ерекшеліктерінің тепе-теңдігі бұзылған кезде, арнасынан асып кетеді. Дұрыс тамақтанбағанда су ерекшеліктеріне ұқсас ауыр тамақтар, денедегі су ерекшелігінің жағдайын төмендетеді. Мысалы, дене бітімінде Су ерекшелігі бар адам – ауыр, суық тағамды, балмұздақты, суық сусынды, сұйықты көп ішіп-жемеуі керек және бірқалыпты қозғалмайтын өмір салтын ұстанбауы, майлы тамақтарды, тұзды, ашты, шөлдететін тамақтарды жемеулері қажет, әйтпесе ағзасына су жиналып, толғанның үстіне семіре түседі. Осылардың сезім әсерлері тамаққа тікелей тәуелді. Су ерекшеліктерімен сәйкес тағамдар оның – ашкөздігін, сараңдығын (аямшақтығын), дүниеқоңыздығын еселей түсіп, ұзақ күйзеліске ұшыратады. Керісінше, су ерекшеліктеріне қарама-қайшы – ыстық, жеңіл, жылы, құрғақ, сұйық, майсыз тағамдар дененің жеңілдігін арттырып, ми жасаушаларының жұмысын жақсартып, уларды жойып, жүрегін қуанышқа, көңілін күлкіге толтырады. Жеңіл тағам ақылды байсалды қалыпқа түсіріп, ұйқы, жалқаулық шақырмайды, керісінше денені қажырлы, ширақ қылып, жұмыскерлігін арттырады. Біздің қоршаған ортамызда су кемерінен асқан мезетте, мысалы, ай толғанда адамның да су ерекшелігі ұлғаяды. Жаңбырлы суық ауа райында дене бітімінде су ерекшеліктері бар адамдар қызықсыз, ұйқы басып, барлық денесі ауыр тартып, басы қазандай болып, денесіндегі су ерекшелігінің тепе-теңдігі бұзылады, кеудесі сырылдап, өкпесі қабынып, тымау, жыныс аурулары жағалай бастайды. Осы кезде көре алмаушылық, үнемшілдік, аямшақтық пен ашкөздік т.б. жаман сезімдері бас көтереді.
Судың бес жанама ерекшеліктері
Асқазан жанама түрі – асқазан мен қарында орналасқан, ол асқазандағы ылғалдық пен ас қортуға жауап береді. Кей кезде асқазанға шырыш көп жиналып қалады, ал кейбір кезде өткір тағамдарды жегенде ылғал жетіспей қалуы мүмкін, сондықтан асқазанның жағдайын бақылап отыру қажет. Шырыштың көп жиналуының бірінші белгісі – тәбеттің жоғалуы және аш екеніңді сезіну. Асқазан құрғап кетсе іш бұрап ауырады. Артық су асқазанда шоғырланады. Асқазан жанама түрінің тепе-теңдігі бұзылса, тамақ сіңбей, оның бөліну мен сіңіру ағымы бұзылады.
Күш жанама түрі – кеудеде, өкпеде, белде болады. Бұл жанама кеудеге, өкпеге, белге күш беріп, қалыпты жағдайда бұлшық еттерді дамытып, жүректі қорғайды. Дене бітімінде су ерекшеліктері бар адмадардың кеудесі шалқақ, арқасы мен иығы жалпақ болады. Осы ерекшеліктің тепе-теңдік қалпы бұзылған жағдайда шырыш кеудеге, өкпеге, қолқаға, өкпенің қуыстарын бекітіп тастап, арқаның, іштің төмен жағына, жиналып, арқаның төмен жағын ауыртып, кіші дәрет жолын қабындырады, жыныс мүшелерін қызметін бұзады. Ентігеді, кеудедегі сырыл қозады, жүрегіне қан шапшиды, осы жағдайда су ерекшелегі бар адамдар қалыпты қуаты мен сақтығынан айырылады. Бұларға темекі шегу де зиян, онда тыныс жолдары ауырып, бұлшық еттері болбырап, қолқасы бітеліп қалады.
Тіл жанама түрі – тілде орналасады. Ол дәм сезу мен анықтау жұмысын атқарады. Егер де жиі және көп жей берсе дәм сезу жоғалып кетеді. Күні бойы тамақты шайнаңдап жей беретін тамақсау адамдар тіл жанамасының тепе-теңдігін бұзады, бұның бұзылуы дәм сезбеумен байланысты. Сіз байқадыңыз ба, тәттіні не болмаса бүлдіргенді өте көп мөлшерде жегенде, тіл сезбегеннен кейін ғана барып тойғаныңды сезесің.
Жұлын жанама түрі – мұрын тесігінде, баста және жұлын сұйығында орын тепкен. Осы жанама мұрынды, ауызды, көзді сақтап, жұлын сұйығының тепе-теңдігін сақтайды. Суық тиіп ауырғанда танауымыздан су ағып, таңертең көзіміз былшықтанып, аузымыз кеуіп, немесе керісінше аузымызға сілекей толуы осыған байланысты. Осының тепе-теңдігінің бұзылуынан бас қуысының қабынып, басымызды ауыртады, бар денемізді әлсіретеді, басымыз шойын құйғандай ауырлайды, кеңсірікке маңқа жинайды, иіс сезуіміз жоғалады, орталық жүйке жүйемізді ауруға шалдықтырады.
Буын жанама түрі – түтікшелерде жайғасқан. Осы жанаманың арқасында денеміздегі әр буын майланады. Азайып кетсе, мысалы, буындардағы ауа азайып, ылғалы азаяды, тіземіздің, буындарымыздың сықырлауына, артриттің белгісі білінеді, ал кемерінен асып кетсе буындарымыз ісініп, ылғалы көбейіп кетеді. Буын жанама түрінің тепе-теңдігінің бұзылуы буындарды әртүрлі ауруларға душар қылады.
Дұрыс тамақтану, қалыптасқан әдетімізді өзгерту арқылы қандай болмасын ерекшеліктерді тепе-теңдік қалыпқа келтіруге мүмкіншілік бар. Дене бітімінде Су ерекшеліктері бар адамдардың өмір бойы қалыптасқан әдеттерінен құтылуы қиын, бірақта ескі қалыптасқан әдеттерін табиғатпен үндестіріп өзгерте алса, үш ерекшеліктердің тепе-теңдік қалпының бұзылуы өте сирек кездеседі.
Тәулік 4 сағаттан алты кезеңге бөлінеді. Бұл – жылдың төрт мезгілі сияқты. Жылдың мезгілінің алмасуына байланысты, біздегі басым ерекшеліктеріміз де өзгеріп тұрады. Мысалы, жазда От ерекшелігі, күзде Ауа ерекшелігі басым болады. Сондай-ақ, біздің денемізде – ерекшеліктеріміз тәулігіне алты қабат өзгеріп тұрады.
Ерте тұрған адамның несібесі артады, ал таңғы ұйқы – ризығыңды кемітеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)
Мысалы, түнгі сағат 2-ден таңғы сағат 6-ға дейін Ауа әрекет қылады. Ауа жеңіл, анық, таза сондықтан таңғы 6-да, немесе күн шығардан бір жарым сағат бұрын тұру өте пайдалы. Осы кезде ауа кеңістігі өзін күн қуатымен қанықтырады, күн шығардан жарты сағат бұрын, күн өзінің ерекше жайлы шуағын төгеді. Барлық дін ағымдарында, ғылми тұрғыдан да ерте тұруға кеңес беретіні осыдан. Ауа тәнімізден – улардың шығуына, ішегіміздің босауына жауапты, сондықтан да Ауа ерекшелігінің кезеңінде тұрсаңыз, ол жақсы жұмыс атқарып денедегі уларды, қалдықтарды уақтылы шығарып тастайды. Ерте тұрған адам күні бойы сергек жүреді. Таңғы сағат 8-ден кейін тұратын адамдар өздерін нашар сезініп, күні бойы шаршап жүреді, бұндай ұйқы ағзаға жеңілдік әкелмейді.
Таңғы сағат 6-дан күндізгі 10-ға дейін Су әрекет қылады. Су ауыр болғандықтан осы аралықта тұрған адамдарды үнемі ұйқы басып жүреді. Осы кезеңде тамақ ішпеуге тырысыңыз, себебі денеңізде Судың мөлшері көбейгендіктен, ауа қозғалысы баяу болып, денеңіз ауырлап, іштегі отыңыз маздап жана алмай бықсып тұрады, сондықтан да осы аралықта ішкен тамағыңыз толық қортылмайды да қаныңызды былғайды. Таңғы 10-нан күндізгі 2-ге дейін От әрекет қылады, сондықтан да тамақты күндізгі 11-12 аралығында ішіңіз, ал келесі тамақты 5-6 сағат өткізіп барып, күн ұясына отырғанша қабылдаңыз.
Күндізгі 2-ден кешкі 6-ға дейін Ауа әрекет қылады. Осы аралық жеңіл, шабыт тудыратын кезең, адам жұмыс істеуіне, спортпен, үй шаруаларымен шұғылдануға таптырмайтын кезең, осы кезде денеңіз жеңілдеп, қандай іске болмасын құлшынып тұрасыз.
Кешкі 6-дан түнгі 10-ға дейін қайтадан Су әрекет қылады. Осы кезеңде күні бойы тыным таппаған адам шаршағанын сезеді, ұйқысы келеді, сондықтан да түнгі 10-нан кешіктірмей ұйқыға жатуыңыз керек, егер де өзін-өзі зорлап түнгі 10-нан кейін жатса, бұл аралық қайтадан Оттың әрекет қылатын кезеңі (түнгі 10-мен 2 аралығы), сағат түнгі 11-ден кейін адамның ұйқысы ашылып кетеді, қайтадан қуат құйылғанын сезеді.
Түнгі 10-мен, түнгі 2 аралығы ұйықтауға ең жайлы уақыт, осы кезеңде ішкен тамақтарыңыз ішегіңізде қортылып, адам тәтті ұйқының құшағында болады.
Кей кездерде дене бітімінде От ерекшеліктері бар адам түн ортасында тұрып алып тамақ ішуі мүмкін, себебі осы кезде От сырттан да, іштен де әрекет қылып жатады, сондықтан осы қылықтарына қарап бұндай адамдарды сөгіп, жазғыруға болмайды. Түнгі 2-ден кейін ұйқы үстіртін, түс көреді, мұндай ұйқы адамның басы мен денесіне демалыс, мамыражайлық қалып бермейді. Тәулігіне 6-сағаттан артық ұйықтамаңыз, ұзақ ұйқы маубастық пен жалқаулыққа жетелейді. Жылдың төрт мезгілін, тәуліктің алты алмасуларын, ішетін тамағыңызға сәйкестендіріп, бұрынғы әдеттеріңізді осыған сәйкес өзгертсеңіз, дүркін-дүркін ашығып, ағзаңызды тазалап отырсаңыз, ажал жеткенше деніңіз сау, ширақ та шырайлы қалпыңызды сақтай аласыз. Жаратушы өз тағдырыңызды өз қолыңызға берген, жалындаған жастыққа толы ғұмыр да, мезгілсіз қартайып, аурудың зардабын тарту да, арам өлу де, адал Жаратушының өзіңізге берген ғұмырын салауатты, сыңғырлаған денсаулықпен, бақытты өткізу де өз қолыңызда екенін жадыңыздан шығармаңыз, осыған жету үшін осы оқып отырған, алдындағы жазылған «Жасару құпиясы» атты кітапті үнемі оқып, түсініп, өзіңіздің рухани біліміңізді дамыта берсеңіз болғаны!
Кәсіпкер Жұматай Абылханның екінші толғауы.
Тақырыбы: Көрінбейтін әлем дегеніміз не? Көрінетін әлем қуатты қайдан алады? Көзге көрінбейтін жан иелері. Жұматайдың айтуы бойынша әкесі Нұртаза ақсақалдың әңгімелері: Қилыбас нағашымның сайтандарды сабауы. Бақсы болып кете жаздауым. Кашпировскидің аяғымды кесіп алып емдеуі.
Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей,
Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей.
Міні қайда екенін біле алмассың,
Терең ойдың телміріп соңына ермей. Абай
Сұрақ: – Жұматай Нұртазаұлы, көрінбейтін әлем деген не?
Жауап: – Әсет Ризаұлы, адамдарды көзге көрінбейтін өмір барын сендіру қиын. Себебі біздің сезу, көру, есту, дәм мен иіс сезу мүшелеріміз тек пәндік (материалдық) әлеммен ғана байланысқа түсе алады.
Өзіміз күнделікті араласып жүретін, көзге көрінбейтін тіршілікке толы басқа әлем бар деген идеяның өзі шындыққа жанаспайтын ертегі сияқты. Қазіргі ғылымның жетістігі микроскоп, телескоппен көре алмайтын, қолымен ұстай алмайтын нәрселерді жоқ деп ойлайды. Біздің алдымызда қайтыс болған адамның сүйегі жатыр делік, ол өлген – оны көзге көрінбейтін бірдеме тастап кетті, ол осының арқасында өмір сүрді, жүрді, сүйді, сөйледі, ойлады т.б. сіз оның жанына тамақ пен дүниенің түр-түрін қойып: «Бәрі сенікі бауырым, іш-же, шалқы» – десең де жатқан орнынан тапжылмайды. Осыдан кейін көзге көрінбейтін әлем барын қалай жоққа шығарып, сенбессің?
Басында жоқты бар қылған,
Жоқтықты жойып көр қылған.
Есепсіз дене жаратып,
Еріксіз жиып нәр қылған
Жан емей енді немене? Шәкәрім
Сұрақ: – Көрінетін әлем қуатты қайдан алады?
Жауап: – Көрінетін әлем, көрінбейтін әлемнен қуат пен қолдау алып тұрмаса түкке де тұрмас еді. Көрінетін әлемнің негізін көрінбейтін әлемнен іздеуіміз керек. Күн, аспан, жер біз үшін бар болса оны көзіміз арқылы қабылдаймыз, ал осының бастауы өзіміздегі көрінбейтінде. Көрінетін әлем – тек қана көрінбейтін әлемнің қапшығы ғана. Ал көрінетін әлем қуатты сол көрінбейтін әлемнен алады. Егер бұл болмаса қоршаған ортаның нақтылығын түсіне алмас едік. Данышпан Абай бұл туралы:
Өзгені ақыл ойға қондырады,
Біле алмай бір тәңіріні болдырады.
Талып ұйықтап, көзіңді ашысымен,
Талпынып тағы да ойлап зор қылады.
Көңілге шек, шүбәлі ой алмаймын,
Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.
Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын.
Адамдар ойланбағаннан кейін көрінбейтін әлемді жоққа шығарады. Олар өздерінің ойын, сезімдерін көре ала ма? Әрине жоқ. Онда қалай, сезімдерін, ойларының бар нәрсе екеніне шек келтірмейді. Ғашық болғандар бір-бірін сүйетіндіктеріне күмән келтіре ала ма? Олар өздерінің ғашықтығын көре алмайды, сезе алмайды, бірақта ғашығы үшін отқа да, суға да түсуге дайын. Жанды, арды көрген кім бар? Кей кезде: «Жаныммен, ар ұятыммен мен ол адамды кінәлаймын» – деп, бірдемеге бола біреудің тағдырын, өзі көрмеген нақтылы екенін білетін бейнесізге сүйеніп шешіп жатады. Осыны қалай қабылдауға болады?
Сұрақ: – Адам көрінбейтін әлемді мойындай ма?
Жауап: – Мойындағысы келмесе де, көрінбейтін, сезілмейтін нәрселерге адам баласы сенеді, себебі, оны жүрек арқылы сезеді. Олар ойлайды, сезеді, сүйеді, күйінеді, жоқтан өзгеге жылайды, онысымен қоймай кейбіреулер көрінбейтін әлемге сенгілері келмейді, жоққа шығаруға тырысады. Неткен қарама-қайшылық десеңізші! Өзінің басындағы толқудың әсерінен қаншама қылмыстар жасап жатады. Қызғаншақ күйеуі : «әйелім көзіме шөп салды» – деп кінәсыз жанды өлтіріп тастайды, сондай-ақ енді біреу: « бәсекелесім маған ор қазып жатыр» – деп ойлап, жазықсыз тағы бір жанды өлтіреді. Адамдар өздерінің ойы мен сезімдерінің дұрыс екеніне күмән келтірмейді, ақиқат осы деген нық сенімде болады. Оларға сіз өзіңіздің кейбір көзқарасыңызды айта бастасаңыз: «Мен көремін, байқаймын, зерттеймін.... білетіндерден сұраймын» – деп шұбалаңға салып ала жөнеледі, бірақта өзінің ойлағаны: тексеруге, зерттеуге жатпайтын нақ шындық болып қала береді. Кейбір жағынан оныкі де дұрыс – егер ол қуаныштан шаттанып айғайласа, қайғыдан еңіреп жыласа, осы сезімін қалай өтірік дей алады? Ішкі шындыққа дау жоқ. Бірақта, көрінбейтін әлем мүлдем көрінбейді емес: ол көрінеді, сеземіз, ол жан иелері мен жарқылға, токқа, бояуға, иіске, тұлғаға толы болады. Осыларды рухани жоғары жетілген адамдар көре алады. Көрінбейтін әлемде де әрбір электрон есептелген, орнына қойылған – онда да ақиқат заңдылық бар.
Сұрақ: – Адамның бес сезім мүшелері қалай дамыған?
Жауап: – Адамда бес сезім мүшесі жетілмеген. Кейбір хайуандар біз көре, сезе, ести, ійіскей алмайтын нәзік дыбыстарды, толқындарды, жарықтарды көреді, сезеді. Сондай-ақ ауа-райын, жер сілкінісін, апатты т.б. жайттарды алдын ала біледі.
Сұрақ: – Көзге көрінбейтін жан иелері туралы не айтар ең?
Жауап: – Қасиетті Құран кітабымызда да, басқа да рухани кітаптарда көзге көрінбейтін періште, жын-шайтан, ібіліс т.б. жайлы айтылған. Қазіргі заманда медицинаның шамшырақтары көзге көрінбейтін жан иелерінің адамды жақсылыққа не жамандыққа итермелейді деген түсініктің өзінен азар-безер болады. Материалдық ғылымның пайымдауынша барлық іс-әрекет химиялық элементтердің ағымының нәтижесінде іске асады. Бірақ осы элементтер қайдан пайда болды? Бұның жауабын рухани ілім беретін кітаптардан ғана табамыз. Енді осының дәлелі ретінде әкем Нұртаза Абылханұлынан естіген кейбір болған оқиғаларды және өзімнің көргендерімнің біреуін ғана айта кетейін:
Қилыбас нағашымның сайтандарды сабауы.
Өткен ғасырларда бақсылық қазақтың үлкен бір өнері болған. Бұл табиғатпен үндесіп жатқан тұрмыс-салтта қазақ сахарасына керек адам болған. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары үркінді болып қаймағы бұзылмаған Қытай жеріндегі қазақ ауылдарында тұрдық. Жас кезімде ауылға бір бақсы келді десе, әдейі іздеп баратынмын, себебі қыршаңқылау болатынмын. Сонда не бір зіркілдеп ойнап жатқан бақсылар дел-сал болып тоқтап қалатын. Ауылға бір бақсы келді. Науқасты қарап жатқан кезде мен де барып тұрдым. Әлгі бақсы әрі алысып, бері алысып ойнай алмай қойды. Сөйтіп тұрған кезде біреу келіп мені: «Әй, Нұртаза!» – деп шақырып әкетті. Мен шығып кеттім. Біраздан кейін қайта келсем әлгі бақсым ойнап жатыр екен. Мені көріп қоя қойды. Маған айтты: «Жаңа сіз шығып кеткеннен кейін менің жындарым келіп бәрін айтты, сіз келгеннен кейін болды. Сізде қасиет бар екен». Бізге бақсы сөйлей алмайды, жыны біз тұрған жерде ойнай алмайды», – деп. Неге? – деп сұраймын.
– Біздің үлкен нағашымыз Қилыбас деген кісі. Біздің Абылхан атамыз 17 жасында, Мәмбет ішіндегі Қарақұрсақ елінің Қилыбас деген кісінің қызына үйленеді. Ол кезде Қилыбас атамыз батыр болыпты. Ол заманда батыр адам жылқы күзетіп, барымтаға барады. Жортуылға көбінесе жалғыз аттанады екен.
Бір күні түнде – елсіз, жапан далада жалғыз келе жатса, алыстан бір ауылдың оты көрінеді. «Әке-ау, мына жерде ел жоқ еді ғой, бұл кімнің ауылы болды?!» – деп таңырқап келе жатса, әлгі от жақыннан жылтылдайды. «Мынау жақын жерде екен ғой, не де болса көре кетейін», – деп бұрылып жақындап барса, үш келте шашты, тырбық бойлы кішкентай қыздар екен. Үшеуі жылқының үш тезегін жағып, «Қилыбас келді – кісі келді, Қилыбас келді – кісі келді», – деп сықылықтап күліп отты айналып, өлеңдерін айтып жүр екен. «Е, мыналар екен ғой!», – деп осқырынған атын қарағанның түбіне мықтап байлап, олармен қол ұстасып, солардың әуеніне кіріп – өлеңдерін айтып, отты төртінші боп айналады. Мұндай жерде өзің қорықсаң мерт қылады, осы жерде нағашы атамыз өзін-өзі ұстап соларға қосылып кетеді. Сайтандар да анау-мынау адамға көріне бермейді, Қилыбас атамызда да қасиет бар болған. Бір уақытта ыңғайы келгенде үшеуінің де шаштарынан шап беріп ұстап, қолына орап-матап алыпты. Дырау қамшысын жұлып алып: «Мә саған Қилыбас, мә саған Қилыбас! Мә саған кісі келді!», – деп үшеуін де ұрып ала жөнеліпті. Ұрып жатыр, ұрып жатыр. Болмаған құбылыс қалмады – жылан да болып ысқырды, бүркіт те болып шаңқылдады, не бір қорқынышты айуанаттың кейпіне келіп құбылды-ай дерсің! Бір уақытта үшеуі үрген үш тұлып болып тұрып алыпты. Қамшының өткені қайссы, өтпегені қайссы білінбейді, торсылдатып ұра беріпті. Әбдән шаршап сілесі қатқан кезде үшеуінің сертін алып босатыпты: «Ұрпағымның ұрпағына жолаймысың?», – деп. «Үрім бұтағыңа жоламаймыз», – деп аналар зар қағып, үшеуі үш жаққа қашыпты. «Сонда бір нәрсені – солардың теңгесін алуды ұмытыппын», – дейді. Сайтанның тілінің астында теңге болады екен, сол теңгеге ие болған адамға көріпкелдік қасиет бітеді екен. Олармен емін-еркін араласып билігін де жүргізе алады-мыс. Қилыбас атам осыны өкініш қылып өмірден өтіпті дейді.