Бір ғасыр жасаған Науалы тұрғыны Данабек Байсалханов ақсақалдың толғауы
Әсет Ризаұлы Мұқашбековтың қысқаша өмір деректері
Ата тегіңді, туыс – туғандарыңды жақсы танып біл. Өйткені өзара қатынас жасауың үшін қажет болады. Егер қарым-қатынасың үзілсе, жақын туғаныңның да ешқандай пайдасы тимейді. Жырақ тұрғаныңмен бір-біріңмен тату қарым-қатынаста болсаң, алыстықтың зияны жоқ. ПайғамбарымызМұхаммед (с.ғ.с)
Ата-бабаларым:Найман-Қаракерей-Байыс-Тума-Ақша-Қарабас-Қожакелді-Көкі-Қылқабай. Қылқабайұлы Босқынбай бабамыздан он ұл: Жолбарыс, Абылан, Қабылан, Нысанбай, Есім, Өмір, Естемес, Отаршы, Малшы, Қасен. Солардың төртеуінің ұрпақтары бармыз. Жолбарыстан: Мұқашбек – Риза – Әсет.
Атам Жолбарысұлы Мұқашбек қасиетті Ғабдүшкір молдадан оқыған, «Қарамолда» деген атпен елге танылған сауатты Құран сүрелерін жатша айтатын қари әрі мұраб-тоғанбасы болған адам. Мұқашбектің өзімен бірге туған Нұғыман. Ағасы Нұғыманның жалғыз ұлы үйленбеген Лұқпан 30 жасында: 1941 жылы соғыс басталғанда әскерге алынып, хабарсыз кетеді. Күлежан қарындасынан туған жиеніміз Садықов Ахметтен тараған ұрпақтың өзі қазір бір тайпа ел болды.
Мұқашбек Ташкенге тұрақты түрде барып сауда жасап тұрған және өзінің қос ат сүйрейтін 16 ат шалғысы, тарағы т.б. диханға қажетті құрал-саймандары толық шаруа адамы әрі Науалының жанындағы Қожагелді мен Ерназар батырлардың ұрпақтарының мекені болған Қарағаш – Қалия шабындық алқабында өзінің жеке меншік шабындық жері бар, өте ауқатты адам болыпты.
Тума елінің батырлары Қожагелді мен Ерназар қартайған шақтарында жас Шыңғожа батырға Туманың туын тапсырып, Тума қосының басшысы етіп сайлайды. Қабанбай жасақтарымен тізе қосып Аңырақай, Қалба, Алакөл сайыстарына қатысқан. Қалмақ ханы «Шыңғожаның басын әкелгенге, соның басындай алтын беремін» деген екен. Шыңғожа құба қалмақ соғысында Қабанбай батырдың сенімді серіктерінің бірі болып, жоңғарлармен соғыста ерекше көзге түсіп, батырдың аты Тума баласының ұранына айналады. Қазір де осы ұран.
Мұқашбектің «халық жауы» болып атылуы
Мұқашбектің мекені Науалының іргесіндегі «Майтөккен» қыстауы. Науалы мен Елтайдың арасындағы тоғанды Мұқашбек 1935 жылы түйе сойып, асар салып қаздырған. Бұл тоған кезінде «Мұқашбек тоғаны» деген жер атауына айналған. Қазіргі Науалы ауылының орталығындағы Қусақ өзенінен су алатын тоғанды да Мұқашбек атам қаздырған, ел әлі күнге дейін осы тоғаннан су алады.
1937 жылы Ташкенттен поездбен келе жатқанда, түсіне өзінің рухани ұстазы Ғабдішүкір әулие кіріп: «Әй, Мұқашбек, тұр!», – деп жағынан тартып жібереді, осыған дейін құлағының шала еститіні бар екен, содан екі құлағы ашылып еститін болып кетіпті. Осы ғажайыпты ауылға айтып келсе, Қарамолда дінді, Құдайды уағыздап жүр және «халық жауларымен» сыбайлас деген желеумен 1937 жылы желтоқсан айының 19 жұлдызында тұтқындалып, 1938 жылы 20 ақпанда атылады. (Ескерту: Кейіннен өзім ізденіп атам Мұқашбектің атылған жері мен сүйегі Алматының жанындағы Жаңалық ауылындағы бауырластар зиратында екенін анықтадым. 1937 г. Тройкой УЕКВД Алма-Атинской обл. По ст. 58 и 58-2 УК РСФСР к ВМН. 20.02. 38г. Приговор приведен в исполнение ).
1937 жылы сол кездегі Каз. ЦИК-тің төрағасы Құлымбетов Ұзақбай Желдірбайұлы атам Мұқашбектің үйіне қонғанда, үйді сыртынан бекітіп, адамдарымен қоса өртеп жібермекші болады. Сол кезде менің әкемді анасы Қазыкей терезені шағып далаға лақтырып жібереді. (Әкем Риза Мұқашбекұлының айтқандарынан). Құлымбетов те осужд. Пост. ВКВС СССР 25. 02. 38 жылы атқан. Реабилитирован ВКВС СССР 22. 04. 1958г.
Қазір бір атаның балалары: Жолбарысов Мұқашбекке, Райымбеков Оразғалиға, немерелері: «Сонар» фирмасын ұйымдастырушылардың бірі Рахметов Ғабиден Оразұлына Науалыда көше аттары берілген.
Әжеміз Қазыкей Қалқұлқызы сүйегі Болатшы, Мұқашбек атамыз ұсталғаннан кейін, құсадан 1939 жылы қайтыс болған. Туған сіңілісі Бизауре Қалқұлқызынан әнші Кәрім Сүлейменұлы туады. Әнші Кәрімнің әкесі Қаракерей, Семіз Найман, Қырықмылтық, би Сүлеймен Бекбердіұлы – Матай, Маман Тұрысбектің жазған қазақтың үш жүзінің шежіресінен: 1903 жылы, сентябрь айында Орта жүз Найман шежіресін қисса түрінде жазып таратқан.
Күйеуі Мұқашбек тұтқындалып, бар дүние-мүліктері тәркіленіп, бұрынғы бақ-дәулет бастан тайып, қадір-қасиет кеткеннен соң, бұл қорлыққа төзе алмаған Қазыкей құсадан қайтыс болады. Анасы қайтыс болғаннан кейін әкем Ризаны өзімен бірге туған Рәш, Райхан деген екі қарындасымен біреулер Науалыдағы балалар үйіне 1939 жылы өткізеді. (Ескерту: Рәш пен Райхан содан бері жоғалып хабарсыз кетті).
Нағашыларым
Нағашы атам Нүсіп, зайыбы Жамал. Осы екеуінен менің анам Бибірәбиға (Рәш) туады. Нағашы әжем Жамал 1928 жылдары Мақаншы ауданы, Қарасу ауылдық советінің председателі болып сайланған. (Мырзатай-Қарасу). Осы жайында 1930 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің бетіне Бейімбет Майлиннің «Жамал болыс» деген очеркі шыққан.
Сол жылдары Кеңес үкіметінен зорлық көріп кәнпескеден Қытайға қашып жатқан ел-жұрт төменгідей өлең шығарыпты:
Қарасу, Жалғыз төбе біздің қоныс,
Сайланды сол жылдары қатын болыс.
Қазаққа бұрынғыдай теңдік тисе,
Салар ем, комсомолға зарқұм соғыс!
Әкем Ризаның балалар үйінде болуы
Әкеміз Риза балалар үйінде болған кезді былай деп айтатын: «Мектепте оқып жүргенде шашымның жартысын ғана тақырлап алып, «халық жауының» баласы деп ерекшелеп қоятын. Жақсы оқысаң сен жаудың баласы, әдейі жаулығыңды білдіріп жақсы оқып жүрсің, ал жаман оқысаң сен әдейі жаман оқыдың деп тиісе беретін». Осындай қорлыққа шыдамаған ол 4 сыныпты бітіргеннен соң балалар үйінен қашып кетеді. 13 жасында колхоздың бөлімшесінде есепші болады.
1944 жылы 18-ге толғанда әскерге алынып, Берлинде соғысқа қатысып, жеңісті «Бранденбург қақпасында» қарсы алады. Әскерден 1950 жылы ғана босайды, Германияда, Польшада басқыншылық әскердің қатарында болады. Келе сала біздің анамыз Бибірәбиғаға (Рәшқа) үйленіп Аксаковка ауылында гидротехник, сонан соң зейнеткерлікке шыққанша Науалыда қырман меңгерушісі болды.
Анамыз Бибірәбиға (Рәш) соғыс жылдары колхозда бас бухгалтер болған: байыпты, салмақты, кітап оқудан бас алмайтын кемеңгер сабаз адам болса, әкеміз Риза сөзге шешен, қалжыңбас, шалт қиымылдайтын, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жоқтан бар жасайтын, жан-жақты дамыған, өзін-өзі жетілдіре білген, рухани даму дарыны ерекше жоғары, жоқ адамдарға көмектескісі келіп тұратын және осыны іс жүзіне де асыра білген адам болатын. Тұқым шарушылығын андай-мұндай агрономыңнан жетік білетін.
Балалық шағым
Денесін жаттықтыру арқылы адам дені сау, төзімді епті болмақ, өз ақыл ойыңды, өз еркіңді осылай шыңдау қажет. М.Горький
Бала күнімнен өте аурушаң болып өстім, бірақ кітап оқуды керемет жақсы көрдім. Бала күннен дос болған, он жылдықты бірге бітірген Нұрғазин Сәрсембай, Орақбаев Бейсен үшеуміз бүкіл кітапханадағы кітаптарды іздеп, жарысып оқитынбыз, қазір екеуі де марқұм болып кетті. Бейсеннің бала күнінен жүрегі ауыратын, ал Сәрсембай кейіннен салауатты өмір салтын ұстанбай, соның салдарынан 50-ден асқанда, Бейсен 50-ге жетпей жүрегі тоқтап қалып, екеуі де фәни өмірмен қоштасты, бірақ арттарында жақсы азамат болған ұлдары мен қыздары қалды.
Өстіп сүйретіліп жүріп 7-ші класқа да жеттім, бірақ денсаулық дұрыс емес, бұрыс. Өзіммен құрдас балалармен күрессем жеңіліп, жүгірсем өкпем өшіп, қалып қаламын. Бір күні «Қазақ әдебиеті» оқулығынан Тұрар деген баланың қыста суық суға шомылып, белдеу темірге тартылып шымыр, мықты бала, күшті бала болғанын оқыдым, осы кітап маған әсер еткені соншалық, жан дүнием төңкеріліп кеткендей болды. Үйде анама айттым: «Менің де кітаптатағы Тұрар деген бала сияқты мықты болғым келеді, ол үшін қысы жазы суық су құйыну керек екен», – деп шама-шарқым келгенше түсіндіргендей болдым. Осыны айтудағы себебім: «өзің тіптен ауырып қаласың», – деп суық суға құйынуға рұқсат бермей қоя ма деген балалық ойым.
Анамыз Бибірәбиға кемеңгер, өте ақылды, ажарлы адам болатын. Соғыс жылдары колхозда бас бухалтер болып қызмет істеген. «Ой балам, сенің денсаулығымды жақсартам, жақсы болам деген талпынысыңа кім бөгет болады, дұрыс деп шешім қабылдасаң болды, өзің біл» – деді. Сол жаздан бастап күнделікті суық суға құйынуды әдет қылып қалыптастыра бастадым. Күзде де, қыста да қандай аяз болмасын, таңертең ерте буым бұрқырап суға құйынып жатамын. Таңертең жаттығу жасай бастадым, байқаймын денсаулығым жақсарып, жүгіргенде балалардан оза бастадым. Бұрын шілбиіп, екі иығым салбырап бүкірейіп жүретінмін, кеудем түзеле бастады, бірақ әлі әлсізбін.
Ол кезде мектепте жүгіру мен шаңғы тебуден басқа спорт секциялары жоқ, денешынықтыру сабағын Науалы балалар үйінің түлегі қазақ азаматы Смайлов Анатолий ағай берді. Ол кісінің бір қасиеті балаларды спортқа жақсы баули, тарта білетін. Өзі классикалық күрестен спорт шеберіне кандидат, жаңадан Алматының дене шынықтыру институтын бітіріп келген. Дене бітімі келісті-ақ, денесі мәрмәр тастан қашап жасағандай, бейне сурет дерсің. Балаларды күреске үйретейін десе спортзал жоқ, оқушылардың өзі екі кезекпен әзер сиып оқиды. Анатолий ағай, ең алғаш рет доп ойындарын баскетболды үйретті, сондай-ақ жазда жеңіл атлетика, велосипед спорты мен доп ойындары, ал қыста шаңғы спортының секцияларын ашты, үйіне қай уақытта баратынын білмейміз, күні-түні мектепте не стадионда. Осы кісінің де әсері болды ғой деймін, ауылдың бар баласында спортқа деген ерекше құштарлық басталды. Бұрын денешынықтыру сабағында жайылған қой сияқты бет-бетімізбен лағып жүруші едік, спортқа деген көзқарасымыз мүлдем өзгеріп кетті.
Спортпен шұғылдануым
Дене шынықтыру мен спорт ағзаның жалпы іс қабілеттілігін көтереді, адамның шат көңілді болуына жәрдемдеседі, ал бұл ұзақ жыл өмір сүрудің міндетті шарттарының бірі. О.Б.Лепешинская
Бір күні жасқаншақтап барып: «Толя ағай мені шаңғыға жазыңызшы» – дедім. Менің сөлбірейген түріме бір қарап: «бала толып кетті», – деді. Артынан қыңқылдап мен қалмаймын, екінші күні тағы келдім, күні бойы артынан салпақтап қалмаймын: «балалармен бірге жүгіргім келеді, шаңғы беріңізші» – деп. «Әй осы сөлбірейген немеден не шығушы еді», – деді ме, әлде жүрегі қайтсын деді ме: «ертең шаңғы, ботинка беремін, жаттығуға кел» – деді. Жүрегім жарылардай қуанып үйге жеттім: «маған шаңғы беретін болды, енді балалармен жарысатын боламын!». Ол кезде қыста спорттың басқа түрі жоқ болғандықтан, шаңғыға бойы сырықтай, мықты таңдаулы ғана балаларды іріктеп алатын.
Жаттығудан басқа да уақытта шаңғы аяғымнан түспейтін болды, жүгіре беремін, жүгіре беремін. Өстіп жүгіре-жүгіре екінші тыныс (второе дыхание) ашылу арқылы шаршамай жүгіру әдісін меңгеріп алдым. (Бұл тыныс 5-10 км жүгіргеннен кейін барып ашылады.) Екінші тыныс ашылуға ерекше шыдамдылық қажет. Мен айтып отырған әдісті алысқа жүгіретін желаяқтар мен шаңғышылардың бәрі біледі, бәрі де осы тыныс алу әдісін қолданады. Көрші ұсақ балалар – мен шаңғы емес самолет мініп жүргендей көреді, олар да шу-шу етіп, омбы қарда белшесінен батып мәре-сәре.
Біртіндеп жаттықтырушым маған қатты көңіл бөле бастады, бұрынғы мақтаулы шаңғышыларға шаңымды да көрсетпейтін болдым. Ең ғажабы қанша жүгірсем де шаршамайтын бола бастадым. Денем қатып, еңкіштігім жоғалып кетті. Күнде таңертең 6-да тұрып алып мектепке барғанша құлперен болып жаттығу жасаймын, резеңке созамын, темір көтеремін. Денем толды ма деп күнде айнаға қараймын, өзіме өзім разы емеспін, бейне бір тері қаптап қойған қаңқа сияқтымын, бұлшық еттер жоқ. Лом темірден белдеме (турник) жасап алдым, әлі жөнді тартыла алмаймын. Бірақ бір ерекшелігім алған бетімнен қайтпайтынмын және өте шыдамдымын. Енді маған не жетіспейді? Жетіспейтіні екі қосақ бокс қолғабы мен футбол ойнайтын аяқ киім (буцы) деп шештім де, марқұм Бибірәбиға (Рәш) анама ойымды айттым, әкеме айтайын десем жасқанамын.
Ол кезде бокс қолғабы т.б. спорттық бұйымдардың жоқ кезі. Сол кезде Қызылорда қаласында мұғалімдік оқуда бөле апайымыз, қазір белгілі ақын, шежіреші, Қаракерей, Семіз Найман, Қырықмылтық би Сүлейменнің немересі Нұрания Сүлейменова оқитын. Соған анам хат жазды: «келеріңде Әсеттің сұраған нәрселерін алып келші», – деп. Ол апайымыз алып келді. Қоймай жүріп спорттық велосипед саттырып алдық, оның қызығын көретін үлкен ағайым Асқар. Сөйтіп бокспен де, футболмен де шұғылдана бастадым. Ауылдың жоғарғы жақта тұратын бар баласы біздің үйде есік алдындағы қорада қан-қан болып бокстасып жатамыз. Орысша жазылған бір бокс туралы кітап тауып алдық, мағынасын түсінбейміз, бірақта суреттерде көрсетілген әдістерді жанымызды салып үйренеміз, бірімізді-біріміз төбелестің әдістеріне үйретеміз. Трактордың дөңгелегінен штанга жасап алдық, көтеретініміз гиріміз тағы да трактордың шынжыр табандары. Сырғи-сырғи 10 класқа да жеттік, сабақ оқымаймыз, мұғалімнің түсіндіргендері баста қалса мыңқылдап айтқан боламыз, көбінесе желке қасып тұрған мылқаумыз. Мұғалімдер ұрсады: «бастарыңды доп кеулеп алған», – деп, біз балық сияқты үндемей құтыламыз.
Сол жылы жаттықтырушым Толя ағай менімен жеке шұғылдана бастады, енді 50 км қашықтықтан тіпті ентікпей келетін болдым. Өзі велосипедке отырып алады да менің артымнан ілесіп отырады. Баратын жеріміз Мақаншы ауылының бер жағындағы Жәйтөбе бауыры, бір жағының қашықтығы мөлшермен 25...30 шақырым. Денем толып, бұлшық еттерім бұлтыйып, кеудем шалқақ, арқам түп-түзу әдемі бозбалаға айналып шыға келдім. Тамаққа деген тәбетім керемет, үйдегілер бәрі бір табақ асқан етті жеп тауыса алмаса, мен жалғыз өзім сондай табақ етті сыпырып-сиырып айнадай қылып қоятын болдым. Сол үшін маған анам марқұм бір табақ етті бөлек алып сақтайтын болды.
Ауылдық, аудандық жарыстарда жүгіруден, шаңғы жарысынан жүлдесіз қайтпайтын болдым. Кейін Семейде 1 жылдық кәсіптік техникалық оқуда оқығанымда да облыс бойынша жүгіруден 1-ші орындарды алып жүрдім. Өмірімде осы спорттың көп пайдасы тиді.
Мүмкін ауылдан келгендерді автобусқа отырғызбайтын шығар
Адамдар да өсімдік тәрізді, жақсы күтілмесе, жайнап өспейді.
Ш. Монтескье
Енді өз басымнан өткен бір оқиғаны айта кетейін: «Жаңа айтып өткендей мектепті онша жақсы бітірмей бүкіл класс болып улап-шулап Семейге мұғалімдік оқудың тарих бөлімшесіне түсуге оқуға келдік. Бәріміздің де қала көргеніміз бірінші. Бәрі қызық, бәрі жат, не деген үлкен қала деп бір-бірімізге тамсанып қоямыз. Автобусқа да отыруды білмейміз. Ауылдағы секілді қол көтерсек тоқтайтын шығар деп оншақты бала, ұлымыз бар қызымыз бар жабыла көшені басымызға көтере айқайлап қол көтереміз, бірақ тоқтамайды, біз аң-таң. Кей кезде көшенің қиылысына, қызылды-жасылды шамның қасына келіп артқы шамын қызартып жағып тоқтай қалады, тапырлап тұра қуамыз, жете бергенде жүріп кетеді.
Себебін түсінбейміз. Бір-бірімізбен жатып кеп керілдесеміз, біреуі айтады, мүмкін ауылдан келгендерді отырғызбайтын шығар деп, оның бұл дәлеліне іштей келісеміз. Болмағаннан кейін жаяу тартамыз. Басқа біреуден сұрайық десек ұяламыз. 2-3 күн бақыладық, бізді неге алмайды, бір себебі бар шығар. Сөйтсек әлгің белгілі бір аялдамада ғана тоқтап, ол аялдаманың белгілі аты болады екен. Қалаға үйрене бастауымыздың әліппесі осылай болды, біз үшін қаланың тылсым дүниесі пердесін аша бастады.
Орысша тіл сындыруым
Достық – өмір үшін ең қажетті нәрсе, өйткені ешкім ешқашан да барлық басқа игілікке ие бола тұрса да, дос жарансыз өмірді қаламақ емес.
Аристотель
Оқуға түсе алмадық. Балалардың көбі үйлерін сағынып ауыл қайдасың деп сызып берді. Маған қайтайық дейді. Мен оларға айтамын: «осында қалайық, тегін оқудың біреуіне түсіп ең құрымағанда орысшаға тілімізді сындырайық, ақыры мектепте оқыған жоқпыз, болмағанда осы жердегі кіші оқудан бастап бірдеңе үйренейік, ауылда көшеде ит қуғаннан басқа не істейміз?». Олар көнбейді қорқады, орыстың балалары бізді сабайды деп. Ол кезде бір жылдық кәсіптік оқу орнында негізінен жетім балалар мен Ресейдің Сібір жақ қалаларынан келген орыс балалары оқиды, көпшілігі бұзық.
Сонымен ет комбинатына жұмысшылар дайындайтын ГПТУ – 28-ге құжаттарымды өткіздім. Бар жоғы оншақты ғана қазақ баласымыз, оның жартысы 8 класс бітірген жас балалар. Іштеріндегі ересектері Қарсыбаев Оралтай, Өрікбаев Төкен деген Мақаншыдағы Бахты мен Жарбұлақ ауылдарының баласы. Екеуміз өте жақсы дос болдық. Кейіннен 1970 жылы, Оралтай әскерде жүріп Оренбург қаласындағы Гагарин атындағы жоғары әскери жойғыш (истребитель) ұшқыштар дайындайтын училищеге түсіп, Ресейде теңіз авиациясында ұшқыш болды, қазір зейнеткерлікте – Астана қаласында тұрады. Ал Төкен Өрікбаев кейіннен спорттың күрес түрін өзінің туған ауылы Жарбұлақта дамытып, талай-талай атақты палуандар тәрбиелеп «Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы» деген атақпен марапатталды.