Бір күндері ұйықтап жатқанда мен түнде далаға кіші дәретке шықтым да, кіші дәретті айға қарап сындырдым. Сол кезде ай жаңа туылған екен. Ол кезде ата-бабаларымыздың сөздерін естісек те, орындамаймыз ғой. Үйге кіріп, төсегіме жаттым, ұйықтап бара жатқан кезде бойымның бәрі босап, көзім ашық, кәдімгі бір терең шұңқырға түсіп бара жатқан сияқты болдым. Сол уақытта көзімді ашсам, аппақ көйлектері бар, шаштары жалбыраған бес-алты әйел көз алдымда айланып жүр. Тұрайын десем, тұра алмаймын. Сол кезде мен: «Мен төсекте жатырмын ғой, мен қайдағы түпсіз тұңғиыққа құлдырап бара жатырмын. Мына шайтандар әйел бейнесінде не қылып көз алдымнан кетпей жатыр?»,– деп ойлап, жанымда жатқан жұбайым Зейнекамалды түртіп ояттым. Ол оянды да: «Не болды?»,– деді. Сол кезде менің денемнің бәрі босап, жансызданып бара жатқан сияқты болдым. Бірақ көз алдымда әлгі шайтандар әлі кеткен жоқ, мен жұбайым Зейнекамалға: «Көз алдымда қатындар ойнап, айланып жүр», – деп айттым. Ол «Далаға шықтың ба?», – деді. Мен: «Ия, далаға шығып, кіші дәрет сындырдым»,– дедім.
– Ондай болса, далаға қайтадан шығып, айға қарамай, теріс қарап, дәрет
сындырмасаң да, ырымын жасап кел.
Сол кезде мені демеп, орнымнан тұрғызды. Қабырғаны жағалап, далаға әрең
шықтым. Жұбайым айтқандай айға қарамай, теріс қарап, ырымын жасадым. Қайтып қабырғаны жағалап, әрең үйге кірдім. Содан жұбайым бір-екі қорап сіріңкемен мені аластады. Сол сәтте көзім шайдай ашылды, бағанағы денемнің босағаны шайтандар мені дуалап жатқан екен. Егер де мен әйелімді оятпаған кезде, білмеймін не боларымды, міне сондықтан, ата-бабаларымыздың айтқан сөздеріне көзім жетті.
Өліп барып тіріліп, өзіне-өзі жоқтау айтқан адам
Адам – бір көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық, боласың өлсең тағы.
Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі – ол баяғы.
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Кез жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?! Абай
Өзімнің бал-бұл балалық шақтан Науалыда тай-құлындай тебісіп бір көшеде өскен Сарқыт деген құрдасым бар. Екеуміз бір жылы, бір ай, бір күнде дүние есігін де, мектеп есігін де бірге ашыппыз. Бірақ, оның әке-шешесі ерте өліп, ағасы Қасенннің, жеңгесі Нұрқастың қолында өсті.
Сарқыт Қажығалиұлы Тайлақбаев бала күнінен сөзге пысық, еті тірі, мінезі шәлкім-шалыс болатын. Өмір жайлы толғағанда: «Пах, пах! Осындай да сөзге жүйрік адам баласы туа береді екен-ау!», – деп еріксіз ойлайсың, іштей сүйсінесің. Біз он жылдықты бітіргенде, ол әупірімдеп 8 жылдықты тәмамдады. Кейбір сыныпты «ұнағаны сонша» екі қайталап жіберді.
Ол кезде мектепте нашар оқысаң, сол отырған сыныбыңда – ұсақ балалардың арасында омалып, ең артқы партада өңкиіп отыра бересің. Мұғалімдер де күдер үзіп: «Сен бадырақ маған тиіспе, мен саған тиіспейін», – деп оның тыныш отырғанына қуанады. Сабаққа келмесе шаттанады!
Мектеп осындай сабақ оқымайтын, тентек ұлдарды, жылына бір қабат жиып-теріп, жасы 16-ға толса, қолына 8-ді «ойдағыдай» бітірді деген құжат беріп, көрші «Южный» ауылындағы трактористер дайындайтын училищеге жіберетін. Тамағы, киімі, жатар орны бәрі тегін, мемлекеттің мойнында.
Осы оқу орнын Сарқыт құрдасым да бітіріп, әскерге барып келген соң, ауылдан 120 шақырымдағы Алакөл көлінің жағасындағы «Сартерек» бөлімшесінде трактор жүргізді. Жаз айларында дайындаған шөпті, қыс бойы ауылға тасиды. Кей жылдары біз жақта қыс өте қатты болып, тфу деп түкірсең, түкірігің жерге түспей қатып қалатын сары шұнақ аяздар жиі болып тұрады.
Осындай қақаған қыстың бір күні Сәкең ауылға ымырт жабыла шөп алып келеді. Тіркемесін ағытып, арақ ішеді. Ішкенде сілейіп тойып, сілекейі аққанша, есінен айырылғанша ішеді. Түн қоюлана тракторымен өлеңдетіп үйіне қайтады.
Біздің ауылды қақ жарып ағатын Қусақ өзені бар. Көпірден өту керек. Бұл «ерің» көпірді таба алмай, тап көпірдің жанындағы жарға, қалың омбы қарға тракторымен шоңқиып асылып қалады. Қардың қалыңдығынан трактор жарға құламайды. Асылып қалған трактор – артқы екі дөңгелегі шыр айланып, айналаны азан-қазан қылып, ауылды басына көтеріп дарылдап тұра береді...
Тәп осы жардың басында Людмила Павловна дейтін мұғалім орыс әйелі тұратын. Үйінің іргесінде дарылдап тұрған трактор ұйқы бермейді. Мезгіл түн жарымынан ауған. «Неде болса барып, мынауыңды дарылдатпай өшір, әйтпесе бұл арадан кет», – деп айтайын деп күйеуі екеуі келсе, трактордың түбінде – бір қолы жоғары көтеріліп, бүк түсіп қатып қалған адамды көреді. Дереу ауылдық, аудандық милицияға телефон шалады.
Олар іле-шала жетіп келіп қараса, аязда қатып қалған адамның мәйітін көреді. Мәйіттің аяқ-қолын созайын десе, шеге болып қатып қалған. Милициялар мәйітті тексеріп, біраз уақыт тракторды айналшықтап жүреді. Тоңған соң, өздерімен бірге мәйітті мұғалім әйелдің үйіне ала кіріп, мәйіт жібісін деп пештің үстіне ағаш салып, қолын қоқитып жатқызып қояды.
Өздері жылыну үшін арақ, ыстық шәй ішіп, біраз әңгіме-дүкен құрып отырады. Мәйіт жібімейді. Мәйіттің бір қолы жоғары көтерілген қалпы, ашық машинаға тиеп, аудандық милиция бөліміне алып келеді. Олар: «бізге өліктің қажеті жоқ» деген соң, аудандық ауруханаға әкеледі. Олар да: «біз өлікті емес, сырқат адамды ғана қабылдаймыз», – дейді. Өлікті мәйітханаға (морг) апарып тастап, оның үйіне, ағайын-туыстарына, колхозға қаралы хабар естіртеді.
Сарқыт тоңып оянады. Жан-жағына қараса бірнеше адам, анадан жаңа туғандай шешініп тастаған, қаперлерінде түк жоқ, ұйқыны соғып жатыр. Қолын созып біреуінің жамылғысын жұлып алады. Екінші жағына қараса кішкентай бала ұйықтап жатыр екен: «Алда бейшара-ай! Суық үйде жалаңаш жатқаны несі?!», – деп жаны ашып, қойнына алып жатады, сұп-суық. Бала оянбайды. Оны қымтап жауып қояды. Қайдан келіп-тұрғанын білмейді. Үстінде лыпа жоқ, анадан туғандай жап-жалаңаш. Бас әңкі-тәңкі.
Біраз уақыт жатқан соң: «Қой, біреуден шылым алып шегейін», – деп ойлайды. Ұят болмасын деп жамылғысын жамылып, шығатын есікті іздесе, бір жарықтың сызаты көрінеді. Есікті ақырын ашып сығаласа, қалғып-шұлғып бір орыстың кемпірі отыр екен. Шошытып алмайын деп жайлап барып орысша: «Апа! Темекі бар ма?», – деп сұрайды. Көзін ашқан кемпір бақырайып қарап тұрып: «О, Құдайым-ай!», – деп айқайлап барып шалқасынан түседі де, талып қалады.
Сарқыт кемпірдің бетіне су бүркіп тірілтіп алғанда, кемпір төрт тағандап тоңқаңдап, ойбайлап қаша жөнеледі. Қараса таң сібірлеп атыпты. Кемпірдің қылығына түсінбей, жалаңаш шығуға ұялып, Сәкең босағада, әліптің артын күтіп отыра береді.
Бір уақытта у-шу болып дәрігерлер, медбикелер жетеді. Киіндіріп аудандық милиция бөліміне: «Мына бәлең тіріліп кетті», – деп апарып тастайды. Аудандық милиция бөлімінің бастығы Жидебаев: «Өмірімде талай сұмдық, талай басқадай нәрселер көріп едім, бірақта, өліп-тірілген адамды бірінші қабат көріп тұрмын», – деп ауылына апарғызып тастайды. Ұржар мен Науалының арасы 12 шақырым.
Сарқыт милицияның машинасынан қайқиып, көшесінің басынан түсіп қалады. Түс кезі. Үйіне жақындаса, ауласы қаптаған адам, асылған қазан. Айғай-шу, бір-бірімен «Ой, бауырымдап» көрісіп жатқан адамдар. Миы айланып тұрған Сарқыт: «Е, мен жоқта үйімде біреу өліп қалған екен ғой. Бұлар кешеден бері мені таба алмай жүр. Естімедім деп айтсам ұят. Одан да хабар алып, білетін кісіше айғайлап, жылап, көрісіп барайын. Жүрісім болса мынау, өзіме де обал жоқ», – деп, түндегі қорлыққа намысы келіп, өзінің қылығы есіне түсіп, онсыз да басы ауырып, кінәлі екенін сезініп, көңілі босап жылағысы келген Сарқыт:
– Ой бауырым-ай! Қырышында кеткен арманым-ай! Асылым-ай! Ардағым-ай! Көре алмай, соңғы сөзіңді тыңдай алмай арманда кеттім-ау! Есіл ерім-ау! Боздағым-ау! – деп өкіріп жылап, өзін-өзі жоқтап айғайға, жоқтауға басады. (Біздің жақта даладағы таяқ ұстап тұрған ағайындарына жылап көріседі. Сонан соң әйелдермен көріседі. Әйелдер тоқтамай жоқтау айтады. Сарқыт суырып салма ақын, керемет әнші, даусы әдемі болатын).
Алдымен қатар-қатар қаздай тізіліп тұрған ағайын-бауырларымен көрісіп, аңыраған күйі, үйде жоқтау айтып отырған апайлары, жеңгейлерімен бірігіп, тоқтамай сұңқылдап жоқтау айтады. Ең соңынан әйелімен көріседі. Еш бір адам танымайды.
Бажайлап қараса бала-шағасы, ағайын-туысы түгел аман. Балалары ол кезде кішкентай, қаперлерінде түк жоқ, «Әкеміз келді! Әкеміз келді!» – деп, ойнап-шауып жүр. Ағалары түгелдей таяқ ұстап тұр. Өлген кім болды екен?!, – деп аң-таң болып отырғанда: «Алтын басты, қара қасты, жалбыр шашты, жылқы ерінді, қыр мұрынды, өзі көсем, сөзге шешен қайным-ау! Сенің орныңа егін егеміз бе, қайтеміз?!», – деп бетін тырнап жоқтап отырған бір жеңгесі: «Ойбай!!! Өліп, қатып-сіресіп мұз болып, жібімей жатыр деген Сарқыт тіріліп кеткен бе?!», – деп құлап барып, талып түседі.
Мұндай сұмдықты көрмеген ел: бала-шаға, қатын-қалаш, кемпір-шал үрейленіп шошиды. Жиналған нөпір халық тым-тырақай үйді айнала қашады. Әруақ екен деп қасына жан адам баласы жуымайды. Дауыс естілер жерден айқайлап: «Әй! Сарқытпысың?! Әлде оның әруағымысың? Әруақ болсаң жөніңе кет!», – деп алыстан тұрып жөн сұрасады.
Сарқыттың тірі екеніне көзі жеткен ел: улап-шулап енді Сарқытпен көріседі, аяқ-қолын, басын сипап, шашын жұлып, нұқып, шымшып көреді. Әруақ емес екеніне көздері жетеді. Талып жатқан адамды тірілтуден тәжірибесі бар Сарқыт отыра қалып жеңгесін тірілтуге кіріседі. Бетіне су бүркіп, мұрнына дәрі иіскетіп, оның да бетін бері қаратады...
Сарқыттың ата-бабаларының әруақтары оны осылайша жазалап, «о дүниеге алып барып» маскүнемдіктен сақтап, өмірлік сабақ береді. Негізінде, Сарқыттың Тайлақбай атасы арқасы бар, киелі адам болған деседі...
Менің құрдасым сонан бері ішімдік баласын аузына алмайды. Салауатты өмір салтын ұстанып, мешіттің имамы сияқты: «Арақ – жынды су, оны ішпеңдер, ол харам! Әйтпесе әруақтардың қаһарына ұшырайсыңдар!», – деп елге уағыз шашады. Қазір осы шытырман оқиғасының майын тамызып айтып, аман-есен ел қатарлы Науалыда жүріп жатыр.
Кашпировский әруағының екі көмекшісімен түнде келіп, Науалы тұрғыны Жұматай Нұртазаұлы Абылханның аяғын кесіп алып емдеуі
2010 жылының күзінде ауылда белгілі кәсіпкер «Науалы» жүгері зауытының» директоры әрі «Әділет» шаруа қожалығының жетекшісі Жұматай мен Майлығали Нұртазаұлдары Абылхан әкесі Нұртазаға анасы Қанышаға арнап Ұржарда «Жерұйық» хатымханасында айтулы ас берді. Жұматайдың арғы атасы сары мойын би Абылхан 1893 және 1897 жылдары Госдумаға екі мәртебе депутат болып сайланған адам. Сол кезде Алматыға атпен келеді екен. Бұл ерекше тұлға: қазақ тарихының қалтарысындағы Алаштың қаймақтарының бірі, тарихтың өзі... Жұматайдың өзіне, келіншегі Динаға балалары Әділет пен Зереге әкелері марқұм Нұртаза ақсақалдан, одан әрірек Абылхан бабаларынан, Қилыбас нағашыларынан ерекше қасиет, кие қонған. Қазақ бұндай адамдарды «арқасы бар» екен деп дәріптейді.
Жұматаймен әңгімелестім. Өзінің басынан өткен адам сенгісіз ғажайып жайтты айтып беруін өтіндім. Жұматай меселімді қайтарған жоқ. Үйінде өздері сауатын тор биенің қымызын рахаттана ұрттай отыра былай деді:
– Бұл 1993 жылы болған оқиға. Мен өзіміздің Науалы ауылындағы Ленин атындағы колхозда МТМ меңгерушісі болып орналастым. Әсет аға, ол да күні бойы тыным таппайтын жүрісі мен жүгірісі көп мазасыз жұмыс. Ол кезде өзіңіз осында бас агроном болатынсыз.
Сол жылы жазда бір ауру жабысты, тізем қақсайды. Ол кезде 32 жастамын. Таңертең жұмысқа кетем, ал түстен кейіннен бастап сол аяғым тізеден зырқырып қақсайды, жүргізбейді. Кешке таман шойнаңдап жүре алмай қаламын. Жұмыстан келе салысымен төсекте аяғымды көтеріп 1...1,5 сағат қозғалмай жатамын.
Жаз айы аяқталып, жайма-шуақ тамыз айының басы болатын. Менің бір әдетім, өзім ұйықтайтын бөлмемнің терезесін ашып тастайтынмын. Бір күні ұйықтап жатыр едім, ол кезде ұлымыз Әділет үш жаста, Дина екеуміздің ортамызға жатады. Мен әдеттегідей терезе жақта жатқанмын.
Түннің бір уағы, терезе ашық тұрған. Бір кісілер күбірлеп терезенің сыртына кеп қалды. Кейде көшеде өткен кісілердің даусы естіліп тұратын. Қорада малды көп ұстаймыз, қарамасаң қағып кетеді. Жастықтың да желігі шығар, ит үріп сезікті сықыр естілсе терезеден қарғып түсіп, мал жақты шолып қайтатынмын. Ұры-қары барма дегендей. Әгәрәкім ешкім жоқ болса, терезеден қайта секіріп түсіп ұйқымды жалғастыра беретінмін.
Түннің бір уағында, өзім күнде секіріп жүрген терезеден бері қарай үш кісі: алдымен біріншісі дүңк етіп, сонан кейін екіншісі, соңынан үшіншісі дүңк-дүңк етіп үйдің ішіне секіріп-секіріп түсті. Қозғалайын десем қозғала алмаймын. Қараңғы, сұлбаларын көріп жатырмын. Әлгі үш кісі төсектің аяқ жағына келді. Сол кезде үй қараңғы болса да бәрінің түрлерін көрдім. Ортада ұзын бойлы Кашпировский, қара водалазка киген, шашын дөңгелектеп кескен. Сол кездерде Кашпировскиді теледидардан жиі көрсететін. Жанында ұзын бойлы жіңішке қара сұр екі жігіт. Түрлері тәжік, өзбектерге келеді.
Біреуі әй-шәй жоқ көрпені ашып сол аяғымды көтеріп алды да, тізеден сәл төмен 3 см жерден – бірдемемен тыз еткізіп жіліншігімді кесіп бөліп тастады. Сол аяғым жеп-жеңіл болып қалды. Айналам тұманданып кетті, сөздерін естіп жатырмын. Өзара күбірлесіп жатыр, сөздері орысша. Сонан кейін Кашпировский орысша: «жіліншік майын орнына салыңдар» – деді. Келіншегім мен ұлым пыр-пыр ұйықтап жатыр. Бір мезетте аяғымды қайта көтеріп, кесілген жіліншігімді орнына қойғандай болды. Көрпемді қайтадан жапты да жанымнан өтті. Терезеден үшеуі ары қарай қайта секіріп кетті. Сол кезде маған қимыл бітті. Жан-жағыма қарадым, келіншегім Динаны оятайын ба, оятпайын ба деп ойланып: «Қой шошып кетер» – деп оятпадым. Біраз жатқаннан кейін қолма-қол ұйықтап кетіппін. Нақ болған оқиға екенін білемін, таңертең келіншегіме айттым.
– Түнде келген кісілерді көрдің бе?
– Қайдағыны айтады екенсің, ешкімді де көрген жоқпын.
Сонан кейін жұмысқа кетіп қалдым, жырлайтын уақыт жоқ. Түсте келдім. Әкем, келіншегім үшеуміз тамақ ішіп отырғанда түндегі көргендерімді тәпіштеп айтып бердім. Әкеме айттым:
– Теледидердан өзің көріп жүретін Кашпировский екі көмекшісімен түнде келіп аяғымды кесіп алып, емдеп кетті.
– Е, келсе келген шығар. Түнде әруақтар келіп аяғыңды емдеп кеткен ғой. Жақсы болған екен!
Әсет аға, содан бері тіфә-тіфә аяғым ауырғанды қойды. 18 жылға аяқ басты аяғымның қақсауы сап тиылды. Қазір ор қояндай орғи басамын! Осы айтып отырғаным нақ болған оқиға. Бұған өзім онша таң қалмағаным, осындай тылсым оқиғалар әкемнің де, аталарымның да бастарынан жиі өткен. Жас күнімнен осы оқиғаларды естіп өскенімдіктен де болар. Менің әкем Нұртазаны ешнәрсемен таңқалдыру мүмкін емес-ті болатын. Себебі, ол кісі осындай тылсым құбылыстарды жиі кездестіретін. Жас күнінде бақсы да болып кете жаздағаны бар.
Әкем Нұртазаның бақсы болып кете жаздауы
Әкем жарықтық былай деп отырушы еді: «Өткен ғасырларда бақсылық қазақтың үлкен бір өнері болған. Бұл табиғатпен үндесіп жатқан тұрмыс-салтта қазақ сахарасына керек адам болған. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары үркінді болып қаймағы бұзылмаған Қытай жеріндегі қазақ ауылдарында тұрдық. Жас кезімде ауылға бір бақсы келді десе, әдейі іздеп баратынмын, себебі қыршаңқылау болатынмын. Сонда не бір зіркілдеп ойнап жатқан бақсылар дел-сал болып тоқтап қалатын. Ауылға бір бақсы келді. Науқасты қарап жатқан кезде мен де барып тұрдым. Әлгі бақсы әрі алысып, бері алысып ойнай алмай қойды. Сөйтіп тұрған кезде біреу келіп мені: «Әй, Нұртаза!» – деп шақырып әкетті. Мен шығып кеттім. Біраздан кейін қайта келсем әлгі бақсым ойнап жатыр екен. Мені көріп қоя қойды. Маған айтты: «Жаңа сіз шығып кеткеннен кейін менің жындарым келіп бәрін айтты, сіз келгеннен кейін болды. Сізде қасиет бар екен». Бізге бақсы сөйлей алмайды, жыны біз тұрған жерде ойнай алмайды», – деп. Неге? – деп сұраймын.
Бала кезім, ауылда үлкен той болып, үйге қонақ көп келді. Үйде жатар орын болмай апам: «сен көрші үйге барып жат», – деп жіберді. Ол үйде бір келіншек тұратын. Бал-бұл балалық шағым, күйеуі бар жоғын білмеймін. Кейде осы келіншек аузынан сілекейі ағып өзімен-өзі жүретін. Сонда үлкендер айтатын: «Әй, мына жас баланың қор болып жүргені-ай!» – деп.
Ойымда ештеңе жоқ, ымырт жабыла әлгі үйге барып жатып ұйықтап қаппын. Бір уақытта денем бір ысып, бір суып оянып кеттім. Бір мезетте аппақ бүркіт келіп шаңырақтан түсті, қараңғы болса да бәрін көріп жатырмын. Бір қанаты керегенің бір ұшында, екінші қанаты екінші ұшында, алты қанат үйді бірақ алып кетті. Бүркіт «ақпұштап» шаңқылдай бастады. Сол кезде төсекте жатқан келіншек те зарлады. «Айналайын ақ бүркіт айтқаныңа көніп ем, дегеніңді істеп ең, мені қинамашы!» – деп не бір зарлы әуенге салды. Денем бір ысыйды, бір суыйды. Не ұйықтаған емес, не ояу емес. Қозғалайын десем қозғала алмаймын, не іштеңе айта алмаймын. Тек қана көріп жатырмын. Әлгі бүркіт кетті... Бір уақытта ысылдаған ақ жылан келді. Бір жақ кереге шаңырақтан түскен кезде жаңағы келіншек бебеулеп зарлады. Ай не бір зарды айтты-ау! Ол да кетті... Енді бір мезетте аппақ сәуле келді. Әлгі келіншегім енді «ақ сәуле, ақ жарық!» – деп зарға басты. Бір уақытта ол да кетті... Денем бір ысып, бір суып үндей алмай мен жатырмын.
Бір уақытта жаңағы келіншек тұрып шам жақты. Шырақ жағып алып шырақтың жарығымен: бет-аузын, қол-басын денесін уқалап, есінеп біраз отырды да, төсегіне барып жатты. Мен де ұйықтап қалыппын. Таң атты, тұрдық. Қарасам келіншек жүр екен. Біраздан кейін келіншекке айттым: «Әй келіншек, сенің үш жының бар екен үшеуін де көрдім, түнде келді ғой». Келіншек: «Қой әрі, ол көрінбеуші еді ғой!» – деді. Жоқ, алдымен ақ бүркіт келді, оған былай деп айттың. Ысылдаған ақ жылан келді, оған былай деп айттың. Ақ сәуле келді, оған былай деп айттың. «Е, онда көрген екенсің» – деді. Сөйтсем бұл келіншек тазалық сақтамай, өзін-өзі ұстай алмай жүрген қасиеті бар адам екен. Осындай қасиеті бар адамдар тазалық сақтамаса ауырып қалады.
Ер жетіп 14-15 жаста бозбалалыққа жеткен шағым. Ауылға неше түрлі бақсылар келеді. Әлгі бақсылар кеткеннен кейін өзім сияқты балаларды жиып алып мен де бақсы болып ойнаймын. Қолыма бір таяқты алып аламын да, қобыздың әуеніне саламын. Сөйтіп жүріп қарағайды жағып қойып, үстінен ары-бері аттап өтіп, біртіндеп әбден белгілі бір әуенге келген кезде – қарағайдың аппақ шоғын, өзімнен-өзім уыстап ұстап алып қолымды жуатын дәрежеге жеттім. Құрдастарым, қыз-келіншектер шілдеханада, тойларда бақсы болып ойна деп, бақсы жоқта мені бақсы қылып алатын болды. Енді жынды кез, зіркілдеп тұрып ойнап беремін. Өзімді-өзім бақсы сияқты сезінетін күйге жеттім.
Бір күні мынадай жағдай болды. Үйде ұйықтап жатыр едім, күндізгі сияқты жап-жарық болып кетті. Оянып кеттім... Үйге 15...20-дай қызылды-жасылды киінген әйелдер кіріп келді. Ылғи сықылықтаған жас әйелдер. Төсекте жатқан мені көрсетті. «Мынау ма, мынау ма?», – деп жан жағымнан келемеждеп қоршай бастады. «Осы ма, осы ма?», – деп бір-біріне көрсетіп жатты. Өзімнің ояу екенімді және нақ көріп жатқанымды біліп жатырмын. Қозғалайын десем аяқ-қолым, тілім мақта секілді, сөздерін естіп бәрін ұғып жатырмын. Бірақ үнім шықпайды, жатқан орнымнан қозғала алмаймын. Көзім бақырайып қарап жатырмын. Бір уақытта арт жағынан саркідірлеу келген қартаң әйел келді.
Өтіп барып: «Осы бала ма?», – деп айтты.
– Осы бала, осы бала – деп жанындағылар сықылықтады.
– Әй, тым жас бала екен. Қоятын шығар, тимеңдер! – деп әлгілерді қақпақайлап үйден шығарып алып кетті. Олар кете салысымен-ақ денемнен суық тер бұрқ ете түсті. Дел-сал болып жатырмын. Өңім бе, түсім бе? Сол күйі талқысып қайтадан ұйықтап кетіппін.
Екі-үш күннен кейін Әжібай бақсы келді.
– Әй, осы үш-төрт күн бұрын, саған түн ішінде кісілер келді ме?
– Келді.
– Не деді?
Болған оқиғаның бәрін айтып бердім. Жастары сықылықтап мені айландырмақшы болды, ар жағынан бір саркідірлеу қартаңдау әйел келіп бәрін алып кетті дедім.
– Ә, балам бұл жын кім нақ әуеніне келтіріп, нақышына салса соның артынан еріп жүре береді. Бұл әркімде бар қасиет. Дамытып ары қарай алып кетсең жақсы боп шығасың. Сен өзің бақсы болғың келе ме? Маған ер, мен сені көп-көрім үлкен бақсы қылып жіберейін. Ол үшін мынауыңның бәрін тастап, менімен жүресің. Жын деген солай болады.