Кей кездерде «Байқоңырдан» ұшқан жер серіктері біздің ауылдың тұсынан Тарбағатай тауына қарай көлбей ұшады, жәй көзге де анық көрініп тұрады. Түнде күзетте болған жігіттер Азат Әділов, Рафик Жанұзақов, Қайрат Жамауов т.б. жігіттер: «Әсет аға, ұшқан жер серігімен бірге біраз уақыт бойы ұшатын тәлеңке де жанамалай қатарласа ұшып, біраздан кейін бұрылып алып басқа жаққа ұшып кетті», – деп айтты.
Сол күні түнгі күзетшінің біреуі Бекен Оспанов кезектен ұйықтап қалып, таңғы 3-тен асқанда ұйқылы-ояу жұмысқа келе жатады. Күнбағыс алқабының шетінде демалу, тамақтарын ішу үшін киіз үй тігіп қойғанбыз. Ертеңіне Бекен маған айтты: «Әсет аға, киіз үйге жете бергенімде кенеттен аяқ астымдағы бір метрдей жер дөп-дөңгелек, жап-жарық болып кетті, түсінбей қалдым. Сонан кейін төбеме қарасам, дәл төбемде 70-80 метрдей биіктікте ұшатын тәлеңке қалықтап тұр, ешқандай дыбыс жоқ. Жарығы кәдімгі жарыққа ұқсамайды. Жарығы көзіме ұрғаннан кейін түр-түсін анықтап көре алмадым. Бір уақытта басымды біреу тұқыртқандай болып, төбем шымырлап қатты ауырып кетті. Миым солқылдап кеткендей болды. Жалма-жан киіз үйдің ішіне кіріп кетіп жатып қалдым, басым ауырып жұмысқа шыға алған жоқпын».
Жәбірейіл періштені, Мариям ананы көруім
Тыныштық пен алаңсыздық – екі ұлы игілік. Бұдан көп адам құр қалған.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)
Кейбіреулер сұрайды: «Ұшатын тәлеңкенің өзіңе әсері болды ма деп?». Уақыт тезіне сала талдай келсем болғаны анық деп айтар едім. Себебі, бес атаға барған кезімде Түктібай атаның басында батада айтты: «сені жер бетіне ерекше мақсатпен (миссия) жібергенбіз, сен халқыңа рухани ұстаз боласың, осы туралы танымды-тағылымды көптеген кітаптар жазасың, бірақ 3 жасыңда қаралық алғансың. Сенің санаңды, ойлау жүйеңді өзгерту үшін, саған әсер еткенбіз (менің түсінуімше ұшатын тәлеңкелер арқылы) және сені тәндік, рухани тазалануың үшін ұзақ мерзімге аштық та ұстатып жүрміз».
Мен өзім 2000 жылдан бастап 21 тәуліктен 40...50 тәулік аштықты жыл сайын бір қабат үзбей ұстаймын. Бұл жайында өзімнің жазған «Жасару құпиясы», «Аштықты ұстау – денсаулықтың кепілі», «Рух пен тәннің саулығы» және «Жүйке жүйесінің тылсым», «Өз тағдырыңды – өзің қалай өзгертуге болады?» атты кітаптарымда кеңінен баяндағанмын.
Тағы бір айта кететін жайт, сәби бала күнімде мөлшері 4...6 жастың аралығында көргендерім. Ауылымыздың қарсы бетінде Малақ ауылының ар жағы көсіліп жатқан үлкен жота. Сол жотаның үстінен аспанмен бірдей бір адамның басы маған сондай жылы шыраймен, шексіз сүйіспеншілікпен үнемі қарап тұратын. Осыны тағы күнде көретінмін.
Сонда анама айтатынмын: «Мама, мама қарашы, бір жақсы кісі бізге күлімсіреп қарап тұр», – деп. Ол кісі үндемейді. Сөйтсем ол тек маған ғана көрінеді екен, бұны кейіннен 50-ге таяғанда ғана барып түсіндім. Осы жайттар ұзақ жылдар бойы санамнан, ойымнан өшіріліп қалыпты. Ұзақ ашығуларымның бірінде ғарышкерлер жайлы бір кітап оқып отырғанда, бір ғарышкер ғарышта ұшып жүргенде тура осы күлімсіреп қарап тұрған адамның басын көргенін жазыпты. Сол мезетте менің бала, сәби күнгі көргендерім есіме сап ете түсті. Қазір Жәбірейіл періштенің бейнесін, тіпті теледидардан өзін көріп отырғандай көз алдыма анық елестете аламын.
Өзім кейін есейгеннен соң, бала күнде көргенім Жәбірейіл періштенің бейнесі екеніне нық сенімдімін, осыны бар болмысыммен сеземін, себебі Жәбірейіл періште сәбилерге ғана көрінеді екен. Өзіңіз байқадыңыз ба, бесікте жатқан сәби кей-кездерде өзінен-өзі рахаттана күліп мәз-мәйрам болып жататынын. Сәби осы сәтте Жәбірейіл періштені көріп жатады. Бірақ та, өкінішке орай, адам осы фәни өмірде біртіндеп өзінің тәнін, жанын, рухын, нәзік денелерін кірлетіп ластай бергендіктен, бастапқы Жаратушы берген талай қасиеттерінен айырылып қалады. Мен ұзақ ашығу арқылы тәнімді, жанымды, рухымды, нәзік денелерімді тазалап, жүрегімнің кірін аршып алғаннан кейін, бұрын бала күнімде Жәбірейіл періштені көргенімді Жаратушы қайта есіме салды.
Өзіме тылсым дүние анда-санда көрініп тұрады. Соның бірі 45 жас шамасында ай бетінен Мариям ананың бейнесін кәдімгідей көруім. Ұшатын тәлеңкені бірнеше қабат көргеннен кейін – түнде аспан әлемін қызықтауды әдет қылып қалыптастырып алғанмын. Қыстың қатты қақаған ораза айларының бірі болатын. Сол күні ауылда өзім силайтын кейбір ақсақалдар, апа-әжелердің аузын аштырғанмын. Ол кісілер кеткеннен кейін кешкі ондар шамасында далаға шықтым.
Дала сүттей жарық, ай толық. Шыңылтыр аяз, басқан жерің сықыр-сықыр етеді. Аспан әлемі мүлгіген тыныштықта. Дөп-дөңгелек, жап-жарық толықсыған айды қызықтап қарап тұрғанмын, бір мезетте айдың бетінен Мариям ананың күлімсіреп маған қарап тұрған келісті келбеті көрінді, сасқанымнан отыра қалып өзім білетін Құран сүрелерінің аяттарын оқи бастадым, бұл көрініс 10 минуттай уақытқа созылды.
Сол кезде өзіме бір рахат нұр сәулесі құйылып жатқанын бар болмысыммен сезініп отырдым, ерекше тіл жеткізе алмас күйге бөлендім. Мариям ананың келбеті ғайып болғаннан кейін, Иса пайғамбардың 12 сахабасының бейнелері ап-анық бірінен кейін бірі көріне бастады. Әрқайсы 2...3 минут аралығында кезек-кезек алмасып отырды, мен бәрін іштей санап отырдым. Мен бұрын Иса пайғамбарлардың сахабаларының бейнелерін көрмегенмін, бірақ жүрегім айтып тұрды. Сахабалардың бастарынан тәж сияқты шашырап тұрған нұрды көрдім.
Әруақтардың барының нақтылы өзім білетін дәлелім: 2006 жылдан бастап 5 жылдың аралығында, Жаратушының құдіретімен, Оның рұхсатымен киелі аталар әруақтарының қолдауымен, солардың басқаруымен 11 кітап жазуым. Мына оқып отырғандарыңыз 12-ші кітабым. Тағы да таңқалатыным, кітап жазып отырғанда әруақтардың қасымда тұрғандарын сезіп отыратыным. Тағы да, ешқандай да қаржым болмаса да, ешбір демеушісіз-ақ кітаптарымның із суытпай, бірінен кейі бірі баспадан шығып жатуы және қолдан-қолға тимей таралуы.
Кітап жазудағы ерекшелігім еш уақытта ойланбаймын. Тек қана қажетті материалдарды сұрыптап, солардың негізгі идеяларын аламын, орысша болса, еркін аударма әдісімен қолма-қол еш қиналмай-ақ, негізгі айтайын деген ойды ғана аударамын.
Компьюторда отырғанда сөздер мен сөйлемдер лек-легімен ғарыштан құйыла береді. Тек компьютерге теріп үлгер. Тағы бір ерекшелігім, жазған нәрсемді қайта түзеп өңдемеймін, қалай қабылдадым, солай қағаз бетіне айна қатесіз, қаз-қалпында түсіремін. Тіпті шынын айтсам, қазақ тілі грамматикасы ережелерінен мүлдем бейхабармын, ұқпаймын.
Жоғарыда аталып өткен кітаптарымнан басқа бизнес жайлы «Ақыл есті билеп алған жоқшылық пен кедейшіліктен қалай құтылуға болады?», «Желілі бизнестің көмегімен ақымақтық пен жоқшылықтан қалай құтылуға болады?» (Желілі бизнес құпиясы), «Тибет медицинасы өнімдерінің негізінде – желілі жеке бизнесті құрудың құпиясы» (Тибет медицинасының құпиясы), «Сен неге кедейсің? Сен неге қарыздарсың? Немесе мол ақша табу үшін не істеуіміз керек?» және «Өз тағдырыңды өзің қалай күрт өзгертуге болады» атты кітаптар жаздым.
Жазған 11 кітабымның жалпы тиражы 37 мың дана, осы жазған кітаптарым баспадан шыға салысымен-ақ, қолдан-қолға тимей тарап кетеді. Оқырмандарым әлі күнге дейін сатылып, таралып таусылып кеткен кітаптарымды қайдан алуға болады, тауып беріңізші деп жиі телефон шалады, кей кездерде ризашылықтарын білдіру, арнайы танысу үшін ат сабылтып үйге келеді. Кітапқа алғыстарын айтады, ақ жүректерін ақтарады, шын пейілдерін білдіреді, бетімнен құшақтап сүйеді, алғыстарын айтады, ақ баталарын береді, пендеге осыдан артық қандай құрмет, қандай атақ керек!
Тағы бір таңқалатыным: алыс шетелдерді саяхаттап аралауым. Олардың тұрмыс-тіршіліктерімен, әлеуметтік, қоғамдық құрлымымен танысып үлкен ғибрат, тәлім-тәрбие сабақ алуым. 2006 жылдан бастап жыл сайын 3 ай Еуропа елдері: Германия, Францияда Париждің музейлерін аралап көруім, Вьетнамда Ханой қаласының қасындағы мұхит жағалауында орналасқан демалыс үйінде демалуым. 2008 жылы Грецияда, Зевс туған Крит аралында 1 ай демалып жатқанда 20 күннің аралығында «Өз тағдырыңды – өзің қалай өзгертуге болады?» атты кітабымды жазып бітуім. 2010 жылы Пекинде болуым. Аспан елін түгелдей дерлік аралап, олардың жетістіктеріне таң-тамаша қалуым. Көп нәрсе үйренуім.
Мен не журналист, не жазушы, не тіл маманы емеспін, бар болғаны бүкіл саналы 30 жылғы өмірін қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарында механизаторлардың, дихандардың, комбайнерлердің арасында, егістік алқаптарда шаң-шаң болып, күнге тотығып жүріп өткізген қарапайым агрономмын. Мен бәлендей шіреніп колхоз, совхоз басқарып, директор не үлкен дәрежелі қызмет істеп, кісімсіген кісі емеспін. Бірақ, бала күннен кітап оқуды керемет ұнатамын, аптасына бір кітап оқымасам өзімді-өзім қоярға жер таба алмаймын. Қандай жұмыста болмасын, қолымнан күндіз-түні кітап түспейді, машинаның ішінде көлікті жүргізушім айдап келе жатқанда, уақытты зая жібермейін деп оқи беремін. Осы әдет қалыптасқанына жарты ғасырға жуық уақыт болды.
Мектепте, мөлшері 7-ші сыныпта оқып жүргенде мектептің кітапханасындағы кітаптардың бәрін де түп-тұқиянына дейін қалдырмай оқып, үнемі жаңа кітап іздейтінмін. Бала күнімнен сүйіп оқитын кітаптарым «Батырлар жыры», «Қазақ ертегілері», «Мың бір түн». Бауыржан Момышұлы мен Қасым Қайсеновтың кітаптарын қайталап оқудан жалыққан емеспін. Екі арысқа еліктеймін, тәлім-тәрбие аламын. Бауыржан Момышұлының барлық шығармаларын жаттап алдым десем де болады. (Екеуі де кәсіпқой жазушы емес). Войничтің қазақ тіліндегі «Бөгелек» романы бала күнімде мінезімді қайсар, алған бетімнен қайтпайтындай қылып қалыптастыруға ерекше әсер етті.
Мектеп бітірген соң орысша кітаптарды оқуға үйрендім. Пушкин, Лермонтов, Толстой, Чехов, Тургенев пен Гогольдің кітап жазудағы тілдеріне тәнті болдым. Әлі күнге дейін Джек Лондонның шығармалары таң қалдырады. Қазір кітап жазғанда осы ұлы жазушыларға еліктеймін, солар сияқты қарапайым халықтың тілімен жазуға тырысамын.
Қазақ тілінде оқитындарым: әлемдік деңгейдегі данышпан хакім Абай мен әулие Шәкәрім бабаларымыздың баға жетпес – рухани асыл шығармалары. Сондай-ақ, қасиетті Құран мен барлық діни ағымдардағы киелі кітаптар. Құранның орысшасын оқимын. Қазір орысшаға аударылған рухани кітаптардың бірде-біреуін жібермеуге тырысамын.
Осы тылсым құбылыстардың бәрін Алланың рұхсатымен нәзік әлемдегі әруақтардың басқарып отырғанына күмән келтіре алмаймын, себебі басында түсініксіз болып көрінетін осы құбылыстар белгілі заңдылықтар арқылы, тылсым күштердің араласуымен болып жатқанын қазір жан дүниеммен, бар болмысыммен сезінемін.
VI ТАРАУ. Бақсы әрі «Ақ жол» қозғалысының іс меңгерушісі Мұрат Батанұлы Әлтешовтың дүниетанымы
Нәзік денелер дегеніміз не?
Анық қара: жан – өзің, дене – киім,
Мақтан, бояу – денеге берген сиың.
Жанға мұндай алдауың азық емес,
Оған пайда не қылдың жалғыз тиын? Шәкәрім
– Мұрат Батанұлы, нәзік денелер дегеніміз не?
– Әсет Ризаұлы, адамда көзге көрінетін тәнінен басқа көзге көрінбейтін нәзік алты денелері бар, өзінің денесімен жетеу. Қазақтың «жан жеті қабат» деген ұғымы осыдан шығады. Олар эфирлік дене немесе адамның өміршеңдік нәзік денесі, ол денеде адамның өміршеңдігі мен қуаты орналасқан, екінші дене сезім мен әсер денесі, үшінші ақыл денесі бұнда адамның ойлауы мен пайымдауы орналасқан, төртінші дене ес денесі немесе зерде, (интеллект), мұнда адамның есі мен зердесі орналасқан, бесінші дене рух, алтыншы дене жан, жетінші дене – өзінің тәні.
Адам ораза тұтып ашыққан уақытта осылардың алдыңғы төрт нәзік денелері ғарыш арқылы тамақтана бастайды. Тәнге сырттан қорек келмегендіктен 2...3 тәуліктен кейін буындардағы тұз, қан тамырларының ішіне қақ болып қатып қалған, шоғырланып шөгіп қалған – холестерин, маңқа, шырыш, т.б. қалдықтармен тамақтануға мәжбүр болып, ішіндегі қоқыстар мен улардан арылып, өзін-өзі тазалай бастайды. Адам өзінің тәндік ауруынан осылай жазылып кетеді. Осы кезде адамның нәзік арналары ашылып, эфирлік – өміршеңдік немесе қуат денесі, сезім мен әсер денесі, ақыл – ойлау мен пайымдау денесі, ес пен зерде (интелект) – денелері жанның рух денесін тамақтандырып ғарыштан, ауадан қуат алып олар да тазаланып адамның жүрегінің кірі аршылып, рухани ілімді өзінен-өзі түсініп, қабылдау мүмкіншілігіне ие болады, осылай тазаланған әрі тамақтанған жанның рух денесі немесе таза ақылы жоғарғы әлеммен байланысқа түседі. Сол уақытта адамға өмірдің құпия, тылсым дүниесінің сыры түсінікті болып, адамға Алла Тағала ашылады. Адам имандылық жолға түсіп, дұрыс өмір сүре бастайды.
Нәзік денелердің қасиеттері
– Мұрат Батанұлы, нәзік денелердің қандай қасиеттері бар?
– Әсет Ризаұлы, нәзік денелердің (перисприттің) тығыздығы әруақтардың қасиеттеріне және олардың қандай әлемде жүргендеріне байланысты әртүрлі болып өзгереді.
Нәзік көрінбейтін әлемдер көптеген қабаттардан құралатыны белгілі. Жоғары қабаттарда жетілген жандар болса, ал төменгі қабаттарда әлі жетіле қоймаған жандар болады. Олардың перисприттен құралатын нәзік денелері де әртүрлі тығыздықта. Жоғары деңгейдегі жандардың (әруақтардың) денелері нәзік, жақсы рухтанған. Ал төменгі деңгейдегі жандардың денелері тығыз, материяға жақын, сондықтан олар фәни әлемді ұзақ естерінде сақтайды. Олар сол бұрынғы өмірде жүргендей әрекет жасап, ойлап, сол кезіндегі сезіну қабілетін сақтайды. Сондықтан көңіл көтеру үшін адамдармен солар байланысып, көбіне солар білінеді. Олардың тығыз нәзік денелері (перисприттері) материяға жақын болғандықтан, оларға физикалық әлемде түрлі құбылыстар жасауға мүмкіндік мол.
Қарапайым адамдардың көбінесе жын-шайтан, дию, перілерді біліп, ал періштелерді білмейтіні сол себептен болса керек. Бұл дене жұмысымен айналысатын адамның денесінің бұлшық еттері жетілген, күші мол, ауыр жүктерді көтеруге қиналмайтыны, ал ой жұмысымен шұғылданатын адамдардың, керісінше, денесінің әлсіз, психикасы нәзік болатыны тәрізді. Нәзік дене (перисприт) әруақтың денесі тәрізді болғандықтан, оның тығыздығы әруақтың жетілу деңгейіне байланысты. Сондықтан жоғары әруақтар өздерін көрсеткісі келсе, адамдардың жүк көтерушілерді пайдаланатыны тәрізді, олар да төменгі әруақтарды пайдаланады.
Әлемдік тоқ барлық қозғалыстың себебі
– Мұрат Батанұлы, әлемдік токты қалай түсіндіресіз?
– Өмір өзегі болып табылатын әлемдік тоқ барлық қозғалыстың себебі. Адам қалпында болсын, әруақ қалпында болсын рух оны пайдаланып өзінің әрекетін жасайды. Әлемдік тоқ қоюланып перисприт, яғни нәзік болмысты жасайды. Рух тәнде болған кезде нәзік дене (перисприт) рухты денемен байланыстырып, ол дененің ықпалында болады. Ал тәннен шыққан кезде рух әруаққа айналып, нәзік дене еркіндік алады. Бұл тоқтың белгілі бір бөлігі кейбір адамдарда бөлініп шыға алады. Сол тоқтың көмегімен олар әруақтармен байланысып, олардан хабар, не болмаса түрлі заттарға әсер етіп, қозғалта алады.
– Мұрат Батанұлы, кейбір адамдарда нәзік дененің бөлінуі жақсы, кейбірінде неге нашар болады?
– Кейбір адамдарда нәзік дененің бөлінуі жақсы, кейбірінде нашар болады. Дәнекерлік (медиумдық) қасиеттің күшті, не болмаса әлсіз болуы осыған байланысты. Негізінде дәнекерлік (медиумдық) қасиет әркімде әртүрлі деңгейде болады. Оны түрлі жаттықтыру арқылы көбейтіп, не болмаса азайтуға да болды. Ірі өнер қайраткерлерінде, ақын-жазушылар, ғалымдарда, сазгерлерде мұндай қасиет жақсы дамыған. Сондықтан олардың нәзік әлемдерден хабар алу мүмкіндіктері зор болады.
– Әруақтар заттық әлемге қалай әсер етеді?
– Әруақтардың заттық әлемге қалай әсер ететініне көзімізді жеткізе түсу үшін бір мысал келтірейік. Бізге алыстағы бір нәрсеге әсер ету керек болсын делік. Ең әуелі бұл туралы ой пайда болады. Бірақ ой ештеңе жасай алмайды. Ол ойды іске асыру үшін лақтыратын таяқ немесе сол сияқты зат керек. Ой таяққа өзі әсер ете алмайды. Рухтан пайда болған ой, нәзік денемен байланысып, денені басқарады. Ой таяққа денесіз әсер ете алмайтыны тәрізді, ой тәнге де нәзік денесіз әсер ете алмайды. Рух нәзік денеге әсер ете алады. Себебі нәзік дененің қасиеті рух қасиетіне жақын. Нәзік дене бұлшық еттерге әсер етеді, ал бұлшық еттер таяқты алады да лақтырады.
Рух денеден шыққанда әруаққа айналады дедік. Өзінің әрекеті үшін бұл күйінде оған көмекші керек. Әруаққа бұл көмекші – әлемдік тоқ болып табылады. Осылай әлемдік тоқты пайдаланып әруақтар затты жандандырып, өзінің еркіне бағындырады.
Заттың өздігімен қозғалуы үшін үш нәрсе керек
– Мұрат Батанұлы, заттың өздігімен қозғалуы үшін не қажет?
– Заттың өздігімен қозғалуы үшін үш нәрсе керек. Ол әлемдік тоқ, дәнекер (медиум) тоғы және әруақтың тоғы. Әруақ әлемдік тоқты жинап, медиумның тоғымен қосып затты жандандырады. Әлемдік тоқ өте нәзік болғандықтан, оны затқа енгізу мүмкін емес. Ол үшін соған сәйкес затталған нәзік дене (перисприт) керек. Бұл нәзік дене тек тәндегі рухта, яғни адамдарда ғана бар. Сондықтан, әруақ әлемдік тоқты затпен байланыстыратын нәзік денені тек адамдардан ғана алады. Сонан кейін ғана әруақ әлемдік тоқ пен медиум тоғын қосып затқа енгізіп, өзінің нәзік денесімен жанданған затты қозғалтып, оның қозғалысын басқара алады.
– Мұрат Батанұлы, әруақ затты қалай қозғалтады?
– Әсет Ризаұлы, зат қозғалысқа келгенде әруақ адам тәрізді оны қолымен ұстап қозғалтпайды. Ол затқа медиумның тоғымен қосылған өзінің тоғын сіңіреді. Ал жанданған зат тірі жан тәрізді қозғалысқа келеді. Бірақ ол барлығын әруақтың бұйрығымен жасайды. Әруақ өзінің нәзік денесімен (периспритімен) басқарады. Ал әруақты бағындыру арқылы медиум, не болмаса бақсы әлгі заттың қозғалысын өзі басқара алады.
Адамның әрбір жасаушасы (клеткасы) жанды
– Мұрат Батанұлы, әруақ қай уақытта затты жандандыра алады?
– Рухтан шығатын жандандыратын тоқ қозғалмайтын заттарға уақытша және жасанды өмір береді. Сонымен бірге бұл тоқ нәзік денені (периспритті) құрайды. Ендеше әруақ адам денесінде болғанда ол денеге өзінің нәзік денесі арқылы өмір береді! Сондықтан адамның да әрбір жасаушасы (клеткасы) жанды! Бірақ, бүкіл тән өмірін денедегі әруақ, яғни жан басқарады. Әруақ өзінің нәзік денесі арқылы тәнмен байланысады. Бұл байланыс тәннің заттық қауқары бар болған кезіне дейін сақталады. Ал тәннің заттық қауқары біткен кезде, яғни биологиялық өзгерістердің дұрыс жүру мүмкіндігі біткен кезде, әруақ денені тастайды. Адам өлімі деп осыны атаймыз. Жан тәннен шығып, адам өледі, ал жан әруаққа айналады. Осылай адамның аруағы кеткенде тән жансыз қалып, тән өледі.
Бұл теория өмірде кездесетін қаншалықты құпия деп есептеліп келген құбылыстарды түсіндіріп берер еді! Осылай бұрын қайран қалдырған, ешкімнің таба алмаған тылсым құпияларын ашуға болады екен!
Мысалы, жуырда барлық ТМД ақпараттарының орталық басылымдарында жарық көрген Сібірдегі будда монахының денесі туралы хабар болды. Монахтың денесі көп жыл жер астында жатса да тырнағы мен шашы өсе берген. Бұл құбылыстың сырын ешкім таба алмады. Оның сыры былай болуға тиісті. Монахтың денесінде жан жоқ болғанымен, өзінің көп жылдық рухани әрекеті арқасында ол денесіне әлемдік тоқты шоғырландырып, рухтандыра білген. Сондықтан өлген соң да оның денесі жанды. Соның арқасында дене әлі өмір сүріп, шашы, тырнағы өсіп, өмір белгілері сақталған. Мұндай мысал Оңтүстік Үндістанда да бар. Орта ғасырларда өлген Рамануджа Ачарья деген әулиенің денесі әлі де болса тірі адамның денесіндей, жұмысын тоқтатпаған. Храмдағы монахтар дененің шашы мен тырнағы өсуін тоқтатпағанын айтады. Әлі күнге дейін көптеген адамдар оның малдасын құрып отырған қалпын көріп, таң қалысып кетеді.
Фәни әлемде жан иелері қалай пайда болады?
– Мұрат Батанұлы,фәни әлемде жан иелері қалай пайда болады?
– Рухани әлемде таза жанның қасиеттері шексіз. Бірақ ол қасиеттері материалдық әлемге келгенде матриямен жабылып, өзінің шексіздігінен айырылып қалады. Сондықтан, оған материалдық әлемде өмір сүруге арнайы құрал, яғни дене керек. Осылай жаңа өмірге келген жан енді өзіне материядан жаңа дене қалыптастырады. Әуелде жан өзінің өмірін нәзік әлемнен бастайды. Сондықтан жан өзіне нәзік материалдық дене құрастырады. Осылай гальванизация аымы (процесі) арқылы жан нәзік әлемнен өзіне керекті элементтерді тартып сезім, ақыл, ес, өзінің «менін» құрастырады. Әруақтар нәзік әлемде осы денелермен өмір сүреді.