– Ойбай, ешқандай бақсы болмаймын, өзімнің жұмысым бар.
– Ә, олай болса сен мынауыңды қой. Мен жоқта, мен болып ойнайды екенсің ғой? Бақсы болғың келмесе бұныңды қой, мерт боп кетесің. Немесе бір жерің кем болып қалады. Жын деген нәрсе ойнайтын нәрсе емес. Қауіпті де, қиындығы бар қатерлі жол.
– Ойбай қойдым, бұдан кейін ойнамаймын. Жының да өзіңмен кетсін, бақсылығың да өзіңмен кетсін!
Содан кейін бақсы болып ойнағанды қойдым деп отырушы еді жарықтық деп, Жұматай әңгімесін аяқтай бере, Әс-аға осы әкем айтқан әңгімелерге біреу сеніп, біреу сенбес. Сондықтан өткен ғасырда өмір сүрген нағашы атамның басынан кешірген тылсым оқиғаның біреуін ғана айтып берейін:
Қилыбас нағашымның сайтандарды сабауы
– Біздің үлкен нағашымыз Қилыбас деген кісі. Абылхан атамыз 17 жасында, Мәмбет ішіндегі Қарақұрсақ елінің Қилыбас деген кісінің қызына үйленеді. Ол кезде Қилыбас атамыз батыр болыпты. Ол заманда батыр адам жылқы күзетіп, барымтаға барады. Жортуылға көбінесе жалғыз аттанады екен.
Бір күні түнде – елсіз, жапан далада жалғыз келе жатса, алыстан бір ауылдың оты көрінеді. «Әке-ау, мына жерде ел жоқ еді ғой, бұл кімнің ауылы болды?!» – деп таңырқап келе жатса, әлгі от жақыннан жылтылдайды. «Мынау жақын жерде екен ғой, не де болса көре кетейін», – деп бұрылып жақындап барса, үш келте шашты, тырбық бойлы кішкентай қыздар екен. Үшеуі жылқының үш тезегін жағып, «Қилыбас келді – кісі келді! Қилыбас келді – кісі келді!», – деп сықылықтап күліп отты айналып, өлеңдерін айтып жүр екен. «Е, мыналар екен ғой!», – деп осқырынған атын қарағанның түбіне мықтап байлап, олармен қол ұстасып, солардың әуеніне кіріп – өлеңдерін айтып, отты төртінші боп айналады. Мұндай жерде өзің қорықсаң мерт қылады, осы жерде нағашы атамыз өзін-өзі ұстап соларға қосылып кетеді. Сайтандар да анау-мынау адамға көріне бермейді, Қилыбас атамызда да қасиет бар болған.
Бір уақытта ыңғайы келгенде үшеуінің де шаштарынан шап беріп ұстап, қолына орап-матап алыпты. Дырау қамшысын жұлып алып: «Мә саған Қилыбас, мә саған Қилыбас! Мә саған кісі келді!», – деп үшеуін де ұрып ала жөнеліпті. Ұрып жатыр, ұрып жатыр. Болмаған құбылыс қалмады – жылан да болып ысқырды, бүркіт те болып шаңқылдады, не бір қорқынышты айуанаттың кейпіне келіп құбылды-ай дерсің! Бір уақытта үшеуі үрген үш тұлып болып тұрып алыпты. Қамшының өткені қайссы, өтпегені қайссы білінбейді, торсылдатып ұра беріпті. Әбдән шаршап сілесі қатқан кезде үшеуінің сертін алып босатыпты: «Ұрпағымның ұрпағына жолаймысың?», – деп. «Үрім бұтағыңа жоламаймыз», – деп аналар зар қағып, үшеуі үш жаққа қашыпты. «Сонда бір нәрсені – солардың теңгесін алуды ұмытыппын», – дейді. Сайтанның тілінің астында теңге болады екен, сол теңгеге ие болған адамға көріпкелдік қасиет бітеді екен. Олармен емін-еркін араласып билігін де жүргізе алады-мыс. Қилыбас атам осыны өкініш қылып өмірден өтіпті дейді.
Содан ба білмеймін, біздің тұқымға көріпкелдер құмалақ шашып, балгерлер бал аша алмайды. Бұның бәрі де өмірде болған оқиғалар.
Басқа ғаламшарларда жан иелері бар ма?
Өзгені ақыл ойға қондырады,
Біле алмай бір тәңіріні болдырады.
Талып ұйықтап, көзіңді ашысымен,
Талпынып тағы да ойлап зор қылады.
Көңілге шек, шүбәлі ой алмаймын,
Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.
Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын. Абай
Әр ғаламшардағы материалдық жағдайлар әр түрлі, сондықтан ондағы тірі жандардың дамулары да түрлі деңгейде болатыны даусыз. Бұның өзі қазіргі кезде көп айтылып-жазылып жүрген Танылмаған Ұшатын Объектілер (Неопознанные Летаюшие Объекты) туралы түсінік береді. Олар материалдық жағынан бізден жоғары даму сатысында болғандықтан, көптеген қасиеттерін көрсете алады. Соңғы кездердегі жер бетіндегі жарамсыз өзгерістер мен құбылыстарға байланысты олардың бізге деген ынталары өсіп, тыныс-тіршілігімізді бақылау жасап жүрулері мүмкін.
Себебі, олар әлемнің біртұтастығын бізден гөрі анығырақ сезінеді. Жер бетіндегі үлкен өзгерістердің бүкіл материалдық әлемге әсері болуы мүмкін. Олай болса олардың өміріне де әсері бар. Олардың біздің өмірімізді бақылауға мәжбүр болуын түсіну қиын емес. Олар материяны бізден гөрі жақсы басқарады, сондықтан олар өте жылдам ұшақты меңгерген, материяны бір түрден екінші түрге қалауынша өзгерте алады, көзге көрінбейтін күйге түсіп, жоғалып кете баратын мүмкіндіктері де бар. Оған көптеген көріністер, адамдарының кездесулері дәлел бола алады.
Ұшатын тәлеңкелер. Әсет Мұқашбековтың көріп, естігендері
Шындықты айту қауіпті болса да, шын сөйлеңіздер, себебі туралық шындықта. Сонда абырой табасыз. Сізге қолайлы болса да өтірік сөйлемеңіз, себебі оның түбінде өтірігі ашылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)
Менің туып өскен жерім бұрынғы Семей обылысы, Ұржар ауданы, Науалы ауылы. Біздің ауыл Қытаймен іргелес, Тарбағатай бауырының шұрайлы, шалқып жатқан суы, жасыл-желекті нуы, жемісі мол, жанға жайлы, қары қалың болса да қысы жылы болады.
Неге екенін білмеймін, мүмкін біз Семей полигоны мен Қытай полигонының ортасында тұрғаннан ба, тап осы біздің өңірде ұшатын тәлеңкені көрушілер өте көп, ұшып келіп Тарбағатай тауының ішіне кіріп жоқ болып кетеді, өзі көбінесе таң алдында көрінеді, кей кездерде ел жатар кезде де ауылдың үстінде ойқастап ұшып жүреді. Өз басым, біздің ауылдың жүздеген адамдар бірнеше қабат көрдік, ол жылдары ауылдағы «Ленин» атындағы колхозда бас агрономмын.
Ұшатын тәлеңкенің мені бақылауы, болған әсері
Енді осы ұшатын тәлеңкенің мені қолдарына түсірмекші болып қалай аңдығанын айтып берейін. Бұл оқиға 1992 жылы қараша айының басында болды. Үлкен қызым Айнұр Семейде оқуда, жұбайым Рахпар қызыма барып келемін деп сонда кеткен. Қайтар күні үйге телефон шалып: «ертең мені автобустан күтіп ал», – деді.
Біздің үй ауылдың шетінде, сондықтан автобусты аялдамадан емес айдаладан күтесің. Тосып алатын жерім ауыл шетінен бір шақырымдай, Қытайға баратын күре тамыр жолдың бойында, қарағаш өсіп тұрған қазақ зиратының маңы. Семейден шыққан автобус таңғы төрт пен бестің аралығында келеді.
Сол күні түнгі үш жарымда оянып, асықпай жәймен аяңдап зират маңына келдім. Ызғарлы қара күздің басталған шағы, қараша айы, күздегі қалың жаңбырдың басталған уақыты. Жиын терімді бітіп «ух!» деп терең дем алып жүрген кезім. Түн көзге түрткісіз, қап-қара. Жер бауырлай ұшы-қиыры жоқ қорғасын өңдес сұр бұлттар жөңкілуде. Бірақ бұлттардың ар жағынан ай көрініп тұр.
Ойымда ештеме жоқ, темекімді тұтатып аспанға қарап бұлттың көшкенін қызықтап қарағашқа сүйеніп тұрғанмын. Бір уақытта ай екеу болып кетті, жалмажан көзілдірігімді алып сүртіп жіберіп, көзіме бірдеме елестеп тұр ма деп, қайта қарадым. Жоғарғы кәдімгі ай орнында қозғалмай тұр, ал әлгі айым дыбыссыз ақырын ғана бірте-бірте төмендеп келеді. Жарығы күндізгі жарық сияқты, бір уақытта менің төбеме келіп асылып тұрып алды. Орнынан қозғалмайды, бір орнында тапжылмай тұр. «Бұл не сұмдық?!», – деп ойлап үлгергенімше, тіпті шөгіп маған қарай төніп келе жатыр. Өзім андай-мұндайдан ыға қоймайтын жігіт сияқты едім, қорыққанымнан жол бойындағы қалың қарағаштың ішіне қалай сүңгіп кеткенімді өзім де аңғармай қалдым.
Бүк түсіп отырып ішімнен білетін дұғаларымды оқып жатырмын: «Ара-тұра а, Құдай! Өзің сақтай гөр!», – деп Жаратушыға жалбарынып қоямын. Әлгі пәле кететін емес, бір уақытта жарықтарын ойқастатып мені іздей бастады. Дымымды шығармай қарағашты құшақтап, жерге жабысып мен отырмын. Жарты сағаттан астам уақыт өтті, мен де өзіме-өзім келе бастадым. Төбем күндізгідей жарқырап тұр, бір уақытта жеті түрлі жарық түсіре бастады, осы жарық басқа жаққа шашырап кетпейді де, тура мен тығылып отырған қарағашқа бағытталған. Жүрегімді тоқтатып өзіме-өзім келген соң: «Е, ұшатын тәлеңке деген осы екен ғой, адамды алып кетеді деуші еді, осыған жем болып кетпейін, басқа барып тығылатын жерім жоқ, осы ағаштың түбінде отырып, не болса да әліптің артын бағайын», –деген шешімге келдім.
Түн, бұлт тіпті қоюланып, қараңғылық тұмшалап барады, не жол бойында қыбыр еткен көлік жоқ. Осы не болды екен, түр-түсін анықтап көріп алайыншы деп басымды көтеріп қарайын десем, бірдеме байлап тастағандай басымды көтере алмаймын, желкемнен тәп біреу құрсаулап ұстап тұрғандай сезіндім. Арбасып отырмыз, бір сағаттан астам уақыт өтті, тәлеңке ары кетсе 70...80 м биіктікте, ешқандай шу, дыбыс естілмейді. Айнала жым-жырт, тіпті әшейінде ауыз жаппай үретін ауыл иттерінің де үндері өшкен. Маған тек жарығы ғана көрінеді, түр-түсі, сұлабасы көрінбейді.
Бір уақытта Малақ ауылының төбесінен машинаның жарығы көрінді, жарық жақындай бергенде төбемде ілініп тұрған тәлеңкем өзінің жарығын өшіре қойды. Машина Қытайға жүк апара жатқан үлкен КаМаз машинасы екен, ол ұзаңқырап кеткеннен кейін төбемдегі пәле жарығын қайта жақты. Біраздан соң Қытайға жүк артқан машиналар үздік-создық ағыла бастады. Әлгі тәлеңкем машинаның жарығы жақындаса өзінікін өшіріп, ұзаса болды қайта жағады, мені бақылап отыр. Отырған орнымда тырп етпей мен отырмын.
Күз кезінде таң атпайтыны белгілі, не Семейден тосып отырған автобусым жоқ. Сонымен қойшы, тәлеңкенің мені күзетіп отырғанына үш сағаттай уақыт болды, ол жарығын сөндіріп жандырудан жалықпайды, мен бүк түсіп отырудан жалықпаймын. Сағат 7-ден аса таң қылаң бере бастады, жер ала көлеңке бола бастағанда тәлеңкем де ғайып болды, менің тосқан автобусым да ентігіп жетті.
Егістік алқаптың үстінде ұшатын тәлеңкенің ойқастауы
1989 жылдары 30 шақты комбайн «Балатөбе» деген алқапта егін шауып жатқан. Ол кезде жұмыс таңғы алтыдан түнгі бірге дейін, өзім түнгі 12-ден аса қырманда, күнделікті түскен астықтың мәліметін қортындылап отырғанмын.
Бір уақытта қырманда жұмыс істеп жүрген 40...50 әйел шу ете түсті: «ұшатын тәлеңке, ұшатын тәлеңке!», – деп. Мен де шыдай алмай далаға атып шықтым. Қарасам дәл қырманның төбесінде асылып тұр екен, жап-жарық шамын жағып 5 минуттай тұрып, зу етіп комбайн жаққа қарай кетті, ешқандай дыбыс жоқ, ал жылдамдығына көз ілеспейді.
Тәлеңке комбайндарға барыпты, ал түнде шауып жүрген 30 комбайынның жарығы қандай! Шамдарын жағып әрлі берлі ойқастап жүргендері бейне бір майдан даласын елестетеді, жұмыс аяғы болатын, комайнерлер комбайндарын реттеп қатарға қойып біткенше бақылап тұрыпты.
Осыны сол күні алқапта болған 60-70 адам түгел көрді. Бірер сағаттан соң әлгі ұшатын тәлеңке қайта айналып қырманға келді. Сол кезде комбайндардың қасында жүрген бас инженер Овчинников Михаил рациямен: «Әсет, тәлеңке сендерге барды!», – деп айтқанда 100-150 метрдей биіктікте тұрған тәлеңке шамын өшіре қойды, бірақ болар болмас көрінетін жарығын жағып ұзақ тұрды. Біздің рациямен сөйлесіп жатқанымызды олар естіп тұрды.
Әсет Сатмұхамбетовтың қонған тәлеңкені көріп, қасында болуы
Біздің шаруашылық күнбағысты көп егетін. Әр алқаптағы түнгі күзетшілер ұйықтап қалмасын деп, өзім машинамен түні бойы айланып тексеріп жүретінмін. Күзетшілердің қолдарында бір-бір мылтық. Себебі, ел ұрлап маза бермейді, ұрлық қатты. Ұрылардың басым бөлігі аудан орталығы Ұржарда тұратын жұмыссыздар. Ұржар деген атаудың түп мағынасы – ұрылардың жары деген сөз. Бұл жерді сонау атам заманнан керуен тонайтын ұрылар, қарақшылар мекендепті. Себебі, қытайдағы Шәуешек, Үрімжі қалаларына баратын Ұлы жібек жолы осы арамен өтеді екен.
Ол кезде ауылда күнбағыс дәні алтынмен тең. Менің әдетім тәулігіне 3-4 сағат қана ұйықтаймын. Тәулігіне 16-18 жұмысты шабыттана жұмыс істеймін. Қазір де кітап жазғанда компьютер алдында 16-18 сағат тыпыр етпей отырамын.
Соғыс ардагерлері марқұм әкем Риза Мұқашбекұлы, алғашқы еңбек жолындағы ұстазым, сол кезде бригадир – I-II-III-ші дәрежелі «Даңқ» орденінің толық иегері, Ұлы отан соғысы кезінде (1941-1945жж.) Кеңес үкіметінің батыры атағына ұсынылған, бірақ та штаб бастығы бір евреймен шәлкем-шәліс келіп, батыр атағын ала алмаған атақты барлаушы Божан Ақылжанов та осылай жұмыс істейтін. Осы екі ғажайып адамдардың мектебінен тәлім-тәрбие алып ысылғаныма, олардың адал, патриот, әділетті, көпшілікке жанашыр, мейірімді, біреудің ала жібін аттамауды, еңбекқор қылып тәрбиелегендері үшін екі ұстазымның әруақтарына үнемі шексіз алғысымды білдіріп отырамын.
Сол күні жүргізушім Әсет Сатмұхамбетовке: «Мен бүгін ұйқымды бір қандырайын. Сен менің орныма тоныңды қоқитып, малақайыңды кигізіп адам сияқты қылып қой. Өзің темекі тартпасаң да түнде темекіні тұтатып, ара-тұра шоғын жылтыратып отыр», – деп айттым.
Ертеңіне:
– Әс-аға, мен кеше таң алдында, кезекшілікте жүргенде ұшатын тәлеңкенің қонғанын көрдім. Өзіміз күнделікті жасырынатын екі метрлік қалың күнбағыстың ішінде машинаммен тығылып отырғанмын. Бір уақытта төбем жарқырап, ұшатын тәлеңке қалықтап үстімнен өтті. Мені байқамады. Дыбыссыз ақырын, ары кетсе 200-300 метрдей қашықтыққа – өзеннің арғы бетіндегі қой жаятын алаңқайға жайлап келіп қонды.
Мен аяқ-қолым дірілдеп, машинаның кабинасында табжылмай көзім бақырайып қарап отырдым. Жақындап баруға қорықтым. Бірақта, жан иелерін көрген жоқпын. Сол жерде 1,5-2 сағаттай шамдарын неше алуан түрлі қылып жағып, қозғалмай отырды да, дыбыссыз қайта қалықтап көтеріліп, көз ілеспейтін жылдамдықпен түпсіз ғарыш тұңғиығына зым-зия сүңгіп кетті.
– Олай болса қонған жерін көрсет, – дедім.
Ұшатын тәлеңке ауылдан 10 км қашықтықта Жидебай өзенінің екі айырығында меншік қой отыратын үлкен алқап бар, сонда қоныпты.
Күз кезі, дәнді масақ алқабын жинап алғанбыз, енді қалғаны күнбағыс қана болатын. Алаңқайға бара сала бір шетінен өрт қойдым. Шөбі тізеден асады, ешқандай із көре алмадым. Ертеңіне сол жерге барып мұқият тексеріп аралап шықтым. Тәлеңке қонған жердің аумағы киіз үйдікіндей дөп-дөңгелек, ортасы күймеген, ал шеті саусақтың жуандығындай ғана толық шеңбер боп қап-қара болып күйіп кетіпті. Әсет Сатмұхамбетовтың айтуынша ұшатын тәлеңкенің түр-тұлғасы айнымаған киіз үй сияқты, бірақ үшкірлеу, шамдары жарқырап тұр екен.
Киіз үйдің төбесінде қалықтап тұрып алған тәлеңке
Енді марқұм болып кеткен Науалы ауылының тұрғыны Мурсалимова Қымбат апайдан естігенімді айтып берейін. «Менің Аякөз маңында бір совхозда жанұясымен бірігіп шопан боп істейтін құдағиым бар. Олар Тарбағатай бауырының бер жағына жайлауға шығады екен. Жаз кезінде құдағиым 90-ға келген шешесі екеуі ғана үйде қалады.
Күндізгі 12 тапа-тал түс. Бір уақытта құдағиымның көзіне шағылысқан айна сәулесі түседі. «Мына айдалада маған айна түсіріп қалжыңдап жүрген қай жүгермек?», – деп жан-жағына қарайды ешкім көрінбейді, сонан соң аспанға қараса тура киіз үйдің төбесінде жалт-жұлт етіп 50-60 м биіктікте ұшатын тәлеңке асылып қалықтап тұр. Қорыққанынан еңбектей қашып екінші ас ішетін киіз үйіне кіріп кетеді, ал далада күн шуақтап отырған кейуана бетін жаулығымен жауып алып, үні шықпай отыра береді.
Құдағиым киіз үйге кіріп сабасына түскеннен кейін үйдегі дүрбіні алып, жабықтан сығалап қарайды. Қараса үлкендігі сұмдық, аумағы футбол алаңындай, дөп-дөңгелек, біріне-бірін жауып қойға тәлеңкеге ұқсайды, қаптаған терезелеріне перде тағып қойған, сыртқы қабығы жалт-жұлт еткен аппақ шәй қағазы (фольга) сияқты бірдемеден жасалған. Осы ұшатын тәлеңке тұрған орнында тапжылмай 2 сағат киіз үйдің төбесіне төніп, қалықтап тұрады. Құдағыйым тірі жан көрінер ме екен деп екі сағат бойы дүрбімен қызықтап қарап отырады, өкінішке орай жан иесін көре алмапты. Тура түстен кейінгі сағат екіде ұшып кетіпті.
Келесі әңгімем 1987 жылдары болған, бір күні комбайнер болып жүрген Қасабаев Өндірхан деген ағамыз келіп: «Менің ұлым Саяуышты ұшатын тәлеңке қуыпты», – деп айтып келді. Ол кезде оқушы Саяуыш әкесіне көмекші болып жүрген. Таңертең Саяуышты жұмыс арасында шақырып алып: «ал бауырым, ана әкең не айтып жүр?», – деп сұрадым.
«Ой аға, кеше сағат таңғы 4-те Семейдің автобусынан келетін шешемді қарсы алайын деп, велосипедіме мініп Малақ аялдамасына бардым. Бір уақытта аспаннан бір жарық көрінді де, жайылып жүрген екі сиырдың үстіне біраз қалықтап тұрып, тура менің төбеме келді. Жарығы күндізгі жарыққа ұқсайды. Қорыққанымнан ауылдың шетіндегі Мұқаметқазының үйіне қарай велосипедіме міне салып тұра қаштым, даласында тұрған комбайнге жете бергенде мұрттай ұшып түстім. Сонда да аяғыма оралып жүрген велосипедімді сүйрей-мүйрей комбайннің астына кіріп кеттім».
Саяуыш кейіннен Ресейдің даңқты спортшысы болды. Қояма-қолтық шайқастан (рукопашный бой), ережесіз айқастан (бой без правила), панкратионнан (гректердің ережесіз шайқасы), соғыс самбосынан, осы аталып өткен шайқастардың төртеуінен де халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Басқасын айтпағанның өзінде, бокстан Ресей Федерациясының алтын алқасын таққан жеңімпазы, спорт шебері.
Саяуыш Рязандағы Ресей әскери әуе – десант күштерінің академиясын бітіріп, офицер болғанда Ресейдің Орталық барлау басқармасында қызмет істеп, талай қырғын соғысқа қатысып, көптеген соғыс ордендерімен мараппаталды. Тіпті оны Ресейдің батыры атағына да ұсынды. Бірақ белгілі бір себептермен «Ресейдің батыры» атағы берілмеді.
Саяуыш соғыс самбосынан, ережесіз шайқастан, т.б. соғыс төбелестерінен Ресейдің, әлемнің, Еуропаның, Азияның, Қазақстанның бірнеше дүркін алтын алқаларды жыпырлатып таққан жеңімпазы. Қазір Қазақстанда.
Саяуыш Өндірханұлымен бір жолыққанымда сұрадым:
– Ұшатын тәлеңкенің әсері болды ма?
– Иә, болды. Тәлеңке қуған күні түнде аян алдым. Түсімде өлген адамдардың қаптаған қаңқа бас сүйектерін ұрып жүр екенмін. Кейін осының бәрі бейбіт өмірде де, қырғын соғыста да басымнан өтті. Алған аяным айнымай тура келді. Осыдан кейін тылсым дүниені, әруақтарды қалай ғана жоққа шығара аламын.
– Төбелес жекпе-жекке қалай шығасың?
– Ә, әруақ! – деп айқайлап шыққанымда ерекше күш құйылады. Қандай алып болмасын, бір ұрғанда есінен тандырып құлатамын. 20 жылдан астам уақыт болды, ауыр жарақаттанып көрген жоқпын. Себебі, мені әруақтар қатты қолдайды, қорғайды. Соғыста, қырғын шайқаста жаңбырдай жауған оқтардың арасынан тірі қалуым бірінші Алланың, екінші әруақтардың көмегі деп білемін. Осыны бар болмысыммен сеземін. Әруақтардың бар екеніне шек келтіре алмаймын.
Жүзімдік алқапқа қонған тәлеңкенің дыңылдаған дыбыс шығаруы
Осы ұшатын тәлеңкені Саяуыштың бауыры Жақсылық та көрген: «Қыс кезі болатын, қар қалың. Түн күндізгідей жап-жарық. Біздің үй Науалының қасындағы Малақ ауылының ең шетінде, бір шақырымдай жерде ескі жүзімдік алқап бар. Таңғы сағат 3 мөлшерінде кіші дәретке шығайын деп далаға шықтым.
Бір ыңылдаған токтың даусы естіледі, бұл не деп жан-жағыма қарасам тура жүзімдік алқаптың ортасында қызыл жарығы жалтылдап ұшатын тәлеңке қонып отыр екен. Көлемі недәуір үлкен, бір-біріне жауып қойған тәлеңкеге ұқсайды. Даусы ерекше, ток жүретін сым темірлерде естілетін ыңылдаған дыбыстан әлдеқайда күшті, қыс кезінде дауыс жақсы шығады ғой. Сол дауыс әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. Біраз қарап тұрғаннан кейін тоңып үйге кіріп кеттім, ол кезде мектепке енді барып жүргенмін».
Байқоңырдан ұшқан ракетаны – Тарбағатай бөктерінде тәлеңкенің жанамалай қатарласып ұшып, ғарышқа шығарып салуы
Бұл 1999 жылы күзде болған жағдай. Колхоз тарап, аласапыран заман болып жатқанда мен 140 жанұямен жеке бөлініп, 1000 га егістік алқап бөліп алып, «Қусақ» өндірістік кооперативін құрғанмын. Сол жылы 100 га алқапқа агротехникалық талаптарға сай күнбағыс ектім, керемет бітік шықты. Күнбағыс алқабы ауылдың іргесінде, бірақ ел ұрлап маза бермейді. Сонан кейін 16 жігітті күнбағыс алқабын күндіз-түні күзету және алма-кезек ауысып отыру үшін үш кезекпен күзетке қойдым.