– Жүректегi Рух адамның барлық әрекетiн басқарады. Оның рұқсатынсыз ешбiр жан иесi қабағын да қаға алмайды. Сонымен бiрге, Ол ешкiмнiң өзiне берiлген еркiне шек қоймайды. Сондықтан, әркiмнiң өзiнiң қалауынша әрекет етуге ырқы бар. Осылай бүкiл әлемнiң өмiрi бiр ортадан басқарылып, барлық жан иелерiнiң қарым-қатынасы, қуаныш-қайғысы, болып жатқан өзгерiстердiң барлығы белгiлi бiр заңдылықпен мiнсiз орындалып жатады. Ал бұл заңдылықты бiлмеген адамдарға бүкiл әлем бейберекет, шырғалаңы көп, тек қана зардап орны болып көрiнедi. Ондай адамның өмiрi шынында да өзi түсiнгендей зардапты болады. Одан құтылу үшiн рухани бiлiм алу керек.
Х ТАРАУ. Әдебиетші – философ Фарида Уәлиқызы Қайысованың толғауы
Басқаларға әдеп тәлім-тәрбие, ілім беру садақаның абзалы.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)
Заттық (материалдық) әлем деген не?
– Фарида Уәлиқызы, заттық (материалдық) әлем деген не?
– Фәни (материалдық) әлемде мәңгілік ештеңе жоқ. Барлық жан иелері туады, тіршілік жасайды, өзі сияқтыларды тудырады да қартайып барып өледі. (Кейбір рухани кітаптардың деректеріне сүйенсек: суда тіршілік ететін жануарлардың 900 мың түрі бар; ағаштар мен өсімдіктердің 2 млн түрі бар; жер бетіндегі жан иелерінің 400 мың түрі бар екен). Бұл әлемге қосамжарлық яғни екі жақтылық тән. Олар: қуаныш пен қайғы, қайырымдылық пен зұлымдық, туу мен өлу, сүйіспеншілік пен жеккөрушілік, көрінетін мен көрінбейтін, пәндік және руханилық т.б. Біздің мүмкіншілігіміз шектеулі болғандықтан ар жағымызда не болып жатқанын біле алмаймыз.
Фәни өмiрге әркiм өзiнiң қалауы бойынша келді
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек. Абай
– Фарида Уәлиқызы, фәни өмірге не үшін келдік?
– Фәни өмiрге әркiм өздерiнiң қалауы бойынша ләззат алу үшiн жiберiлдi. Бiрақ фәни (материалдық) әлем – рухани әлем емес. Рухани әлемде барлығы мәңгiлiктi, бiлiмге және ләззатқа толы болса, фәни әлемде барлығы, керiсiнше, уақытша, бiлместiкке және қайғы-қасiретке толы. Бұл өмiрдегi қызықтың барлығы да жалықтыратын, уақытша және шындығы жоқ жалған. Сондықтан әркiм тiршiлiк барысында осыны түсiнуi керек. Сонда өмiрдiң басты мақсатын орындауға – кейiн қарай, Алла Тағалаға қайтуға мүмкiндiк туады.
– Зейнекамал Қаржымбайқызы, бұл мақсатқа қалай жетуге болады?
– Бұл мақсатқа жету үшiн әуелi бiлiм алу арқылы бiлместiктен арылу керек. Сонан соң Алла Тағалаға таза құлшылық жасаумен жүрек көзiн ашып, кірін тазалап Абай сөзiмен айтқанда «сен де сүй Ол Алланы жаннан тәттi». Ол үшiн «адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп». Сонда ғана кiм болса да өзiнiң фәни әлемге келген мақсатына жете алады.
Өмір деген не?
Өмір, дүние дегенің,
Ағып жатқан су екен.
Жақсы – жаман көргенің,
Ойлай берсең, у екен. Абай
– Фарида Уәлиқызы, өмір дегеніміз не?
– Өмір... деген – ғарыштағы барлық байлық пен қуаттың және тағы басқалардың анықтауышы, осы сөзде барлық даму жолдары шоғырланған. Бір жасаушада, дәндегі сияқты барлық мүшелер бар. Осы дәнді егіп, суарып, күтіп-баптап барып жемісін жинаймыз. Тірі жасаушада келешектегі жан иесінің дамуы, өсіп-жетілуі өз уақытын күтіп бұғып жатыр. Өмірдің ғажайыбы да, құпиясы да, тылсым сыры да осы.
– Фарида Уәлиқызы, адамның денесі деген не?
– Адамның денесі – ғаламшардың кішкентай көшірмесі, ал ғаламшар – алып адам. Ғарышта болатын ағымдар, біздің тәнімізде де болып жатыр.
Бастапқыда – өмір. Тіршілік иелерін бақылаңызшы: олар дүниеге келеді, уақыт өте келе санасы біртіндеп оянып қоршаған ортаны сезіп, соған байланысты ойланып әрекет ете бастайды.
Біз кімбіз? Тән, жан немесе одан да жоғары бірдемеміз бе? Осыны біз білеміз бе, немесе білеміз деп қана ойлаймыз ба? Осы соншалықты маңызды ма? Біз қасіретті өмір сүріп барып өлу үшін тудық па? Неге біз шексіз бақытқа, сыңғырлаған денсаулыққа, молшылық пен байлыққа, ләзаттануға т.б. құштармыз? Адамның бастауы – осындай ойлар адамды мазалап, ақылын түртпектей бастаған кезде басталады.
Ақыл мен жан – мен өзім, тән менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі. Абай
Пәншіл (материалистік) қоғам адамның нақ өзінің «менін» анықтауға, зерттеуге, айқындауға, зерттеп білуге қатаң тиым салды. Оның орнына қымбатты уақытымызды тәнімізді күтуге шығындаудамыз. Біз өзімізді «өркениеттің жетістіктерімен» қоршап алдық, бірақ бақытты бола қойған жоқпыз. Адамның осы тұйық шеңберден шығатын жолы бар екенін білген жөн: ол рухани ілім.
Жоғарыда данышпан Абай: «ақыл мен жан – мен өзім» деп адамның көзге көрінбейтін бөлшегі – жаны мен нәзік денесін (ақыл, ой, сезім) айтып отыр, себебі адамның осы бөлігі өлгеннен кейін: рухы,жаны мен нәзік денесі бірігіп әруаққа айналады, менікі деп айтып отырған «тәні» бастапқы заттық қалпына (топырақ, су, от, ауа, эфир) қалпына келеді. Немесе: бар нәрсе жоғалмайды, жоқтан бар пайда болмайды, бір күйден екінші күйге айналады. Данышпанның «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан дегені: жанымыз (әруақ) мәңгілік, ал «Менікі» өлсе өлсін, оған бекі дегені: шыбын жаның ұшып әруаққа айналып кеткенде, тәнің өзінің бастапқы заттық (топырақ, су, от, ауа, эфир) қалпына айналады, ендеше бұған неге қайғырасың, неге жылайсың, көп ұзамай өзің де, солардың соңынан ілесіп, әруаққа айналып сонда барасың ғой! Сол кезде бүкіл ата-бабаңмен, туған-туыс, құда-құдағиларың, жора-жолдастарыңмен қайта қауышасың ғой, қайғыратын не бар?! Сен пенденің бар істейтінің, Алланың алдына баруға дайындық, ол үшін Халықаралық «Ақ жол» қозғалысында – Алланың жебеуімен, киелі аталар әруақтарының көмегімен имандылық жолына түсіп, жүрегіңнің кірін аршу. Түп Иең Аллаға қайту. Бұл туралы хакім Абай:
Мекен берген, халық қылған Ол ләмәкән
Түп Иесін көксемей бола ма екен? –
Және Оған қайтпақсың, оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?
Бұл жерде: «Мекен берген, халық қылған Ол ләмәкән» дегенде: «Ол» деп Алланы, ал «ләмәкән» деген сөздің мағынасы – бұл әлемде мекенсіз дегенді білдіреді. Оның мекені – рухани әлемде. Ал «Түп Иесін көксемей бола ма екен?», – біздің жанымыз өзінің жаратушысы бір Алланы сағынады, көксейді, іздейді. Бұл жерде: «Түп Ие» деп Алланы айтып отыр. «Және Оған қайтпақсың, оны ойламай» дегенде, біздің баратын жеріміз Алланың алды екенін меңзейді, бұл жерде: «Оған» деп Алланы айтып отыр. «Өзге мақсат ақылға тола ма екен?» дегенде: фәни өмірге келген адамның алдында бірақ мақсат болу керек: ол Алланың алдына шамаң келгенше жүрегіңнің кірін аршып, имандылық жолмен қайтуың керек екенін айшықтайды. Өкінішке орай көпшілік пендеде бәрі керісінше! Қандай болмасын пендеден сұраңызшы, сенің осы фәни өмірге келгендегі мақсатың не деп? Ол пенденің: біреуі дүние, біреуі мәнсап, енді біреуі атақ, тағы біреуі қатынын, келесісі жанұясын айтып шатып-бұтып сандырақтап кетеді. Тек қана есіне түспейтіні – Түп иесіне яғни Аллаға имандылық жолымен қайту. Осы пендені имандылық жолға салатын халықаралық «Ақ жол» қозғалысы, Алланың құдіретімен киелі ата бабалардың әруақтары екенін көпшілік білмейді, себебі, осы шарасыздықтан шығатын жол іздеп мешітке барып Алланы сүюге тырысады, бірақта Жаратушы туралы білімі жоқ болғандықтан бұл іс-қаракеті іске аспайды. Алла сондай алыста, Ол қайда? Біз Алла туралы түк те білмейміз, өйткені теологиядан (Тео-Құдай, логия-ілім) хабарымыз жоқ. Өйткені қазіргі таңда осыны толықтай түсіндіріп айта алатын дін өкілдері өте сирек. Ал халықаралық «Ақ жол» қозғалысында – Алланың рұхсатымен, киелі ата-бабалардың әруақтары осының бәрін соқырға таяқ ұстатқандай айтып, түсіндіріп, жүрегіңе ұялатып, санаңа сіңіріп береді.
Өлім дегеніміз не?
Жан тәнге қонақ. Қазақ мақал-мәтелдері
– Фарида Уәлиқызы, өлім дегеніміз не?
– Жан мен рух өзінің нәзік денелері арқылы (аура) тәнмен байланысады. Бұл байланыс тәннің заттық қауқары бар болған кезіне дейін сақталады. Ал тәннің заттық қауқары біткен кезде, яғни биологиялық өзгерістердің дұрыс жүру мүмкіндігі біткен кезде, әруақ (жаны, рухы, нәзік денелері) ТӘНІН тастайды. Адам өлімі деп осыны атаймыз. Жан тәннен шығып, адам өледі, ал: жан, рух, нәзік денелер бірігіп әруаққа айналады. Осылай адамның әруағы кеткенде тән жансыз қалып, тән өледі.
– Фарида Уәлиқызы, жан кеткен соң дене мүлдем жоғалып кете ме?
– Жан кеткен соң дене мүлде жоғалып кетпейді. Дене топыраққа түсіп, шіріп, онымен араласып кетеді, не болмаса отқа жанады. Өсімдіктер отқа жағылса, кейде адам денесі де өртенеді. Үндістан, Қытай тәрізді кейбір елдерде адам денесін отқа өртеп жібереді. Мұны кремация деп атайды. Осылай өсімдіктер мен хайуанаттардың денелері қозғалатын жан иелерінің тамағы болып, ас қазанда қорытылып, кейде отқа түсіп жанып, не болмаса шіріп кетеді. Шәкәрім әулие: «Ғылым жолында жану мен шірудің түбі бір» деп бұлардың барлығы түбінде тотығу арқылы бір күйден екінші күйге айналатынын білдіреді. НЕМЕСЕ БАР ЗАТ ЖОҒАЛМАЙДЫ, ЖОҚТАН БАР ПАЙДА БОЛМАЙДЫ.
Дене шіріп, қоршаған ортаға тарағанда тәндегі элементтер ең жеңілінен бастап бірте-бірте тарайды. Әуелі адамның демі тоқталып, денеден ең нәзік элемент ауа кетеді. Қазақтың өлген адам туралы «Демі таусылды» дейтіні осыдан шықса керек. Сонан кейін келесі элемент от кетіп, дене суыйды. Табытқа түсіп, жерге көмілген денеден келесі элемент, су кетіп, дене кебеді. Кепкен дене күн мен желдің ықпалымен бірте-бірте топыраққа айналады. Дене топырақтан жаратылды, ол осылай қайтадан топыраққа қайтады. Осылай дененің барлық элементтері жоғалмайды, олар басқа денелерді құрауға қатысады. Шығыстың ұлы ойшыл ақындарының бірі Омар Хайямның «Аяғыңды байқап бас! Басқан жерің де бұрынғы жан иесінің денесі болуы мүмкін» деген ойды білдіретін шумағы де табиғаттың осы бір құбылысын ескертсе керек.
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес
– Фарида Уәлиқызы, ұлы Абайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» деген өлеңінің сырын аша кетсеңіз?
– Данышпан Абайдың «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан» деген жанның мәңгiлiк екенiн айтқан данышпандық сөзiне көңiл аударатын болсақ, жанның ешуақытта өлмейтiнiн, ендеше ешуақытта тумайтынын сезiнемiз. Өлмейтiн мәңгiлiктi нәрсе, тумайды да. Өлмеу жоқ болса, оған қарсы ағым (процесс) өлім де жоқ. Егер ол туатын болса, онда ол мәңгiлiктi емес, яғни өлуi де керек. Бұл табиғат заңдылығы. Ендеше, туатын және өлетiн – жан емес, ол – тән. Бiрақ жанның мәңгiлiктi қасиетiн бiлмейтіндер және өмірін тән құмарымен өткізетіндер өлудi басқаша түсiнедi. Бұл туралы Абай былай дейдi:
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бiрақ қайтып келiп, ойнап-күлмес.
«Менi» мен «менiкiнiң» айрылғанын
«Өлдi» деп ат қойыпты өңкей бiлмес.
Бұл өлеңде Абай тәнді – «табиғат» деп, ал жанды – «адам» деп атап отыр. Данышпан сөзі бойынша, сонда жан мен тәннің айрылғанын өлді деп атау білместік болады. Жанның сапасы Жоғары Жанмен ұқсас, өзгермейтін мәңгілікті. Ал дене табиғат болғандықтан үнемi өзгерiп отыратын уақытша. Дененiң өзгергіш екенiн медицина ғылымы да құптайды. Әр сәт сайын мыңдаған жасаушалар (клеткалар) өлiп, олардың орнына жаңалары туып, адам денесi өзгерiп, жеті-сегіз жылда тән толық өзгеріп, адам жаңа дене алады екен. Бала туғаннан кейiн есейiп, жасөспiрiм, бозбала, жiгiт, еркек, жасамыс адам, кәрi адам болып өзгеретiнi белгiлi. Қандай жан иесi болса да, осындай жалпы алты үздiксiз өзгерiстен өтедi. Дене анадан туады, өседi, артына ұрпақ қалдырады, бiраз уақыт әрекет етiп өмiр сүредi, бiртiндеп кәртейедi, ақырында жоғалады. Бiрақ жан ешқандай өзгерiске түспейдi. Сондықтан ол өлмейдi, өлмегендiктен тумайды. Оның бүгiнгiсi, өткенi және келешегi де жоқ. Ол мәңгiлiктi, әрқашан да болады, кәртеймейдi. Сондықтан кәрi адамдар өздерiн бала кезiндей жас сезiнуi мүмкiн. Қазақ халқының «Адам қартайғанымен көңiлi жас» дейтiнi сондықтан.
Өзгеріске түспейтiн болғандықтан, жан өзiнен ештеңенi бөлмейдi, яғни оның баласы жоқ. Ал тән өзгергіш болғандықтан, ол өзінен көптеген бөліктерді бөледі. Бала деген ерлi-зайыпты адамдар арасындағы тән жақындығы нәтижесiнде өмiрге келген перзент, олардың махаббаты берген өмiрлерiнiң жалғасы, солардың тәндерінің бөлігі. Баланың әке мен шешесіне ұқсас болатыны да сондықтан. Абай Алла Тағала «Махаббатпен жаратқан адамзатты» дейдi. Алла Тағаладан шығатын махаббаттың шапағаты арқылы жан әке арқылы ана құрсағына барып түсiп, әрi қарай өзiне тиесiлi дене алып, бала болып дүниеге келедi. Бала – тәндегi бөлек жан. Өмiрге келген соң ата-анасының баласы ретiнде өмiр сүредi.
Ізгілік, құмарлық, надандық байлаулары дегеніміз не?
Тиянақ көрме жалғанды,
Қуа берме арманды.
Пайғамбар мен сахаба,
Сен түгіл содан қалғанды.
Неменені қимайсың,
Нәпсіні неге тыймайсың?
Өзіңді кімге силатып,
Өзің кімді сыйлайсың?
Құры білген не керек,
Білгенді қылған, со керек.
Баянсыздың бәрін қой,
Боласың сонда шын зерек. Шәкәрім
– Фарида Уәлиқызы, пәндік әлем неге байланған?
– Адам осы әлемде ізгілік, құмарлық, надандық деп аталатын үш арқанға байланған, себебі пәндік әлемді басқаратын осы үшеуі. Осының барлық жанды және жансыз заттарға да қатысы бар. Біз туған кезде ақыл-ойымыздың қалыпына байланысты не ізгіліктің, не құмарлықтың, не надандықтың шырмауына түсіп байланамыз. Біз осы үшеуінің де әсерінде боламыз, бірақ ішінде біреуі белең алып тұрады. Шөппен қоректенетін жануарлар: жылқы, қой-ешкі т.б. ізгіліктің, жыртқыш хайуандар құмарлықтың, ал есек, қашар сияқты жануарлар надандықтың шырмауына байланған. Сондай-ақ өсімдік әлемі: хош исті гүлдер, шөптер, көкөністер – ізгілік; кесіп кететін, шаншып алатын, қышытатындар – құмарлық; ал улы, жабысқақ тікен тәріздестер және жаман иіс шығаратын өсімдіктер – надандық шырмауына маталған.
– Фарида Уәлиқызы, адамдар қалай бөлінеді?
– Адамдар да осылай үшке: ізгілік, құмарлық, надандық байлауларына байланған: біріншісі ізгілік аясындағылар – білім мен ілімге ұмтылып үнемі ізденетіндер және Жаратушының бар екенін мойындайтын, сенетіндер. Мұндай адамдардың денесі тұрпайы, қолапайсыз емес. Олар қайырымды, адамдармен араласуы сыпайы, ауруларға бой алдырмайды, жүрістері мен дене қозғалыстары жеңіл, көңіл күйлері көтеріңкі болғаннан кейін үнемі күліп бірқалыпта жүреді.
Екіншісі құмарлық шылауына оралған адамдар – қайырымдылығы аздау, Жаратушыны мойындап қайыр-садақа беріп жүрсе де, барлық іс-әрекеттерін өзінің сезімдерін қанағаттандыруға бағыштайды. Оларға көре алмаушылық, қызғаныш, ызалану, кекшілдік, шырт етпе т.б. сезімдер тән. Олар табанды, тәуекелшіл, жылдам, пікірлерін кесіп айтатын, ішкі жалыны тепе-теңдікте болған кезде адамдармен жақсы қарым-қатынас жасайтын көңілді адамдар болады.
Кім де кім біреуге зиян келтірсе, Алла Тағала да оған зияндық жеткізеді. Кім де кім біреуді әуреге салса, Алла Тағала да оның өзін әуреге салып қояды.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)
Үшіншісі надандық құрсауындағы адамдарда көптеген жаман қылық пен қасиеттер болады. Олар Құдайға сенбейді, сенгісі де келмейді. Қылықтары маңайындағы адамдарға бақытсыздық пен зардап әкеледі. Мұндай адамдар жалқау, жұмысқа құлқы жоқ маубас болады. Денелері ауыр элементтерден құралып аурушаң, санасы мен ақылы жануарлар деңгейінде ғана қалыптасады.
Адамның жаны тәнде болғанда пәндік табиғаттың байлауының біреуіне шырмалады, ал жан өзі бөлек болғанда табиғаттың байлауы әсер ете алмайды, себебі ол фәни пәндік әлемде емес, бақилық нәзік әлемде болады. Кей кездерде ізгілік аясында жүрген адамға керемет жаман ойлар келеді, ол адамның өзі осы ойдан шошып кетіп: «адамға неше түрлі сұмдық ойлар келе береді екен-ау», – деп таңырқайды. Немесе надандық, не құмарлық байлауына шырмалып жүрген адамға керемет тамаша жақсы ойлар келеді. Бірақ осы ойлар біздің санамызды өзгерте алмайды, себебі бұл жерде рухани ілім жоқ. Адам толықтай рухани ілім алмаса сезімнің жетегінен шыға алмай, әре-сәре күй кешіп өмірін өткізе береді. Материалдық білімнің өзі екі түрлі болады: академиялық және пәндік. Біздің жоғарғы оқу орындарында алған біліміміз академиялық, ал өмірден алған сабағымыз пәндік. Академиялық білім жетілмеген, себебі пәндік үш байлаудың (ізгілік, құмарлық, надандық) ықпалынан шыға алмайды.
Пендеге адам денесі не үшін беріледі?
Тірлігіңді өлімге әзірлік көр. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)
– Фарида Уәлиқызы, пендеге адам денесі не үшін беріледі?
– Тірі жан иесіне Жаратушымен жоғалтып алған байланысын қайта қалпына келтіру және өзін-өзі тану үшін адам денесі беріледі. Қазіргі қауымның санасы – Құдай туралы ілімнің жоқтығынан жануарлардың деңгейінде тұр. Хайуан да ұйықтайды, ішіп-жейді, қосылады, қорғанады, ұрпақ әкеледі, ауырады, жазылады, дәретке отырып өз денелерінен қалдықтарды шығарады. Адамдардың артықшылығы жақсы жағдайда тұрады. Хайуандар мен жануарлар күнәға батпай табиғаттың заңдылығымен өмір сүреді. Олардың шамасы жеткені әлсізін жесе де даму сатысына әсерін тигізбейді, тек нашарлары мен ауруларын сұрыптайды. Біз саналы түрде ағаштарды кесіп, хайуандарды аяусыз жойып қырудамыз. Осындай іс-әрекетімізбен сананың эволюциялық сатылап даму ағымын тоқтатамыз. Сондықтан да осы тірі жан иелері осы денесімен қайта тууға мәжбүр болады.
Қарымта қайтару заңы бойынша – осы істеген күнәларымыздың жазасын тартпай қоймаймыз. Бұл күнәлардан бір өмірімізде құтыла алмаймыз, бұның өтемін талай-талай өмірлерді өткізіп барып қана өтейміз.
КОРАН перевод смыслов и комментарии Иман Валерии Пороховой.
Рипол классик Москва 2005, Сура 56 Неотвратимое событие, стр. 566
(аударған Әсет Мұқашбеков)
– Фарида Уәлиқызы, адам баласының түп мақсаты не?
– Адам баласының түп мақсаты – Құдайға қайту екендігі мұсылман қауымының киелі кітабы Құран Кәрімде бүкпесіз ашық көрсетілген.
Табиғаттың заңы мүлтіксіз. Адамдар ойлайды, сәбилер пәк, таза туады – себебі, әлі күнә жасап үлгерген жоқ деп. Өкінішке орай сәбилер пәк емес, қарымта заңына сәйкес, өткен өмірлерінің салдарын өсе келе көретін болады.
Адам егер өзін тәнімен ғана балап, тек нәпсісінің ықпалымен өмір сүретін болса, онда ол надандық ықпалынан шыға алмай, жан ауруына ұшырайтын болады. Жан ауруына дөрекілік, ашу, көрсеқызарлық, қызғаншақтық, мансапқорлық, сараңдық, өзімшілдік т.б. келеңсіз қасиеттер жатады. Ал ондай аурудан аман, жаны таза адамның сыпайылық, шыдамдылық, тазалық, мейірімділік, шыншылдық, жомарттық тәрізді рухани қасиеттері болады. Олар өмірде аз қателіктер жіберіп, табиғатпен үйлесімді өмір сүре алады. Оларға жоғарыда айтылған қиыншылықтардың әсері көп болмайды. Осылай жан саулығы адамның денсаулығының негізі екенін көреміз. Адамның тәні, психикасы және жаны сау болғанда ғана ол толық сау бола алады.