Көпір темір жолдың үстінен өтетін өтпелі доғал көпірге ұқсайды. Ержан бабаларымен бірге көтеріліп көпірдің үстіне шығады, жүре келе көпір екі айырыққа айырылады. Барса көп кісілер тұр. Мына жағында тәж киген кісілер адамдарды екі жаққа бөліп жатыр. Сол жаққа кеткен адамдардың көпірі жіп-жіңішке қыл сияқты, одан өткен адамдар солқылдап тұрған көпірдің үстімен өткенде, шайқалақтап барып – астындағы отқа, суға құлап жатыр.
Оң жаққа баратындар: даңғыл жолмен ойнап-күліп, билеп алма бағының ішіне кіріп – шаттанып, мәз-мейрам болып жүр. Ортадағы жолақтағылар топырлап, қойды күпкіге айдаған сияқты аспалы көпірдің үстінен бір-бірлеп өтеді, оларды ортада тұрған қолында таяғы бар бір кісі оңға, солға бұрып тұр. Оң жақ және сол жақ қақпада тағыда бір-бір кісіден тұр. Олар бөлініп келген адамдарды қабылдап алып, әрі қарай енгізіп жатыр.
Осы көріністің бәрін Ержан Ай бетінен бақылап, көріп тұр. Ержан бабалар әруақтарынан сұрайды: «Мына жыпырлаған кісілер не істеп жатыр? Неге біреулері оңға, енді біреулері солға кетіп жатыр?».
Сонда бабалары: «Балам, мынау жұмақ деген болады, бұлар жұмаққа өтіп жатқандар. Мынау тозақ деген болады. Өмірінде жақсылық істемеген, қорлық істеп өткен адамның барлығы осы жаққа қарай кетеді», – деп көрсетеді.
Ержан айдың бетін тепкілеп, топырағын бұрқ-бұрқ еткізеді, бір қызығы топырақ жердің бетіндегі сияқты бұрқылдамай, көтерілген беті қайта қона қалады. «Енді мен қай жағына барайын, енді жіберсеңдерші», – дейді жалынып. «Жоқ, сен еліңе жұртыңа керексің. Сені тағы бір жерге апарамыз», – дейді аталары.
Бабалар әруақтары Ержанды бір суық жерге апарады. «Мынау сендердің Марстарың, бұл біздің екінші есігіміз», – дейді аталары. Ержан жерге қараса тура жаңағы көргеніндей. Бір араға барғанда: «Мынаны сендер Сатурн дейсіңдер, бізше ........ деп айтады» – дейді аталар. Ержанға бабалар әруақтары Айды өздерінше айтты, Марсты да басқаша айтты, сөйтіп жеті қақпаны түгел көрсетіп шығады. Бірақ біреуінен жақын, біреуінен алыс, біреуінен көз ұшында болып көрінеді. Жеті ғаламшардың жетеуінен де Жерді көрсетеді. Ержанның бәрінен көретіні алдындағы уақиға, үшке бөлініп топырлаған адамдар.
Ержан барған ғаламшарлардың (планеталарының) аталар айтқан атауларына тілі келмейді, қазір ұмытып қалыпты. Ержанның есінде қалғаны Ай мен Марс, Сатурн ғаламшарлары (планеталары) қалғандары есінде жоқ.
«Балам қыдырып болдың, жеті ғаламаттың есігін көрдің. Жеті ғаламаттың есігі осылар болады. Енді үйге барайық», – деп бабаларының әруақтары Ержанды қайтадан құлаған жеріне алып келеді. «Тұр енді, тұр балам!», – деп құйырығынан шапалақпен бір-екі тартып жібереді. Сол кезде Ержан есін жиып атып тұрса, апасы жақындап қалыпты.
Ержан құлаған уақыт таңғы 9-10 мөлшері, ал апасының қайтатын мөлшері түстен кейінгі 3-4 аралығы. Сонда Ержан 5-6 сағат құлаған жерінде жатып қалған. Ержан тұрса төс сүйегінің айрығы ішіне кіріп кетіпті, айрық сүйек қазір де сол күйінше біткен. Апасы: «Өй, балам! Жолдың үстінде ұйықтағаның не, не түскі тамаққа келмедің?» – деп Ержанның бетінен сүйіп, үсті басындағы шаңды қағады. Велосипедін алып, қойларын апасы екеуі айдап үйлеріне қайтады. Жаңағы көргендерін апасына айтайын десе қорқады.
Нұһ пайғамбардың аяны
Бірде Нұһ пайғамбардың өзі аян арқылы: «Осы жолда маған Қазығұртқа келіп кет», – дейді. Бірақ Нұһ пайғамбар көрінбейді, тек сөзін ғана естиді. Түсінде Қазығұрт тауына барады, басына шығады: «Балам, осы менің кемем болады, дүние жүзін су басқанда осы кемемен жүзгенмін, сен осы кеменің жанында тұрсың», – дейді. Қараса көгілдір түсті, терезесі жоқ төрт бұрышты, кемеге ұқсайтын тас. Айналып қараса астыңғы жағында есігі бар екен.
Аянда – Ержан Қазығұрт тауының басында төрт бұрышты тас сияқты Нұһ пайғамбардың кемесінің қасында тұрғанда, етекте ел басымыз Н. Назарбаев, облыс әкімі С. Үмбетов т.б. атқа мінер басшылар ошарылып, тауға шыға алмай тұр екен. Ержан: «Аға, былай жүрсеңіз құламайсыз, былай қарап жүріңіз», – деп жақсы-жақсы жолдарды көрсетіп тұр екен. Сонда Н. Назарбаев пен С. Үмбетов екеуі ғана тауға шығып Ержанның қасына келеді. Осы аянды алғаннан 3-4 айдың аралығында Ержан – Қазығұрттың басына барып, құрбандығын шалып Құран оқиды.
Арақтан, ішімдіктен сақтаныңдар, өйткені ол – барлық жамандықтың кілті. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)
Соңғы жылдары Ержан 5 бәңгішіні емдеді, соның 3-еуі жақсы өмір сүруде. Қарағандыдан Нұрлан мен Серік, Қапшағайдан Ақан Қалымбетовтар қаралып Ержанның өзіне ғана тән әдісімен сауығып кетті. Қалған біреуі жазылып алған соң, наша сатумен айналысып сотталып кетті, енді біреуі өзін-өзі ұстай алмай баяғы «таз қалпына» түсіп кетті.
Ержан қазіргі уақытта ішімдікпен уланып, имандалақтан жұрдай болған көптеген азаматтарды емдейді. Соның бірі Владимир Владыко деген орыс жігіті бұрын өрт сөндіру мекемесінде жұмыс істеп, арақтың салдарынан жанұясын жоғалтқан. Азып-тозып кеткен. Осы жігітті емдеу барысында оған ішімдікке дуа оқытылып бергенін байқайды да, ол дуаны сол орыстың өзінің ата-бабалары арқылы шығарып, арақтың қандай кесепатқа ұрындыратынын айтып түсіндіріп 15-20 күн аралығында емдеп дұрыс жолға түсіріп жібереді. Қазір ол жігіт Ержанға шексіз ризашылығын білдіріп жүреді. Қазіргі уақытта Алматы қаласының бір өрт сөндіру мекемесінің бастығы – полковник. Жанұясымен қосылып бақытты өмір сүруде.
Осы маскүнемдіктен емделген азаматтардың ішінде, салауатты өмір салтын ұстамай, ата-бабалары әруақтарының алдындағы берген сертінде тұра алмай көптеген азаматтар кемтар болып қалды. Біреуісі төсек тартып үйінде жатса, келесісі қолдан айырылған кемтар. Жаратушының алдында берген уәдесінде тұрмаса, ондай пенде қайтсе де жазаланады. Бұл тылсым дүниенің ақиқат заңдылығы. Естеріңізде болсын! Ата-баба әруақтары жолымен емделудің басты шарттарының бірі. Сондықтан да әруақтармен ойнауға болмайды. Оларды құрметтеп, қадірлеп Құран бағыштап отырыңыздар.
Ержанның қалықтап ұшуы
1997 жылы көктем айының жер жаңадан жылып, бозторғайлар шырылдап жатқан кезі болған. Адам айтса сенбес, таңғажайып болған оқиға. Ержандар екі «Газель» кішкене машинасына 20-21 адам тиеліп алып, әулие бастарын аралайды. Домалақ ананың зиратының басына келеді.
Іштерінде сөйлейтін «аққу» Алматы облысының Ұзынағаш ауылынан Гүлмира деген келіншек. Осы жолы Арыстанбаб баба аққу Гүлмираның үнімен Ержанға «Төре жігіт» деген ат қояды.
Бір уақытта Гүлмира: «Ержан сен жатшы, саған Домалақ ана жатсын деп жатыр», – дейді. Ержан жатады, ары қарай не болғанын білмейді. Құдайдың құдіреті, осы мезетте Ержан жер бетінен кісі бойындай жерге қалықтап етпеттеп ұшып, зират ішінде отырған кісілерді айналып ұшады, кейбір ауруы бар кісінің жанына барып қолымен ем жүргізеді.
Бұл таңғажайып көрініс 15-20 минут уақытқа созылады. Қарап отырған адамдар таңырқаған қалпы, сенер-сенбестерін білмей отыра береді. Ержан осы қалыптан оянар кезде өзінің қалықтап тұрған қалпын сезеді. Ішінен: «Ойпырмай, құлап қалып, жерге былш ете түсер ме екенмін», – деп ойлап үлгергенше, бір белгісіз тылсым күш жерге тып еткізіп аяғымен қоя қояды.
Қоршап отырған адамдар: «Ержан, сен осының ішінде қалықтап ұшып жүрдің, соны білесің бе?», – деп бәрі жапа тармағай сұрайды. Ержан тек қана қонар сәттегісін ғана білетінін айтады. Өзі де аң-таң. Ел у-шу. «Сен мені емдедің, сен менің борбайымды емдедің. Ана келіншектің жатырына қол жүргізіп оны емдедің. Ана адамның жүрегін суырардай болып оған тап-тап бердің!», – деп Ержанға көргендерін жырдай қып айтады. Дүдәмәл болып тұрған Ержан, анық қалықтап ұшқанына сонда ғана көзі жетеді. Бұл оқиғаға екі «Газель» машинасына тиеліп барған 20-21 адам тікелей куә.
Түкті Шашты Азиз бабаның кесенесінде шалқасынан жатып қалықтап 15-20 минуттай ұшады, осы ұшқанын өзі біледі. 1998-99 жылдары Сайрамнан шыға беріс жердегі Ахмет Йасауидың әкесі Ибрагим атаның басында секіріп-секіріп ұшып, елді 20-25 минуттай емдейді, оны өзі жақсы біліп, қалықтап секіріп ұшатынына өзі таң қалып тұрады.
Бұндай оқиға талай куә болған адамдардың көзінше Ержанның басынан өстіп 3 қабат қайталанады.
Ержан Құлиевтің құстарды емдеуі
2001 жылы тамыз айының аяқ шенінде таңертең есік алдына шықтым. Қарасам, аулада тұмсығы ұзын, қанаты сынған, көк тырна тұр. Әшейінде аулаға торғай қонса да қуатын иттерім жанында оған қарап тұр. Мен барып, «Ойпырмай!» – деп, үсті-басын сипаладым.
Бірінші күні мен оның тұмсығының сынғанын байқамадым, тек қанатының сынғанын байқадым. Ертеңіне қарасам, тұмсығының бір бөлігі түзу, бір бөлігі қисық тұрды. Сосын қасына келіп, құшақтап ұстадым. Көтерсем, салмағы он килограмдай, өзі ірі тырна екен. Содан қанатын алып, бетіне қатырма қағаз қойып, сүйегін орнына салып, жапсырма таспамен(скотч) оның қанатын жиып байлап тастадым.
Тұмсығы кешке қарай қарасам, қисайып қайырылып қалыпты. Тұмсығын түзеп, оны да жапсырма таспамен байлап бердім. Жемді тұмсығын көтеріп, аузын ашып қолыммен беріп жүрдім. Осы тырнаны екі аптадай үйде, қорада бақтым. Сонан кейін көк шөп жесін деп аулаға шығардым, иттер иіскелеп-иіскелеп кетеді, бірақ тимейді, тырна оларға айбат шегіп қояды. Өстіп жүріп әбден жазылып алғаннан соң ұшып кетті.
2005 жылы көктемде күйкентай деген жыртқыш құс, біресе оң жағымнан, біресе сол жағымнан ұшып, жер бауырлай кесе-көлденеңдеп қоймады. Мен мектепке жұмысқа кетіп бара жатқанмын.
Ісләм деген ағамның үйінің жанынан бұрылып кетіп бара жатыр едім, ол мені көріп: «Бері кел!» – деп шақырып алды. Өздері шай ішіп отыр екен. Орындыққа отырып едім, қасымдағы бос орындыққа күйкентай да ұшып келіп, қонып отырды.
Мен айттым: «Мына күйкентай бағанадан бері менің артымнан қалмай жүр». Ісләмнің әйелі Мәужипа айтты: «Бұл сенің құсың ғой, сенімен бірге ілесіп келген». Күндіз құсты олардың тастап кеттім. Жұмыстан кейін құсты кешке таман қолыма қондырып, үйге алып келдім. Жараланбаған, сынған еш жері жоқ, ол өз бетімен маған ұшып келді. Оны мен бақтым, торғай атып бердім, үйдегі балаларым қызық көріп, онымен ойнап жүрді, үйдің ішінде 15-20 күн болды.
Қазір осы күйкентай үйдің жанындағы қарағашты мекендейді, бес-алты балапаны бар. Мені көрсе, сәлем беріп, шықылықтап, төбемді айналып ұшады. Көршілердің қарағаштарында қарғалар мекендесе, менің қарағашым қарғалардан, сауысқандардан, т.б. құстардан таза, себебі күйкентай менің үйімді, қарағашымды, ауламды, тауықтарымды, оның балапандарын күзетеді. Бұл да бір тылсым дүниенің бір қыры шығар.
VIII ТАРАУ. Әруақтармен байланысқа шығатын әрі Ванга әжейдің әруағы қолдап жүретін Күмісжан Құрманғалықызы Шанашованың пікірі
Жаратушы жақсы өмір сүру үшін пендесіне қандай құрал берген?
Кімде кім Алла Тағаланы куә етіп құтқаруды өтінсе оны құтқару керек. Кімде кім Алла Тағаланы куә етіп нәрсе сұраса беріңдер. Кімде кім қонаққа шақырса оған барыңдар. Кімде кім жақсы нәрсе істесе оған силық беріңдер, егер силық етуге дүние таппасаңдар көңілі толатындай етіп бата беріңдер. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)
– Күмісжан Құрманғалықызы, адам баласына Жаратушы фәни әлемде жақсы өмір сүру үшін қандай құрал берген?
– Әсет Ризаұлы, адам баласына Жаратушы туа салғанда-ақ өз өмірін басқаратын алапат құрал берген. Ол өзінің нәзік денесі және ойлау жүйесін өзгерту арқылы санасын қалыптастыру. Өкінішке орай, өзінің бақытқа және молшылық пен байлыққа жетуі тікелей өзінің санасы мен ойлау жүйесінде бұғып жатқанын, осы сананы бір Аллаға жалбарынып, киелі ата-бабалардың әруақтарының көмегін қолдану арқылы ашып, ойлау жүйесін өзгертіп, ауру-сырқауды білмейтін дене жасап алуға және молшылық пен бақытқа қол жеткізуге болатынын көпшілік білмейді, бұл туралы ойланбайды.
Басымызға қиыншылық түссе не істейміз?
– Күмісжан Құрманғалықызы, басымызға қиыншылық түссе не істейміз?
– Әсет Ризаұлы, қазақ халқы атам заманнан бірінші бір Жаратушы Тәңірге табынып, сонан соң ата-бабаларының әруақтарына сиынған, әлі де сиынып келе жатқан халықпыз. Қандай қазақ болмасын, басына қиыншылық түссе – бірінші Жаратушыға жалбарынып, сонан соң ата-баба әруақтарынан демеу сұрайды емес пе?! Қазақтардың басым бөлігі, мешітке баратыны бар, бармайтыны бар, жұма сайын шелпектерін пісіріп, ата-бабаларының әруақтарына бағыштап, білген Құран сүресінің аяттарын оқып, шамасы келгендері құрбандық шалып жататынын қалай жоққа шығарамыз!
– Ең жақсы дін дегенімізді қалай түсінесіз?
– Ең жақсы дін – қайырымдылық пен адамның жан дүниесін түсіне білу. Біздің төккен шуағымыздың деңгейін, келесі адамның жанарындағы пайда болған нұрдан байқауға болады. Осыны құлдың ақылымен қабылдап, сәбидің жүрегімен ләззаттанайық.
Әруақтар дегеніміз кімдер?
22 – Хаж сүресі, 66 аят.
Ол сондай Алла, сендерді тірілтті, сосын өлтіреді, сонан кейін және тірілтеді. Расында адам баласы нәсүкір (саңырау, соқыр).
ҚҰРАН КӘРИМ, қазақша мағына және түсінігі. 340 бет.
– Күмісжан Құрманғалықызы, әруақтар дегеніміз кімдер?
– Әруақ дегеніміз тәнді тастаған жан. Ол нәзік денесімен көрінбейтін көмескі әлемге өтіп, сонда өмірін әрі қарай жалғастырады. Бірақ тәннің өзі адам емес екені тәрізді, нәзік дене де әруақ емес. Себебі нәзік дене ойлай алмайды. Рух пен нәзік дене, жанмен біріккенде әруақ болып, оның сезіну, ойлау қабілеті пайда болады. Шын мәнінде әруақтың нағыз өмірі нәзік әлемде ғана басталады. Ал бұл өмір оның өзінің бұрынғы жіберген күнәләрін өтеу үшін, не болмаса, тәжірибе алып, әрі қарай тазарып, жоғарылау үшін, кейде Алла Тағаланың әмірімен белгілі бір тапсырманы (миссияны) (мысалы, пайғамбарлар, өкілдер) орындау үшін келеді. Сондықтан бұл өмірдің мақсаты міндетті дұрыс орындап, келесі өмірге дұрыс өтуде жатыр.
Пенденің түпкі мақсаты – Құдайға қайту. Бұл мақсат өте алыс, оған жету үшін жан бір емес, бірнеше рет біресе адам, біресе әруақ болып қайталаудан өтуі керек. Ол қайта туу неше рет болатынын ешкім айта алмайды. Оның барлығы әуелі Алла Тағаланың әмірі, сонан кейін әркімнің өзінің талпынысына байланысты болады.
Әруақ туралы ұғым барлық халықтарда бар деуге болады. Ол спиритуалистерде, шаман, тәңiр, будда, зороастризм т.б. iлiмдерде қайталанады. Әруақ мәселесi мұсылман елдерiнде исламшылар мен сопыларда кеңiнен зерттеледi.
Қазақтың алғашқы ағартушысы Ш.Уәлиханов әруақ туралы былай деп жазады /14/:
«Адам табиғаттың аясында ғана дүниеге келiп – туып, соның ғажап, тосын қаhарынан өледi. Өлген сәттен бастап жаратылыс пен табиғаттың үстемдiгi кiлт үзiлiп, оның өзi әруаққа – онгонға, барлық құдыреттi күштерден (жер бетiндегi физикалық күштерден – автордың ескертпесi) тәуелсiз кейiпке айналады. Өлген адамның о дүниедегi хал-ахуалы жерлегендегi, жерлегеннен кейiнгi ырым-жоралардың салт-санасына тән, бұзылмай орындалуына байланысты. Егер өлгеннен кейiнгi ырым-жоралар дұрыс орындалса, онда өлген адамның рухы жайбарақат рақат күйге түсiп, өз үрiм-бұтақтары мен туған-туысқандарына шапағатын тигiзiп, жебеп жүредi, ал олай болмаған жағдайда жауығып, әруағы қарғап-сiлейдi». Осылай Ш.Уәлиханов та бiздiң халықтың о дүние (нәзiк әлемдер) туралы ежелден берi түсiнiгi болғанын көрсетеді.
Қазақ тілінде «ата-бабалардың әруағы», «пәленшенің әруағы», «түгеншенің әруағы» деген сөз тіркестері бар. Әруақ түсінігін тәңіризм ғана емес, сонымен бірге, ислам да жоққа шығармайды. Бірақ, ислам адам өмірін бір Алла Тағалаға бағыттауға арналғандықтан әруақ ұғымына көп көңіл аудармай, тіпті кейбір жағдайларда әруаққа сиынуға тиым да салынады.
Әруақтардың әлемдегі алатын орны қандай?
Әрбір кісі жақсылық үшін жаралған, сол жолды ұстаса бәле жаладан аулақ болады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)
– Күмісжан Құрманғалықызы, әруақ дегендер кімдер? Әлемдегі олардың алатын орны қандай? Олар адамдармен не себептен хабарласады?
– Әсет Ризаұлы, олар басқа бір жан иелері емес, осы жерде, не болмаса болмыстың басқа әлемдерінде өмір сүрген жандар екені, олардың өздерінің тәндерін тастап, енді ғарыш кеңістігінде жүргендері анықталды. Әруақтардың арасынан өздерінің бұрынғы туысқандарын, достарын танығанда, олармен сөйлесіп, кім екендерін біліп, көптеген дәлелдерді көргенде, бұған ешқандай күмән қалмайды. Әруақтардың тәні қалып, бірақ жандары рухтарымен әлі де болса бұрынғы кезіндей өздерінің жақындарын көріп-біліп, олардың арасында жүргендерін, оларға жақсылық ойлап, көмектескілері келетінін айтатынын, бұған көптеген дәлелдерді өзім де көптеп келтіре аламын.
Шын мәнінде халық арасында әруақтар жөнінде ертеден қалған түрлі аңыздардан басқа нақты деректер әлі де болса жеткіліксіз. Әруақ ұғымы барлық халықтар арасында бар. Осының өзі олардың адамзат пайда болғанынан бастап бар екенін, адамзатпен бірге пайда болғанын дәлелдейді емес пе?
Әруақтар әлемі қандай әлем?
– Күмісжан Құрманғалықызы, әруақтар әлемі көрнеу әлемге қарағанда өте нәзік, ауа, леп, дем тәрізді көрінбейтін, сондықтан адамдардың көріп-білуіне болмайтын әлем. Себебі, көрнеу әлем мен көмескі әлемнің екеуінің және ондағы өмірлердің мақсаттары екі бөлек. Олардың әрқайсысының өздерінің бөлек өмірі бар. Сондықтан болмыс заңдылығы бойынша олар біріне бірі кіріп, бірінің өміріне бірі араласпаулары керек. Осылай болу үшін бұл екі әлем бір-бірінен қатаң шектелген.
– Күмісжан Құрманғалықызы, екі әлемнің арасында байланыс бар ма?
Әлемдердің өзара ешқандай байланысы жоқ деуге болмайды. Керісінше олар бір-бірімен тығыз байланыста. Мысалы, жоғары нәзік әлемдер төменгі әлемдерді басқарып, тағдырдың ұлықсатымен олардың дамуын бағыттап отырады. Тағдырдың ұлықсатымен деп жердегілердің еркіне қарсы емес, оларға ерік беріп, бірақ белгілі бір бағыт сілтеп отыруды айтамыз. Жоғары әлемдегілер төменгі әлемдегілердің еркіне ешуақытта шек қоймайды. Бұл болмыс заңдылығы. Сондықтан жоғары әлемдегілердің берген дұрыс бағытына қарамай, адамзат теріс бағыт алатын болса, оған әруақтар жауап бермейді. Бірақ, адамзат өмірінің қиын-қыстау кездерінде әруақтар әрқашан да көмекке келеді.
Әруақтардың адамзатқа көмегі
Ей, пенде ойланып іс істе. Істеген ісің ұят келтірмейтін болсын. Сонда жақсылық істеген боласың, жамандыққа жол қойылмасын.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)
– Күмісжан Құрманғалықызы, әруақтардың адамзатқа көмегі бар ма?
– Әруақтардың адамзатқа көмегі туралы барлық қасиетті жазбаларда, көптеген халықтардың ауыз әдебиетінде, аңыздарында молынан берілген. Әруақтардың адамзат өміріне ықпалы ешуақытта да тоқталмайды. Ол өмірдің әр кезеңінде байқалып отырады. Әсіресе, заманның қиын-қыстау кезінде олардың көмегі ерекше болады.
Осы өмірде өздерін жетілу жолына салып, жоғары деңгейге жеткен адамдардың рухы жоғары әлемдерге көтеріліп, әруаққа айналады да, олар өздерін есіне алып, жәрдем күткен ұрпақтарын жебеп, қиын жағдайдарда көмек беріп отырады.
Әруақтардың қандай түрлері болады?
– Күмісжан Құрманғалықызы, әруақтардың қандай түрлері болады?
– Әсет Ризаұлы, жеке адамдарды қорғайтын әруақтар ғана емес, ұлтты, қоғамды, тіпті бүкіл адамзатты қорғайтын да әруақтар болады. Олар өздерінің қамқорына алғандарды үнемі бақылап, оларға қиын-қыстау кездерде көмек беріп отырады. Қаншама қиын жағдайдарда біреудің көмегі болғандай, жеңілдік көрген уақытымыз өмірде кездесе береді.
Бірақ, біз оны елемейміз, ұмытып кетеміз. Бұл көмектің өзі Жаратушының бізге жасаған мейірімділігінің бір белгісі емес пе? Оның Өзі ештеңеге мұқтаж емес, ештеңені жасамаса да, Оның әмірін орындауға дайын, нұрдан жаралған көмекшілері сансыз көп. Біз тек қана соны түсіне біліп, оны дұрыс пайдалана білуіміз керек. Әрине, бұл Жаратушыны ұмытып, әруаққа табыну керек деген сөз емес, тек қана болмысты толық қабылдап, ғажайып көріністерін жоққа шығармай, саналы болуымызды білдіреді.