2- ші маусым күні таңғы сағат 8-де Шаһрухтың бейітін ашудан жұмыс басталып кетті. Шаһрухтың мүрдесі нашар сақталыпты, Герасимов Шаһрухтың бас сүйегін және омыртқасының бір бөлігін ерекше ыждағаттылықпен алды. Қалған сүйектерін мұқият өлшеп, жазып, сызып, бөлек жәшікке салды. Бұған 3 күн уақыт кетті.
5-ші маусым күні Әмір Темірдің немересі Ұлықбектің зиратын ашты. Ұлықбек Мырза-Мұхаммед астроном, суретші, математик болған. Ұлықбек салған аспан әлемін зерттеуге арналған обсерваторияның биіктігі қазіргі замандағы он қабатты үйдің биіктігімен бірдей болатын. Қазіргі заманда бізге жеткені жер астындағы орасан зор доға, осы аспаптың көмегімен Ұлықбек мыңдаған жұлдыздардың орналасқан аумағын (координаттарын) есептеп анықтаған.
Қазіргі заманғы астрономдар өздерінің ашқан жұлдыздарының орналасқан аумағын Ұлықбектің есебімен салыстырады. Ұлықбек күндіз-түні обсерваториядан шықпайтын, ол ғылымды бірінші орынға қойған болатын, сол себепті ислам қағидаларын толық ұстанбаған. Ислам дін басылары ғалым Ұлықбекті сиқыршы, бақсы, көріпкел деп айыптап, басын шаптыртқызған. Герасимов көрді ашқанда Ұлықбектің шабылған басы денесінен бөлек жатқанын көреді, басының шабылғанын қылыш табының ізі дәйектеп береді. Зерттеушілердің бұл мүрденің Ұлықбек екеніне күмәндары болмады. Ұлықбектің мүрдесімен екі жұма бойы жұмыс істеді, киноға, фотоға түсірді, мүрде жақсы сақталған екен.
Гүр-Әмірдегі мүрделерді салыстыру үшін арнайы тізім, кестелер жасалды да, барлық мәліметтер күнделік дәптерге мұқият жазылып отырды, Герасимов Мәскеуге материалдарды жіберу үшін арнайы жәшіктерді дайындады. Мөлшермен Ақсақ Темір мүрдесі жатқан табыт ашылуының уақыты таяды. Экспедиция басталысымен Семенов үшінші табыттың бетіндегі мүрдені және әруақты қорлаудан сақтау үшін көне араб әрпімен жазылған киелі мөр басылған жазуларды оқи бастады, 17-ші маусымда тарихшы Семенов табыт бетіндегі киелі мөр басылған құпия жазудың мағынасын толықтай аударып бітеді.
Табыт бетінде Темірдің 16 есімі және Құран аяттары жазылған екен. Жазбада былай делініпті: «Біз бәріміз де о дүниелікпіз, біз де кетеміз. Бізге дейін де ұлы адамдар болған, бізден кейін де бола береді. Егер де кімде-кім дандайсып, көкірек керсе немесе ата-баба әруағының мазасын алса, онда олар ең ауыр жазаға ұшырасын!».
Соңғы «Жазаға ұшырасын!» деген ескерту сөйлемі қатысушылардың зәресін алды. Араларынан кейбіреулері жұмысты тоқтатайық деп қорқынышпен ұсыныс жасады, бірақ жұмысты тоқтату мүмкін емес еді, себебі бұл зерттеудің барысын бүкіл әлем бақылап отырды, дүниежүзі газеттеріне жарияланды және де Иосиф Виссарионовичтің тікелей нұсқауы болатын. Бұл жұмысқа жергілікті ақсақалдар қарсы болды, олар әруақтардың киесі атады деп ескертті, бірақ олардың сөздеріне мән берген адам болған жоқ.
Ақсақ Темір табытын ашатын күн де келді, 21 маусым күні таңғы сағат 7-де барлық қатысушылар жиналып, жұмыс басталды. Әп дегеннен жұмыс жүрмеді, жарты сағаттан кейін тас плитаны көтеретін қондырғы істен шықты, еріксіз тасты қолмен сантиметрлеп отырып, итеріп жылжытты, астында мүрде болмады, тек топырақ жатты, қолмен оларды шарпып алып тастады. Содан кейін адамдарды үрей билеп, белгісіз бір иіс келді. Күндізгі сағат 1-де топырақ астындағы көлденең салынған тағы үш мәрмәр плита алынды.
Жұмыс барысы үкімет басшыларының келуімен тоқтатылды, олар ғалымдардан жеңісті рапортты күтті, бірақ ғалымдарда мақтанатындай рапорт дайын болмады. Сол кездегі Өзбекстанның Орталық Комитетінің КП бірінші хатшысы Осман Юсупов, Министрлер Кеңесінің төрағасы Әбдірахманов, Жоғарғы Кеңес Президиумінің төрағасы Ахунбабаев және жазушылар мен ғалымдар келді. Олардың бәрін 5-ақ минутке кіргізді. Олар кеткеннен соң ары қарай жұмыс жалғаса берді, қондырғы жөнделмеді. Ағаш табыттың беті көрінді, осы мезетте кенеттен жарық сөніп қалды. Осы мезетте Ақсақ Темірдің әруағының сұлабасы көрінді. Адамдардың үрейлі дауыстары шықты. Ішінде ауа жетіспей, адамдар тұншыға бастады, үзіліс жарияланды.
Оператор Мәлік Каюмов ары қарай оқиғаны былай әңгімелейді:
– Сағат күндізгі 2-ге тақау шай ішуге бардым. Шайханаға барсам, үш
ақсақал қолдарындағы кітабімен отыр екен. Сонда бір ақсақал маған:
– Балам, бұл қазбаларға қатысың бар ма?
– Иә бар, бұлар менсіз түк те істей алмайды,– деп жартылай
қалжыңдап айттым.
– Темірді ашуға болмайды, әйтпесе соғыс басталады.
– Бұл қайдан белгілі?
– Кітапта осылай жазылған,– деп, қолдарындағы үлкен арабша
жазылған кітәпті көрсетті.
– Әкеліңіз, мен оқиын.
– Сен арабша оқи аласың ба?
– Иә.
Олар кітапты маған берді, мен мұқият оқып шықтым, кітапта «Ұлы
қолбасшының әруағын қозғауға болмайды, әйтпесе соғыс басталады, әруақтың киесі атады» деп жазылыпты.
Осы сәтте Мәлік Каюмов табыттың бетіндегі ескертпе жазуларды және де серіктестерінің қорқынышын есіне алады. Осы көріпкелдікті қолма-қол серіктестеріне баяндайды. Қарниязов осы кезде Семеновқа айтады: «Жүр, барып көрейік». Қарниязов, Айни, Семенов, Каюмов төртеуі ақсақалдарға келеді. Қарниязов:
– Ассаламуғәләйкүм!
– Уәғәләйкүм-ассалам!– деп шалдар жауап берді. Сонан соң олар
жандарына отырып, шай ішуге жайғасты. Алдындағы әңгіме қайта басталды: Ұлы қолбасшының әруағын қозғауға болмайды, әйтпесе соғыс басталады. Кітаптан Қарниязов, Айни, Семенов үшеуі де осы сөйлемдерді оқыды. Бірақ мән берген жоқ, «Ә, жаза береді»,– дегендей сыңай білдіреді.
Айни оларды парсы тілінде кемсітіп, қорлап, таяғымен соғып, қуалай бастайды. Жәбірленген, қорланған үш ақсақал Айниге «жылы» сөздерді айтып, кетіп қалады. Шалдар жақын бұрылысқа барып, ғайып болады. Каюмов төбеден ұрғандай тұрып қалады, есін жиып, іле-шала шалдардың артынан жүгіреді, бірақ ешкімді де, ештеңені де көрмейді... Сөйтсе, бұлар адам кейпінде ескертуге келген әруақтар екен.
Әруақтар ғайып болғаннан кейін жұмыс қайта жалғасады, табытты ашқанда табыт ішінде жатқан алып адамның мүрдесін көреді. Мүрденің бойы 180-190 см, ұлы тұлға екені айқын көрінеді, бас сүйегінің жаратылысы да ерекше. Бірер минуттен кейін ғалымдар тізесінен жаралы болған оң жақ тоқпан жілікті қолдан-қолға аса бағалы заттай өткізеді. Бұл Ақсақ Темірдің мүрдесі екеніне күмән қалмады.
Герасимов сондай күмән келтірмейтін тағы бір бұлтартпас дәлел келтіреді. Алдындағы мүрделерден жасалған сараптаманың қорытындысы бойынша бұл әулеттің барлығының мойын омыртқасының алтыншысында ерекше белгісі бар еді, сондай белгі Ақсақ Темірде де болды. Экспедицияның көздеген мақсаты толықтай орындалды, мүрде Әмір Темірдікі екені дау туғызбайды.
21-ші маусым күні кешке дейін жұмыс істелініп, көтеріңкі көңіл-күймен қонақүйге беттеп, нәтижелі бітірген істерін тойлату үшін демалуға қатысушылар кетеді. Олармен Ташкент киностудиясының директоры Николай Ким де болады, оның үлкен радио қабылдағышы бар еді. Николай Ким ағылшын тілін білетін, радиодан Кеңес ғалымдарының Ақсақ Темірдің мүрдесін тапқаны туралы бүкіл әлем радиолары өз тілдерінде хабарлап жатты.
1941 жылы 22-ші маусымда таңертең радио тыңдап отырған Николай Ким бір уақытта түрі бозарып, сыбырлап соғыс басталды дейді. Гитлер Кеңес Одағына шабуыл жасады. Каюмовтың әңгімесі: «Біз бәріміз сілтідей тындық, әруақ ақсақалдарды жәбірлеген Айнидің үні мүлдем өшті. Біз Қарниязовқа хабарладық, Қарниязов Осман Юсуповке хабарды жеткізді. Ол бізге экспедицияны жауып, Ташкентке дереу қайтыңдар деп бұйрық берді. Тез арада экспедиция жұмысы бітіріліп, Темір әулеттерінің мүрделері Мәскеуге жіберілді».
Мәлік Каюмов хабарды ести сала, өз еркімен майданға аттанады, оны әскери кинооператор қылып майданға жібереді. Кетерде Мәлік өзі куә болған және кинотаспаға түсірген тылсым дүниені Осман Юсуповқа айтады, ол Қарниязовты шақырып алып, маған неге айтпадыңдар дейді. Қарниязов мен бұған онша мән бермеп едім деп ақталады. Бірақ Осман Юсуповтың өзі де Кремльге, ұлы қолбасшы Әмір Темірдің киелі әруағының қарғысы туралы айтуға жүрегі дауаламайды.
Майданға аттанған Мәлік Каюмовты халықтың басына түскен апатқа өзінің тікелей себепкер болған сезімі тыным таптырмайды, ол қайтсе де мемлекет басшыларына осы тылсым дүниені жеткізуді өз алдына мақсат етіп қояды. Кинооператор Мәлік Калинин майданына тап болып, Ржев қаласының түбінде ұзақ тұрады. Күндердің күнінде майдан қолбасшысы Г.К. Жуковтың штабы сол жерде екенін біледі де, оның қабылдауында болады. Қолбасшы дұрыс қабылдап, мұқият оны тыңдайды да:
– Сіз расында да Әмір Темірдің мүрдесін кинотаспаға түсірдіңіз бе?–
деп сұрайды.– Маған егжей-тегжейін түк қалтырмай баяндаңыз.
Мәлік Каюмов осы жағдайды бүге-шүгесіне дейін толық айтады,
Жуков бар ықыласымен тыңдайды. Мәлік майдан қолбасшысына былай дейді:
– Ақсақ Темір мүрделерін қайта жерлемей, Кеңес сарбазы ешуақытта
жеңіске жетпейді,– деп мәлімдейді. Осы жайды Сталинге толықтай жеткізуін Жуковтен сұрайды, Жуков бұл мәлімдемеге өте байсалды түрде қарап, Сталинге жеткіземін деп уәде береді.
1941 жылдың тамыз айынан 1942 жылдың қазан айына дейін Темір әулетінің мүрделері Мәскеуде болады. Герасимов үкіметтік тапсырманы орындады: Ақсақ Темірдің сұсты бейнесін және оның ұрпақтарының бет-бейнесін жасап шығарды.
1942 жылының тамыз айынан бастап майдан жағдайы күрт нашарлай бастайды. Қырымнан айырылып, жау Еділ өзеніне (Волга) ентелей жақындады, Кубань аймағынан айырылу және майданға мұнай, азық-түлік пен шикізаттар беріп тұрған Кавказбен байланыстың үзілу қаупі төнеді. 1942 жылы қыркүйек айында Сталинград түбінде ауыр шайқастар жүреді, Кеңес үкіметі жеңу мүмкіншілігінен күдерін үзеді. 1942 жылдың қазан айында Мәлік Каюмовтың майдан қолбасшысы Г.К. Жуковпен қайта тілдесуге мүмкіншілігі туады. Жуков Сталинмен кездескенде тылсым дүниені баяндағанын айтады. Сталин Өзбекстанның Орталық Комитеті КП бірінші хатшысы О. Юсуповқа:
– Ақсақ Темірді ұлдарымен қайта өз қабірлеріне жерлеші! – деп айтады.
1942 жылдың 15 қарашасында Мемлекеттік комиссия Ақсақ Темір әулетін қайта жерлеу туралы шешім қабылдайды. Ақсақ Темірдің қайта жерлеуі бір айдан кейін Самарқандта екінші экспедицияның көмегімен жүзеге асырылды.
Осы аралықта мүрделермен не болғаны туралы ешқандай деректер жоқ, халық арасында көптеген әңгімелер шыға бастады. Соның бірі көсем ұйымдастырған қорғаныс операциясы деп аталған сөз: Ақсақ Темір әулетінің мүрделері тиелген соғыс ұшақтары майдан шебін айналып, бірнеше тәулік ұшқан, мақсат біреу-ақ: ұлы қолбасшы Ақсақ Темірдің әруағынан көмек. Сондай-ақ Ақсақ Темір әруағы Орта Азияда жасақталған мұсылман дивизиялардың жауынгерлік рухын көтеру үшін әкелінді деген сөз бар. Бұл әңгімелерді майданнан қайтқан қарт жауынгерлер айтады. Бұл әңгімелерге сенбеуімізге негіз жоқ.
1942 жылдың 20-шы желтоқсанында Ақсақ Темірдің және ұрпақтарының мүрделері өз зираттарына Гүр-Әмірде құрметпен қайта жерленеді. Бұл туралы ғалымдар және жерлеген комиссия төрт тілде: өзбек, парсы, орыс, ағылшын тілдерінде және Самарқандта ХVІІ-ғасырда жасалған жұқа қағазға қытай сиясымен мұқият акт жазып, комиссия мүшелерінің қолдары қойылып, актінің бір данасын арнайы су, ауа өтпейтін қобдишаға салып, мүрдемен бірге жерлейді. Құдайдың құдіретімен, тылсым дүниенің әсерімен ұлы қолбасшы Әмір Темірді жерлегеннен кейін екі күн өтісімен – Сталинград түбіндегі майданнан жеңіс туралы хабар келеді. Жаудың 17 дивизиясы құртылып, 60 мың сарбаз тұтқынға алынады. Сталинград түбіндегі бірінші жеңіс Әмір Темірді қайта жерлегеннен кейін сенсеңіз де, сенбесеңіз де ұлы қолбасшының әруағының қолдауымен келеді. Тылсым дүние бұнымен тоқтап қалмайды.
Орта Азияны 35 жыл жалғыз өзі басқарып билеп төстеген ұлы қолбасшы Ақсақ Темірдің әруағынан қорыққан Сталин: «Өзіңнен зор шықса, екі көзіңнен сор шығады» дегендей 1943 жылдың жазында Курск шайқасы кезінде үкімет қаулысына қол қойып, Самарқандқа үшінші экспедиция жарақталынып, жіберіледі.
Бұл жолы үкіметтің арнайы қаулысымен Әмір Темір жерленген Гүр-Әмір мазарын қайта жаңартуға (реставрация) 1 миллион сом (рубль) бөлінеді. Сол кездегі 1 миллион сом ақша 16 танк жасап шығаруға немесе 1 дивизияның (дивизия құрамында он мың адам болады) бір айлық тамағы мен киіміне жететін.
Бұл Сталиннің киелі Әмір Темірдің әруағының алдындағы кешірім сұрауының көзге көрінетін бір көрінісі ғана еді. «Күн көсемнің» иманы келсаптай болып, тәубасына түсіп, көзге көрінбейтін тылсым дүниеден жалынып қаншама кешірім сұрағаны бір Жаратушыға және Ақсақ Темірдің әруағына ғана мәлім болар...
Санасы бар адам болашақта 1941 жылдың 21-маусымында болған қателікті қайталауға тиіс емес!
Пенде баласы, есіңізде болсын! Тек ұлы адамдардың ғана емес, қандай да болмасын адамның әруағын қорлап, мазасын алуға болмайды, себебі әруақтың киесі атады, қарғысына ұшырайсың!
Халық Қаһарманы, ұшқыш – ғарышкер Талғат Мұсабаевтың басынан кешкендері
Жеті қат көк жүзіне үш дүркін көтеріліп, тұңғиық ғарышта ұзын саны 342 тәулік «ғұмыр кешкен» Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев есімі қазақты, Қазақстанды былай қойғанда, жалпақ жұртқа, жер – жаһанға мәлім. Ашық ғарышта жалпы қосындысы 30 сағат 8 минут болған қазақ ғарышкерінің аты жөні, басқа атақ – абыройын айтпағанда, Гиннестің рекордтар кітабына кірді.
Ұлттық батырымыз, техника ғылымдарының кандидаты, генерал – майор, ұшқыш – ғарышкер Талғат Мұсабаев Мұрат Телібековпен «Караван» апталығынан ықшамдап аударылып отырған мына сұхбатында осы сапарлар кезінде ғаламдық Жаратылыс. Жаратушы Иеміз хақында көкейге түйгендері, көз көрген ғажайыптары жайында әңгімелейді.
Құран – Кәрім, «Әл – Фурхан» сүресі, 59–аят.
«Ол (Алла) сондай көктер мен жерді және екі арасындағыларды алты күнде жаратып, сосын ғарышты меңгерді. Ол тым қамқор, оны білгеннен сұра».
Сұрақ: – Ғарышқа Құран алып ұшады екенсіз. Діншілсіз бе?
Талғат Мұсабаев: – Ашығын айтсам, мен де өз дәуірімнің адамы, коммунист, қызылкөз атеистің өзі едім. Бұл дүниетанымым отыз жылдан асып барып өзгерді. Өзгерткен негізгі себеп – ғарышқа ұшуым болды.
Сұрақ: – Сонда ғарышта Жаратушының өзіңізге қатысын сездіңіз бе?
Талғат Мұсабаев: – Ғарышта ажалдың аузынан қалған жағдайларым болды. Біреуін ғана айтайын. Ашық ғарышқа шыққан кезімде, мені кемеге бекітіп, ұстап тұратын тетік ажырап кетті. Біртіндеп тұңғиыққа шым батып бара жаттым. Айтары жоқ сұмдық еді. Көз алдымнан жалт-жұлт ойнап, әпсәтте бүкіл ғұмырым өте шықты. Тірі қалуым мүмкін емес-тін. Бұрын-соңды ескерілмеген, ескерілмек түгіл ойға келмеген хал. Ауа қоры 8 сағатқа жетеді. Одан әрі қапысыз, бұлтартпайтын, жалтартпайтын ажал. Міне, осы сәтте адам айтса нанғысыз таңғажайып оқиға болды. Қайтадан кеменің, зулап бара жатқан ғарыш кемесінің үстінен бір-ақ шықтым. Денеме ештеңе тимей-ақ, жұғысып, итермей-ақ әлдебір құдырет құрдымнан суырып алды. Ешқандай қисынға келмейді, түсінікке симайды.
Бұл бір емес, осындай жағдай талай рет қайталанды. Үстімізден бақылап, бәрін орын-орнына келтіріп тұрған әлдебір Қорғаушының бар екенін кәміл аңғардық. Бұл сезім менімен әрқашан бірге болады.
Сұрақ: – Ғарыш сапарынан кейін өзіңізден қандай өзгеріс байқадыңыз?
Талғат Мұсабаев: – Мүлдем басқа адамға айналдым. Тұрмыс-тіршілігім, маңайыма көзқарасым, қарым-қатынасым өзгерді. Маған кісінің жан-дүниесі анағұрлым түсінікті. Ең бастысы – бұл дүниеде кездойсоқ ештеңенің жоқ екенін анық ұқтым. Күн мен жердің, ғарыштық станциялардың, адам өмірінің, ненің болмасын қозғалыс, қаракеті белгілі бір тәртіпке, реттілікке бағынатынына көзім жетті.
Мен ғарышта әдеби таланты жоқ адамның өлең жазып, ғұмыры бір аспапта ойнап көрмеген адамның музыка шығарып кеткенінің талай мысалын білемін.
Сұрақ: – Ғарышта адам Жаратқан Иесіне бір табан жақын десек, қателеспейміз бе?
Талғат Мұсабаев: – Жаратушының тіршілігіңізге қатысын онда, әлгінде айтқанымдай, соншалықты айқын сезінесіз. Ғарыш жаратылысы – қайран қаларлықтай үйлесімді. Біздің планетамызбен салыстырып қарағанда таңырқамай тұра алмайсыз. Жер – болмашы бір түйіршік қана. Ал адам сондағы бір тозаң сияқты.
Сұрақ: – Ғарышты елсіз шөл дала іспетті дейді...
Талғат Мұсабаев: – Әрине, онда өзіміздің жердегідей үйреншікті өмір жоқ. Бірақ, неге екенін қайдам, ғарыштың басқа қалып, басқа күйдегі тіршілік иелеріне толы екеніне кәміл сенімдімін. Тек олардың белгілері көзге көрінбейді, құлаққа естілмейді. Өздерінің барлығын әсте байқатпайды.
Өз басым олардың қасымызда жүргенін қалайда түйсіндім. Тек көзге көрінбейді, қолға ұсталмайды. Жалпы маған жердегі тіршілік Жаратушының жүргізіп отырған сынағы сияқты көрінеді де тұрады.
Сұрақ: – Ғарышқа ұшардың алдында әлдебір рәсімдер орындадыңыз ба?
Талғат Мұсабаев: – Әр жолы аттанарда бала күнімде жаттаған дұға сөздерін қайталадым. Ал ұшардың алдында қашанда молдадан бата алдым. Бүгін біреулер күлетін шығар, алайда мен ғарыштық сапарларымның көбіне-көп осы себепті сәтті өткеніне сенімдімін. Әрине, Құран кітапты өзіммен бірге алып ұшатыным өз алдына бір рәсім...
Сұрақ: – Ғарыштан Мекке қалай көрінеді екен?
Талғат Мұсабаев: – Мен намаз оқымаймын. Ораза ұстамаймын, қажыға барған жоқпын. Соған қарамастан Сауд Арабиясы жарты аралының үстінен өткен кезде үнемі әлдебір айырықша әсер сезіндім. Былай қарағанда, ол әшейін құба жон, жер бетінде ондай шөл дала аз емес. Бірақ оны басқа еш жермен шатастырмайсың. Тіпті түр-түсіне дейін бөлек.. Суретінің өзінен көрініп тұр.
Тәржімалаған С. Бұқарбайұлы.
«Отбасы және Денсаулық» журналы, №6 – 2005 ж.
Райымбек батырдың бастауы
Шашамын судай қаныңды,
Болаттан құрыш қылышпын.
Алтыннан соққан сабымды,
Қабағын шытса Сүйінбай. Сүйінбай мен Қатаған айтысынан.
Райымбек бастаған қазақ қолы қалмақтармен болған кезекті шайқаста жеңіліп, шегінуге мәжбүр болады. Олар Бұғыты тауы мен Торайғыр таулары арасындағы Көкпекті жазығын көктеп өтіп барып, Торайғыр тауының етегіне келіп қостарын тігеді.
Қанша күнгі ұрыстан әбден қажыған әскер су іздеп, тәлкекке түседі. Сонда шөл қысқан Райымбек батыр, тым құрыса, бір тамшы суды аңсайды. Бірақ еш жерден су табылмайды, төңірек толған түксиген қарасұр жартастар. Сәтсіз шайқастан соң жауынгерлері мен аттарына су да тауып бере алмағанына назаланып күйінген Райымбек қылышын сермеп қалып, жерді ұрып жібереді!
Уа, керемет! Оның өткір қылышы тиген жерден атқылап бұлақ суы шығады!
Содан қазақ қолы әлгі мөлдіреген салқын суды ішіп, құтты бұлақтың жағасында екі күн жатып, тынығады да, бар күш-жігерлерін бойына жинап, жауға қарсы шабады. Әскер осы шайқаста жеңіске жетеді.
Қылыштың бір шұқуымен көзі ашылып, әскерді құтқарып, жеңіске жеткізген бұлақ Райымбек бастауы деп аталып кетеді. Ол бұлақ қазір де бар.
Шайтанды жамандамаңдар, бірақ оның жамандығынан Алла Тағаладан одан сақтауын тілеңдер. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)
Менің руым Дулат – Жаныс – Қасқарау – Ерсары. Мен Зейнекамал Қаржымбайқызымен 1982 жылы Қопада таныстым. 1983 жылы отау құрдық. Туған жерім Алматы облысы Қопа бекеті. Сол ауылда 1993 жылы менің жұбайым әлі емші емес еді. Ондай қасиеті барын мен тұрмақ Зейнекамалдың өзі сезген емес. Зейнекамалға қасиет қонардан 2 жыл бұрын адам айтса сенгісіз бір оқиға басымнан өтті. Жылдар өте талдап байқасам, шайтандар Зейнекамалдың жуық арада қасиетініің ашылатынын біліп, мен арқылы бөгет жасамақшы болыпты.
Бұрынғы ата-бабаларымыздың айтқан сөздері, ырымдары бәрі рас. Мысалы, айға қарап дәрет сындырма, күлді баспа, отқа дәрет сындырма, әйел адамдарға орамалсыз түнде суға баруға болмайды, т.б. ата-бабаларымыздың қалдырған сөздері көп. Енді осы уақиғаны сіздерге айтайын.