Тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1 -бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1. Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) азаматтық қызмет - азаматтық қызметшілердің қазыналық кəсіпорындардың,
мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын іске асыруға,
мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыруға жəне
олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған лауазымдық өкілеттіктерді
орындау жөніндегі кəсіптік қызметі;
2) азаматтық қызметші - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген
тəртіппен қазыналық кəсіпорындарда, мемлекеттік мекемелерде ақылы штаттық
лауазымда істейтін жəне олардың міндеттері мен функцияларын іске асыру жəне
мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыру мен олардың
жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге
асыратын адам;
3) айлық жалақының ең төменгі мөлшері - біліктілікті қажет етпейтін қарапайым
(онша күрделі емес) еңбек қызметкері осы Кодексте белгіленген қалыпты
жағдайда жəне жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы кезінде еңбек нормаларын
(еңбек міндеттерін) орындаған кезде бір айда оған төленетін ақшалай төлемдердің
кепілдік берілген ең төменгі мөлшері;
4) арнаулы киім - қызметкерді зиянды жəне (немесе) қауіпті өндірістік
факторлардан қорғауға арналған киім, аяқ киім, бас киім, қолғап, өзге де нəрселер;
5) ауыр жұмыстар - қызметкердің ауыр заттарды қолмен көтеруіне немесе
жылжытуына байланысты қызмет түрлері не 250 ккал/сағаттан астам күш-қуат
жұмсалатын басқа да қол жұмыстары;
6) ауысымдық жұмыс - тəулік ішінде екі не үш немесе төрт жұмыс ауысымындағы
жұмыс;
7) əлеуметтік əріптестік - қызметкерлер қызметкерлердің өкілдері, жұмыс
берушілер (жұмыс берушілердің өкілдері), мемлекеттік органдар арасындағы
еңбек қатынастарын жəне олармен тікелей байланысты өзге де қатынастарды
реттеу мəселелері бойынша олардың мүдделерін үйлестіруді қамтамасыз етуге
бағытталған өзара қатынастар жүйесі;
8) бас, салалық (тарифтік), өңірлік келісім (бұдан əрі - келісім) - əлеуметтік
əріптестік тараптарының арасында жасалатын, келісімнің мазмұнын жəне
республикалық, салалық жəне өңірлік деңгейлерде қызметкерлер үшін еңбек
жағдайларын, жұмыспен қамту жəне əлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі
тараптардың міндеттемелерін айқындайтын құқықтық акт;
9) бос тұрып қалу - экономикалық, технологиялық, ұйымдастырушылық, өзге де
өндірістік немесе табиғи сипаттағы себептер бойынша жұмыстың уақытша тоқтап
тұруы;
10) біліктілік санаты (разряды) - орындалатын жұмыстардың күрделілігін
көрсететін, қызметкердің біліктілігіне қойылатын талаптар деңгейі;
11) бітімгерлік комиссиясы - ұжымдық еңбек дауын тараптарды бітімге келтіру
жолымен реттеу үшін жұмыс берушілер мен қызметкерлер (олардың өкілдері)
арасындағы келісім бойынша құрылатын орган;
12) бітімгерлік рəсімдері - ұжымдық еңбек дауын алғашында - бітімгерлік
комиссиясында, ал онда келісімге қол жетпеген кезде еңбек төрелік сотында өз
кезегімен қарау;
13) делдал - еңбек қатынастарының тараптары еңбек дауын шешу жөнінде қызмет
көрсету үшін тартатын жеке немесе заңды тұлға;
14) демалыс - жұмыс орны (лауазымы) мен осы Кодексте белгіленген
жағдайларда орташа жалақысын сақтай отырып, қызметкердің жыл сайынғы
үзіліссіз тынығуын қамтамасыз ету немесе əлеуметтік мақсаттар үшін қызметкерді
белгілі бір кезеңге жұмыстан босату;
15) еңбек - адам мен қоғамның өміріне жəне қажеттіліктерін қанағаттандыруға
қажетті материалдық, рухани жəне басқа да құндылықтарды жасауға бағытталған
адам қызметі;
16) еңбекке ақы төлеу - осы Кодекске жəне Қазақстан Республикасының өзге де
нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ келісімдерге, еңбек шартына, ұжымдық
шартқа жəне жұмыс берушінің актілеріне сəйкес қызметкерге еңбегі үшін берілетін
сыйақының міндетті төлемін жұмыс берушінің қамтамасыз етуіне байланысты
қатынастар жүйесі;
17) еңбекке ақы төлеудің ең төменгі стандарты (ЕАТС) - ауыр жұмыстарда, еңбек
жағдайлары зиянды (ерекше зиянды), қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкердің
айлық жалақысының сақталуына кепілдік берілген«ең төменгі мөлшері, бұған
жұмыс процесінде зиянды жəне (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың əсеріне
ұшырайтын қызметкердің өмірлік күші мен қуатын қалпына келтіруге қажетті азық-
түлік өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің ең төменгі жиынтығы
кіреді;
18) еңбек гигиенасы - қызметкерлердің денсаулығын сақтау, өндірістік орта мен
еңбек процесінің қолайсыз əсерінің алдын алу жөніндегі санитарлық-
эпидемиологиялық шаралар мен құралдар кешені;
19) еңбек дауы - Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану,
келісімдердің, еңбек шартының жəне (немесе) ұжымдық шарттың, жұмыс беруші
актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мəселелері бойынша қызметкер
(қызметкерлер) мен жұмыс берушінің (жұмыс берушілердің) арасындағы
келіспеушіліктер;
20) еңбек делдалдығы - халықты жұмысқа орналастыруда жұмыспен қамту
мəселелері жөніндегі уəкілетті орган, сондай-ақ жеке жұмыспен қамту агенттігі
көрсететін жəрдем;
21) еңбек жағдайлары - еңбекке ақы төлеу, нормалау, жұмыс уақыты мен тынығу
уақытының режимі жағдайлары, кəсіптерді (лауазымдарды) қоса атқару, қызмет
көрсету аймағын ұлғайту, уақытша жұмыста болмаған қызметкердің міндеттерін
атқару, еңбек қауіпсіздігі жəне еңбекті қорғау тəртібі, техникалық, өндірістік-
тұрмыстық жағдайлар, сондай-ақ тараптардың келісуі бойынша өзге де еңбек
жағдайлары;
22) еңбек жөніндегі уəкілетті мемлекеттік орган - еңбек қатынастары саласындағы
мемлекеттік саясатты Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес жүзеге
асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы;
23) еңбек жөніндегі уəкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері - еңбек
жөніндегі уəкілетті органның тиісті əкімшілік-аумақтық бірлік шегінде еңбек
қатынастары саласындағы өкілеттіктерді Қазақстан Республикасының
заңнамасына сəйкес жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелері;
24) еңбек қатынастары - Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында, еңбек
шартында, ұжымдық шартта көзделген құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру
үшін қызметкер мен жұмыс берушінің арасында туындайтын қатынастар;
25) еңбек қатынастарына тікелей байланысты қатынастар - осы Кодексте
көзделген жағдайларда еңбекті ұйымдастыру мен басқаруға, жұмысқа
орналастыруға, кəсіптік даярлауға, қызметкерлерді қайта даярлауға жəне олардың
біліктілігін арттыруға, əлеуметтік əріптестікке, ұжымдық шарттар мен келісімдер
жасасуға, еңбек жағдайларын белгілеуге қызметкерлердің (қызметкерлер
өкілдерінің) қатысуына, еңбек дауларын шешуге жəне Қазақстан Республикасы
еңбек заңнамасының сақталуын бақылауға байланысты қалыптасатын
қатынастар;
26) еңбек қауіпсіздігі - еңбек қызметі процесінде қызметкерлерге зиянды жəне
(немесе) қауіпті өндірістік факторлардың əсерін болғызбайтын іс-шаралар
кешенімен қамтамасыз етілген қызметкерлердің қорғалу жай-күйі;
27) еңбек қауіпсіздігі жағдайлары - қызметкер еңбек міндеттерін орындаған кезде
еңбек процесі мен өндірістік ортаның еңбек қауіпсіздігі талаптарына сəйкестігі;
28) еңбек қауіпсіздігі жəне еңбекті қорғау мониторингі - өндірістегі еңбек
қауіпсіздігінің жəне еңбекті қорғаудың жай-күйін қадағалау жүйесі, сондай-ақ еңбек
қауіпсіздігінің жəне еңбекті қорғаудың жай-күйін бағалау мен болжау;
29) еңбек қауіпсіздігі жəне еңбекті қорғау саласындағы нормативтер -
эргономикалық, санитарлық-эпидемиологиялық, психофизиологиялық жəне
еңбектің қалыпты жағдайларын қамтамасыз ететін өзге де талаптар;
30) еңбек міндеттері - қызметкер мен жұмыс берушінің Қазақстан
Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, жұмыс берушінің актілерінде,
еңбек шартында, ұжымдық шартта келісілген міндеттемелері;
31) еңбек стажы - қызметкер еңбек міндеттерін жүзеге асыруға жұмсаған,
күнтізбемен есептелген уақыт;
32) еңбек тəртібі - жұмыс беруші мен қызметкерлердің Қазақстан
Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, сондай-ақ келісімдерде,
еңбек шартында, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде, құрылтай
құжаттарында белгіленген міндеттемелерді тиісінше орындауы;
33) еңбек тəртіптемесі - қызметкерлер мен жұмыс берушінің еңбекті ұйымдастыру
жөніндегі қатынастарын реттеу тəртібі;
34) еңбек төрелік соты - бітімгерлік комиссиясында келісімге қол жетпеген кезде
еңбек дауын шешу үшін ұжымдық еңбек дауының тараптары уəкілетті адамдарды
тарта отырып құратын, уақытша жұмыс істейтін орган;
35) еңбекті қорғау - құқықтық, əлеуметтік-экономикалық, ұйымдастыру-техникалық,
санитарлық-эпидемиологиялық, емдеу-профилактика, оңалту жəне өзге де іс-
шаралар мен құралдарды қамтитын, еңбек қызмет процесінде қызметкерлердің
өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі;
36) еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспектор - еңбек қауіпсіздігі жəне еңбекті
қорғау саласында қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын қызметкерлер өкілі;
37) еңбекті нормалау - нақты ұйымдастыру-техникалық жағдайларында
қызметкерлердің жұмысты орындауға (өнім бірлігін дайындауға) арналған қажетті
еңбек (уақыт) шығындарын айқындау жəне осының негізінде еңбек нормаларын
белгілеу;
38) еңбектің қауіпсіз жағдайлары - жұмыс берушінің қызметкерге зиянды жəне
(немесе) қауіпті өндірістік факторлардың əсері болмайтындай не олардың əсер
ету деңгейі қауіпсіздік нормаларынан аспайтындай етіп жасаған еңбек
жағдайлары;
39) еңбек шарты - қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы жазбаша келісім,
бұған сəйкес қызметкер белгілі бір жұмысты (еңбек функциясын) жеке өзі
орындауға, еңбек тəртіптемесінің ережелерін сақтауға міндеттенеді, ал жұмыс
беруші қызметкерге келісілген еңбек функциясы бойынша жұмыс беруге, осы
Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық
актілерінде, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген еңбек
жағдайын қамтамасыз етуге, қызметкерге уақтылы жəне толық мөлшерде жалақы
төлеуге міндеттенеді;
40) ереуіл - жұмыс берушімен ұжымдық еңбек дауында өздерінің əлеуметтік-
экономикалық жəне кəсіптік талаптарын қанағаттандыру мақсатында жұмысты
толық немесе ішінара тоқтату;
41) жалақы - қызметкердің біліктілігіне, орындалатын _a_t_e_T_iжұмыстың күрделілігіне,
санына, сапасына жəне жағдайына байланысты еңбек үшін төленетін сыйақы,
сондай-ақ өтемақы жəне ынталандыру сипатындағы төлемдер;
42) жеке қорғану заттары - қызметкерді зиянды жəне (немесе) қауіпті өндірістік
факторлардың əсерінен қорғауға арналған құралдар, соның ішінде арнайы киім;
43) жұмыс беруші - қызметкер еңбек қатынастарында болатын жеке немесе заңды
тұлға;
44) жұмыс берушілердің өкілдері - құрылтай құжаттары немесе сенімхат негізінде
жұмыс берушінің немесе жұмыс берушілер тобының мүдделерін білдіруге уəкілетті
жеке жəне (немесе) заңды тұлғалар;
45) жұмыс берушінің актілері - жұмыс беруші шығаратын бұйрықтар, өкімдер,
нұсқаулықтар, ережелер, еңбек тəртіптемесінің ережелері;
46) жұмысқа орналастыру - халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге
жəрдемдесуге арналған ұйымдастырушылық, экономикалық жəне құқықтық іс-
шаралар кешені;
47) жұмыс орны - қызметкердің еңбек қызметі процесінде еңбек міндеттерін
орындауы кезінде тұрақты немесе уақытша болатын орны;
48) жұмысты тарифтеу - орындалатын жұмыстарды Жұмысшылардың жұмыстары
мен кəсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына жəне Басшылардың,
мамандардың жəне басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік
анықтамалығына, жұмысшы кəсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларына жəне
ұйымдар басшыларының, мамандардың жəне басқа да қызметшілер
лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына сəйкес белгілі бір күрделілікке
жатқызу;
49) жұмыс уақыты - қызметкер жұмыс берушінің актілеріне жəне еңбек шартының
талаптарына сəйкес еңбек міндеттерін орындайтын уақыт, сондай-ақ осы Кодекске
сəйкес жұмыс уақытына жатқызылған өзге де уақыт кезеңдері;
50) жұмыс уақытының жиынтық есебі - жұмыс беруші белгілеген, бір жылдан
асыруға болмайтын есептік кезеңдегі жұмыс уақытын жинақтау жолымен
есептелген жұмыс уақытының есебі;
51) зиянды (ерекше зиянды) еңбек жағдайлары - белгілі бір өндірістік
факторлардың əсері қызметкердің еңбекке қабілеттілігінің төмендеуіне немесе
сырқаттануына не оның ұрпақтарының денсаулығына теріс ықпалы болуына əкеп
соқтыратын еңбек жағдайлары;
52) зиянды өндірістік фактор - əсері қызметкердің сырқаттануына немесе еңбекке
қабілеттілігінің төмендеуіне жəне (немесе) оның ұрпақтарының денсаулығына
теріс ықпалы болуына əкеп соқтыруы мүмкін өндірістік фактор;
53) кəсіптік ауру - қызметкердің өз еңбек (қызмет) міндеттерін орындауына
байланысты оған зиянды өндірістік факторлардың əсер етуінен туындаған
созылмалы немесе қатты ауру;
54) кепілдіктер - қызметкерлерге əлеуметтік-еңбек қатынастары саласында
берілген құқықтардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге көмектесетін
құралдар, тəсілдер мен жағдайлар;
55) қауіпсіздік нормалары - қызметкерлердің еңбек қызметі процесінде олардың
өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған ұйымдастырушылық, техникалық,
санитарлық-гигиеналық, биологиялық жəне өзге де нормаларды, ережелерді,
рəсімдер мен өлшемдерді қамтамасыз ету тұрғысынан өндіріс жағдайларын,
өндірістік жəне еңбек процесін сипаттайтын сапалық жəне сандық көрсеткіштер;
56) қауіпті еңбек жағдайлары - еңбекті қорғау ережелері сақталмаған жағдайда
белгілі бір өндірістік немесе жоюға болмайтын табиғи факторлардың əсері
қызметкердің жарақаттануына, кəсіптік ауруға шалдығуына, денсаулығының
кенеттен нашарлауына немесе улануына əкеп соқтыратын, соның салдарынан
еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айрылуы, кəсіптік ауруға
шалдығуы не өлімі туындайтын еңбек жағдайлары;
57) қауіпті өндірістік фактор - қызметкерге əсер етуі еңбекке қабілеттілігінен
уақытша немесе тұрақты айрылуға (өндірістік жарақатқа немесе кəсіптік ауруға)
немесе өлімге əкеп соқтыруы мүмкін өндірістік фактор;
58) қоса атқарылатын жұмыс - қызметкердің негізгі жұмысынан бос уақытында
еңбек шарты жағдайында тұрақты, ақы төленетін басқа жұмысты орындауы;
59) қызметкер - жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұратын жəне жеке еңбек
шарты бойынша жұмысты тікелей орындайтын жеке тұлға;
60) қызметкерлер өкілдері - кəсіптік одақтардың, олардың бірлестіктерінің
органдары жəне (немесе) қызметкерлер t_._s_h_o_уəкілеттік берген өзге де жеке жəне
(немесе) заңды тұлғалар;
61) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық жəне мемлекеттік мереке
күндері;
62) негізгі жалақы - жалақының тарифтік ставка, лауазымдық айлықақы, кесімді
бағалау бойынша төлемді қамтитын, салыстырмалы түрде тұрақты бөлігі жəне
еңбек заңнамасында, салалық келісімде, ұжымдық шартта жəне (немесе) еңбек
шартында көзделген тұрақты сипаттағы төлемдер;
63) өндірістегі жазатайым оқиға - өзінің еңбек (қызмет) міндеттерін немесе жұмыс
берушінің тапсырмаларын орындауы кезінде, қызметкердің өндірістік
жарақаттануы, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улануы салдарынан
оның еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айрылуына, кəсіптік ауруға
шалдығуына не өліміне əкеп соқтырған зиянды жəне (немесе) қауіпті өндірістік
фактордың қызметкерге əсер етуі;
64) өндірістік жабдық - машиналар, тетіктер, құрылғылар, аппараттар, аспаптар
жəне жұмысқа, өндіріске қажетті өзге де техникалық құралдар;
65) өндірістік жарақат - қызметкер еңбек міндеттерін орындау кезінде алған, оның
еңбекке қабілеттілігін жоюға əкеп соққан, денсаулығының зақымдануы;
66) өндірістік қажеттілік - дүлей апатты, аварияны болғызбау немесе жою немесе
олардың зардаптарын дереу жою мақсатында, жазатайым оқиғаларды, бос тұрып
қалуды, мүліктің жойылуын немесе бүлінуін болғызбау үшін жəне басқа да ерекше
жағдайларда, сондай-ақ жоқ қызметкерді алмастыру үшін жұмыстар орындау;
67) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау - өндірістік
объектілерді, цехтарды, учаскелерді, жұмыс орындарын оларда орындалатын
жұмыстар қауіпсіздігінің жай-күйін, зияндылығын, ауырлығын, қауырттығын, еңбек
гигиенасын айқындау жəне өндірістік орта жағдайларының еңбек қауіпсіздігі жəне
еңбекті қорғау нормативтеріне сəйкестігін айқындау мақсатында бағалау жөніндегі
қызмет;
68) өндірістік санитария - зиянды өндірістік факторлардың қызметкерлерге əсерін
болғызбайтын немесе азайтатын санитарлық-гигиеналық, ұйымдастыру іс-
шаралары _M_a_l_e_Rмен техникалық құралдар жүйесі;
69) өтемақы төлемдері - жұмыстың ерекше режимі мен еңбек жағдайларына,
жұмысынан айрылуына, қызметкерлердің еңбек міндеттерін немесе Қазақстан
Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауына
байланысты шеккен шығындарын өтеуге байланысты ақшалай төлемдер;
70) тарифтік жүйе - еңбекке ақы төлеу жүйесінің бір түрі, онда қызметкерлердің
жалақысы тарифтік ставкалар (айлықақылар) жəне тарифтік кестелер негізінде
сараланып айқындалады;
71) тарифтік кесте - орындалатын жұмыстардың күрделілік жəне қызметкерлердің
біліктілік белгісі бойынша саралауды көздейтін тарифтік разрядтар мен тарифтік
коэффициенттердің жиынтығы;
72) тарифтік разряд - жұмыстың күрделілік деңгейі жəне осы жұмысты орындау
үшін қажетті біліктілік деңгейінің көрсеткіші;
73) тарифтік ставка (айлықақы) - қызметкердің уақыт бірлігі ішінде белгілі бір
күрделіліктегі (біліктіліктегі) еңбек нормасын (еңбек міндеттерін) орындағаны үшін
еңбегіне ақы төлеудің белгіленген мөлшері;
74) тəртіптік жаза - тəртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыс берушінің
қызметкерге қолданатын тəртіптік əсер ету шарасы;
75) тəртіптік теріс қылық - қызметкердің еңбек тəртібін бұзуы, сондай-ақ еңбек
міндеттерін құқыққа қайшы келетіндей кінəмен орындамауы немесе тиісінше
орындамауы;
76) тынығу уақыты - қызметкердің еңбек міндеттерін орындаудан бос жəне өз
қалауы бойынша пайдалана алатын уақыты;
77) ұжымдық қорғану құралдары - жұмыс істейтін екі немесе одан да көп адамды
зиянды жəне (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың əсерінен бір мезгілде
қорғауға арналған техникалық құралдар;
78) ұжымдық шарт - ұйымдағы əлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін,
қызметкерлер ұжымы мен жұмыс берушінің арасындағы жазбаша келісім
нысанындағы құқықтық акт;
79) үстеме жұмыс - қызметкер жұмыс берушінің бастамасы бойынша орындайтын,
жұмыс уақытының белгіленген ұзақтығынан тыс жұмыс;
80) хабарлама - қызметкердің немесе жұмыс берушінің жазбаша өтініші не өзге
тəсілмен (курьерлік почта, почта байланысы, факсимильді байланыс жəне
электрондық почта арқылы) берілген өтініштер;
81) іссапар - жұмыс берушінің өкімі бойынша қызметкерді тұрақты жұмыс орнынан
тыс жерге белгілі бір мерзімге еңбек міндеттерін орындау үшін жіберу, сондай-ақ
қызметкерді басқа жерге оқуға, біліктілігін арттыруға немесе қайта даярлауға
жіберу.
2. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының басқа да арнаулы ұғымдары мен
терминдері осы Кодекстің тиісті баптарында айқындалатын мағыналарда
пайдаланылады.
2-бап. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы Қазақстан Республикасының
Конституциясына негізделеді жəне осы Кодекстен, Қазақстан Республикасының
заңдары мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық
актілерінен тұрады.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының
басқа заңдарына еңбек қатынастарын, əлеуметтік əріптестік пен еңбекті қорғау
қатынастарын реттейтін нормаларды енгізуге тыйым салынады.
3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы
Кодекстегіден өзгеше ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың
ережелері қолданылады. Қазақстан Республикасы ратификациялаған
халықаралық шартта оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайларды
қоспағанда, халықаралық шарттар еңбек қатынастарына тікелей қолданылады.
3-бап. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының мақсаты мен міндеттері
1. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының мақсаты еңбек қатынастарын
жəне еңбек қатынастарына тікелей байланысты өзге де қатынастарды еңбек
қатынастары тараптарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға, еңбек
саласындағы құқықтар мен бостандықтардың ең төмен кепілдіктерін белгілеуге
бағытталған құқықтық реттеу болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының міндеттері еңбек қатынастары
тараптары мүдделерінің теңгеріміне, экономикалық өсуге қол жеткізуге, өндіріс
тиімділігі мен адамдардың əл-ауқатын арттыруға бағытталған қажетті құқықтық
жағдайлар жасау болып табылады.
4-бап. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының принциптері
Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының принциптері:
1) адам мен азаматтың еңбек саласындағы құқықтарының шектелуіне жол бермеу;
2) еңбек бостандығы;
3) кемсітушілікке, мəжбүрлі еңбекке жəне балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне
тыйым салу;
4) қауіпсіздік жəне гигиена талаптарына сай келетін еңбек жағдайларына құқықты
қамтамасыз ету;
5) өндірістік қызмет нəтижелеріне қатысты алғанда қызметкердің өмірі мен
денсаулығының басымдығы;
6) еңбегі үшін жалақының ең төменгі мөлшерінен кем емес, əділетті сыйақыға
құқығын қамтамасыз ету;
7) тынығу құқығын қамтамасыз ету;
8) қызметкерлердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігі;
9) қызметкерлер мен жұмыс берушілердің өздерінің құқықтары мен мүдделерін
қорғау үшін бірігу құқығын қамтамасыз ету;
10) əлеуметтік əріптестік;
11) еңбек қауіпсіздігі жəне еңбекті қорғау мəселелерін мемлекеттік реттеу;
12) қызметкерлер өкілдерінің Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының
сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру құқығын қамтамасыз ету болып
табылады.
5-бап. Еңбек саласындағы құқықтардың шектелуіне жол бермеу
Осы Кодексте жəне Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген
жағдайлар мен тəртіптен басқа, ешкімнің де еңбек саласындағы құқықтарына шек
қойылмайды.
6-бап. Еңбек бостандығы
Əркімнің де еңбекті еркін таңдауға немесе еңбекке қандай да болмасын
кемсітушіліксіз жəне мəжбүрлеусіз еркін келісуге құқығы, өзінің еңбекке
қабілеттілігіне иелік етуге, кəсіп жəне қызмет түрін таңдауға құқығы бар.
7-бап. Еңбек саласындағы кемсітушілікке тыйым салу
1. Əркімнің де еңбек саласындағы өз құқықтары мен бостандығын іске асыруға тең
мүмкіндіктері бар.
2. Ешкімді де өзінің еңбек құқықтарын іске асыру кезінде жынысына, жасына, дене
кемістіктеріне, нəсіліне, ұлтына, тіліне, мүліктік, əлеуметтік жəне лауазымдық
жағдайына, тұратын жеріне, дінге көзқарасына, саяси сеніміне, руға немесе текке-
топқа, қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына байланысты ешқандай кемсітуге
болмайды.
3. Еңбектің осы түріне тəн талаптармен айқындалатын не əлеуметтік жəне
құқықтық басымдықпен қорғалуға мұқтаж адамдар жөнінде мемлекеттің ерекше
қамқорлығынан туындаған өзгешеліктер, ерекшеліктер, артықшылықтар мен
шектеулер кемсітушілік болып табылмайды.
4. Еңбек саласында кемсітушілікке ұшырадым деп есептейтін адамдар Қазақстан
Республикасының заңдарында белгіленген тəртіппен сотқа немесе өзге де
орындарға жүгінуге құқылы.
8-бап. Мəжбүрлі еңбекке тыйым салу
Мəжбүрлі еңбекке тыйым салынған.
Мəжбүрлі еңбек, мынадай жұмыстарды:
Қазақстан Республикасының міндетті əскери қызмет туралы заңдарына орай
талап етілетін;
азаматтардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген əдеттегі
азаматтық міндеттерінің бөлігі болып табылатын;
жұмыс мемлекеттік органдардың қадағалауымен жəне бақылауымен жүргізілетін
жəне жұмысты орындайтын адам жеке жəне (немесе) заңды тұлғалардың билігіне
берілмейтін немесе тапсырылмайтын жағдайда қандай да бір адамнан соттың
заңды күшіне енген үкіміне байланысты талап етілетін;
төтенше жағдайлар немесе соғыс жағдайында талап етілетін;
ұжымның тікелей пайдасы үшін осы ұжым мүшелері орындайтын жəне сол себепті,
олардың немесе олардың өкілдерінің бұл жұмыстардың орындылығына қатысты
өз пікірін айтуға құқығы болған жағдайда, ұжым мүшелерінің əдеттегі азаматтық
міндеттері болып есептелетін жұмыстарды қоспағанда, қандай да бір адамнан
қандай да бір жаза қолдану қаупімен талап етілетін, оны орындау үшін бұл адам
ерікті түрде өз қызметін ұсынбаған кез келген жұмысты немесе қызметті білдіреді.
9-бап. Осы Кодекстің қолданылу аясы
1. Осы Кодекс:
1) еңбек;
2) еңбек қатынастарына тікелей байланысты;
3) əлеуметтік əріптестік;
4) еңбек қауіпсіздігі жəне еңбекті қорғау жөніндегі қатынастарды реттейді.
2. Осы Кодекс, егер заңдарда жəне Қазақстан Республикасы ратификациялаған
халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе:
1) қызметкерлерге, оның ішінде мүлкінің меншік иелері, қатысушылары немесе
акционерлері шетелдік жеке немесе заңды тұлғалар болып табылатын, Қазақстан
Республикасының аумағында орналасқан ұйымдардың қызметкерлеріне;
2) жұмыс берушілерге, оның ішінде мүлкінің меншік иелері, қатысушылары немесе
акционерлері шетелдік жеке немесе заңды тұлғалар болып табылатын, Қазақстан
Республикасының аумағында орналасқан ұйымдарға қолданылады.
3. Қызметкерлердің жекелеген санаттарының еңбегін құқықтық реттеудің
ерекшеліктері осы Кодексте жəне Қазақстан Республикасының өзге де
заңдарында белгіленеді.
4. Қазақстан Республикасының заңдары осы Кодексте белгіленген құқықтар,
бостандықтар мен кепілдіктер деңгейін төмендетпеуге тиіс.
10-бап. Еңбек шарттары, əлеуметтік əріптестік тараптарының келісімдері,
ұжымдық шарттар, жұмыс берушінің еңбек саласындағы актілері
1. Еңбек қатынастары, сондай-ақ еңбек қатынастарына тікелей байланысты өзге
де қатынастар еңбек шартында, жұмыс берушінің актісінде, келісімде жəне
ұжымдық шартта реттеледі.
2. Əлеуметтік əріптестік тараптары келісімдерінің, ұжымдық шарттың, еңбек
шартының, жұмыс беруші актілерінің Қазақстан Республикасының еңбек
заңнамасымен салыстырғанда қызметкерлердің жағдайын нашарлататын
ережелері жарамсыз деп танылады.
3. Келісімдердің, ұжымдық шарттың, еңбек шартының талаптары біржақты
тəртіппен өзгертілмейді.
11-бап. Жұмыс берушінің актілері
1. Жұмыс беруші осы Кодекске жəне өзге де нормативтік құқықтық актілерге, еңбек
шартына, келісімдерге, ұжымдық шартқа сəйкес өз құзыреті шегінде актілер
шығарады.
2. Жұмыс беруші осы Кодексте, ұжымдық шартта көзделген жағдайларда,
қызметкерлер өкілдерінің келісімі бойынша немесе пікірін ескере отырып, актілер
шығарады.
3. Жұмыс берушінің Қазақстан Республикасының еңбек заңдарымен, ұжымдық
шартпен, келісімдермен салыстырғанда қызметкерлердің жағдайын нашарлататын
не осы баптың 2-тармағында көрсетілген рəсімдер сақталмай шығарылған актілері
жарамсыз болып табылады.
12-бап. Жұмыс берушінің актілерін шығару кезінде қызметкерлер өкілдерінің
пікірін ескеру немесе олармен келісу тəртібі
1. Жұмыс беруші осы Кодексте, келісімдерде, ұжымдық шартта көзделген
жағдайларда қызметкерлер өкілдерінің пікірін ескере отырып немесе олармен
келісе отырып актілер шығарады.
2. Актіні шығарар алдында жұмыс беруші оның жобасын жəне ол бойынша
негіздемені осы Кодекстің 266-бабына сəйкес құрылған комиссияға ұсынады.
3. Жұмыс беруші актісінің жобасы табыс етілген күннен бастап үш жұмыс күнінен
аспайтын мерзімде комиссияда талқыланады.
4. Комиссияның шешімдері хаттамамен ресімделеді, онда қызметкерлер
өкілдерінің жұмыс беруші актісінің жобасымен келісетіні (келіспейтіні) көрсетіледі,
олардың ұсыныстары болса жазылады.
5. Егер қызметкерлер өкілдерінің пікірінде жұмыс беруші актісінің жобасына келісім
болмаған не оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар болған жағдайда, жұмыс беруші:
1) келіскен жағдайда қызметкерлер өкілдерінің ұсыныстары ескеріле отырып
өзгертілген акт шығарады;
2) келіспеген жағдайда қызметкерлер өкілдерімен қосымша консультациялар
өткізуге не олар ұсынған редакциядағы актіні шығаруға құқылы.
6. Шығару үшін осы Кодекске сəйкес қызметкерлер өкілдерінің келісімі қажет
болатын жұмыс беруші актілерінің жобалары бойынша келісімге келмеген
жағдайда, туындаған келіспеушіліктер хаттамамен ресімделеді, осыдан кейін
жұмыс беруші нормативтік актіні қабылдауға құқылы.
7. Жұмыс беруші ұсыныстарды толығымен не бір бөлігін ескермей акт шығарған
кезде қызметкерлер өкілдері осы Кодексте көзделген тəртіппен ұжымдық еңбек
дауы рəсімін бастауға құқылы.
8. Егер жұмыс берушінің шығарған актісінде қызметкерлердің осы Кодексте, еңбек
шартында, ұжымдық шартта, келісімдерде көзделген құқықтары мен кепілдіктерін
бұзатын не нашарлататын ережелер болған жағдайда, оған еңбек жөніндегі
уəкілетті мемлекеттік органның тиісті мемлекеттік еңбек инспекциясына не сотқа
шағым жасауға болады.
Поиск по сайту:
|