Ерте тұрған адамның несібесі артады, ал таңғы ұйқы – ризығыңды кемітеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)
Тәулік 4 сағаттан алты кезеңге бөлінеді. Бұл жылдың төрт мезгілі сияқты. Жылдың мезгілінің алмасуына байланысты, біздің дене бітіміміздегі басым ерекшеліктеріміз де өзгеріп тұрады. Мысалы, жазда От ерекшелігі, күзде Ауа ерекшелігі басым болады. Сондай-ақ, біздің дене бітіміміздегі ерекшеліктеріміз тәулігіне алты қабат өзгеріп тұрады.
Мысалы, түнгі сағат 2-ден таңғы сағат 6-ға дейін Ауа әрекет қылады. Ауа жеңіл, анық, таза сондықтан таңғы 6-да, немесе күн шығардан бір жарым сағат бұрын тұру өте пайдалы. Осы кезде ауа кеңістігі өзін күн қуатымен қанықтырады, күн шығардан жарты сағат бұрын, күн өзінің ерекше жайлы шуағын төгеді. Барлық дін ағымдарында, ғылми тұрғыдан да ерте тұруға кеңес беретіні осыдан. Ауа тәнімізден улардың шығуына, ішегіміздің босауына жауапты, сондықтан да Ауа ерекшелігінің кезеңінде тұрсаңыз, ол жақсы жұмыс атқарып денедегі уларды, қалдықтарды уақтылы шығарып тастайды. Ерте тұрған адам күні бойы сергек жүреді. Таңғы сағат 8-ден кейін тұратын адамдар өздерін нашар сезініп, күні бойы шаршап жүреді, бұндай ұйқы ағзаға жеңілдік әкелмейді.
Таңғы сағат 6-дан күндізгі 10-ға дейін Су әрекет қылады. Су ауыр болғандықтан осы аралықта тұрған адамдарды үнемі ұйқы басып жүреді. Осы кезеңде тамақ ішпеуге тырысыңыз, себебі денеңізде Судың мөлшері көбейгендіктен, ауа қозғалысы баяу болып, денеңіз ауырлап, іштегі отыңыз маздап жана алмай бықсып тұрады, сондықтан да осы аралықта ішкен тамағыңыз толық қортылмайды да қаныңызды былғайды. Таңғы 10-нан күндізгі 2-ге дейін От әрекет қылады, сондықтан да тамақты күндізгі 11-12 аралығында ішіңіз, ал келесі тамақты 5-6 сағат өткізіп барып, күн ұясына отырғанша қабылдаңыз.
Күндізгі 2-ден кешкі 6-ға дейін Ауа әрекет қылады. Осы аралық жеңіл, шабыт тудыратын кезең, адам жұмыс істеуіне, спортпен, үй шаруаларымен шұғылдануға таптырмайтын кезең, осы кезде денеңіз жеңілдеп, қандай іске болмасын құлшынып тұрасыз.
Кешкі 6-дан түнгі 10-ға дейін қайтадан Су әрекет қылады. Осы кезеңде күні бойы тыным таппаған адам шаршағанын сезеді, ұйқысы келеді, сондықтан да түнгі 10-нан кешіктірмей ұйқыға жатуыңыз керек, егер де өзін-өзі зорлап түнгі 10-нан кейін жатса, бұл аралық қайтадан Оттың әрекет қылатын кезеңі (түнгі 10-мен 2 аралығы), сағат түнгі 11-ден кейін адамның ұйқысы ашылып кетеді, қайтадан қуат құйылғанын сезеді.
Түнгі 10-мен түнгі 2 аралығы ұйықтауға ең жайлы уақыт, осы кезеңде ішкен тамақтарыңыз қортылып, адам тәтті ұйқының құшағында болады.
Кей кездерде дене бітімінде От ерекшеліктері бар адам түн ортасында тұрып алып тамақ ішуі мүмкін, себебі осы кезде От сырттан да, іштен де әрекет қылып жатады, сондықтан осы қылықтарына қарап бұндай адамдарды сөгіп, жазғыруға болмайды. Түнгі 2-ден кейін ұйқы үстіртін, түс көреді, мұндай ұйқы адамның басы мен денесіне демалыс, мамыражайлық қалып бермейді. Тәулігіне 6-сағаттан артық ұйықтамаңыз, ұзақ ұйқы маубастық пен жалқаулыққа жетелейді. Жылдың төрт мезгілін, тәуліктің алты алмасуларын, ішетін тамағыңызға сәйкестендіріп, бұрынғы әдеттеріңізді осыған сәйкес өзгертсеңіз, дүркін-дүркін ашығып, ағзаңызды тазалап отырсаңыз, ажал жеткенше деніңіз сау, ширақ та шырайлы қалпыңызды сақтай аласыз.
Салауатты өмір сүріп, әлеммен үйлесімді өмір кешіп жүрген адамдардың тек қана өз қамымен жүрген қарапайым адамдардан көп айырмашылығы болады. Олар өз қасиеттерін толық білетін, өзінің күш-қуатына толық сенетін адамдар. Салауатты өмір сүретін адамдарға дәулет, күш-қуат, атақ-даңқ тәрізді пәндік (материалдық) әлемнің түрлі құндылықтары өзінен-өзі құйылып, келіп жатады. Өмір заңдылықтарын бұзбайтын болғандықтан, олар өмірде көп қателікке де ұрынбайды. Жаны тазарған адамның бүкіл болмысы өзгергендіктен, бұ фәни әлемнің былғаныштары олардың өміріне көп әсер ете алмайды. Сондықтан, олар өмірдің түрлі сергелдеңі мен шырғалаңынан оңай шығады. Имандылық жолындағылардың рухани күштері мен тазалығы сондай, егер біреулер жамандық ойлап, не болмаса қарсы әрекет жасап, өміріне бөгет болатын адамдар болса, ондайларды тағдыр жалп еткізіп ұшырып түсіреді. Себебі, болмыспен үйлесімді өмір сүріп жүргендер әлемнің әділет заңдылығымен қорғалып, жоғары күштердің аясында және солардың ықпалымен өмір сүреді. Сонымен бірге, оларды Алла тағаланың Өзі басқарып және Өзі қорғап отырады. Ал Алла тағалаға қорғаған адамға кім зияндық жасай алады?!
I. ДЕНІ САУ АДАМНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ТУРАЛЫ ҒЫЛЫМНЫҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ.
Ізденуші Әсет Ризаұлы Мұқашбековтың бірінші толғауы
Тақырыбы: Экономикалық география ғылымдарының докторы, доцент Қастер Сарқытқанұлының сұрақтарына жауап. Ойлау жүйесі мен қоршаған ортаның байланысы бар ма? Табиғат заңдылықтарын бұзса не болады? Жан иелері өзара қалай байланысқан? Ашығу адамға қалай әсер етеді? Қазіргі тамақ өндірісі, осы өлі тамақтар балаларға қалай әсер етеді? Қазақстанда қазір жастардың басым көпшілігі ауыратыны құпия емес. Неліктен? Адам ораза ұстап ашыққанда не болады? Ауру мен ерте қартаюдың себебі не?
Ауруды жаратқан – Құдай, ауыртқан – Құдай емес. Абай (28-ші сөз)
Сұрақ: – Әсет Ризаұлы, адамның ойлау жүйесі мен қоршаған ортаның арасында байланыс бар ма?
Жауап: – Қастер Сарқытқанұлы, мына сұрағыңыз өте бір ауқымды сұрақ болды, осыған жан-жақты, толығырақ жауап беруге тырысайын.
– Әрбір жан иесіне күн астынан орын берілген. Бірақта тіршілік кешетін орта бірдей емес, бұлай болу себебі жан иесінің ойлау жүйесіне – тіршілік кешетін ортаның сәйкес болуынан. Қозғалмайтын жан иелерінің санасы жетілмеген, бірақ осылардың өздері де әр түрлі ортаға қалыптасқан. Кейбір ағаштар ауа мен күн шуағы мол ашық алаңқайда өссе, кейбіреулері қыспақта өседі. Адам тәріздес тіршілік иелері өздерінің қалауларымен, іс-әрекеттерімен, ойлау жүйесімен өздерінің болашақтағы тіршілік ететін ортасын жасайды. Сәби сурет салғанда, бірдеме құрағанда оның қиялы – ойы мен пайымдау жүйесіне сәйкес болады. Адамдар есейе келе болашақта өздеріне кең сарай немесе жұпыны лашық тұрғызады, бұны басқа біреу жасамайды, тек қана ойлау жүйесіне сәйкес өзі ғана тұрғызады. Өмір – бүкіл әлемдік әділеттік заңына сәйкес Жаратушының басқаруымен іске асады. Өзіміздің қалауымыз бен ойлау жүйемізге сәйкес лайық ортаға орналастырады. Пәндік әлемде әрбір тірі жан иесіне барлық жағдай жасалған, ешкімде суықтан, аштан, шөлден өлуге тиіс емес.
Сұрақ: – Әсет Ризаұлы, адам білместіктен табиғат заңдылықтарын бұза берсе не болады?
Жауап: – Қастер Сарқытқанұлы, өзіңіз де білесіз – пенде өзінің тойымсыздығымен табиғат заңдылықтарын бұза берсе, ол біртіндеп күнәлі істерді жасай бастап – құлдырап, азып-тоза бастайды.
Мал мен адам өмірінің айырмашылығын Абай былай деп анықтай түседі:
...Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезiм болмаса
Тiршiлiктiң несi сән,
Тереңге бет қоймаса?
"Малда да бар жан мен тән, ақыл, сезiм болмаса" деген жолдағы ақыл мен сезiм адамға берiлетiн ерекше ақыл, сезiм (интеллект) деп түсiнемiз. Әйтпесе хайуанаттарда да өздерiне тән ақыл мен сезiм бары белгiлi. Бұл өлең жолдарымен Абай адам мен хайуанаттардың ақыл-сезiм айырмашылықтарын көрсетедi.
Хайуандар күнәлі істер қылмайды, олар табиғат заңдылықтарымен өмір сүреді, себебі оларда еркіндік не таза ақыл жоқ. Адам мен басқа тіршілік иелерінің айырмасы: адамның жаны туғанда рухпен қапталса, хайуандар мен басқа тіршілік иелерінің жаны рухпен қапталмаған. Олардың білімі табиғи болмыспен (шартты рефлекспен) шектелген. Олар Құдай, дін туралы білмейді, сондықтан да пәндік әлемнің шырмауынан шыға алмайды. Олар эволюцияның даму жолымен дами береді. Оларға қарымта қайтару не бүкіләлемдік әділеттілік заңы әсер етпейді. Себебі, олар адам сияқты саналы түрде күнәға батпайды. Тірі жан иесі тек адам денесінде ғана пәндік әлемнің шырмауынан құтылып Түп Иесіне, яғни Құдайға қайтып бара алады. Осы туралы данышпан Абай:
Мекен берген, халық қылған Ол лә мәкан,
Түп Иесін көксемей бола ма екен?
Және Оған қайтпақсың, оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?
Сұрақ: – Жан иелері өзара қалай байланысқан?
Жауап: – Жан иесі адам денесімен туғаннан кейін, өзара шырма-шату байланысқан: ата-аналық, сүйіспеншілік, достық, жаулық, бейтарап т.б. қалыптарымен. Әрбір адам ғұмырында талай адамдармен серіктес, замандас болады. Біреулерге қуаныш әкелсек, енді біреулерге өзіміздің іс-әрекетімізбен запа шектіреміз. Кейбіреуін жақсы көріп, енді біреуін жақтырмаймыз. Қарымта заңының бұл түйіншегін тарқату ешкімнің де қолынан келмейді. Қарымта жалпылық, жеке тұлғанікі, қоғамдық, ұлттық, елдік, партиялық тіпті ғарыштық та болады. Әр өмірімізде өткен күнәларымызбен есеп айырысамыз, біреулерге қарызымызды қайтарсақ, енді біреулерге қайтадан борышқа батамыз. Сондықтан да осы өмірімізде алған қарыздарымызды қайтаруға тиіспіз, әйтпесе осыларды келесі өмірімізде төлеуге мәжбүр боламыз. Біз нашар жанұяда өмірге келуіміз, немесе жанұяңда өміріңді өксікке айналдыратын балалар тууы мүмкін. Өткен өміріңізде сізге қарыз болған адамдар кездойсоқ көмек көрсетіп, қиыншылықтан құтқарып, қолдап-қолпаштап отырады. Есіңізде болсын: әлемде кездойсоқтық деген болмайды! Қазақ атамыз бұл жағдайды «Құдайсыз қурай басы да сынбайды», – деп дөп басып айтқан. Егер сізді алдап не тонап, немесе соққыға жығып кетсе, онда ол өткен өміріңіздің қарымтасы қайтып жатыр деген түсінік. Сондықтан да тағдырыңызға налуға болмайды. Бұл жерде бүкіләлемдік әділет немесе қарымта заңы іске асып жатыр. Кейбіреулер бірқалыпты мамыражай өмір сүреді, ал енді біреулер жанталасып, үрейленіп тіршілік кешеді. Бірақта біреуді де көре алмаушы болмаңыз – бұл дегеніңіз білместік. Жақсы тұрмыстағы адамдар осылай тұруға құқұлы, себебі ол өткен өмірде істеген жақсылықтарының арқасында осындай өмірге қолы жетіп отыр. Бірақта адамдар осы өмірлерінде де жақсылық пен қайырымдылық қылмаса олар қайтадан төмен қарай құлдырайды. Тұрмысы т.б. нашарлай береді.
Сұрақ: – Білім, ілім деген ұғымдарды қалай түсінесіз? Осыны қалай жетілдіруге болады?
Жауап: – Білім дегеніміз – өмірге дайындық емес, өмірдің нақ өзі. Ақылың мен рухыңды жетілдіру, адамдар ғана алдына қоя алатын – аса ұлы мақсат.
Сұрақ: – Ашығу адамға қалай әсер етеді? Нәтижесінде не болады?
Жауап: – Ашығу бізге үш бағытта әсер етеді. Сіз тәніңізді, ақылыңызды, жаныңызды, яки рухыңызды тазалайсыз. Нәтижесінде, аса зор денсаулық пен буырқанған өмір сүргіштіктен ләззат аласыз. Сіздің миыңыз жаңа білім мен ілімді сіңіріп алатын сорғышқа айланады. Ең маңыздысы – ішкі келісімшілік пен жаныңның жай табуы сізді өмір рахатына бөлейді. Ашығудың мен дұрыс тамақты жеудің көмегімен, қазіргі заманда табылмайтын, ұлы да, өте сирек ұшырасатын даналыққа ие боласыз.
Сұрақ: – Қазіргі тамақ өндірісі жөнінде тоқтала кетсең. Осы улардан жас балалар қалай уланады?
Жауап: – Қазіргі тамақ өндірісі ауру балалардың санын көбейтуде. Осылардың миының әлсіз болуының себебі, қазіргі қалыпты дейтін тамақ мәзіріндегі улардың әсерінен болып жатыр. Өзінің балаларына тамақтарды сатып алып пісіретін аналар – теледидар, радио, газет, журнал насихаттарымен уланған. Осы насихат көздері сіздің балаларыңызға құрамы өлі крахмал консервідегі көже, қант, майлар жеуге кеңес береді.
Сұрақ: – Осы өлі тамақтар балаларға қалай әсер етеді?
Жауап: – Осы тағамдар керексіз – минералы, витамині жоқ, баланың тәбетін тез ашатын калориямен қанықтырылған. Аналарға әртүрлі еттерден, майсыздандырылған ұннан пісірілген нанды, шұжықтарды жегізуге кеңес береді, ал бұлардың құрамында химиялық қоспалар бар. Қазіргі балалар кока – кола ішіп, кептірілген пайдасыз калориясы бар жүгері жейді. Қазіргі балалар ағзаға керекті витамин, минералдары жоқ балмұздақ, құрамында неше түрлі қоспалар бар тоқаш, торт, самса, басқа да тәттілерді жейді. Осы тамақтар балаларды семіртіп жібереді, бірақта оның ағзасы үнемі аш болғандықтан, өскен сайын мешкей бола береді.
Осындай тамақтармен баланы қалай ғана ақылды қылып өсіріп жеткізуге болады?
Енді 2005 жылғы «Денсаулық» журалының № 5 санында жарияланған, қазіргі Қазақстандағы жасөспірімдер арасындағы ауру-сырқаудың бір дәйегін айта кетейін.
Сұрақ: – Қазақстанда қазір жастардың басым көпшілігі ауыратыны құпия емес. Неліктен?
Жауап: – «Ғылыми – зерттеу инстуттарының зерттеулері көрсетіп отырғандай, елімізде жасөспірімдер арасында ауру – сырқау жыл санап көбейіп барады. Соңғы деректерге жүгінсек жасөспірімдер аурушаңдығының көрсеткіштері тексерілген әр 1000 балаға шаққанда мынадай екен:
Ақмола облысы 177,6
Ақтөбе облысы 424,8
Алматы облысы 90,4
Атырау облысы 183,2
Батыс Қазақстан
облысы 465,3
Жамбыл облысы 305,1
Қарағанды облысы 565,0
Қостанай облысы 469,9
Қызылорда облысы 933,6
Маңғыстау облысы 327,5
Оңтүстік Қазақстан
облысы 212,6
Павлодар облысы 542,4
Солтүстік Қазақстан 423,7
Шығыс Қазақстан
Облысы 650,2
Астана қаласы 311,5
Алматы қаласы 664,2
Қазақ ұлттық медицина университеті ректорының ғылыми жұмыстар жөніндегі кеңесшісі, профессор З. Мажитованың мәліметі бойынша соңғы кездерде елімізде мүгедек балалар мен тіпті бір емес бірнеше созылмалы ауруы бар сәбилер саны арта түсуде.
Сұрақ: – Болашақ сарбаздардың жағдайлары қалай?
Жауап: – Кезекті әскери шақырылу кезіндегі тексеру қортындысы әскери комссариаттағыларды да үрейлендіріп отырғаны жасырын емес. Әскерге шақырылған жастардың 65...70 пайызы әскерге жарамайды! Ұл балалардың денсаулықтары нашарлап барады, ал болашақ ана – қыз балалардікі одан да қауіпті.
Сұрақ: – Бұлай болуына кім кінәлы?
Жауап: – Көптеген тамақтану мамандары, дәрігерлер, ұстаздар мынандай қортындыға келді, негізінен екі мәселе кінәлы – тамақ туралы надандық және ата ананың қамқорлығының жетіспеуі. Осының бір салдары – жұқпалы аурулаға жөнді қарсы тұра алмауы. Босанғаннан кейінгі келеңсіздік – дұрыс тамақтанбаудың тағы бір көрінісі. Өз ағзасының дұрыс дамуына мүмкіншілік бермеген әйелдің дені сау бала табуы неғайбыл.
Сұрақ: – Жастардың жағдайы әлгіндей болды, ал үлкен адамдардікі ше?
Жауап: – Енді үлкен адамдардың жағдайларын байқайық. Егер жастарымыздың жартысы әлсіз, ауру екеніне көзіңіз жетсе, үлкен адамдардың жағдайлары бұдан да сорақы. Мен айтып кеттім, біздің 18 бен 20 жас аралығындағы жастарымыздың 65...70 пайызы әскерде қызмет етуге жарамайды деп. Егер біз 25 пен 75 жас аралығындағы адамдарымызға қарасақ, жағдайлары тіптен мүшкіл.
Егер 25 адамнан топ жиып, оларды тексерсек не денсаулығы мен ауруы жайы сөйлессек, онда олардың 99 пайызының бір немесе бірнеше өмірлік маңызы бар мүшесінің созылмалы аурумен ауыратынына сенімді бола беріңіз. Қайтсе де, әрбір адамның бір жері ауырады. Олар сізге өзіне жасаған операцияларын, ішкен дәрілерін, шеккен зардаптарын айтады.
Сұрақ: – Адамдар қазіргі заманда қандай бағдарлама ұстанады?
Жауап: – Адамдардың көпшілігі, өздерін рухани және тәндік дамытпайтын, өмір сүру бағдарламасын ұстанады. Осының дәлелі, көбейіп келе жатқан қарттар үйлері және мүгедек балаларға арналған мектеп интернаттар, тастанды балаларға арналған жетімдер үйі, қала қалаларда өріп жүрген қаңғыбас бомждар. Осы үйлер қарттарға, ауруларға, қаңғыбастарға және мүгедек пен тастанды балаларға лықа толы.
Менің сізден сұрайын дегенім, табиғат шынында да біздің өміріміздің соңын осылай қайғылы қылып қойды ма?
Сұрақ: – Адамның миы қалай тамақтанады?
Жауап: – Ми тәндік ағым арқылы қоректенетіндіктен, тамақтану мен ойланудың байланысын байқау қиын емес. Тәндік ағымдар ішкен тамақ түріне тікелей байланысты болғандықтан, тамақтану мен ойланудың байланысын жоққа шығару ақылға қонбас еді.
Сұрақ: – Әсет Ризаұлы, адам ораза ұстап ашыққанда не болады?
Жауап: – Қастер Сарқытқанұлы, ашығу барысында дене тазаланғандықтан, адамның іс қимылы өте ширай түседі. Адамзаттың кейбір ұлы ұстаздарына ашыққан уақытта Нұр жауып, әлемнің тылсым жұмбақтары ашылған. Адамның ақыл-ой қабілетінің еселеп арта беруі, ашықаннан кейін де ұзақ мерзімге созыла береді. Ашығу мен дұрыс тамақтану ағзаны улардан тазартқандықтан, ми да таза қанмен қоректенеді және ойлау қабілеті де жоғары деңгейге көтеріле береді.
Біз ғылым мен техника саласында ғажайыптарға қол жеткіздік, егер де қарапайым табиғи тамақтану әдісін үйренсек, бұдан да жоғары нәтижелерге жеткен болар едік.
Сұрақ: – Ертедегі адамзат даналарының (филосософтар) тамақ мәзірі қалай болған?
Жауап: – Ертедегі грек философтары өздерінің шәкірттеріне тамақты тарта ішетін мәзірді бірінші орынға қоюды үйретті. Эпикур, Сократ, Платон т.б. философтар өздерінің шәкірттерінің тамақ мәзірін бірінші орынға қойды, осы тамаққа деген қатаң талап, бұлардың тағам құрамына қандай маңыз бөлгенін көрсетеді. Осы алыптардың даналық сүю ілімі (философиясы), нешеме ғасырлар өтсе де, әлі күнге маңызын жоғалтқан жоқ. Лас денеден – лас ойлар және керісінше таза, аурусыз денеден мөлдір ойлар туындайды. Дене қалай улардан тазаланады, адамға ләззат әкелетін ой өрістің деңгейі де жоғарлай береді.
Сұрақ: – Адамзат ұстаздары, ертедегі пайғамбарлар оразаны қалай ұстаған?
Жауап: – Өмірдің ұлы шындығын уағыздау алдында Мұса, Дәуіт, Иса, Мұхаммед пайғамбарлар, сондай-ақ Будда мен Гандилер де 40 тәуліктен ашыққан. Мысырда ұлы Александрияда, әлемнің мәдениет орталығы болған кезде, шәкірттер шеберлікке үйрену үшін 40 тәулік ашығуға тиіс болған. Ұлы Пифагор өзінің даналық (философиялық) ілімін үйренетін шәкіртттерінен 40 күндік аштық ұстануын талап еткен. Оның пайымдауынша 40 күн аштықтан кейін ғана адамның ой өрісі мөлдірленіп, санасы нұрланып, өмірдің терең құпиялы ілімін меңгеруге қабілеттері сонда ғана жетеді деп есептеген.
Дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылдансаң, дәріге пысқырып та қарамайсың. Ибн Сина
Сұрақ: – Әсет Ризаұлы, ауру мен ерте қартаюдың себебі не?
Жауап: – Қастер Сарқытқанұлы, ауру мен мезгілсіз қартаюда ешқандай құпия жоқ. Сізді жаман әдеттеріңіз үшін жазалайды, анығырық айтсақ осылардың көмегімен. Егер сіз толып тұрған ас қорту жолына тамақ шоғырландыруға әдеттенсеңіз, ол қортып үлгермейді, тек қана миллиардтаған жасаушаларыңызды улайды.
Ағзаңызды тазалықта ұстауға үйренбегендіктен, сіз аурусыз және мезгілсіз қартайып шөгіп кеткен әлсізсіз. Денсаулық пен ұзақ өмір сүрудің құпиясын мына үш сөзбен айтуға болады. «Өз ағзаңызды тазалаңыз!». Осы даналық сөздерді ми қыртысына қашап жазып алыңыз. Тағы, тағы қайталаңыз. Біржола есте қалдыру үшін: «Өз ағзаңызды тазалаңыз!». Ашығу ағзаны тазалаудың, жасартудың табиғат тағайындаған бірден бір жолы. Сіз үшін мұны ешкім де істемейді. Бұл сіздің, тек қана ерік жігеріңізді талап ететін жеке ісіңіз. Есіңізде болсын, өмір дегеніміз бейімделгендердің аман қалуы, ал ашығу мен дұрыс тамақтану – аман қалудың, өзіңді өзің сақтаудың құралы.
Қарасай ауданының «Қазақ ССР-не 50 жыл» атты ауыл емханасының бас дәрігер Имяров Әбдікәрім Абдуманапұлының толғауы
Тақырыбы: Аурулардың неше түрі болады? Ауырған кезде дәрігерлер тілді, үлкен, кіші дәретті не үшін тексереді? Адам деген тірі кітап, тек қана күнделікті оқый білу қажет дегенді қалай түсінеміз? Аурулардың кейбір түрлері және себептері.
Жаның сау болса, сорлымын деме,
Тәнің сау болса, жарлымын деме. Қазақ мақал-мәтелдері
Өзім тұратын Қарасай ауданының «Қазақ ССР-не 50 жыл» атты ауылымыздың емханасының бас дәрігер Имяров Әбдікәрім Абдуманапұлы, жұбайы Харниса Аруп қызы ерлі-зайыпты екеуі де өте мәдениетті, өз жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарайтын терең білімді, адамгершіліктері мол, жұптары жарасқан жайсаң жанды жандар.