Помощничек
Главная | Обратная связь


Археология
Архитектура
Астрономия
Аудит
Биология
Ботаника
Бухгалтерский учёт
Войное дело
Генетика
География
Геология
Дизайн
Искусство
История
Кино
Кулинария
Культура
Литература
Математика
Медицина
Металлургия
Мифология
Музыка
Психология
Религия
Спорт
Строительство
Техника
Транспорт
Туризм
Усадьба
Физика
Фотография
Химия
Экология
Электричество
Электроника
Энергетика

Центрифуга аппараттары. 8 страница



Бөлмелерде екі есік болуы керек. Біреуі арқылы таза заттар еңгізіледі, ал екіншісі арқылы қолданылған кір заттар шығарылады.

 

Лабораториялық жануарларға арналған торшалар, жатқызғыштар

және басқа да құрал-саймандар.

Қазіргі кезде көлемі әртүрлі, бірнеше түрлі материалдардан жасалған, конструкциялары да сан қилы торшалар баршылық.

Жатқызғыштардың қандай түрлері болмасын: төбеге ілінетін, қабырғаға жапсырылатын, дөңгелекке орналастырылатын – барлығына қойылатын негізгі талап - олардағы жатқызғыштардың (полкалардың) жылжымалы болуы және оңай ауыстырылуы. Қазірде кең орын алған жылжымайтын полкалы жатқызғыштар ертеңгі күннің талабына сай болмай қалулары әбден мүмкін.

Торшалардың көлемі туралы әртүрлі пікірлер бар. Қалай дегенмен де қарапайым конструкция торшалары арзан, тазалағанға да қолайлы; ұзақ уақыт пайдалануға болады. Оларды жасайтын материалдардың ішінде ең қолайлысы ағаш. Көп жағдайларда пластмассалар жиі қолданылып жүр. Олардың кемшіліктері: тозығы жеткен торшалардың шеткергі жақтарында шыны талшықтары пайда болады да, олар жануарлардың терісінің қабынуын – дерматит ауруын тудырады; тығыз емес пластмассалар жылулықтың әсерінен деформацияға ұшырайды; кейбір кеміргіштер олардың шеттерін кеміріп, тесіп те жібереді. Темірден, болаттан жасалған торшалар қымбат және тез арада өзгертіп отыруға қолайсыз.

Иттерге арнайы торшалар темірден жасалады. Олардың үлкен (100х80х100 см) және кабиналы (2м*) түрлері болады.

Мысықтар тар жерде өмір сүре алмайды. Оларға үлкен вольерлер керек (350х700 см, оданда үлкен), онда 15-20 мысықтарды ұстауға болады. Вольердің ішінде әрбір мысыққа ұйықтауға арналған кабина-дупло (40х40х30 см) ұйымдастырылады. Вольерге үгіндіге толтырылған ящик, инфрақызыл сәулелі лампа қойылады.

Үй қояндарының торшаларының көлемі 50-70х40-50 см-ден кем болмауы керек. Арнайы жатқызғыштар үш этаж етіп орналастырылады. Торшаны да, жатқызғышты да металлдан жасаған жуып тазалауға, дезинфекция жүргізуге қолайлы.

Теңіз шоқаларын үй қояндарының торшаларында ұстауға болады.

Бір торшада 15 тышқан, 10 егеуқұйрық, 1 үй қоянын, 5 теңіз шошқасын және 5 қалтаауыз ұстауға болады. Олардың санын одан арттырмаған жөн.

Бақаларға аса терең емес цементтелген бассеиндер немесе ванналар қолайлы. Онда төсеніш немесе құмнан аралша істеп қойған дұрыс.

Аквариумды ұйымдастыру үшін аквариум туралы нұсқауларға сүйену керек.

Рептилийлерге арналған террариумдарда температура, жарық және ылғалдық режімдерін қатаң сақтау керек.

Ал тағы жануарларды ұстаудың жағдайларының әртүрлілігіне қарап, виварий саларда олардың қандай түрлері болатынына арналған бөлімдерді ойластыру керек.

Виварийдің орналасатын жеріне дейін күні бұрын жоспарлап, оны тұрғындарға кедергі жасамайтын маңайға орналастырған жөн. Егер ондай жекеленген алаңға орналастыруға мүмкіншілік болмаса, онда оны үй астындағы жайларға емес үй үстітіндегі жайларға орналастырған дұрыс.

Лабораториялық жануарларға жұмсақ шымтезек, шөп, ағаш ұнтағы, дәнді дақылдардың қауыршығы жақсы төсеніш бола алады. Олардың азықтарына қойылатын талаптар:

  • азықтың мөлшерден артық емес, бірақ жеткілікті болуы;
  • бүлінген, жатып қалған азықтардың болмауы;
  • құрамында витаминдердің жеткілікті мөлшерде болуы;
  • күніне 2-3 реттен кем берілмеуі, әсіресе буаз жануарларға;
  • азықты таза, дезинфекция жасалған ыдыстар арқылы беру;
  • азықтың бір түрінен екінші түріне біртіндеп көшіру;
  • құрғақ азық бергенде, жануарлар туар алдында сумен қамтамасыз ету;
  • кеміргіштердің торшаларына, әсіресе тістері шығар кезде ағаш таяқшаларын тастау;
  • мүмкішілігінше ұсақ жануарларға араластырылған азықтарды брикет түрінде беру;
  • азықтардың сапасын ауық-ауық тексеріп отыру.

Лабораториялық жануарларды азықтандырудың мөлшері туралы денсаулық сақтау және ауылшаруашылық министірліктерінің біріге отырып шығарған нұсқаулары бар.

Виварийлер малдәрігерлік ұжымдардың қадағалауында болады. Міндетті түрде ауруларға қарсы сақтандыру шаралары жүргізіліп отырады.

Микробиологиялық виварийлердің өз ерекшеліктері бар. Онда індетті ауруларға бейім жануарлар көптеп ұсталады. Кез келген жерден жануарларды алу қауіпті. Ауыра қалған жануарларды жекелеп ұстайтын жайлар болуы қажет. Ауруларды жұқтыру үшін экспериментке пайдаланылатын жануарларды орналастыратын жайға ерекше көңіл бөлу керек. Індеттің тек виварийлердің өз ішінде ғана емес, одан тысқары жерлерге де тарамауына аса көп көңіл бөледі. Басқа жақтан әкелінген жануарларды екі жұмадай карантинге қояды.

Виварийларда селекция жұмысы дұрыс жолға қойылуы керек. Экспериментке дайындалған жануарлардың таза линияларын алуға барлық жағдайды туғызған дұрыс.

Жануарлардың денсаулықтарын үнемі қадағалап отыру үшін жеке диагностикалық-бақылау лабораториялары жұмыс істейді.

 

Лабораториялық жануарларды пайдалану.

Лабораториялық жануарларды таңдап алуға қойылатын негізгі талаптар:

1. Таңдап алынған жануардың зерттелетін микроорганизмге сезімталдығы. Егер қоздырғыш толық белгілі болмаса, онда сол аурумен табиғи жағдайда ауыратын жануарлар алынады;

2. Жануарды күтіп-бағу кезінде және онымен эксперимент жүргізгенде оның қауіпсіздігі және ыңғайлылығы;

3. Жануарды арзан бағаға оңай табуға болатындығы;

4. Жануардың бұдан бұрын осы мақсатта қолданылмауы;

5. Жануардың бацилла сақтаушы болмауы.

Эксперименттің алдында жануарларды білгілі бір бояумен белгілейді. Ол үшін құлағына немесе аяғына металлдан жасалған номердерді де қолдануға болады. Жануарлардың денсаулығына, массасына, жасына және жынысына көңіл аударады. Кей кезде түсіне де қарауға тура келеді. Кейбір жануарларды тәжірибе жүргізер алдында әдейілеп дайындау керек болады: диета, бейтараптаушы дәрілер, күтіп-бағуда белгілі бір режім т.б..

 

Лабораториялық жануарлардың аурулары.

 

Лабораториялық жануарларды виварийларда ұстаудың ерекшеліктері олардың ауруларды жұқтыруға бейімділігін жоғарылатады. Әсіресе тышқандар мен теңіз шошқалары өте сезімтал болып келеді. Аурудан сақтандырудың, оларды күтіп-бағудың негізгі ережелерін сақтамау індетті аурулардың тарауына жол береді.

Лабораториялық жануарларды микробиологиялық статусы бойынша стандарттауда оларды екі топқа бөлуге болады:

1. Конвенциональды (кәдімгі) жануарлар;

2. Гнотобиотикалық жануарлар.

Конвенциональды жануарлар көбейткен кезде микробиологиялық бақылаудан өтулері керек - тышқандар, егеуқұйрықтар, қалтаауыздар, теңіз шошқалары және үй қояндары – сальмонеллезге, түберкүлезге, листериозға, лептоспирозға, пастереллезге, пневмококкозға, дерматомикоздарға, лимфоцитарлық хориоменингитке; эктопаразиттер мен гельминттердің барлық түрлеріне; тышқандар, егеуқұйрықтар және теңіз шошқалары қосымша – Streptobacillus moniliformis-ке, микоплазмозға; тышқандар – Corinebacterium murium-ге, А тобының стрептококктарына, шешек вирусына; үй қояндары - Treponema cuniculi-ге.

Гнобиотикалық жануарлар – арнайы патогенді факторы немесе қоздырғышы жоқ жануарлар. Олар аса маңызды эксперименттерде кеңінен қолданылады.

Індетті аурулар. Вирус аурулары.

Лабораториялық жануарлар індетті ринит, індетті стоматит, миксоматоз т.б. вирусты аурулармен жиі ауырады.

Індетті ринит – қоздырғышы парагрипп-2, бронхосептикус бактериялары, стафилококктар, пастереллалар. Үй қояндары барлық жастарында ауырғыш келеді. Аэрогенді жолмен ауру жануарлардан жұғады. Аурудың пайда болуына және тарауына өкпе жел, температураның тұрақсыздығы, ылғалдық, шаң-тозаң; виварийда қауырсын, аммиактың шоғырлануы әсер етеді.

Індетті стоматит – қоздырғышы вирус. Төлдер, әсіресе үй қоянының көжектері ауырады. Аурулардан жұғады. Тазалықтың болмауы, темреатураның күрт төмендеуі, ылғалдылықтың жоғары болуы, тығыз ұстау т.б. әсер етеді.

Миксоматоз – қоздырғышы вирус. Негізгі тасымалдаушылары – масалар, шіркейлер, биттер, қандалалар, кенелер. Ауру малдардан жұғады.

Вирустық індеттерге диагноз қою үшін вирусологиялық, серологиялық, биологиялық әдістер қолданылады.

 

Бактериялар тудыратын аурулар.

 

Бұл аурулардың қатарына пастереллез, листериоз, түберкүлез, псевдотүберкүлез, колибактериоз, сальмонеллездер, пневмококкоз, стафилококкоздар, плевропневмония және т.б. көптеген аурулар жатады.

Пастереллез, геморрагиялық септицемия – қоздырғышы грамм теріс таяқша пастерелла. Үй қояндары, теңіз шошқалары, егеуқұйрықтар, тышқандар ауырады; ірі қара малдарына, шошқаларға, қойларға, қаздарға, тауықтарға да жұғады. Аурудың жұғатын негізгі көздері: ауру, аурудан кейінгі бойында әлі қоздырғыш бар малдар; лас азықтар, инвентарлар; таратушылар қатарына жануарларды күтіп-бағушы адамдар, құстар, кеміргіштер жатады. Ауру көбінесе тыныс алу жүйесі арқылы жұғады, басқа жолдарының да болуы мүмкін.

Сальмонеллез – барлық лабораториялық жануарлар, олардың ішінде әсіресе ақ тышқандар, үй қояндары, төлдер жиі ауырады. Қоздырғышы паратифоз тобының микробтары – сальмонеллалар (Salmonella Breuslau, Gartneri, Suipestirper және басқалар). Жұғу жолдары жоғарыдағыдай.

Стафилококкоз. Қоздырғышы іріңді стафилококк. Олар шиқан, сыздауық, іріңді жаралар, өкпе қабынуын, сүйек ауруларын, сепсистерді тудырады. Организмнің жалпы улануы байқалады. Ауруды тарататын негізгі көз – ауру жануарлар.

Негізгі белгілеріне қарай септикопиемияны, қаңғырма пиемияны, желін қабынуын және жалпы пиемияны ажыратады.

Колибактериоз – қоздырғышы ішек таяқшасы. Көбінесе тышқандар, теңіз шошқалары, көжектер жиі ауырады. Негізгі жұқтыру көзі – ауру жануарлар. Жануарлардың әлсіреуі, азықтың құнарсыз болуы, лас су, кокцидиоз инвазиясы, гельминтоздар және басқа да факторлар аурудың пайда болуына және дамуына әсер етеді.

Пневмококкоз. Қоздырғышы – пневмококктар (Streptococcus pntumoniae). Көптеген лабораториялық және басқа да жануарлардың, адамдардың іріңді-қабыну процесстерінің себебі болып табылады.

Псевдотүберкүлезбен үй қояндары, теңіз шоқалары, тышқандар ауырады. Аурудың тарайтын көзі қоздырғышпен ластанған азық, төсеніш, топырақ, ауру малдың нәжісі. Барлық жастағы жануарлар ауырады, Ауру көбінесе ас қорыту, сирек тыныс алу жолдары арқылы жұғады. Аурудың белгілерінің ерекшеліктері жоқ. Кей кезде өте ауыр түрде жүреді.

Түберкүлез. Қоздырғышы – Mycobakterium tuberculosis, M. вovis. Ауру ауа-тамшысы, шаң-тозаң; кейде ас қорыту жолдары арқылы жұғады. Негізгі көздері – ауру малдар, ластанған азық пен төсеніштер, ауру малдың сүті. Жұғуы ауыз қуысы, сирек тыныс алу жолдары арқылы. Әсіресе шлабораториялық жануарлардың төлдері жиі ауырады.

Листериозбен жануарлардың көптеген түрлері және адам ауырады. Қоздырғышы – листерия микробы. Ауру ауру жануарлардың танау ақпасы, зәрі, нәжісі, іш тастаған кеміргіштердің ұрықтары, ластанған азық, су, төсеніш, инвентарь арқылы жұғады.

Теңіз шошқаларының плевропневмониясы. Қоздырғышы – диплококктар тобының микробтары. Көбінесе жазғытұрым және күзде байқалады. Ауру жануарлардан тарайды және ылғалдылық, жел өті, санитарлық ластық, құнарсыз азық, бациллотасушылар аурудың тамуына себеп болады.

Бактериялық індеттерді микробиологиялық жолмен анықтауда бактериоскопиялық, бактериологиялық, серологиялық, биологиялық және т.б. зерттеулер қолданылады. Олардың ішінде қоздырғыштардың таза культураларын алып, саралайтын бактериологиялық әдіс нақтылы әдіс болып саналады.

 

Саңырауқұлақтар тудыратын аурулары (микоздар).

 

Олар қоздырғыштарының биологиялық ерекшеліктеріне, даму процесстеріне, клиникалық белгілеріне қарай әртүрлі болып келеді. Негізгі топтары:

1. Дерматофиттер – тері және оның туындыларының ауруларының қоздырғыштары;

2. Кандида түрінің саңырауқұлақтары – терінің, кілегей қабықтардың, сирек ішкі ағзалардың аурулары – кандидоздарды және кандидомикоздарды тудыратын қоздырғыштар.

3. Криптококктар, гистоплазмалар, бластомицеттер, кокцидиоидтар және көгерткіш саңырауқұлақтар - әртүрлі ағзалар мен тіндерді жарақаттайтын терең микоздардың қоздырғыштары.

Лабораториялық жануарларда кең тарағандары құрғақ теміреткі, аспергеллез және т.б.. Ал азықтарда – сапролегниоздар (дерматикоздар).

Құрғақ теміреткі лас, жоғарғы ылғалдылықты жерлерде кездеседі. Қоздырғышы дерматофит саңырауқұлағы терінің сыртқы, шаштың қаптарына кіріп жарақаттайды. Онымен барлық лабораториялық жануарлар, ауылшаруашылық малдары, аңдар және адамдар ауырады. Әсіресе тышқандар, үй қояндары, барлық жануарлардың төлдері өте сезімтал болып келеді. Лаборатория жануарлары олардың екі түрлерімен – трихофития және микроспорья түрлерімен ауырады. Трихофитияның негізгі тасымалдаушылары - дала және үй тышқандары, егеуқұйрықтар және басқа да кеміргіштер; ал микроспорийлердікі – мысықтар. Ауру ауру жануарлардан, ластанған заттардан жұғады.

Қоздырғыш барлық жерлерде кең тараған, жылдың кез келген мерізімінде кездеседі.

Аспаргиллез (пневмомикоз). Қоздырғышы сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларына төзімді көгерткіш саңырауқұлақ – аспергиллюс. Көзі – қоздырғышпен ластанған азық, төсеніш, ауа, қолданылатын заттар. Әсіресе көгерген асхана қалдықтары, ластанған құрғақ шөп және т.б..

 

Инвазиялық аурулар.

Қарапайымдылар тудыратын аурулар.

 

Оған жататындар: дизентерия амебасы, малерия плазмодийі, лейшмандар, токсоплазмоздар және басқалары. Олардың көпшілігі сыртқы ортада, иелерінің және тасымалдаушыларының организмдерінде әртүрлі пішінде кездесетін, өздеріне тән даму циклдері бар торша ішінің тоғышарлары. Көп тараған ауру кокцидиоз. Оның қоздырғышының әртүрлі жануарлар организмінде өз ерекшеліктері бар.

Кокцидиоз – қоздырғышы бір клеткалы қарапайым кокцидии-тоғышар. Олардың тарату көздері ауру жануарлар, тасымалдаушылар. Әр түрлерінің өз ерекшеліктері бар. Мысалы: үй қояндары олардың 10 түрлерімен ауырады. Олардың 9 – ы ішектердің кілегей қабықтарында, ал 1-уі бауырда өмір сүреді. Үй қояндарында кокцидиилерді организмде сақтау кең тараған.

Ауру ластанған азықтар, су, топырақ, төсеніш, инвентарь арқылы беріледі. Екі түрі – ішек және бауыр түрлері кездеседі. Бірақ көбінде аралас түрін ажыратады. Үй қояндарында эпизоотия ретінде де кездеседі.

Гельминттер тудыратын аурулар.

 

Мұндай аурулар кең тараған. Лабораториялық жануарларда пассалуроз және цистицеркоз аурулары жиі тіркеледі.

Пассалуроз. Қоздырғышы жұмыр құрт – пассалура. Жануарлардың тоқ ішектерінде мекендейді. Көзі - қоздырғышпен ластанған нәжіс пен ішетін су. Қоздырғыштың аналықтары көтенішектің қыртыстарына жұмыртқа салады. Ол жер қатты қышиды. Көбінесе үй қояндарында кездеседі.

Цистицеркоз (финноз). Қоздырғышы жалпақ құрт – цестодтың личинкасы. Негізгі таратушы иттер. Олар нәжісі арқылы тоғышардың жұмыртқаларымен азықты, суды ластайды.

Кенелер тудыратын аурулар (арахноздар).

 

Олардың ішінде көбірек тарағандары – қышыма және құлақ қотырларының қоздырғыштары.

Қышыма қотыр (саркоптоз, нотоедроз). Қотыр кенелері тудыратын ауру. Жануарларға аурулар, сайман-мүліктер арқылы жұғады. Теріге еңген кенелер қабыну процессін тудырады, қатты қышу пайда болады, жануарлар қатты тынышсызданады, тәбеті жоғалады, өлім-жітімге ұшырауы да мүмкін. Диагноз клиникалық белгілері және тері қырмасын микроскоппен тексеру арқылы қойылады.

Құлақ қотыры. Қоздырғышы тері үстінде өмір сүретін кене. Барлық лабораториялық жануарлар, әсіресе үй қояндары жиі ауырады. Жұғыуы жоғарыдағыдай. Құлақ қалқанының тұсында қышыма, экзема пайда болады. Ауру асқынғанда құлақтың дабыл жарғағы, орта құлақ, ішкі құлақтар жарақаттанады. Егер ми қабы жарақаттанса, онда жануарлар өліп кетуі мүмкін.

 

Жұқпалы емес аурулар.

 

Лабораториялық жануарлардың жұқпалы емес ауруларының себептері өте көп. Олар: ас қорыту, тыныс алу жүйелерінің, көздің аурулары; үсіну, күн және жылу соққыларына ұшырау; мешел, авитаминоздар т.б. болып кездеседі. Бұл аурулардың көпшілігі жануарларды күтіп-бағудың, азықтандырудың, эксплуатацияға пайдаланудың дұрыс болмауынан туындайды.

Ас қорыту жүйесінің ауруларына: іштің және ішектердің кебуі, асқазан мен ішектердің кілегей қабықтарының қабынулары жатады.

Пододерматит. Жануарларды тор көзді едендерде ұстағанда пайда болатын ауру. Әсіресе артқы аяқтың төменгі жақтарының жүндері түседі, ол жерлері қотырланып, ойылады, жара пайда болады. Кейде іріңді жарадан сепсис құбылысы туындайды. Жануарлар өліп кетуі де мүмкін.

Тыныс алу жүйесінің аурулары көбінесе суықтықтан пайда болады. Олардың ішінде танау қуысының кілегей қабының қабынуы – ринит, бронхит, өкпе мен плевраның қабынулары жиі кездеседі.

Күн көзінің және жылулық соққылары. Ыстық күндері күн көзінде қалғанда, организм қатты ыстықтағанда, жануарларды тығыз, қапырық, жоғарғы ылғалды жайларда ұстағанда; желдеткіш болмағанда, ұзақ уақыт тасымалдағанда т.б. жағдайларда кездеседі. Айырмашылықтары: күн көзінің соққысын орталық жүйке жүйесіне тиеді, ал дене қызуы көтерілмейді; жылулық соққысында ол барлық организмге тиеді және дене қызуы көтеріледі.

Үсіну төменгі температураның әсерінен құлақ, төменгі аяқтардың қан тамырлары жіңішкереді, қан айналу процессі бұзылады, температура реттелмейді. Ұзақ уақыт әсер еткенде организмнің жеке бөліктері ғана емес толықтай үсінуден жануар өліп кетуі мүмкін.

Үсінудің үш сатысын анықтайды: жеңіл түрі – ісіну, ауырсынғандық байқалады; орташа түрі – күлдіреуіктер пайда болады, олар жарылғанда орнында жазылмайтын жара қалады; үшінші түрі - өлі еттену, бөліну процессі.

Конъюнктивит – көз кілегей қабығының қабынуы. Көздің шаң-тозаңмен, ұнтақпен, құммен т.б. заттармен ластануы; әртүрлі өткір заттармен жарақаттануы; азықта А витаминінің жеткіліксіздігі. Жеңіл және іріңді түрлері кездеседі. Көзге ақ түсіп, кератитпен асқынады.

Мешел. Азықта Д витамині, кальций мен фосфор тұздары жеткіліксіз болғанда, организмде фосфор мен кальцийдің алмасуы бұзылғанда дамитын ауру. Аяқ сүйектерінің, омыртқаның қисаюымен; буындардың жуандауымен; жануарлардың өсіп-өнуінің төмендеуімен сипатталады.

Авитаминоздар. Лабораториялық жануарлар үшін А, В, С, Д, Е витаминдерінің маңызы өте зор. Олардың ішінде үй қояндары мен теңіз шошқаларына А, В, С, Д; ал егеуқұйрықтар мен тышқандарға А, В, Д, Е витаминдері өте қажет. Үйткені олар С витаминін өз организмдерінде синтездейді.

Негізгі себептері: азықта олардың аз, не болмауы; азықтарды дайындау, сақтау технологияларының бұзылуы, витамин антагонистерінің болуы, жарықтың жеткіліксіздігі, ультракүлгін сәулесінің кемшілігі, қараңғы жай т.б. факторлар.

Лабораториялық жануарлардың ауруларының пайда болу себептерін талдай келе олардың ішінде төрт басты шешуші факторларды атап өтуге болады:

  1. Әр жануарлардың организмдеріндегі генетикалық текті жетілдіру;
  2. Толық қанды азықпен қамтамасыз ету;
  3. Әр жануардың биологиялық ерекшеліктерін ескере отырып оларды күтіп-бағудың жағдайын реттеу;
  4. Жануарларды тиімді пайдалануды үнемі қатты қадағалап отыру. Ол жануарлардың ветеринариялық ғылымды дамытудағы ролінің келешегін айқын дәлелдеп көрсете білу.

Лабораториялық жануарларды аурулардан сақтандыру үшін:

    • санитарлық-гигиеналық ережелерді қатты сақтау, бақылауда ұстау;
    • жануарлар тұрған жерді, ауаны, құрал-саймандарды, азықтарды, төсеніштерді зарарсыздандырып отыру;
    • жануарларды күтіп-бағудың оптимальды жағдайын түғызу;
    • карантиндік шаруаларды дұрыс жүргізу;
    • ауру жануарларды уақытында аластап отыру керек.

Қазірде лабораториялық жануарлардың індетті және инвазиялық ауруларының 100 түрлері сипатталған. Жануарлардан адамдарға аурулар жұқпас үшін оларды күтіп-бағушы адамдар жеке басының гигиенасын сақтап, жүйелі түрде медициналық тексеруден өтіп отырулары керек.

Лабораториялық жануарларға мұқтаждықты толық қамтамасыз ету үшін көптеген мемлекеттерде жеке шаруашылықтар – лаборатория шаруашылықтары бар. Оларға арнайы кадрлар дайындау, қажетті базалармен қамтамасыз ету мәселелері шешілген. Міне осындай жағдайда ғана лабораториялық жануарларды пайдалануды дұрыс жолға қоюға болады.

 

Тақырыбы: Ветеринариялық лабораторияда жұмыс істеу тәртібі.

Сабақтың мақсаты: ветеринариялық лабораторияның бөлімдерімен және оларда жұмыс істеу тәртібімен таныстыру.

 

Ветеринариялық лаборатория (латынша Laboro – работаю, жұмыс істеймін) - әртүрлі объектілерді, олардың қасиеттерін, құрылымын, оларда болатын химиялық және биологиялық процесстерді зерттейтін мекеме.

 




Поиск по сайту:

©2015-2020 studopedya.ru Все права принадлежат авторам размещенных материалов.