Помощничек
Главная | Обратная связь


Археология
Архитектура
Астрономия
Аудит
Биология
Ботаника
Бухгалтерский учёт
Войное дело
Генетика
География
Геология
Дизайн
Искусство
История
Кино
Кулинария
Культура
Литература
Математика
Медицина
Металлургия
Мифология
Музыка
Психология
Религия
Спорт
Строительство
Техника
Транспорт
Туризм
Усадьба
Физика
Фотография
Химия
Экология
Электричество
Электроника
Энергетика

Белге алдаспан байландым,



Сарамжақ садақ қолға алдым.

– деуі соны аңғартады.

Айдостың қысқа өмірі ат үстінде, қанды жорықтарда өткен. Толғау жырларындағы Қабанбай, Матай–Шөңкей, Көкжал Барақ, Шынқожа, Ер Еспембет қосындарында сарбаз болғаны сезіледі. Әйтсе де батыр–жырау көбіне–көп Ақтанберді мен Шынқожаға жақын жүрген сияқты...».

– «Баяғы қалмақ жоңғар шапқыншылығы заманында біздің Қожакелді бабамыз батыр болыпты. Бір күні жас өспірім бауыры Ерназар бір тойда біреумен ерегесіп бір ұрғанда ана жігіт өліп кетіпті. Ағайындары: «енді қайттік, ағасы Қожакелді батырға не айтамыз?», – деп қиналыпты, сонда да: »сіздің бауырыңыз тойда ерегесіп біреуді өлтіріп тастады»,– дейді. Сонда Қожакелді батыр: «е, менің бауырым кісі өлтіретін шамаға жетіпті ғой!», – деп қуанғанынан ат шаптырып, ұлан асыр той жасапты.

Жаугершілік заманда қол бастайтын, ел қорғайтын жасты ел ішінен ерте тауып, сынап тәрбиелеп, оған қарт батырлар ту ұстатып, сауыт – сайманын тапсыратын, көптің алдында бата беретін салт болыпты.

Сол кезде Қожакелді, Ерназар батырлар, рудың ұлы қариялар мен игі жақсыларын жинап алып: «Біз қартайдық. Туманың туын кім ұстайды. Кімге тапсырамыз?» дейді. Жиын топтың ішінен бір жігіт Қожакелді батырдың алдына келіп: «Уа батыр аға, өзіңізбен бірге Төлендіқараның үйінде түстенгенімізде, Жаманкөзден қалған Шыңқожа деген бір жанып тұрған баланы көріп едік қой! Атымызды байлап, есік ашып, қолға су құйып, орамал ұсынып жүрген сол баланың бітімі бөлек, адамның қарай бергісі келетіндей бала еді. Сіздің туыңызды ұстауға сол лайық!», – дейді.

Қожакелді батыр қасына нөкерлерін ертіп, Жаманкөздің ауылына Төлендінің үйіне түседі. Аттанар алдында: «Осы үйде бір бала бар еді, ол кайда?» дейді Қожакелді батыр. Төленді төмен қарап күмілжиді. Сонда Төлендінің әйелі; «Ағалар, бұл бауырларыңыз жүзі күйіп, сіздерден қорқып үндей алмай тұр» дейді де, болған жайдың бәрін, баян етіпті.

Төлендіқара ұрлық жылқыдан үлесіне тиген бір ту биені қара күзде жығып алады. Жылқы етінің иісін түстік жерден сезетіндер болады ол күнде. Елге білдірмей, ұрлық жылқыны иісін сездірмей жеу керек. Жер тошалаға жасырып отырған биенің бір кесек майын Шыңқожа істікке шаншып, отқа ұстап, пісіріп жемек болады. Шыжыған майдың иісі мұрнына келген Төленді үйден атып шығып: «жетім ит» – деп Шыңқожаның қолындағы май шанышқан істікті жұлып ап, баланың бетіне басады. Ыстық майға өңін де бұзбаған, көзін де жұмбаған бала сол түні жоғалып кетеді.

Шыңқожа бала сол кеткеннен мол кетіп Ташкент асып кетеді. Өстіп алты жыл өтеді, Шыңқожа өнерлі, өрімдей жігіт болған кезінде өзбек ханының әскер жасағында сарбаз болады, ірілі ұсақты соғыстарда ерлігімен және соғысты басқару, әскерлерді соғыста ұйымдастыра білу қабілетімен ерекше көзге түсіп, біртіндеп он басы, жүз басы, мың басы содан өзбек хандығының жасағының түмен басы қызметіне тағайындалып, батырлық, қолбасшылық атағы алыс-жақын көрші елдерге жайылады.

Шыңқожаның хабарын біле алмай жүргенде, оның батырлық атағы мен даңқ-дақпырты Қазақстанның қиыр шетінде, елдің шетінде, жаудың өтіндегі Тарбағатай өңіріне де жетеді. Қарт Қожакелді батыр бауыры Шыңқожаны іздеп Ташкент қайдасың деп тартып береді.

Өзбек ханына келіп: «Бауырымды қайтарып бер, өзіммен бірге ала кетемін», – дейді. Хан бермейін десе, нақ бауыры екенін біліп тұр, берейін десе бұндай батырды, әскербасын қайдан табады. Хан беруге қимай: «Мың сарбазды бірдей киіндіріп, екі сапқа бөліп қарама қарсы тізіп қоямын, солардың ішінен бауырыңды дөп танып алсаң ғана қайтарамын, танымасаң саған жоқ, келген ізіңмен кері қайтасың» деген шарт қояды. Қожакелді батыр бұл шартты қабыл алады. Сонан кейін Қожакелді батыр самсап тұрған қалың сарбаздың ортасынан атымен құйындата шауып, екі жағына кезек-кезек теңселіп: «Бауырым Шыңқожа! Шыңқожа!» – деп ұран тастайды. Сол мезетте ұранды естіп қаны қызып, туған жерін аңсап, сағыныштан сарғайып жүрген Шыңқожа батыр да: «ағекем, ағакем, бармын, бармын!» – деп Қожакелді батырға қарсы шабады. Екі ағайынды батырлар өстіп табысқан соң, өзбек ханының амалы құрып Шыңқожа батырды ағасы Қожакелді батырға қосып береді.

Содан бері бүкіл Тума баласының соғыстағы ұраны «Шыңқожа» болып қалды, әлі де осы ұран. Қырық жыл созылған қанды шайқаста Шыңқожа батыр Туманың қолын бастап қазақ жасағының бас қолбасшысы Қабанбай батырдың қосынында болды.

Қатты бір шайқаста аз адаммен қоршауда қалған Шыңқожа батыр құтылмасын біліп, өзінің бас бармағын қылышпен шауып алып, атының ер тоқымының жапсарына қыстырып атты айдап жібереді, ат үріккен бойы батырдың туған жеріне келіп басын тірейді. Сол кезде аттағы күректей бас бармақ Шыңқожа батырдікі екенін танып, серіктері осы бас бармақты Аякөз ауданы, қазіргі Шыңқожада ауылындағы биік төбенің басына арулап жерлеген.»

107 жасқа келіп дүниеден өткен Саңқайбай ата туралы естелік

– Данабек ата, сізге өзім көрген, куә болған – өзіңіздің нағашыңыз, менің атам Саңқайбай Есімұлы туралы бір оқиғаны айтып берейін.

– Ой Әсет балам, бүгін сен менің құлағымның құрышын қандыратын болдың ғой. Осы әңгімелерді жадыңа сақтап айта білгенің үшін өзіңді Алла қолдап, ата бабаңынң аруағы қоршап жүрсін!

– Әумин, тілегіңіз қабыл болсын!

– Менің атамның әкесі он ағайынды болыпты. Арғы бабаларымыз: Қаракерей, Байыс, Тума, Ақша, Қарабас, Қожакелді, Көкі, Қылқабай, ал Қылқабай ұлы Босқынбай атамыздан он ағайынды ұл: Нысанбай, Жолбарыс, Аблан, Қабылан, Есім, Өмір, Естемес, Отаршы, Малшы, Қасен екен. Солардың төртеуінің ұрпақтары бармыз. Сол ұрпақтарының біреуі менің атам Жолбарысұлы Мұқашбектің бауыры, Есімұлы Саңқайбай атаны 100 жасында Науалыда бір бауырымыз Мақышұлы Солтансейіттің жаназасында кездестірдім. Саңқайбай ата 104 жасында Аякөзде үлкен баласының қолында біраз ғана сырқаттанып жатып көз жұмды. Саңқайбай атамыздың өңі шырайлы, бойы екі метрден астам, қақпақ жауырынды, батыр тұлғалы, денесі тіп-тік, жүрісі серіппелі, әскери адамдардікі сияқты аршынды екен. Аузындағы тісі түгелдей бүтін, қимылы жас жігіттердікі сияқты ширақ, көз жанары өткір, құлағы сақ. Түрі жетпіске енді ғана толған адам сияқты.

Мен барып танысып өзімнің Жолбарысұлы Мұқашбектің немересі екенімді айттым. «Ә, мен сенің атаңды, өзімнің ағам Мұқашбекті жақсы білемін, 1937 жылы нахақтан ұсталып, атылып кетті-ау, есіл ер! Оның бар жазығы молла болып Құдайға сенгендігі мен ауқатты жеке шаруа жер иесі және көзі мен көкірегі ашық болғандығында ғана болды ғой. Қайта жақсы, ағайымның көзі Ризадан сендер өсіп жетіліпсіңдер, бұғанда шүкір» – деп мені бір желпінтіп алды. Сонан кейін өзінен кәрі бір шалды әкеп менімен таныстырды «Әсет, танысып қой Құрман деген ағаң болады, менің 78 жастағы екінші балам» дегенде, жас шалдың өзінен 10-15 жас үлкен шалды ұлым деуі маған біртүрлі ерсілеу күлкілі сяқты, күлейін десем екі шалдан ұят, күлмейін десем бұрын соңды мұндайды естіп көрмеген басым, күлкі қысып әкетіп барады. Қыстығып, қымқырылып күлкімді әзер дегенде тежедім. Ол кісінің тағы бір ерекшелігі аузына келген сөзді, ойды мәймөңкелемей тура айтады екен. Осы жаназада ауылдың ақсақалдарының ішінде «аяқтыға жол, ауыздыға сөз», төрден орын бермейтін дегендей балапан шалдардың ішінде шоқтықтары биік, жастары 80-нің о жақ, бұ жағындағы Есетай, Нұртаза, Төлеген т.б. ауылдың қадірменді кәриялары отырған. Саңқайбай ата: «Әй балалар, немене бос сөйлеп отырсыңдар», – деп саңқылдаған даусымен бір тисіп өтті. Ана шалдар жасын силағандікі ме білмеймін, бәрі де таяқтарымен жер шұқылап, молданың алдындағы шәкіртке ұқсап, төмен қарап бұқпынтайлап үндемей отыра берді. Өзінен кәрі, таяққа сүйеніп орнынан әзер тұрып-отыратын, аяқ қолдары селкілдеп берекесі кетіп жүрген өлмелі ақсақалдарды өздерінен жап жас адамның «бала» деп айтқанына енді күлмеске шарам қалмады. Былайырақ шығып өзіме өзім келгеннен кейін: «Ата, сіз осы денсаулыққа қалай жеттіңіз, осының құпиясы неде?», деген сұрақ қойдым.

Үйірілген сары алтындай сары қымыз,

Ауруға – ем, сауға қуат, дәрі қымыз.

Елімнің ең сүйікті асы болдың,

Шығаршы тағы нең, бар кәні, қымыз! Жамбыл Жабаев

Менің екі жұдырығым бір уысына сиып кететіндей, еті қашпаған күректей алақанының салалы саусақтарымен сақалын сипап тұрып: «Біз ауқатты тұрдық, 1932 жылы кәнпеске басталғанда үркінді болып, бас сауғалап Қытайға өтіп кеттік. Ол жерде байларда малайлықта болдым. Егін суғардым, шөп шаптым, бидай ордым. Осы жаққа келгенде де әлі күнге дейін қара жұмыстан қол үзіп көрген жоқпын, малға шөпті өзім дайындаймын, тыным таппайтын мазасыз адаммын. Бос отыра алмаймын. Өмірімде арақ, темекі дегенді аузыма алып көрген пенде емеспін. Бие байлап қымыз сауамын, айына екі қабат саумал ішіп ішімді тазалаймын. Бірақта өмірімді серілікпен өткіздім, кездескен көлбең етектіні құр жіберіп көрген емеспін. Атаң жүзге келсе де әлі қауқары бар», – деп біркелкі жарқырап тұрған аппақ күрек тістерін көрсетіп, қулана жымиып қойды.

Науалы ауылының тұрғыны Жұматай Абылханның баяндауы бойынша, әкесі қадірменді қария Нұртаза Абылхановтың жас шағында бір еркек қойдың етін ерегесіп түгел жеп қойып «Найманның тажалы атануы» туралы әкесінің айтқан әңгімесі.

Абылхан Жұматай 40-тың қырқасына шыққан, қамал алатын жасқа келген шымыр денелі, аса қайратты, қара торы, мейірбан өңді, сұңғақ бойлы, терең ойлы, әр сөзін салмақтап сөйлейтін, айтқан уәдесіне құрыштай берік, алған бетінен қайтпайтын, қайсар да, жаны жомарт, мінезі кең жігіт ағасы. Тағы бір ерекшелігі, қазір Қытайдың Гоньжоу қаласындағы «Азия мост» компаниясының президенті жан досы Ахметбек Нұрсиленов екеуі де Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жатша соғады. Өздері суырып салма ақын, жан жақты дамыған, салауатты өмір салтын ұстанатын, ірі кәсіпкер жігіттер. Жұматай заман ауысқанда, досы әрі әріптесі Әнуар Мұхаметжанов екеуі бұрынғы талқаны шыққан Талдықорған облысы, Панфилов ауданының іргелі шаруашылығы болған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Головацкийден қалған, талан-таражға түскен мүліктерінен бір жүгері өңдейтін зауытты сатып әкеп іске қосып, қазір жүгері тұқымының гибридін өсірумен шұғылданады. Аталық пен аналық жүгерінің тұқымдарын өздері егіп будандастырады. Былтырдан бастап академик Рахым Алмабекұлы Оразаливтің сорт сынайтын тірек бөлімшесі, бидайдың асыл тұқымдарын өсірумен, көбейтумен де шұғылдана бастады. Шығыс Қазақстан өңіріндегі ірі жеке шаруа қожалығы «Науалы жүгері зауытының» және «Әділет» шаруа қожалықтарының иелері, әрі демеушілері. Ауыл халқының көпшілігіне жұмыс тауып беріп отырған – елім, халқым деп жаны ашып, сол халықты қорғай да білетін абзал жандардың бірі.

– Әкем Нұртаза 86 жасында өмірден өтті, соңғы кезге дейін тамақты жақсы ішті. Өмір бойы жылқының етін айтпағанда, қазы қартасы мен қымызы бір күн де алдынан кетіп көрген жоқ. Марқұм, дене қимылы ширақ өте еңбоққор, шежіре, оқымаса да санасы өте жоғары, ғұлама шешен, сөзге жүйрік, көкірегі ашық, көрген–түйгені мол, өткен ғасырдағы қазақ билерінің асыл сынықтарының бірі еді. Соңғы жылдары ғана майлы, тұзды тамақтарды көп жегендіктен аяғынан жөнді баса алмай, қимылы баяулап, шау тартып қалды. Бұл кісінің тағы бір кереметі, неше түрлі қисса–дастандарды мүдірмей жатқа соға беретін және де әңгіме айқанда майын тамызытып, тыңдаған адам өзін бейнетаспа көріп, оқиғаның ішінде өзі бірге араласып жүргендей әсер алушы еді. Тағы бір ерекшелігі, айтқан әңгімесін қайта айтқызссаңыз бейне үн таспаға жазып алғандай үтір, нүктесіне дейін өзгеріссіз сол қалында қайталап айтып беруші еді, жарықтық. Егер тамақ мәзірін дұрыс сақтап ішкенде 100...120 жыл ғұмырды жасар еді–ау!» Оның үстіне соңғы 2...3 жылда, құрдастарым кетіп қалды, сөйлесетін адам жоқ деп сары уайымға өзін-өзі салып, намазын оқып болғаннан кейін: «Алла осы өміріңе разымын, бүгін алсаңда ризамын», – деп Жаратушыдан бақи өмір тілейтін және өзін осыған иландырып та алды ғой деп ойлаймын.

Менің әкем Нұртаза Қытай жерінде жас күнінде ағаш шебері, ұсталық, тері илеу мен қайысшылық өнерлерін игеріп, саудамен де шұғылданды. Жалпы саудагерге тән әдет, таразыдан жеу, кісі ақысын қағу деген ұғымдарға жан-тәнімен қарсы болды. Өмірінде темекі шегіп не арақ ішіп көрмеген пенде. 80 жасқа дейін жылқысына, малдарына шөпті өзі шауып, арбасымен тасып жинайтын.

Өз ағасын ағаламаған, кісі ағасын жағаламайды. Қазақ мақал–мәтелдері

Менің әкемнің туған ағасы Нұрахмет Абылханов – 1918 жылы генерал Бакиш әскерінде болды. Серкешті (Черкасск) қызылдар алғанда Дмитриев деген орыс екеуі Бұратолаға өткен. 1928 жылы кәмпескеге жатқызылып, салығын табуға он күн мұрсат берілген. Нұрахмет бір түнде шекарадағы әскермен атыса жүріп, бала-шағасын, бүкіл Құдасты Қытайға өткізіп әкеткен.

Қырқыншы жылдары Үрімжі түрмесінде ақын Таңжарықпен бірге жатады. Тума Әмірұлы Сәлістің көмегімен босап шығады. Сол жылы Дөрбілжінде Төртуылға үкірдай болады. Нұрахмет – «Аю ата» атанған.

Енді әкемнің өз аузынан естіген әңгімелерімнің біреуін айтып берейін:

– «1952 жылы Қытайдағы Дөрбіжін қаласында 5...6 саудагер бірігіп семіз қой сойғызып, май жеп жарысатынбыз. Майды шайнамай жұтуды үйрендік. Сол кезде өзімнің ұн тартатын екі меншік диірменім болды, ал Ертістің бойында Керейлер жалпы астық екпейтін халық, апталап жатып менен ұн сатып алады. Сол жылы жұмыстарым да болып, оның үстіне: »Нүке келіп қонақ болып қайтыңыз», – дегеннен кейін Ертістің бойымен Алтайға қарай құлдап жүріп кеттім. Қыс кезі, күн еңкейіп қалған, шыңылтыр аяз, ымырт жабыла Исатолла деген бір Керей бар еді, әлгінің үйіне келдім. Мені көріп: «Ой, Нүкең кеп қапты ғой!» – деп бәрі жік-жаппар болды. Мені аттан түсіріп алып үйге кіргізді. Сол кезде Керейде көп нан болмайды, тары жейді. Ол кезде қазақ келген бетте жөн сұраспайды, үйдің иесі малдарын жөндеп далада жүр.Үйге келіп төрде отырғанымда, әйелі үлкен ағаш шары аяқпен толтырып бықтырып, бүктіріп тары алып келді. Аш келген адам әлгіні соғып алдым. Бір уақытта үйдің иесі мен әйелі күбірлесіп жүр, олардың тошаласы үймен қатар болады. Тошала деген ет сақтайтын жер.

Әйеліне ет салып жатқан кезде: »ағарған жағынан», – деп айтты. «Ә, ағарғаны не салады екен, жаңағы тарыны бекер-ақ жеппін» – деп ойладым. Етін салды, әңгімелестік, уақыт өтті. Олар негізінде екі-үш үйден ғана отырады, біраздан кейін көршісі келді, сәлем берді. Бәрі мені таниды, мен олардың көпшілігін танымаймын. Әйелі ет түсіріп, үлкен астаумен бірақ әкелді, оларда жайма салу деген болмайды. Қарасам, әйелі де бір мың болғыр адам екен, ағарған жағы дегенді өте дұрыс түсініпті, ылғи аппақ май, анда санда ғана бір қаракесек ет, бүкіл бір құйрықты ұшасымен бірге салған сияқты. «Әке-ау, қалай болар екен» – деп бір ойладым да, үй иесі, көршісі үшеуміз үш жақтап турадық. Қолға бір қара ілінбейді, үлкен қырма табаққа турап жатырмыз, турап жатырмыз әйтеуір бір уақытта турап біттік. «Ал енді жеңдер», – десем, әлгілер «Нүке сіз жеңіз», – деп табақты маған қарай итеріп қояды. «А, Найман шал аруағынан айналайын, мені қолдай көр! Керейлердің алдында ұятқа қалдыра көрме», – деп өзімді өзім бекітіп алдым.

«Адам тәнінде қарыннан жаман ыдыс жоқ. Бірнеше рет асаған тамақ адамға жеткілікті. Егер қажет болса, қарынның үштен бірін тамаққа,тағы үштен бірін суға, қалған үштен бірін тыныс алуға қалдырсын». Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)

 

Егер Қаракерей, Байыс, Тума деп жатса түк емес қой, бұлар Найман деп сөйлейді ғой. «Кеудесіне нан піскен жаман Найман, табағымыздың шетін оя алмай кетті», – деп айтады. Ол кезде Найман мен Керей арасында іштей бір тартыс бар, Керей негізі тау халқы, тары ғана егеді. Олай болса деп, ет түсер түспестен кірісіп кеттім. Бұрынғы үйренген әдіске салып майды жұта бердім, жұтып жатырмын, жұтып жатырмын, бір майдың да дәмін татқан жоқпын. Кеңірдегіме кеп қалған уақытта қозғалақтап қоямын, табақтың жартысынан аса табақты өздеріне қарай итердім, қаракесек ет жеген жоқпын. Үй иесі мен көршісі мен тоймай табаққа қол салатын түрлері жоқ, сүйек мүжіп өздерімен, өздері отыр. Әлгілерге ызам да келіп отыр, не болса да тағы да қозғалақтап қойып қайта кірістім. Табақ бітуге аз қалғанда, май өңеміше тұрып қалды. Әлгілерді әңгімеге айландырған боп, табақтағы майды түгел бітірдім. Қарасам екі шеңгел қаракесек ет қалыпты, не болса да деп бір шеңгелін аузыма тастап жібердім. Қаракесекті шайнап жеу керек, жүрегім лоқсыңқырап әлгілерге сездірмей үш қылқынып барып әрең жұттым. Қалған бір шеңгел ет, енді мен үшін уайым болды. Енді не істеймін деп отырғанда ойыма бірдеме сақ ете түсті: «Мына Найман аш келген бе деп, құдағилар сөгер, мынаны құдағилар жесін», – деп табақты ары қарай итере салдым. Әйелі де ана жақтан қарап отыр екен, келді де табақты іліп ала жөнелді. Керейлер әйелдерінен бөлек отырады екен. Сонымен сүйек мүжіп отырған үй иесі мен көршісі аш қалды, өздерінен өздері көрсін дедім. Шәй, сорпа келді, бір тегене құрт әкелді езіп, осы құртты ішіп алдым.

Бір уақытта жатар алдында денем өзінен өзі қызып дуылдай бастады. Кешке жақын Ертісті бойлап келе жатқанда су алатын ойықтарын көргенмін, атты қараған болып жаңағы ойыққа барып, бетіндегі қаймақ мұзды қағып тастап басымды салдым. Қаңтардың аязындағы мұзды суды басым мүлде сезбейді, басымды екі үш қабат малып алдым. Басымды шүберек белбеумен сүртіп, құрғатып түк болмағандай болып үйге келіп жатып қалдым. Бағана «ағарған жағы» дегенде арты қалай болар екен деп, таңертең ерте кетемін, ақша аударуым керек деп құлағына құя бергенмін. Маған не болса да ерте кету керек. Ағарғанның арт жағы қиын болатынын өзім сезгенмін, әйтпесе бір–екі күн жатайын деп келгенмін. Содан жаттым, не ұйықтап, не қойғанымды білмеймін, дөңбекшідім. Таңға жақын көзім ілінгендей болды. Таң алаң елеңде тұрып едім, әйелі де сақ екен, мен өйтіп-бүйтіп далаға шығып жуынғанымша бір шәугім шәйін қайнатып қойыпты. Бір шәугім шәйді аузымның күйер–күйгеніне қарамай ішіп алып атқа қондым.

Атқа енді міне берейін деген кезде кешегі көршісі сап ете түсті. «Ойбай Нүке, кететін боп қалдың ба? Сізді бір-екі, үш күн жатады деп ойлап едік», «мен жатайын-ақ деп едім, жатқызбасың жатқызбай бара жатыр», – дедім, бірақ ол оны түсінген жоқ. «Сіз ерте кетеді дегеннен кейін бір қуырдақ қуыртып қойып едік», – деді. Аттап өтуге болмайды, еріксіз үзеңгіден аяғымды алып үйіне кірдім. Үйіне кіріп едім, сиырдың ашты қуырдағы екен, ек-үш қарбытып жеп жіберіп, екі-үш кесе шәйін ішіп алып атқа қондым. Күн шықпай шығып кеттім, еңкейсем болды май жетіп келеді, әлі өңешімде тұр, шалқайыңқырап қойып жүремін.

Қаңтардың аязы, денем өзінен өзі қызып аязды елейтін емеспін. Қалың үлкен ішігім бар еді, оны бөктеріп алдым. Жұқа ішігімді ғана киіп, тымақтың құлағын көтеріп байлап алып жолмен келе жатырмын. Керейлер жарты не бір шақырым жерде жол бойлай екі-үш үйден отырады. Жол Ертісті бойлап жүреді. Көрген адамдар бір біріне айқайлайды: »Қараңдар ананы, Иса келе жатыр, Иса келе жатыр!», – Онысы Иса пайғамбар дегені, Иса аязда жеңіл киіммен жүре береді деп естігендері бар шығар. Енді біреулері, есі дұрыс емес деп күлсе, көпшілігі мына аязда қалай жүр деп, аң-таң қалады. Мен өз қайғыммен өзіммен өзіммін. Алтай жерінің Ертіс бойында қаңтардағы аязы 45...50 градустен кем болмайды. Күні бойы жүріп, түс ауған кезде өңешіме жетіп келетінін қойды. Күн еңкейген кезде өзіме-өзім келіңкіредім.

Құмық деген сыралғы, өзіммен құрдас досым бар еді, әлгінің үйіне қарай тарттым, не де болса соның үйіне соғайын, өлсем осында өлейін деп. Аттан теңселіп түстім, Құмық мені көре сап: »Ой, Нүке кеп қалдыңыз ба?», – деп әлгі жерде жік-жаппар болды. Атты байлап, әйеліне: »Тамақ сал»,– дей бергенде қолынан шап бердім. «Мен өзім жол соқты ма, тамақтан ұшындым ба, тамақ деген сөзді айтпаңдар», – деп, ет деген сөзді естісем жүрегім айныйды. «Мен түкте ішпеймін», – деп сұлқ барып жаттым. Олар: »қиын болды–ау қонақтың аурып келгені», «енді осылай болып тұр, қатты ауырып тұрмын, тамақ туралы сөз айтпаңдар, қара шәй ішем де жатамын». Содан тұра алмай екі күн жаттым. Екінші күні күн еңкейе Құмық аттан түсіп жатып күлді: »Ой Нүке, сіздің ауруыңыздың хабары келді, Исатолла хат жазып жіберіпті. Ертісті бойлап Найманның тажалы кетіп бара жатыр, сақтансын, ұятқа қалмасын!». Исатолла біраз көтеріңкіреп жазыпты, бір еркек қойды түгел жеп кетті деп. Құмық досым күледі: «Биыл соғымымыз арық еді, енді ұят болды не істейміз?». «Ой соғымың да бар болсын, өзің де бар бол, үндеме», – дедім. Сол үйде 4...5 күн жаттым, 3-ші, 4-ші күні ғана кішкене-кішкене бір жапырақ, екі жапырақ қаракесек жеуге шамам келді. Әбдән тынығып болғаннан кейін ғана осы үйден қозғалдым. Содан бері май жеуден қалдым.

Сұрақ: – Рахым Алмабекұлы осы әңгімеден қандай түйін шығарар едіңіз?

Жауап: – «Күшті сақтау үшін жеу керек» – деген көзқарас қалыптасып қалған. Осының санаға сіңіп қалғаны сонша, біз күніне 3 қабат тамақтануымыз қажет екеніне өте сенімдіміз. Біз тәбеті жақсы, ашқарақ адамдарды денсаулығы мықты адамдар деп есептейміз. Біз сауығу үшін тамақты көп жеуін қолдаймыз.

Әр түрлі тағамдарды ұзақ зерттеуімнің нәтижесінде, бұл жәй әдет емес екені туралы көзқарас қалыптастырдым. Аштықты басу үшін, дене асқазанын не болса сонымен толтырып алады. Бірақта тамақтың бір түрімен мықты, сау, күшті жас жасаушалар жасауға болады, ал екінші түрімен әлсіз, ауру, ағзаның жұмысын қалыпты қамтамасыз ете алмайтын жасаушаларды құруға болады. Біз «жақсы» тамақтанатын адамдарды жиі көреміз, бірақта олардың жағдайлары жақсының ауылынан алыс. Ас қорту жүйесіне тамақ молынан барып жатса да, терісінің түрі нашар, бұлшық еттері болбыраған, қуаты төмен.

Адам өзінің тамағын өңделмеген қалпы тікелей табиғаттан алып тұрған заман болған. Ол уақыттарда адамның, өзінің денсаулығына қажетті тамағын табиғи түрде іріктей алатын мүмкіншілігі болған. Не жеу керек екенін ішкі даусы айтып тұрды. Осы дауысты болмыс немесе басқа деп атауға да болады, бірақта адамның көне дәуірінде осы керемет көмектескен.

Нұртаза ақсақалдың әңгімесінен байқайтынымыз – өткен ғасыр ортасындағы қаймағы бұзылмаған қазақтардың салт дәстүрі, мінез–құлықтары және тамақтану мәзірі. Біздің халық табиғатынан мықты болса да ұзақ жасамаған. Қазір тіпті де, себебі тамақтану дұрыс емес. Әңгімеде айтылғандай Нұртаза ақсақал намыс үшін көп жеп қойып артық тамақтан уланып 4...5 тәулік тұра алмай қалған. Тек табиғат берген ерен денсаулықтың арқасына ғана аман қалған. Осындай денсаулықтары мықты ақсақалдарымыз тамақты тартына ішсе сөз жоқ 100 ...120 жыл өмір сүрер еді. Әне өзің жоғарыда айтып өткен Нұртаза ақсақалдың досы, 95-ке келген Данабек ақсақал кешке мүлдем тамақ ішпейді екен, тамақты еш уақытта тоя жемейді, ал оның шешесі 107-ге келген Захария әжеміз де сол сияқты тамақ мәзірін ұстанумен қатар 107-ге келгенше тыным таппаған, ал Захария әженің туған бауыры 104-ке келген Саңқайбай атамыз саумал мен айына екі қабат ішін тазалап отыруымен қатар, ол кісіге де тынымсыздық тән қасиет болған.

Қазақтан тұңғыш «Щука» сүңгуір соғыс кемесінің командирі болған, 2–ші рангалы капитан Ахмадиев Сабыр ағаның естеліктері:

Ескерту: Сабыр ағамыздың жұбайы Ләззат жеңгей – Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романындағы кейіпкер Бәтестен туады.

Ләззат жеңгейтің тел: 8 333 296 20 02. Белбұлақ, Комарова көшесі №7 үй.

Ат басына күн туса,

Ауыздықпен су ішер.

Ер басына күн туса,

Етігімен су кешер. Қазақ мақал-мәтелдері

Сұрақ: – Сабыр аға, қысқаша өмірбаяныңызды айта кетсеңіз?

Жауап: – Мен Науалыда Аққойын, Жидебайда туып өстім. Менің әкем Ахмеди өте силы, аңшы – сері адам болды. Алакөлдің жағалауына аң аулауға барғанда қатты боранға ұрынып – өкпесіне суық тиіп бір-ақ күнде қайтыс болды. Жұбайының артынан күйігіне шыдамай, жарты жылдан кейін Бәтима шешем де қайтыс болды, ол кезде мен тоғыз жаста болатынмын. Мал, үй-жай деген баршылық. Туыстарымның біреуіне де көнбей, Аққойын қыстауымыздан төрт шақырым жердегі әкемнің досы «полтора Иван» деген орыстың үйіне қашып кеттім. «Полтора Иван» деп аталуының себебі, өте қайратты алып адам еді. Арбамен жанар-жағар май тасиды. 200 кг толы бөшкелерді қаңбақ құрлы көрмейтін еді. Өзінің Салмағы 200 кг астам болатын. Біздің үйдің есігіне симайды. Шайды далада ішетін. Соғыс жылдарында екі өгіз шаршаса, оларды арбаның артына байлап қойып жанар-жағар май толы тиелген арбаны өзі дала қосына сүйреп баратын. Сол үйде екі айдай тұрдым. Сонан кейін бір күні сұрады: «қандай жақын туыстарың бар?». Мен айттым: «Науалыда Нүржәмилә деген Сағаттың қызы нағашы апайым бар», – деп. «Полтара Иван» арбасына салып Аксаковкадан Науалыға – Қойшыбай Төлеубеков деген ағартушы болып қызмет істейтін жездеме алып келді. Ол кісі мені Науалыдағы жетім балалар үйіне орналастырды. Ерке өскен бала белгілі ғой, осы балалар үйінде өзіммен шамалас балалармен төбелесуден көз ашпадым. Онда бұрынғы тұрған балалар жабылады. Осыған шыдай алмай жездеме жылап бардым. «Мыналар мені өлтіреді», – деп. Сонан кейін мені Қойшыбай жездем Ұржардағы интернатқа ауыстырды. Ол кезде осы интернаттың директоры иманды болғыр Райымбеков Жүмәділ деген жақсы адам болатын.

Жездем Қойшыбай аға екеуі әрі тексеріп-бері тексеріп: «Әй өзің арфиметикаға жақсы екенсің, қалған сабақтарды игеріп кетесің», – деп еш қандай құжаттарым жоқ болса да қабілетіме қарап, екі жарым жас қосып бірден бесінші классқа қабылдатты. Атаманымыз Жұмабай деген соқыр болды. Секен Абуталин болды, олар тоғызыншы оқиды, ең кішкенесі мен, мойындарына отырғызып алып керемет еркелететін болды. Жетіні бітіріп сегізге көшкенде пансионный интернатқа ауыстырды. Бұның ерекшелігі тұлдыр жетімдерді ғана алады.

Осы жерде өзімнен үлкен балалардың бәрімен төбелесіп шықтым. Қазіргі Ұржардағы демалыс бағының жанына жаңадан интернат салды. Арыстан, Тұрғали деген жолдастарым болды. Осы жерде комсомолға өтуім үшін тағы жарты жас қосып жазды. Сонан интернатқа комсорг қылып сайлады. Үлкен балалар кеткеннен кейін атамандық маған ауысты.

Ұржарды бұрынғы казак-орыстар басып алған болатын. Қазақтың әсіресе қыздарына күн көрсетпейді. Ұлдарды сабап, киноға кіргізбей ақшаларын тартып алады екен. Ұржардың орта мектебінің ақсақ орыс комсоргы болды. Орыстардың атаманы сол. Мына қазақ балаларына істеп жүрген қорлықтарына шыдай алмай, олардың атаманына айттым: «Орыстарыңды шығар, мен интернатты шығарамын. Шыдасаң екеуміз жекпе-жек шығайық. Төбелесте кім жеңеді. Ұржарды сол билейтін болады». Ұржардағы орыс мектебінің алдындағы көпірдің үстінде кездестік. Солтүстік жағында менің адамдарым, оңтүстік жағына орыстар жиналды. Осының алдында ғана қан жоса болғанбыз. Олардың атаманы шықты: «Баста дедім» – үндемейді. Балалар үйінде төбелеске әбдән төселіп алғанмын. Көзімді көзінен алмай жетіп бардым да, өзімнің әдісім – аяғының сирақ сүйегінен теуіп қалдым. Ойбайлап жата кетті, қосымша бастан екіні теуіп есеңгіретіп алдым да, орыстарына: «Өлтірмей тұрғанда алып кетіңдер!» – дедім. Содан бастап орыстар бірде-бір қазақ қыздары мен ұлдарына тиісулері сап тиылды, өзім бүкіл Ұржардың атаманы болып кеттім. Оқырмандарға айта кететінім: Ұлы Отан соғысы жылдары осы Науалы балалар үйінде тәрбиеленген «Кащей» – аты жөні есімде жоқ, орыс баласы танкист Совет Одағының батыры болды. Өкінішке орай осы жайт ешқайда айтылмайды.

Мектепті толық аяқтай алмадым. Жанымдағы жастары үлкен жігіттерге силы бола бастадым. Тоғызыншы классқа енді көшкен кезде, әскерге шақырды, сөйтсе адам толмай жатыр екен. Шын жасым он бесте болса да, құжат бойынша он сегіздемін, әй-шәйға қарамай жасы толған жетім балаларды түгел әскерге алды. Бұл 1952 жыл болатын. Иван Бойко деген өзіммен жетім балалар үйінде өскен екі бала кеттік.

Алдымен Аякөзде, сонан кейін Семейде медициналық тексеруден өттік. Тексеру өте қатты болды, «верталь»–дан өттік. Ол дегеніңіз қазіргі косманавттарды айландырып тексеретін қондырғы. Денсаулығыңда аздаған кінарат болса осындай тексеруден кейін ес-түссіз талып қаласың. Жанымдағы Бойко жарамай қалды, сөйтсем бізді соғыс теңіз флотына іріктеп жатыр екен. Семейден тоғыз адамды – бір капитан-лейтенант пен бір мичман поезға отырғызып алып, жиырма күн дегенде Владивостокқа жеттік.

Теңіз флотының оқу орталығына келдік, мені юнга деп атады. Ол кезде соғыстан кейінгі моряктардың көбісінің жастары отызға келгенде ғана үйлеріне қайтаратын, себебі алмастыратын адамдар жоқ болатын. Көпшілік жұмысым камбузда картошка аршумен өтті. Алғашқы мамандығым гидроакустик болды. Ол дегенің мотордың дыбысын ажырата білуіңмен ғана шектелмейді, судың астындағы жүзіп бара жатқан балықты да сезуің керек. Алғашқы кезде көнбей мичманнан шапалақ жеген кезім де болды. Бірақ соларға әлі күнге дейін алғысымның шегі жоқ. Оқу біткеннен Ефимов екеумізді – ол да балалар үйінен шыққан, жетінші флот орналасқан Петропавлск-Камчаткаға жіберді. Сол кезде біздің жасымызды көріп штаб бастығы өзіне алдырды. Менің жазуым өте әдемі және қандай карта болмасын көшірмесін айнытпай түсіретінмін. Ефимов екеуміз де жазу ережесінен сауатты болдық. Екеумізді бірінші бөлімге яғни құпия құжаттар қабылдап жазатын жерге отырғызды. Бірден мичман атағын берді, ал мичмандар еңбекақы ақша алады. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Офицерлердің демалысына дейін Ефимов екеуміз шешеміз, олар бізге жалынады.

Ол кезде жаяу әскер мен теңіз флоты екі бөлек министірлік болатын. Бір күні теңіз флоты министірлігінен екі орын келді. «Жетінші флоттан сауатты, дайындығы жоғары, үкіметке берілген, үлгілі екі адамды Кроншдаттағы жоғары теңіз флотының оқу орнына ұсыныңдар, емтихан тапсыруға Ленинградқа жіберіңдер», – деген нұсқау-құжат келді. Осы құжаттарды алдымен біз ашып танысқаннан кейін – штаб бастығына апарымыз, ол кісі қол қойып басқа жаққа таратады. Ефимов екеуміз штаб бастығына келіп: «Сіз бізді мақтайсыз, осы оқуға бізді жіреріңізші», – дедік. «Ауыздарыңды жабыңдар, әйтпесе уақытша қамауға жіберемін!», – деп ақырып қуып шықты. Бір-екі күн өтті уақыт өтіп барады. Сонан кейін қолбасшы адмирал Кузнецовтың өзіне бардық. Өйткені кейбір құжаттарды қолбасшының өз қолына ғана тікелей апарып тапсыратынбыз. Алдында Игорь Ефимов екеуміз келісіп алғанбыз, бірге кіреміз деп. Екеуміз қосамжарланып бірге кірдік. «Бұл не, екеуің бірге келгендерің қалай?», «Кешіріңіз жолдас адмирал, біздің қолымызда бір құжат бар еді, соны сізге көрсетейік деп едік, бірақ бізді штаб бастығы жібермей жүр. Енді сендер сияқты адамды қайдан табамын?».

Жағдайды айттық, оқығымыз келеді дедік. Қолма-қол штаб бастығын шақырып алып: »Екі күн болыпты ғой мына құжаттардың келгеніне, маған неге айтпайсың. Отанын – ең бірінші теңіз флотын сүйетін жігіттерді неге жібермейсің, өзің де флотты сүйесің ғой», – деп бастығымызға ұрысты. «Бір күннен кейін барлық керекті құжаттарымен, ақшасымен жіберетін бол!».

Үш күннен кейін катермен Владивостокқа жіберді. Ол жерден поезға отырғызып жіберді. Ленинградқа өліп–талып әзер жеттік. Келсек екі күн емтиханнан қалып қаппыз. Ол кезде Қроншдат жабық қала, тек 1955 жылы ғана ашылды. Училищенің бастығы өзіне шақырып алды да, құжаттарымызды тексеріп: «Мына екеуін моншаға апарып жуындырып, киімін жаңалап, таңертең әдебиеттен емтихан алыңдар», – деген нұсқау берді. Бұл жерде ең бірінші шығармадан емтихан алады екен. Барлық емтиханды жақсы тапсырып екеумізде курсант болдық. Бүкіл училищеде екеуміз ғана мичмандық шенімізге еңбек ақы аламыз. Бес жыл оқыдық. Өзім оқуды өте жақсы деген ғана бағаларға бітіріп шықтым. Бітіргеннен кейін жетінші флотқа «Щука» сүңгуір қайығына тәжірибе жинауға жіберілдім Негізгі мамандығым электронщик, қазақшаласақ қазіргі компьютор жүйесінің жоғары дәрежелі маманы.

Сүңгуір қайығында бір жылдай командирдің көмекшісі болдым, кеменің қыр–сырын түгелдей меңгеріп алдым. Тоғыз айдан кейін сауатты офицер ретінде бағалағандықтан «Щука» сүңгуір кемесінің командирі етіп тағайындады. Осы қызметте үш жылдай істедім. Жаттығуларда менің кемем екі жыл бүкіл флот бойынша жеңімпаз атанып, үшінші жылы екінші орынды иелендім. Теңіз флотының бас қолбасшысы адмирал Кузнецовтың ерекше силайтын командирлерінің бірі болдым. Ол кісі менің еңбегімді бағалай білді, соған өмір бойы ризамын.

Сұрақ: – Сабыр аға, өзіңіз осы сүңгуір кемеде қызмет істеп жүргенде басқа қазақ офицерлері болды ма?

Жауап: – Жоқ болған жоқ. Ол кезде осындай сүңгуір кемелердің санының өзі де санаулы ғана болатын және қару-жарағымыз да аса құпиялы еді. Бізде «құлағы бар» торпедалар болды. Осы торпеданың ерекшелігі кемеге бағыттап бір километр қашықтықтан атсаңыз болды, сол кеменің артынан қалмай қойып, жармай қоймайды. Кемедегілер торпеданы көріп тұрады. Екінші терморакета. Осы ракетаны кемеге 450 метр жақындап барып атсаңыз өшіре алмайсыз, кемені өртемей тынбайды. Осы қарулар ол кезде флоты мықты Ағылшындар мен Американдықтарда болған жоқ.

Мен мұнда жетімдер үйінде ғана тәрбиеленгендіктен және матеметика мен физикаға деген ерекше қабілетімнің арқасында ғана тап болдым. Біз сүңгуір кеменің командирлері тікелей адмирал Кузнецовтың өзіне ғана бағындық. Бұл кісі Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін соғыс теңіз флотының бас қолбасшысы болған адам. Тарихтан да білетін боларсыздар, 1941 жылы Гитлер армиясына төтеп беріп қана қоймай, соғыстың алғашқы күндері-ақ немістердің соғыс теңіз флотын орасан зор шығынға ұшыратып, тырп еткізбеген да осы адмирал Кузнецов болатын. Адмирал Кузнецовтың бір ерекшелігі әр кеменің командирін тікелей өзі үйретіп, өзі тәрбиелейтін.

Ол кезде теңіз флоты жетінші және тоғызыншы деп екіге бөлінетін. Екеуіне де атақты адмирал Кузнецов қолбасшы болды. Осындай қолбасшы Ресейдің соғыс теңіз флотында бұрын-соңды болмаған, қазір де жоқ! Осындай адамның шәкірті, әрі сүйікті комндирлерінің бірі болып, қызметтес болғаныма Жаратушыға тәуба деймін.

Сұрақ: – Сабыр аға, сүңгуір қайықта неше офицер болады?

Жауап: – Жаттығуға барғанда жоғары рангалы тоғыз офицер, төменгі рангалы төрт офицер болады. Қалған отыз екісі матрос, старшина, боцмен т.б. Соғыс жағдайында бір сүңгуір қайықтың ішінде жүзге жуық адам болады. Ал атом сүңгуір кемесінде адмиралдың өзі ғана үшеу болады. 1960–62 жылдары Кубадағы шиеленісте біздің сүңгуір кемелер ғана барды, ал атом сүңгуір кемелері жартастардан өте алмады. Біздің «Щука» барлық жерден судың астымен де, үстімен де өте береді. Ені 32 метр, ұзындығы 91 метр, биіктігі 6 метрге жуық.

Сұрақ: – Сабыр аға, теңіз флотының, әсіресе сүңгуір қайықта қызмет етудуің басқа әскер түрінен ерекшеліктері бар ма?

Жауап: – Әсет бауырым, ерекшеліктері жер мен көктей, себебі су астында жүзетін сүңгуір қайықта қызмет істейтін офицерлердің денсаулықтары ол кезде екі-үш жылға ғана шыдайтын. Өз басым сүңгуір қайықты екі жарым жыл басқардым, сонан кейін медициналық комиссияның сараптамасы бойынша басқа қызметке ауыстым. Ол уақытта су астында жүзу үшін денсаулығыңа қазіргі косманавттарға қойылатын талап сияқты талап қойылады, денсаулығың сәл ғана ауытқыса болды, сүңгуір қайықта қызмет істуге жарамай қалып, жағаға кетесің. Соғыс жағдайында «Щука» сүңгуір қайығының ауасы бес сағатқа ғана жететін. Жай кезде судың астына үш жарым сағақа ғана сүңгиміз.

Менің қызметім негізінен адам аяғы баспайтын құпия жер – Жаңа жер (Новая земля) аралында өтті. Әскерден босар кезде ғана Мурманск облысының, Самскі ауданындағы, Гремихада бір жыл болдым.

Сұрақ: – Жалпы теңіз флотында қанша жыл қызмет істедіңіз?

Жауап: – Теңіз флотында офицер болып он жылдам астам қызмет еттім, сонан кейін денсаулығыма байланысты 1963 жылы екінші рангалы капитан шенінде әскерден босап еліме келдім. Қазір өзім жетпістен ассам да денсаулығым жақсы. Соғыс теңіз флотында сүңгуір қайықты басқару үшін көптеген мамандықтарды игеруге тура келді, осы білімім азаматтық өмірде де жарады.

– Сүңгуір қайықта қызмет істеген өзін-өзі силайтын офицерлер еш уақытта теңіз бетінде жүзетін соғыс кемелеріне не жағалаудағы қызметке бармайды. Себебі – өзін-өзі және мамандығын силамағандық болады және жазылмаған осындай дәстүр де бар. Әйтсе де, флотта теңіз бетінде жүзетін соғыс кемелеріне командир болуды ұсынады, көндіруге тырысады. Офицерлердің кейбіреулері жағалауда не кемелерде қызметін жалғастыруға қалады. Өйткені су астындағы сүңгуір қайықта қызмет істеген офицерлердің білімі мен дайындығы аса жоғары болады.

Нақ туған жылым 1935 жыл, ал әскерге 1931 жылғы болып алындым. Қазір бұрынғы Кеңес Одағының «құрметті флот офицерімін».

Ешкім де батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады. Бауыржан Момышұлы

 

Ресейдің даңқты спортшысы болған, қояма қолтық шайқастан (рукопашный бой), ережесіз айқастан (бой без правила) және панкратионнан (гректердің ережесіз шайқасы), осы аталып өткен шайқастардың үшеуінен де халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бокстан және соғыс самбосынан Ресей Федерациясының спорт шебері, соғыс самбосынан және ережесіз шайқастан Қазақстанның спорт шебері Ресей әскери әуе – десант күштерінің бұрынғы аға лейтенанты Қасабаев Саяуыш Өндірханұлының толғауы:

Спорттың адамға қандай пайдасы бар? Қиымылдамау – тат басу дегенді қалай түсінуге болады? Жаяу серуендеудің адам ағзасына тигізер пайдасы бар ма? Арқаны, омыртқаны түзетуге бола ма?

Саяуыш Өндірханұлы Қасабаев – Тел: 8 300 751 01 36,

Дене жаттығуларымен қалыпты және өз уқытында шұғылданып отырған адам ауруды құртуға бағытталған ешқандай емдеуді қажет етпейді. Ибн – Сина

 




Поиск по сайту:

©2015-2020 studopedya.ru Все права принадлежат авторам размещенных материалов.