Помощничек
Главная | Обратная связь


Археология
Архитектура
Астрономия
Аудит
Биология
Ботаника
Бухгалтерский учёт
Войное дело
Генетика
География
Геология
Дизайн
Искусство
История
Кино
Кулинария
Культура
Литература
Математика
Медицина
Металлургия
Мифология
Музыка
Психология
Религия
Спорт
Строительство
Техника
Транспорт
Туризм
Усадьба
Физика
Фотография
Химия
Экология
Электричество
Электроника
Энергетика

Инесіз инъекция жасау. 6 страница



Одонтогенді остеомиелиттің патогенезі арнайы бөлімде талданған.

Одонтогенді қабыну процестерінің патогенезімен қоса жіктелуі туралы да қаралған. Жедел ағымды қабыну процестерін жіктеу жөнінде 3 негізгі көзқарас бар. Бірнеше зерттеушілер (С.Н.Вайсблат, А.Е. Верлоцкий, В.И. Лукьяненко, П.П. Львов, А.А. Лимберг, В.М. Уваров т.б.) периодонтит, периостит, остеомиелит, жұмсақ тіндер флегмонасы жақ сүйектері остеомиелитінің, яғни бір ғана аурудың кезеңі деп санайды. Бұл авторлар бойынша периодонтит, сүйек қабығы, сүйек кемігін қоршаған тіндер бір-бірімен физиологиялық және анатомиялық тығыз байланысты болғандықтан одонтогенді жедел ағымды периодонтит, периостит, флегмона деп бөлуге негіз жоқ. Олар жедел периодонтитті жақ сүйегінің одонтогенді остеомиелитінің бастапқы сатысы деп қарайды.

Екінші бір топ авторлар (Б.Б. Брандебург, И.Г. Лукомский т.б.) периодонтит пен остеомиелитті жедел ағымды одонтогенді қабыну процесс қатарынан бөледі. Периостит пен қоршаған тіндер флегмонасын остеомиелиттік процестің құрама компоненті деп қарайды. И.Г. Лукомский периоститті төменгі ақыл тістердің қиналып шығуынан немесе периост травма алуынан дамиды деп анықтайды.

Үшінші авторлар тобы (В.Ф. Войно-Ясенский, А.В. Евдокимов, Г.А. Васильев, И.М. Старобинский т.б.) қазіргі клиинкалық, морфологиялық, анықтауларға орай және емдеу әдісін анықтау мақсатында нақты барлық жедел ағымды одонтогенді инфекциялардың дифференциялдық диагностикасын жүргізуді ұсынды. А.И. Евдокимов, Г.А. Васильев жеке жедел ағымды одонтогенді іріңді периодонтит, жедел ағымды іріңді периостит, жақ сүйектер остеомиелиті, остеофлегмона деген сияқты нозологиялық формаларды қарайды. Олар жедел ағымды іріңді қабыну процесінің пайда болуы инфекциялық локустың периодонттан басқа тінге көшуіне байланысты деп санайды, мысалы, сүйек қабығына, сүйекке, жақ сүйектері маңындағы басқа тіндерге ауысады. Сонда одонтогенді процестердің барлығы бір-бірімен тікелей байланысты, яғни сандық өзгерістермен қоса сапалық өзгерістер де туындайды. Осының бәрі ауру көрінісі мен табылған патологиялық өгерістерден өз бейнесін табады.

1990 жылы ресейдің белгілі профессорлары Бажанов Н.Н., Соловьев М.М., Рогинский В.В., Ипполитов В.Т. т.б, басқарған комиссия, жедел одонтогенді қабыну процессінің келесі жіктелу жүйесін ұсынды.

I Жақ сүйектерінің құрамының бұзылуының басымдылығы.

1. Жедел, созылмалы пародонтиттің өршуі.

2. Жедел одонтогенді остеомиелит.

II. Жақ сүйектері маңындағы жұмсақ тіндердің қабынуының басымдылығы (қабыну процесінің жайылу аймағы бір тістің пародонтымен жіктеледі.

1. Жедел одоентогенді периостит

2. Жедел перикоронорит

3. Одонтогенді абсцесс.

4. Одонтогенді флегмона.

5. Одонтгенді қабыну инфильтраты.

III. Регионарлы лимфа түйіндерінің қабынуының басымдылығы (қабыну процессінің жайлау аймағы бір тістің пародонтымен шектеледі).

1. Жедел одонтогенді лимфаденит (серозды, іріңді).

2. Одонтогенді аденофлегмона.

IV – одонтогенді қабыну ауруларының алыс орналасқан ағзаларға тарауы (асқынуы) және инфекцияның жалпы денеге таралуы.

1. Бет көк тамырларының және мидың қатты қабығының синдромының (қапшықтарының) қабынуы.

2. Менингит, менингоэнцефалит, мидың абсцесі.

3. Сепсис.

Біздің кафедра ұжымы осы жедел одонтогенді қабыну процесінің жіктелу жүйесін негізге ала отырып, оған өз көз қарасына сәйкес өзгерістер енгізіліп, осы оқулықта беріліп отыр.

Ал, одонтогенді қабыну инфильтраты деген түсінікті қабылдамауға келесі негіздер себеп болды: біріншіден бұндай ауру түрі халықаралық аурулар классификациясында жоқ; екіншіден – бұл процесс қабынудың бір кезеңі (Козлов В.А., Карапетян И.С., Б.Л. Павлов); үшіншіден – хирургиялық емді кеш қолдануға мәжбүр етіп, іріңді процестің асқынуына әкеліп соқтырады. (Уразалин Ж.Б., Төлеуов Қ.Т., Русанов В.П., Робустова Т.Г.)

Периодонтит

Бұл тіс ұяшығы мен тіс түбірі арасындағы жұмсақ тіндерде жүретін қабыну аурулары.

Периодонтит инфекциялық және инфекциялық емес болуы мүмкін. Инфекциялық емес түріне жедел ағымды немесе созылмалы жарақаттан-жарақатық, тіс емдегенде қойылған дәрі-дәрмектен болған медикаментоздық периодонттер жатады.

Инфекцияның ену жолы мен патологиялық ошақтың орнына байланысты түбір ұшының және маргиналдық периодонтиттер болады.

Инфекция периодонтқа әртүрлі жолмен енеді. Жиі инфекция көзі өлген ұлпа тіндері болады. Яғни тамақты шайнағанда немесе асқынған тісжегіні емдеу кезінде түбір инесімен іріңді әрі қарай периодонтқа итеріп жіберуден микрофлора периодонтқа өтеді де периодонтит дамиды.

Сирек жағдайда инфекция қызыл иек жиегінен, яғни қызыл иек қалтасының түбінен еніп маргиналды периодонтит тудырады. Кейбір авторлар бұл процесті пародонт ауруларына жатқызады.

Сонымен қатар инфекция гематогенді және лимфогенді жолмен (грипп, ангина, тиф т.б.) енеді.

Төртінші жағдайда гайморит, остеомиелит, гингивостоматит, перикоронариттің жалғасы болып дамиды.

И.Г. Лукомский клиинкасы, таралу дәрежесі және патологиялық сипатына қарай 3 түрін ажыратады.

1. Жедел (эксудативті) ағымды периодонтит;

А) Серозды (шектелген және жайылған);

Б) Іріңді (шектелген және жайылған);

2. Созылмалы (пролиферативті) периодонтиттер: а) фиброзды; б) гранулденген; в) гранулематозды;

3. Созылмалы периодонтиттің өршуі.

А.И. Евдокимов (1958) созылмалы периодонтиттің гиперцементозбен қосылған түрін ажырату.

Жедел ағымды серозды периодонтит

Жедел ағымды периодонтиттің біріншілік кезеңі болып табылады. Науқас тісінің өздігінен қатты ауыратынына, тісті басқанда ауыру сезімі күшейіп, басқа тістерден биіктеген сезіміне шағымданады. Ауру сезімі таралмайтындықтан науқас ауырған тісін дәл көрсете алады. Ал шайнағанда ауыру сезімі күшейетін болса да, егер науқас тісін тістестіріп біраз уақыт тұрса ауырғаны жайлап басылады.

Объективті:жақасты немесе иекасты лимфа түйіндері өзгермеген, кейде сәл үлкейіп ауыру сезімі болуы мүмкін. Ауырған тіс маңындағы тіндер өзгермейді. Тісте жиі тісжегі қуысы, кейде пломба болады. Перкуссия тіке ауыру сезімін туғызады, ал бүйірден қағып тексергенде ауырмайды.

Патологиялық анатомиясы:түбір ұшы, периодонт қызарып қалыңдаған. микроскопта гиперемия, ісінуі және сәл лейкоцитарлық инфильтрация көрінеді.

Емі – консервативті.

Жедел ағымды іріңді периодонтит

Жедел ағымды іріңді серозды периодонтит немесе іріңді пульпиттен кейін дамиды. Науқастар жедел, ұдайы, солқылдап тұратын ауру сезіміне шағымданады, ол үшкіл нерв бойымен таралады (құлақ, самай, көзге). Ауыру сезімі суық әсерінен азайып, жылыда және жатқанда күшейе түседі. Периодонтта жиналған эксудат өсіп кеткен тіс әсерінен тудырады. Ауру тіске антогонист тіс тиіп немесе тіл тиіп кетсе, ауыру сезімі күшейіп кетеді, сондықтан науқас аузын ашып отырады. Қатты ауыратындықтан ауру ұйықтамайды, сондықтан жалпы әлсіздікке, басының ауырғанына шағымданады. Дене қызуы әдетте көтерілмейді, кейде субфебрилді болады.

Көрінісі.Сырт бейнесіне қарағанда өзгерістер жоқ, кейде жақ аймағы жұмсақ тіндерді коллатералды ісінуі мүмкін. Регионарлық лимфа түйіндері үлкейген, сипап тексергенде ауырады. Ауыздың ашылуы еркін. Жарақаттанған тіс түбірі проекциясында өтпелі қатпардың шырышты қабығы қызарған, қызыл иек ісінген, альвеолды өсіндіні сипап тексергенде ауырады. Тісте тіс жегі қуысы немесе пломба бар, сирек сау тіс. Тісті қағып тексергенде көлденең және тік бағытта да күшті ауыру сезімі анықталады, тіс қозғалмалы болады (себебі процесс тез арада диффузды сипат алады). Қанда аз мөлшерде лейкоцитоз, сегментті ядролық және таяқша ядролық нейтрофильдер саны көбейеді. ЭТЖ 20-30 мм/сағ көтерілуі мүмкін.

Рентген көрінісінде біріншілік жедел ағымды периодонтитте еш өзгеріссіз болмайды. Кейде 2-3 күндері альвеола қабырғасы аймағындағы көрініс айқын болмауы мүмкін.

Патологиялық анатомиясындалейкоцитарлық инфильтрация, периодонт тіндерінің аутолитикалық еруі, ірің ошақтары. Ұяшықтың сүйек тіндерінде реактивтік қабыну және дистрофиялық өзгерістер дамиды. Сүйек тіндерінде сорылу басым болғандықтан, қайта құрылу процесі жүреді. Қабыну процесі меншікті сүйек тіндерімен шектелмейді, әрі қарай сүйек кемігіне таралады да оның ісінуі және нейтрофильді лейкоциттермен айқын инфильтрациясы анықталады, бірақ ешуақытта сүйек тінінің некрозы байқалмайды.

Емдеу негізгі іріңді экссідаттағы қабыну ошағынан шығару болып табылады. Ол үшін пульпалық камераны ашып, некрозға ұшыраған затардан тазартып, түбір өзегін кеңейтіп, экссудаттың шығуына мүмкіндік тудырады. Қабыну процестері бәсеңдеген соң тісті пломбылайды. Егер тіс қызметін атқара алмайтын болса, оны жұлады.

Жедел ағымды іріңді немесе өршіген созылмалы периодонтит кезіндегі инфекцияның таралу жолдары және аяқталуы. Белгілі бір уақыттан кейін тіс түбірін қоршаған іріңді экссудат өзіне бір қолайлы жол тауып периодонт сыртына шығады, осыдан кейін қабыну процесі кейін қайтады. Іріңді экссудат түбір өзегінен шығуы да мүмкін.

Периодонттың біртіндеп өршуі нәтижесінде ірің тіс түбірі ұшынан, мойнына таралып, осы жерден сыртқа шығуы мүмкін.

Кей жағдайларда іріңді экссудат, сүйектің ыдырауы және альвеола қабырғасының сол бөлігінде резорбция болса, кеңейген фолькман және гаверс өзектері арқылы сүйек қабына өтеді. Осының нәтижесінде альвеолды өсіндінің бетінде немесе жақ сүйегінің денесінде жедел іріңді периостит дамиды.

Сирегірек ірің альвеолды өсінді мен жақ сүйегі кемігінің аралығымен жүреді, бұл кезде сүйек тіні өледі, яғни жедел ағымды остеомиелит дамиды.

Көп жағдайда қабыну процесі созылмалы ағымға өтіп созылмалы периодонтит дамиды.

Созылмалы периодонтит

Әдетте, жедел ағымды периодонтиттер ұзақ уақыт және үздіксіз түбір өзегінің микрофлорасы инфекциясымен қозған жағдайда дамиды, кейде жедел ағымды периодонтиттен кейін дамуы мүмкін.

Клиникалық байқаулар бойынша, жедел ағымды периодонтитке қарағанда, созылмалы периодонтиттер жиі кездеседі, себебі жедел ағымды периодонтит деп диагноз қойылғандардың көпшілігі мұқият тексеріп қарағанда созылмалы периодонтиттің өршуі болып табылады.

Фиброзды созылмалы периодонтит созылмалы периодонтиттің жеңілдеу түрі. Өзінше дамиды, сирек гранулденген және гранулематозды периодонтиттердің кері дамуы нәтижесінде дамиды.

Әдетте науқастардың шағымы болмайды. Тек өршігенде, шайнаған уақытта ауру сезімі байқалады. Қарап тексергенде, тісте тісжегі қуысы немесе пломба болуы мүмкін, сирек тіс сау болады. Қағып тексергенде ауырмайды. Рентгенологиялық — тіс түбірі ұшында периодонт саңылауы кеңейген және түбірде көп мөлшерде цемент жиналуы нәтижесінде периодонт шеттері (линия) тегіс емес. Кейде гиперцементоз — түбір ұшы көп мөлшерде қалың-дайды. Кеңейген периодонт саңылауын шектейтін сүйек пластинкасы қалыңдаған, склерозға ұшыраған, рентгенограммада қалыпты жағдайға қарағанда тығыз көлеңке береді (15-сурет).

15-сурет. Созылмалы периодонттиттің рентгенологиялық суреті (жоба):

А) гранулденген; б) гранулематозды; в) фиброзды.

Патологиялық анатомия: макроскопияда — периодонт не түбір ұшы бөлігінде, не барлық түбір бойында қалыңдаған, микроскопияда—дөрекі талшықты дәнекер тіндердің шоғырлары арасында сирек дөңгелек клеткалы инфильтрация ошақтары орналасқан.

Фиброзды периодонтит консервативті түрде емделеді. Оған көнбесе тіс жұлынады немесе реплантация жасалады.

Созылмалы гранулематозды периодонтиттің субьективті көрінісі болмауы мүмкін. Кейде науқас тістескенде болатын ауру сезіміне шағымданады. Анамнезінде тіс тұсындағы қабынудың жиі қайталанып өршіп тұрғаны анықталады.

Қарап тексергенде тісте тісжегі қуысы болады. Кейде пломба бар, рентгенге түсіргенде тіс өзегі ұшына дейін түгел пломбамен толтырылмаған. Перкуссияда ауырмайды. Тіс тұсындағы қызыл иектің шырышты қабығы өзгермеген.

Рентген суретінде сүйек тіні дөңгелек, жиегі тегіс, көлемі дәннен ас бұршағына дейін ыдыраған жерін көруге болады. Кейде осы ыдыраған аймақта остеосклероз зонасы көрінеді. Гранулема тіс түбірінің ұшында түзіледі. Осы созылмалы қабыну ошағы жиі вестибуляр жағынан көлемін үлкейтетін гранулема түбір ұшында ғана емес одан бүйірлей де орналасады. Бұл кезде альвеолды өсіндінің бетінде, түбір ұшы тұсында кішкене домбығу (шекарасы айқын емес) болады. Сирек жағдайда гранулема түбір бифуркаци-ясында түзіледі.

Патологиялық анатомиясы. Түбір ұшы маңында орналасқан грануляциялық тін фиброзды капсуламен жабылып периодонтпен тығыз байланысқан. Осы ұшына жақын түбірдің цементі, кейде дентині де ыдыраған. Гранулема шеттерімен түбірдің гранулема қабығының жанасқан жерінде цемент ісігі болуы мүмкін.

Құрылысына қарай: 1) жай дәнекер тін элементтерінен тұрады; 2) эпителиальды, ортасында эпителий тартпалары бар; 3) киста тәрізді, эпителиймен қапталған қуыстан тұратын гранулемалар. Эпителиальды қуыстар біртіндеп жойылып, қабыну экссудаты мен май детриттеріне толып кистогранулема, содан кейін киста түзеді.

Емі. Консервативті болуы мүмкін. Ол тиімсіз болса хирургиялық ем жүргізіледі.

Созылмалы гранулденген периодонтит. Бұл созылмалы периодонтиттердің ең белсенді түрі. Аурулар қатты немесе ыстық тағам жегенде тістегі күшті ауру сезіміне және қызыл иекте жиі ашылып, жабылып тұратын жыланкөзге шағымданады. Кейде аурулар қызыл иектерінің ісініп, қызарғанына шағымданады. Кейбір жағдайларда дәрігерге көрінгенде субьективті шағым болмайды.

Қарап тексергенде жегімен бұзылған тісті көруге болады, аздап ауырады. Тіс деңгейіндегі қызыл иек қызарып, ісінген, сирегірек өзгеріссіз.

Егер оны қысқышпен (пинцет) немесе шүқығышпен басып көрсе, осы құралдардың ізі қалады және қызарады, бұл сау шырышты қабыққа қарағанда ұзақ уақыт сақталады. Жиі-жиі созылмалы гранулденген периодонтит өршіп тұрса қызыл иекте ісінген грануляциясы бар жыланкөздерді көруге болады.

Осы өршулер нәтижесінде гранулденуші периодонтит ошағы біртіндеп ұяшықтың жаңа бөліктеріне таралады, көбінесе вестибулярлық жағына, нәтижесінде альвеолды өсіндінің сүйек қабырғасында өрнектер түзіледі. Егер осы процеске қоршаған жұмсақ тіндер қосылатын болса, онда қызыл иекте жыланкөз пайда болады (нүктелік тесіктер немесе ісініп шыққан грануляци-ялар түрінде). Ремиссия кезеңінде қызыл иектегі жыланкөз белгілі бір уақытта жабылады. Бірақ кезекті өршу кезінде бұрын болған жыланкөз орынында шырышты қабық ісініп, қызарады да жыланкөз қайта ашылып, одан ірің бөлінеді. Кей кезде созылмалы гранулденуші периодонтит ошағы үлкейіп жақ маңындағы жұмсақ тіндерге өтеді, осы кезде беттің теріасты одонтогенді гранулемасы дамиды.

Рентгенологиялық созылмалы гранулденуші периодонтитте тіс түбірі ұшының сүйек тінінде шекарасы анық емес, шеттері тегіс емес деструкция ошағы анықталады .

Патологиялық анатомиясы. Түбір ұшы аймағында грануляциялық тін периодонт сыртына шығып өсіп кеткен. Осылай созылмалы гранулденуші периодонтит ошағының өсуі қабыну аймағындағы сүйек тінінің сорылуына және сүйек кемігінің грануляциялық тінмен ауысуына әкеліп соғады. Осымен бірге түбір дентині және цементінің кейбір бөліктерінің резорбциясы анықталады. Грануляциялар арасында лейкоциттер, гистиоциттер шоғырлары, плазматикалық, эпителиоидты клеткалар болады. Кей жағдайларда ошақтың шет жақтарында сүйек тінінің жаңа түзілуі жүреді.

Емі.Консервативті. Егер нәтижесіз болса, хирургиялық ем жүргізіледі.

Беттің одонтогенді теріасты гранулемасы

Әдетте, созылмалы гранулденуші периодонтиттің өршуі, асқынуы болып табылады. Бұл қезде түбір маңындағы грануляциялық тін теріасты май қабатына таралады да осы жерде ұзақ уақыт бойы ауру сезімінсіз сақталады. Бұл аз мөлшерде ірің жиналып грануляция түзетін теріасты май қабатындағы баяу өтетін қабыну процесі. Кейбір ірің ошақтары өз бетінше ашылып, теріде қанды немесе қанды іріңді заттар бөлетін терең емес жыланкөздер түзіледі. Олардың кейбіреулері жабылады, бірақ көршілес жерден жаңа жыланкөз пайда болуы мүмкін.

Беттің одонтогенді теріасты гранулемасының даму кезеңін 2-ге бөлуге болады: 1) жасырын кезең — мұнда бет терісінде еш өзгеріс болмайды (процестің біріншілік сипаты) және 2) тері көріністері кезеңі, мұнда бет терісінде өзгерістер пайда болады. Осы кезеңдердің 4 клиникалық түрі бар (біріншілік, стационарлық, жылжымалы, іріңдеуші).

1. Біріншілік түрі: ауыру сезіміне шағым жоқ. Сырттай қарағанда бет терісінде өзгеріс жоқ. Сипап тексергенде тері астында ауру тіс деңгейінде мөлшері бұршақтай, ауырмайтын инфильтрат (тығыз жер) анықталады. Ауыз еркін ашылады. Ауыз қуысында: сол тіс аймағындағы шырышты қабық түсі өзгермеген, бірақ шырышты қабық астында тісте теріасты майлы қабатындағы ісік тәріздес затқа бағытталған тығыз таспа (тяж) анықталады.

2. Стационарлық түрі: ауыру сезіміне шағым жоқ. Бетінде ауру тіс маңында кішкентай шектелген инфильтрат бар, оның үстіндегі тері жұқарған, қоңыр-көкшіл түсті, кейбір жерлерінде қатпарланған болбыр, кейде инфильтрат үстінде жыланкөз қалыптаса бастаған, одан қанды немесе қанды іріңді зат бөлініп түрады. Осы күйінде гранулема бірнеше жылдар бойы тұруы мүмкін. Ауру аузын еркін ашады. Ауыз қуысы шырышты қабығында өзгеріс жоқ.

3. Жылжымалы түрі: жарақаттанған аймақта бір уақытта әртүрлі патологиялық ошақ элементтері — инфильтрат, жыланкөз, тыртық болады. Бұл түрінде инфильтрат кері дамып, жаңындағы аймақта процесс өршіп, жаңа инфильтраттар мен жыланкөздер пайда болады. Осы жердің терісі жұқарып, болбыр, әлсіз, қатпарлы, көкшіл-қоңыр түсті болады. Өзгерген тері астында теріасты майлы қабатының орнына құрамында аз мөлшерде іріңі бар грануляциялық тін пайда болады. Жыланкөздерден қанды-іріңді сұйық ағып тұрады. Осындай жылжымалы түрі кейде терінің кей жерін қамтып, адамның беті ұсқынсыз болып көрінеді. Процесс барлық ұртты, жақасты аймағын мойынның бүйір бөлімін, тіпті бұғанаға дейін қамтыған кездері болғаны жазылған.

Осындай клиникалы теріасты одонтогенді гранулемасы 3 симптоммен сипатталады: бұзылған тіс, инфильтратқа созылған таспа (тяж) және гранулема.

4. Іріңдеген түрі: бүл жиі стационарлық және жылжымалы түрлерінің соңғы кезеңі болып табылады, сирек теріасты гранулемасы бірден іріңдеген түрінен басталуы мүмкін. Бұл үшін түрі өзгермеген сау тері бетінде дөңгелек немесе сопақ пішінді томпайып тұратын шектелген түзілім тән. Ауру жарақаттанған жеріндегі ауру сезіміне, қышитынына шағымданады, дене қызуы 37—37,2°С.

Іріңдік не өз бетінше бір немесе бірнеше жыланкөз түзіп ашылуы, не созылмалы ағым алуы, мөлшері үлкеймеуі болмаса баяу таралуға ыңғай алуы мүмкін. Шырышты қабық түсі өзгермеген, оның астында білінер-білінбес таспа анықталады.

Еске сақтайтын жай, клиникасында әртүрлі өзіне тән ерекшелігі болғанымен бәрінде де 3-белгінің болуы тән — ауру тіс, гранулема және ауру тістің альвеоласынан теріасты гранулемасына созылған таспа.

Ажырату диагностикасы. Одонтогенді теріасты гранулемасының диагностикасы қиын еместігіне қарамастан, кейде диагноз қоюда дәрігерлер қателеседі. Осыған байланысты оны төменгі ұқсас дерттерден ажырату керек болады.

Актиномикоз. Қоздырғышы — сәулелі саңырауқұлақ. Бұл дерт те ұзаққа созылады, мұнда да жыланкөздер, инфильтрат болып, тері жұқарады. Бірақ одонтогенді теріасты гранулемасына қарағанда актиномикоз кезінде инфильтрат қатты, тығыз, ағаш сияқты, жыланкөздер тұрақты, ауыз шектеліп ашылады, кейде жақ сүйектері тырысып қалады соңғы құбылыс беттің одонтогенді гранулемасында ешқашан болмайды. Қорыта келе бөлінген іріңнен сәулелі саңырауқұлақты табу талассыз актиномикоз екенін дәлелдейді.

Жақ сүйектерінің созылмалы остеомиелиті. Бұл кезде ауыз қуысының ішінен немесе сыртынан жыланкөз пайда болады, одан күшті грануляцияны және іріңді көруге болады. Жыланкөзді шұқып тексергенде жылжымалы секвестр анықталады. Остеомиелит аймағында тістер қозғалмалы. Рентгенограммада әртүрлі мөлшерде сүйек тінінің деструкция ошақтары байқалады. Жақ сүйектерінің остеомиелитімен салыстырғанда беттің теріасты гранулемасында түсі көкшіл тартып, жұқарған тері аймақтары бола-ды, бір немесе бірнеше жалынкөздерден қанды сұйықтық бөлініп тұрады, жыланкөзді шүқып тексергенде зонд жұмсақ тіндерге тіреледі. Теріасты гранулемасына тән 3 симптом болады (ауру тіс, таспа, гранулема). Рентгенограммада созылмалы гранулденген периодонтитке тән өзгерістер болады.

Шиқан (фурункул). Түк қапшықтары мен май бездерінің қабынуы. Беттің одонтогенді теріасты гранулемасынан айырмашылығы теріде қызғылт түсті қабыну тәжі қоршаған, көлемі түйрегіштің басындай кішкентай іріңдік пайда болады. Мұндай аурулардың анамнезінде тіске байланысты шағым жоқ, олар шиқан аумағындағы ауыру сезіміне, дене қызуының көтерілуіне, әлсіздікке, жалпы жағдайының нашарлағанына шағымдайды. Беттің одонтогенді теріасты гранулемасына қарағанда процесс тез дамиды және оған тән 3 симптом болмайды.

Емі. Беттің одонтогенді теріасты гранулемасының біріншілік түрінде ауру тісті жұлып, ұяшықты қырып тазалайды. Ауру тісті жұлғаннан кейін жұмсақ тіндегі патологиялық процесс кері дамиды, инфильтрат жойылып, адам сауығады. Ал стационарлы және жылжымалы түрлерінде ауру тіс жұлынып, ұяшықты қырып тазалайды, өзгерген тері сау тіндердің деңгейінде кесіледі және теріасты грануляциялары алынып тасталынады. Абсцестік түрінде тіс жұлынады абсцесс ашылып, гранулема қуысындағы және тіс ұяшығындығы грануляциялар алынады.

 




Поиск по сайту:

©2015-2020 studopedya.ru Все права принадлежат авторам размещенных материалов.