Помощничек
Главная | Обратная связь


Археология
Архитектура
Астрономия
Аудит
Биология
Ботаника
Бухгалтерский учёт
Войное дело
Генетика
География
Геология
Дизайн
Искусство
История
Кино
Кулинария
Культура
Литература
Математика
Медицина
Металлургия
Мифология
Музыка
Психология
Религия
Спорт
Строительство
Техника
Транспорт
Туризм
Усадьба
Физика
Фотография
Химия
Экология
Электричество
Электроника
Энергетика

МИНИСТЕРСТВО ОБРАЗОВАНИЯ И НАУКИ

Жарапазан батасы

Бөлшіл, бөлшіл, бөлшіл бол,

Бозторғайдай төлшіл бол.

Бәйтеректей бүрлі бол,

Пайғамбардай нұрлы бол.

Ай жағыңа қарасаң,

Алтыннан терек орнасын.

Айына келген мейманың,

Айнала атын байласын.

Күн жағыңа қарасаң,

Күмістен терек орнасын.

Күніне келген мейманың,

Күліп бір атын байласын.

Менің атым – Сырыбай,

Жарапазан жыры бай.

Таң мезгілі болғанда,

Төсегіңнің басынан,

Жастығыңның астынан.

Бөденедей пырылдап,

Бозторғайдай шырылдап,

Қызыр келіп дарығай!

Аллаһуакбар!

Ал бата тілек өлеңдерінің біршамасын мен Исагулов Мағзым атадан жазып алдым. Атаның айтуы бойынша халықтық дүниетаным аясындағы мәні зор рәсімдердің бірегейі – бата беру немесе бата тілеу. Жалпы бата беру мен ақ тілеу халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі, бұл сөз арқылы адам тағдырына, дүниеге ықпал етпек тілекпен, жамандықтың бетін қайтару мақсатында туған. Адам өмірі торқалы тойсыз, топырақты өлімсіз болмайды. Тойда, қонақта, шілдехана үстінде, қыз ұзатқанда, келін түсіргенде дәм соңынан бата айтқан. Әр қызықтың өзіне лайық батасы болады.

Сұрасаң, бата берейін

Үстем болсын мерейің!

Ықыласпен қол жайсаң,

Ақ тілекті төгейін.

Дастарқаның мол болсын,

Абыройың зор болсын!

Көк жайлауды жайласаң,

Тай, құлынды байласаң,

Келіп тұрсын керіліп,

Салтанаты көрініп,

Сабаң толсын қымызға,

Шараң толсын уызға!

Алтыннан болсын жағаң,

Күмістен болсын тағаң.

Тасқа тары өнгенше,

Таршылық көрмеңдер!

Жүздерің жайнап, келісті болыңдар!

Толған айдай, өрісті болыңдар!

Келесі батаны Өркешев Сағдат атайдан естіп, жазып алдым.

Дәулетті бас берсін,

Бақытты ас берсін,

Ұлыстың ұлы күнінде!

Ұлың оңға қонсын,

Қызың қырға қонсын!

Малың өріске толсын,

Дәулетіңді асырсын,

Дұшпаның басылсын.

Менің берген бұл батам –

Ұлыс күнге сақтап жүрген сүр батам.

Мінгендерің балалар,

Жорға-жорға тай болсын,

Жорғалатып келгенде

Көптің көңілі жай болсын!

Ай жағыңа қарасаң,

Алтыннан терек орнасын

Айында келген мейманың

Соған атын байласын.

Күн жағыңа қарасаң,

Күмістен терек орнасын!

Таң мезгілі болғанда,

Соған атын байласын!

Наурыз күні туғанда,

Боз торғайдай шуылдап

Бөденедей пырылдап,

Берекелі құт болып,

Қыдыр келіп дарығай!

Астыр-тастыр,

Жұлдыздармен жалғастыр,

Жақсылармен жанастыр,

Жамандармен адастыр!

 

Сәбилерге берілетін бата

Қазақ халқында «Батамен ер көгереді» деп көпті көрген білікті қариялардан, сондай-ақ, халық қадір тұтқан аузы дуалы қасиетті кісілерден «Мына жаман шаранаға батаңызды беріңіз!» деп жаңа туған сәбилеріне де бата сұрайтын салт бар. Сондай кезде Төлегенов Жақсылық атай:

Өмір жасы ұзақ болсын,

Маңайы аққан бұлақ болсын,

Әр күні қызық, шуақ болсын,

Жер ана жайлы тұрақ болсын,

Жомарттың қолын берсін,

Қыздың қылығын берсін,

Судың тұнығын берсін,

Даланың кеңдігін берсін,

Батырдың ерлігін берсін,

Ақынның өрлігін берсін,

Яссауидің даралығын берсін,

Фарабидің даралығын берсін!

Аллаһуакбар!–

деп бал-тілектен бал ағызады.

Балаларға берілетін бата

Ұрпағың өнерлі болсын,

Өрісті болсын,

Іс-қимылы келісті болсын,

Ата-баба аруағы қолдап,

Еңбектері жемісті болсын!

Жары жібектей болсын,

Ары түлектей болсын,

Өнері өрлей берсін,

Жас басы төрлей берсін!

Аллаһуакбар!-

деп аталық ықыласын білдіреді.

Қыздарға берілетін бата

- Қыздарың қылықты болсын,

Ғаламат білікті болсын.

Күндей нұрлы болсын,

Гүлдей түрлі болсын.

Өлмес өнер берсін,

Ән – жыр өнер берсін.

Теңдесіз дарын берсін.

Ізгіліктің бәрін берсін.

Талдай бой берсін,

Таудай ой берсін.

Жаздай жамал берсін,

Оттай жанар берсін!

Аллаһуакбар!-

деп үміт-тілекке толы баталарын береді.

Амандасу салты

Амандасу салты қазақ халқының ең үлкен дәстүрлерінің бірі. Үлкені мен кішісі бір-бірімен кездескенде бірінші амандасады. Жасы үлкен ер адамдар арасында амандасу салты «Ассалаумағалейкум!» деген сөзден басталады. Бұның мағынасы жақсы тілекті білдіреді: «Сізге алланың нұры жаусын» деген сөз. Бұл сөзді жасы үлкен ер кісілермен әртүрлі жастағы ерлер амандасқанда қолданады. Тілегін қабыл алып, қарсы адам: «Уағалейкум ассалам!» деп оң қолын ұсынады. Ол: «Алланың рақымы сізге де жаусын!» деген сөзді білдіреді. Қазақ халқы қонақжай болған соң, той тойлау жиі кездеседі. “Той бастар”, “Жар – жар”, “Беташар”. «Жар-жар» мен «Беташар» үлгілері қазіргі күнге дейін сақталып, айтылып келе жатыр. Көбінесе сол тойларға байланысты өлеңдердің көбін Хабаев Малдыбай атай шығарған екен. Ол кезде жар-жарды қыздар мен жігіттер екі топқа бөлініп айтады екен. Оны Сайпенова Салима апайдың аузынан естіп, жазып алдым.

Жар-жар

Қыздар:

Айналайын жан әкем

Анам менен жар жар,

Мен кеткен соң қызықты,

Табар неден жар жар.

Болып па еді ой менде

Бір кездері жар жар,

Тастап кетіп өзгеге

Барам деген жар жар

Жігіттер:

Қызығы көп алдағы

Жолдың да асар жар жар.

Қызғалдақтай құлпырып,

Көліңді ашар жар жар.

Қос ардағым қалды деп,

Нали берме жар жар

Ата енең бар олардың,

Орнын басар жар жар

 

Той бастар өлеңі

Бисмилла, өлең басы той тойлайық,

Бұл тойды асықпастан жай басталық.

Сәрсенбі сәтті күнітой жасапсыз,

Бұл тойың құтты болсын деп басталық.

Бисмилла, деп бастайды тойдыңбасын,

Әумин! – деп көтерер қойдың басын.

Той жасатты екі жас отау тігіп,

Өмірлері ұзақ болсынекі жастың.

Ақ тілеулі азамат тойдың басы,

Жұбайларың ұзарсын өмір жасы.

Қабыл болып халқымның ақ батасы,

Отауыңның берік болсын босағасы.

Тойы болса Албаннан Алжан бастар,

Ауқымынжүйрік аттай кесіп тастар.

Той иесі дарынды мырза болса,

Той бастар деп алдына кілем тастар.

Икемді,епті жігіт атқа шабар,

Ән шырқап өлең айтып, көңіл ашар.

Той жасаған азамат жомарт болса,

Ат мінгізіп, үстіне шапан жабар.

Бұл тойға жегжат, туыс келіп жатыр,

Ақ батасын жұбайларға беріп жатыр.

Құтты болсын ақ босаға жұбайларың,

Жақсы тілек көпшілік тілеп жатыр.

Осыменен той бастар тәмамболсын,

Той жасатқан жұбайлар аман болсын.

Беті ашылсын той бастар сыйлығының,

Бөлісіңдер сыйлықты ырым болсын.

Аяғы боз жорғаның безек-безек,

Айтар өлең қыз-жігіт кезек-кезек.

Өткізбелік уақытты бекер босқа,

Жалпы өлеңге берелік енді кезек.

Сері жігіт мінеді арғымаққа,

Арғымақ икемділеу қарғымаққа.

Дейді ғой той құдайдың қазынасы,

Берелік енді кезек жастар жаққа.

Думан қыла көп халық өлең айтар,

Таң аттырып, шат көңілмен үйге қайтар.

Көп тілеуі көл деген осы емес пе,

Жұбайларға қол жайып батаны айтар.

Үйлену тойында көбінесе “Беташар” айтылып жүрген. Біздің ауылда “Беташардың” бірнеше нұсқасы осы күнге дейін сақталып, қазір де айтылып жүр. Міне, соның қысқартылған түрін Биғожин Қаратай атайдан жазып алдым:

Ал келінжан, келінжан,

Бетіңді тұрмын ашқалы,

Енең тұр шашу шашқалы,

Қызығын қашан көрем деп

Көп болды атаң тосқалы

Келіп тұрсың қарағым

Тың сапарды басқалы

Жақсы болсаң, қарағым,

Жадырайды дос жаны

Атаңды сыйла әуелі,

Бәйтерегің мәуелі

Деп ойлама мұнымды,

Айта салған әуені.

Балаңызды көріңіз,

Жақсылап көңіл бөліңіз,

Атаңызға бір сәлем!

Балаларын үйленткен,

Ата-ана қолдап сүйеген.

Құлақ салсаң енесі,

Айтарым осы жүйеден

Отауға енші беріңіз,

Батасын ерткен жүйеден.

Енеңізге бір сәлем!

Қайнағаңды құрметте,

Өз ағаңнан кем емес.

Бірге туған ағаммен,

Деп ойлама тең емес.

Сен келдің, қалқам, қиырдан,

Дәм тұзың тартып бұйырған.

Қайнағаңа бір сәлем!

Тату болса абысын,

Бөліп жер астың жартысын.

Ас көп, тату болсаңдар

Абысынға бір сәлем!

Ал “Беташардың” мына бір кішкентай нұсқасын ауылдың белді ардагерлерінің бірі Сатин Нұғман атай айтып берді:

Әуелдегі үркер ай,

Түйесін қомдап тіркер ай,

Ерінбесең, келіншек,

Баршасына бір сәлем!

Жекекөл ауылында “Бесік жыры”, “Тұсау кесер” сияқты өлеңдер үлгілері сақталған. Ол өлеңдерді бұрын да айтқан, қазір де айтады. Әрине, бұл бізді қуантады, өйткені салт-дәстүр қайта жаңғырды, ол өшкен жоқ. Ал майлау, сылау, уату, өлеңдері сақталмай, ұмытылып қалған. Бесік жырының бір нұсқасын маған өзімнің әжем Тыныштық Мұхамеджанова айтып берді:

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем,

Жылама, бөпем, жылама,

Жілік шағып берейін,

Байқұтанның құйрығын

Жіпке тағып берейін.

Әлди, әлди, аппағым

Қойдың жүні қалпағым

Жұртқа жаман болса да,

Өзім сүйген аппағым.

Бесік жырының екінші бір түрін тағы да әжем айтып берді.

-Қалқам менің қайда екен?

Асқар асқар тауда екен.

Онда не қып жүрді екен?

Алма теріп жүрді екен.

Қызыл алма қолында,

Қыздар мұның соңында!..

Әлди, әлди,әлди-ай!

Әлди, бөпем, қалғы жай!

“Тұсау кесер” өлеңінің сақталынған нұсқасы біреу екен. Оны мен Айсина Күләш апайдан жазып алдым.

Қаз, қаз, балам, қаз балам

Қадам бассаң, мәз болам.

Тағы,тағы баса ғой,

Тақымыңды жаз, балам.

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың!

Менің ауылымда тағы бір ырым – “Тұмар тағу”. Бұл жайлы мен Мұқышев Бақытжан атадан естідім. Бала ауырғанда әке-шеше молдаларға дұға жаздырып, оны үшбұрыштап матаға не теріге орап тігіп баланың мойнына тағып қояды. Тұмар, “пәле – жаладан, тіл – көзден, ауру –сырқаудан сақтайды” деген діни ұғымнан туған. Тұмардың түрлері көп. Оны кейде жас төлдерге, ауырған малға да тағады. “Естірту”, “Жоқтау”, “Дұға” өлеңдері бұрын айтылған, бірақ уақыт өте келе ұмытылып қалған. Ал көңіл айтудың көне түрі болмағанмен, қара сөз түріндегі үлгісі сақталынған. Оны маған Исагулов Мағзым атай айтып берген болатын. «Алла қайырымын берсін. Арттағы ұрпақтарына жақсылық берсін».Сыңсу, қоштасу, тағы да сол сарындас өлеңдердің ішінен біздің ауылда сақталғаны «Ұзатқан қыздың қоштасуы». Бұл үлгіні маған айтқан Исагулова Мархаба апай айтып берді.

Ұзатқан қыздың қоштасуы

Базардан келген кеселер,

Шай самаурын еселер.

«Қызым- қызым» деуші едің,

Қош, аман бол, шешелер!

 

Алтыннан барды білегім,

Осылай ма еді тілегім.

Қиямет –қайым болғанда,

Қосылар ма еді сүйегім.

 

Базардан келген белдемше,

Көруші едім өзгеше,

Қайын сіңлім деуші едің,

Қош, аман бол жеңеше!

 

Базардан келген орамал,

Шай қорғасын оралар.

Күліп – ойнап жүріскен,

Қош, аман бол, ағалар!

Теріс бата (қарғыс) – ел жұртты шулатып, бейуаз халықты жылатқан, ата жолынан тайып, салт-дәстүрді бұзған бұзақы, сатқын, қанішерлер, ата-анасына тіл және қол тигізген азғын, ата баба аруағын қорлап, отанын сатқан опасыздарға алақанды теріс қаратып тұрып айтылатын лағынет, қарғыс:

Құдай сені қор қылсын,

Дұшпаныңды зор қылсын!

Жетейін дегенде жер қылсын,

Еңбегіңді сор қылсын,

Басқан жеріңді шөл қылсын,

Көз жасыңды көл қылсын.

«Алғыс», «Амандасу», «Көрісу», «Аңсау» үлгілері жоқ, яғни өлең түрінде кездеспейді деуге болады, бірақ қара сөз түрінде көптеп кездеседі. Мысалы қарғысты мен Бағила апайдың аузынан естіп, жазып алдым. «Жолың болмасын», «Бақытты болма», «Ісің оңға баспай қалсын», «Тұқымың құрығыр» тағы сол сияқты көптеген қарғыстар бар. Қарғыстан сақ болғанымыз жөн. «Бәдік», «Арбау», «Жалбарыну», «Бақсы сарыны», «Дуалау», «Бал ашу», «Түс жору», «Ұшықтау», «Үшкіру», «Аластау» жын шақыруға қатысты өлеңдер сақталынбаған. Ал бақсылыққа келетін болсақ, біздің елде Құтыкенова Күләй апай бақсылықпен айналысқан. Ол кісі жын шайтанды біздің ауылдан алыс жерлерге қамшысымен қуған деген әңгіме бар екенін, маған Бопыл апа айтқан болатын.

Атқа мінгізу салты

Баланы тұңғыш атқа мінгізу – қазақ тәлім-тәрбиесіндегі мән-мағынасы терең, тәрбиелік қуаты күшті салттарының бірі. Баланы атқа мінгізуден бұрын әр отбасы алдын ала балаларына ашамай, кішкене ер-тұрман әзірлеп, мінетін тай-құнандарын жуасытып, баласы өз тізгінін өзі алып жүретіндей болғанда, сәтті бір күні ел-жұрт, бауыр туыстарын шақырып «ашамай тойын»жасап атқа міңгізеді. Бұл салт жайлы менің әжем Мухамеджанова Тыныштық айтып берді.

Тартып міндің ат жалын,

Сәтті болсын шапқаның.

Тәтті болсын татқаның,

Дүбірлетіп далаңды

Бақ- дәулеттің тат бәрін.

Түс жору- қазақ халқының ертеден келе жатқан әдет- ғұрыптарының бірі. Түс жору – адамдарды рухани тазалық және тән тазалығына дағдыландырып, оларды болашаққа деген сенімге, үміткерлікке баулиды. Жекекөл ауылында бұл әдет – ғұрып сақталған екен. Ол жайлы маған Жиенмурзина Шолпан апай айтып берді. Ол кісі түс жори алады. Апайдың айтуы бойынша түсті қамтыған түрлі сырлы мәселелерді шешуге және оның сырын ашуға құлшындырып, адамдарды тапқырлыққа, жасампаздыққа, ізденгіштікке жетелейді. Ел ішінде жануарлар туралы ертегілер, аңыздар соның ішінде біздің ауылдың тарихы сақталынған екен. Ол аңызды мен Майлыбаев Өмірзақ ағадан естідім. Сол кезде маған ата ауылдың барлық қырлары мен сырлары жайлы айтып өтті. Сегіз серінің де «Әйкен- ай» атты өлеңін айтып берді. Кейін бұл ән халық әні болып айтылып жүріпті. Атаның айтуы бойынша бұл ұзақ оқиға екен. Бұл әннің бірнеше нұсқасы бар. Соның бірі – мынау:

Әйкен-ай

1. Құранды ерді көріп, атқа салдым,

Әйкенжан деп атыңды хатқа салдым.

Аулыңа әдейілеп келген шақта

Қалайша бері жүрмей, тұрып қалдың?

 

Қайырмасы:

Әйкен – ай!

Кел, ойнайық, кел, кел- ай.

 

2. Есімде түскенінде шаш өргенің

Алыста көңілімді сан бөлгенім.

Көп айдың көрмегелі жүзі болды

Жүрмісің, аман-есен көз көргенім?

Қайырмасы:

 

3. Домбыраңды, Әйкен қыз, қолыңа алшы,

Біз келгенше сызылтып әнге салшы.

«Сал- серілер келді!» - деп,шат көңілмен

Қалқатай, аттан бізді түсіріп алшы.

 

Қайырмасы:

 

4. Қолаң шашың жібектей тарағанда

Ой түсірдің жігітке қарағанда.

Жерден алтын тапқандай қуанамын

Әткеншекте тербеліп ойнағанда.

 

Қайырмасы:

Осы өңірде эпостық жырдың көне түрі жоқ. Бұрын болғанмен де халық жадында сақталмаған, ұмытылып кеткен. Біздің өңірде бұрын қолданған, және қазір де қолданып келе жатқан музыкалық аспаптың түрі киелі – домбыра. Ауылда күйші болмаған, ал Сегіз серінің төртінші ұрпағы Биғожин Қаратай атай Қожаберген жырау туралы маған айтып берді. Қожаберген жыраудың атақты, халыққа белгілі күйлері: «Күлдірмамай», «Дабыл», «Аңырақай», «Бозайғыр», «Сұлама» сияқты күйлері белгілі. Осы күйлердің баршасын Қожаберген жырау өзі шығарған. Әрине, ол кісінің күйлері өмірмен, халықпен тығыз байланысты. Ауылда мақал-мәтел, нақыл сөздерді шебер қолданатын, шешен сөйлейтін қарттар жетерлік. Менің әжемнің айтуы бойынша ауылда көбіне үлкендер, орта жастағы ауыл тұрғындары болсын әр түрлі тақырыпта мынадай мақалдарды айтады екен:

Жанұя, туыстық қатынастар туралы.

1. Тәрбие – тәлімнен.

2. Өнегелі отаудың қрісі кең.

3. Келіні тәләмнен.

4. Келіні жақсының керегесі алтын.

5. Сүйіктің жоқта дүние суық.

6. Баталы сөз – балаға азық.

7. Көсеуің ұзын болса- қолың күймес.

8. Өз өлтірмес, жат жарылқамас.

9. Қара наннан қалаш жақсы,

Жаман ағайыннан алаш жақсы.

10. Ағайынның ұрысы – торқаның жыртысы.

11. Түбі бірге түтпейді.

 

Адалдық , адамгершілік, достық, ізгілік, ынтымақ туралы.

1. Адалдық – ардың ісі.

2. Адалдық жүрген жерде, адамдық жүреді.

3. Асылдың бірі – адалдық.

4. Дос, досқа зиянкер емес,

Зиянкер болса, дос емес.

5. Дос басқа қарар,

Дұшпан аяққа қарар.

6. Дос сыртыңнан мақтар,

Дұшпан көзіңе мақтар.

7. Дос сүйгеннің түсіне қарама.

8. Қырық атан ұстама,

Қырық тамыр ұста.

9. Дос айырған боқ жейді.

10. Дос көтерер көңілді,

Мал көтерер өлімді.

 

Салт дәстүр, әдет ғұрып туралы

1. Қолыңмен істегенді,

Мойныңмен көтер.

2. Жігіттің бар жұрты нағашысы

3. Ас иесімен тәтті

4. Ел елдің заңы басқа,

Иті қара қасқа.

5.Жаңылмас жақ болмас,

Сүрінбес тұяқ болмас .

Ел халық туралы.

1.Көп ел- сарқылмас көл.

2.Көптен қоян қашып құтылмас.

3.Ісі барда, елің бар.

4.Елің панаң,

Жерің анаң.

5. Ел қариясы- ел қазынасы.

6. Ерден аспақ бар,

Елден аспақ жоқ.

7. Құралай бастаған киік оңбайды,

Көш басшысы жоқ ел оңбайды.

8. Елді сөкпе, кенді төкпе.

9. Елде түлкі аштан өлмес.

10. Ел аралаған – сыншы,

Тоғай аралаған – үйші.

11. Көшкен елдің көмегі болса, еру елдің еңбегі бар.

Бұл, әрине, бұрыннан ата-бабаларымыз қолданып келе жатқан мақалдардың кішкене бөлігі. Ал жұмбаққа келетін болсақ, жұмбақтың түр-түрін маған Абдилдина Мәриям апайайтып берді.

Жұмбақтар

1. Апан-апан ескі шапан,

Иір қобыз , жарық жұлдыз.

(Түйе)

2. Шым – шытыр, шидай қотыр.

(Керегенің көгі)

3. Тұла бойы тысқары,

Екі қолы ішкері.

(Белбеу)

4. Төрт қарны бар,

Бір аузы бар.

(Үй)

5. Бауыздасаң қан орнына су ағар

(Қауын)

6. Әкесі баласын көтеріп,

Баласы бөркін көтеріп тұр.

(Кереге, уық, шаңырақ)

7. Асты пішақ, үсті істік,

Өзіне лайықтап киім пішкен

Секіріп-секіріп түскен.

(Ешкі)

8. Жамаулары болса да білінбейді,

Жансызға оңдай нәрсе ілінбейді.

(Ала тай)

9. Жаралған бұл дүниеде екі қақпақ,

Мезгілімен ашылып, жаңа жаппақ.

Болғанда бірі қара, екіншісі –

Күмістей жарқыраған сүттен де аппақ. (Күн, түн)

 

10. Ауылдан ерте тұрып, кетер сыртқа,

Көп жанға жалғыз нәрсе болды тұтқа.

Сол жерден аз жұмысын бітіріп ап

Қайтады қуанышпен бір уақытта.

(Жaйылған қой, қозы)

11. Топырақ желді мініп, желді айдады,

Болғанда түске жақын көлге айдады.

Тамшыны жерден тамған керек қылып,

Топырақ өз-өзінен айқайлайды.

(Жел – жылқы, тамшы - қымыз)

12. Жамандық қып, шапқылап жарсаң басын,

Жақсылық қып аямас сенен асын.

Күні-түні сонда да тепкілейсің,

Айтпайсың оған тәуір жарылқасын.

(Жер)

13. Қырдан қырайман көрдім,

Судан сүлейман көрдім,

Қайырылып тұрған таз көрдім,

Тұзсыз піскен ас көрдім. (Дермен, балық, қауын)

14. Кішкене ұлым бар,

Кірген шыққан сүйеді.

(Кесе)

Жұмбақпен айтыс

Баяғы заманда бір сұлу қызды алам деп жігіт келсе қыз: “Мен жұмбақ айтам, соны тапқан жігітке тием”,- депті. - Жақсы , айтыңыз жұмбағыңызды,- дейді сонда жігіт. Қ ы з ж ұ м б а қ а й т а д ы: Балқан тау да балқан тау,

Басына шыққан кім екен? Жолда тұрған жоңышқа,

Ат семірткен кім екен?

Жез бұйдалы нар тайлақ,

Оны көрген бар ма екен?

Желдеп кеткен жеті атан,

Оны көрген бар ма екен?

Қайда шөккен қарт бура,

Оны көрген бар ма екен?

Егіз қозы сүйіксіз,

Оны көрген бар ма екен?

Айдалада желі арқан,

Оны көрген бар ма екен?

Жай, жай кілем, жай кілем,

Оны көрген бар ма екен?

Түр, түр кілем, түр кілем,

Оны көрген бар ма екен?

- Жұмбағыңыз онша қиын емес екен, - деп жігіт шешуін айтады:

Балқан тау да балқан тау,

Басына шыққан базаршы,

Жолда тұрған жоңышқа,

Ат семірткен жолаушы.

Жез бұйдалы нар тайлақ,

Бикешіңіз болмаса?

Желдеп кеткен жеті атан,

Жеті ағаңыз болмаса.

Қайта шөккен қарт бура,

Қайын атаңыз болмаса.

Егіз қозы сүйіксіз,

Екі емшегің болмаса?

Айдалада желі арқан,

Түлкі бақыр болмаса?

Айдалада қу қазық,

Қояныңыз болмаса.

Жай, жай кілем, жай кілем,

Жазылып жатқан жер болар.

Түр, түр кілем, түр кілем,

Түріліп шыққан күн болар.

- Таптым ба, тәлім қыз, енді не амалың бар? – дейді жігіт.

- Таптың, жігітім, енді саған тиемін – дейді қыз.

Жігіт пен қыздың жұмбақпен айтысы

Ж і г і т т і ң ж ұ м б а ғ ы:

Тағы да отырмын мен жұмбақ ойлап,

Дүлдүлді сахараға қойдым байлап,

Басында бұлбұл отыр үйдің сайрап,

Бір гауһар қойныңда тұрар жайнап.

Дарияның жағасында құрағы бар,

Жел тисе жанып кетер өрттей қаулап.

Азар білгіш болсаң да бір сасарсың.

Тауып бер жұмбағымның бәрін ойлап.

Қ ы з д ы ң ш е ш у і:

Болғанда – ақыл дария, кеудең – дүлдүл.

Басында сайрап тұрған тілің бұлбұл,

Қойныңнан шыққан гауһар – екі көзің,

Соққан жел дауылдатып айтқан сөзің.

Дарияның жанып кеткен құрақтары,

Адамның қатты шыққан – ашуы дүр,

Бәрі де адамзаттың денесі екен,

Таптым ба жұмбағыңды енді білдір.

Ж і г і т т і ң ж ұ м б а ғ ы:

Бір жайын тынбай жүрер дөп-дөңгелек,

Ұясы үш жүз алпыс болса керек.

Тағы да торға толған асыл шөлмек,

Мәнісін ғылым ғана танып білмек,

Аспаннан алты арыстан ақырады,

Гүлденіп миуалар алты терек.

Ғаламға он сегіз мың пайда бермек,

Жанады бір сарайда сансыз панар.

Пәндеге қисап емес санап білмек,

Айдаһар Қап тауынан ақырғанда,

Ұяға құмырсқаның бәрі кірмек,

Сөзімді мен сөйледім түйдек-түйдек,

Пендеге қымбат болар мұны білмек.

Тауып бер жұмбағымды бәрін ойлап,

Шешенсін сен бір жүйрік, ақылың зерек.

Қ ы з д ы ң ш е ш у і:

Ай мен күн тынбай жүрген аспандағы,

Ажалдан құтылмассың қашсаң дағы

Ісіне жаратылыс тамаша қыл,

Сол күннің үш жүз алпыс кірер орны.

Жұмыртқа жиырма төрт сағаттарын,

Күн мен түн көрсетеді қанаттарын.

Аспаннан алты арыстан ақырғаны,

Қар жауып, қарлы боран қыс болғаны.

Гүлденсе миуаланып алты терек,

Аспанда торғай шырлап жаз болғаны.

Аспанның жеті қараңғы сарайлары,

Ішінде сансыз жанар жұлдыздары.

Мәнісі осы сөздің болмас па осы.

Таптым ба жұмбағыңды төрем кәні.

Жұмбақтың жастар алдында тәрбиелік мәні зор десек қателеспейтін шығармыз. Жұмбақ ересек адамдарға ғана емес, бала логикасын әрі қарай дамытуға да септігін тигізеді. Баланың санасын жетілдіруге жұмбақтың жасырылуының өзі маңызды. Қазіргі кездегі жұмбаққа келетін болсақ, « Көш қайда жүреді, заман сонда жылжиды» демекші, қазіргі заманға сай, оқу-білімге байланысты, кәсіпкерлікке байланысты, жалпы өмірге байланысты жұмбақтар ортамызда ерекше бір орын алады. Ел-жұртына беделді би-шешен болмаса да, ақындық талантқа жақын, оның бар қыр-сырларын білетін Тұрсынбаев Жоламан атай біздің ауылда өмір сүрген. Үш жүздің әулие билерінің шешендік афоризмге толы өсиеттері атаның жадында толығымен сақталған екен. Соның ішінде ата маған Төле бидің Жеті жарғыға байланысты айтқан сөздерін айтып берді.

Жер дауы, баяндайын, біріншісі,

Ру, қоныспенен меншікті ісі.

Иеленген жеріне жанжал болса,

Біреуге басымдық қып озбыр кісі.

Үй іші мен баланы тәрбиелеу –

Болған жосық заңының екіншісі.

Ұрлық – қарлық, барымта – үшінші заң,

Баян етер бәрін де білген кісі

Төртінші боп саналған мына заңы

Бір халық пен басқа ру болса дауы.

Ұлтын жаудан қорғамақ – бесінші бұл

Алтыншы, жетіншісі – құн дауы, жесір дауы.

Ауылда көбінесе айтылып жүретін өзіміздің жерлесіміз Исагулов Мағзым сынды шешен атаның сөзі:

Өзін ғана ойлаған жамандықтың белгісі,

Өзгені де ойлаған адамдықтың белгісі.

Үлгілі сөз білмеген надандықтың белгісі,

Бар жоғына қарамас анық жомарт ер кісі

Өз үйінде салғыртсу сараңдықтың белгісі.

Шешендік сөздің мәні адам рөлінде маңызы өте зор. Ол ана тілін қастерлеуге сананы өрбітуге,сөз өрнегін жасауға, ақ пенен қараны ажырата білуге, тілді байытуға көп көмегін тигізеді. Қазіргі таңда шешендік өнерді қастерлеп, құрметтейді деп ойлаймын. «Мадақтау», «Даттау», «Арнау» өлеңдері де баршылық, алайда азды-көпті. «Арнаудың» мына бір түрін Мағзым атайдың өзінің Марқаба деген жолдасына арнаған екен:

Жан жолдасым өзің қандай назды едің,

Жылытады арайлаған жан лебің.

Тату жүрміз бұл өмірде қызықтың,

Бейнетінде бұл өмірдің

Әйтеуір өзің жақсылыққа жарыттың,

Жарықтайсың жанған тағдыр қамшысын.

Елестеп жымиған күлкіңменен

Жібітесің уайымның талқысын.

 

«Ән - халықтың ажары» демекші ел ішінде негізінен көптеген халық әндері кездеседі. Мысалға алатын болсақ: «Қамажай», «Әйкен-ай», «Илигай», «Сәулем-ай», «Назқоңыр», «Ой көк», «Көк айдай», «Топ шеңгел», «Япыр-ай», «Шилі өзен», «Ыңғай-ай», «Бипыл», «Баянауыл», «Ақ дариға», «Өтесің, қайран, заман-ай», «Сәулем ай» т.б.

 

Сәулем-ай

Аяғыма кигенім былғары етік сәулем-ай,

Табанымнан барады ызғар өтіп сәулем-ай.

Жақсы болсаң келерсің судан өтіп сәулем-ай,

Жаман болсаң қаларсың суға батып сәулем-ай.

 

Қайырмасы:

Сәулем, сәулем, сәулемсің,

Басымдағы дәуренсің

Жақсы болсаң, сәулемсің,

Жаман болсаң, әуремсің.

 

Халық өлеңдері

Жеке шумақтар

ü Үлкенге керсең қалды да,

Ас құйылды тегешке.

Үлкен билер қалғанда,

Құлдар кірді кеңеске.

Кеңескенде не десті,

Тырнадай мойын теңесті.

Теңескенде не десті,

Біріне – бірі серт қылды.

Үйге кедей келгенде,

Бір аяқ ас бернмеске.

 

ü Өлеңтіні жағалай,

Тал шығады деп едім.

Тал шыбықтай бұралып,

Сал шығады деп едім.

 

ü Соққан бейіт сықылды,

Үй шығады деп едім.

Қырыққан серке бұттанып,

Би шығады деп едім.

Таудан аққан тас бұлақ,

Тасыса құяр теңізге.

Қанша малы көп болса,

Бай қуанар егізге.

 

ü Жаманнан жақсы туса,

Жақсыдан жаман туса

Тартпай қалмас негізіне.

Ақ дариядан үлкен дария болмас,

Тасыса қалыбынан аспас.

Тұрымтайдан ұшқыр құс болмас,

Торғайдан басқа нәрсе алмас.

Ақ патшадан үлкен патша болмас,

Оның жарлығы екі болмас.

Бұзау тайынша жиылып,

Бота болған заман-ды

Жаман жақсы жиылып,

Адам болған заман-ды.

Тамам молда жиылып,

Қожа болған заман-ды.

 

ü Оралдан қашқан ор түлкі,

Аралап қашса ит жетпес.

Тегеурінді төрт елі,

Аспаннан түскен тас түлек

Жерге түссе тек өспес.

Ұлы ханның ұлы едің

Асыл ханның сідігі едің,

Шыны аяқтың сідігі едің

Қас патшаның өзі едің,

Мінезіңнен дәм етпеймін

Сүйегіңнен дәм етемін.

 

ü Алыстан қара көрінсе,

Жүйрік озар созылып.

Қаба – қаба қар жауса,

Атан тартар бүгіліп.

Ендігінің жақсысы

Есіктен төмен қарап,

Отырады түңіреп.

 

ü Көп нені айтады,

Азға қылған зорлығын айтады.

Аз нені айтады,

Көптен көрген зорлығын айтады.

Ертегілерге келер болсақ, менің ауылымда көбінесе жан-жануарлар туралы ертегілер көптеп айтылады. Мысалы «Ақымақ қасқыр» туралы ертегіні маған Жолаушина Гаухар апай айтып берді. Ол кісі ауыл мектебінің көзі. Мектепте қырық жылдан астам уақыт қызмет еткен болатын. Әдебиетке жақын адам болғасын ба, әйтеуір ертегі айтқанды ұнатады. Барлық кіші балаларды жинап алып ертегі айтып жүреді.

Ақымақ қасқыр

Өрісте жайылып жүрген көп қойдың ішінен бір арық саулық жалғыз бқлініп қала беріпті. Қалың шидың арасынан бір қасқыр атып шығып:

- Е, жерік қасым, қайдан жүрсің? Іздегенде сені таба алмас едім, бұйырған дәмге сөз жоқ. Енді жеймін,-дейді.

- Жейтін болсаң, ажалым жеткен екен, бірақ өзің де мал танығыш едің ғой. Қарным қампиған, бұтым тыртиған, аузымда бір тіс жоқ, бір асым етім жоқ, тұла бойым шандыр, мені қайтесің? Мені босат, қоралы қойға қайтайын, қозымды саған әкеліп тартайын, жылы –жұмсақты сен жемегенде кім жейді? – дейді. «Жылы – жұмсақ» деген сөзге қасқырдың құлқыны құриды. Қойды босатып қоя береді. Өасқыр жұтынып, қойдың болғанын күтеді. Қой да, бағлан да келмейді, қасқыр түңіледі. «Қой баласы момын ғой, алдауды білмеуші еді. Сірә оны ешкі антұрған азғырған шығар. Барып көрейін!» - деп жорта жөнелді. Бір белеске шығып төңірекке қараса, қызылшаны шайнап бір ешкі күрт-күрт тұр екен. Қап! Қой да, қойшы да алыста көрінеді. «Іздегенім сен едің! – деп қасқыр ешкіні бас салады. « Жанымды аман алып қалуға себеп болар ма екен?- деп, ешкі мынаны айтады:

- Атаң да, анаң да жақсы еді. Қой тұрғанда олар ешкіні жемейтін. Мен қарапайым ешкі емеспін, тойда билеп, торқа киген ешкімін!- деп судыратады.

- Ешкі билейді дегенді естіген емеспін. Ондай өнерің болса, көрсет,- дейді қасқыр.

- Ендеше, көз алдырмай аяғыма қара да тұр, мен бір билеп көрейін,- дейді де ешкі олай – бұлай секіре-секіре жалт беріп, қойлардың арасына кіріп кетеді. Сол арада қойшы келіп ешкі аман қалады.

Ертегі мен аңыздың айырмашылығына келетін болсақ, ертегі көбінесе халық қиялынан, арманынан туады. Ал аңызда көбінесе шындық басым болып келеді. Адам өмірінде болып жатқан өзгерістермен іспеттес. Ауылда көбіне ел аузында сақталынған фольклордың үлгілерінің бірі – «Санамақ», «Өтірік өлең», «Жаңылтпаштар». Осы өлеңдерді маған Жиенмурзина Шолпан апай айтып берді.

Өтірік өлең

Айналайын баладан

Тауып алған даладан.

Далада бала жата ма?

Түсіп қапты шанадан.

 

Санамақ

Қуыр-қуыр, қуырмаш,

Балапанға бидай шаш.

Бас бармақ, балан үйрек,

Ортан терек, шылдыр шүмек,

Кішкене бөбек.

Сен тұр, қойыңа бар,

Сен тұр, қозыңа бар

Сен тұр, жылқыңа бар,

Сен тұр, құлыныңа бар.

 

Саусақ санау

Бірінші саусақ – бас бармақ,

Екінші саусақ – балалы үйрек,

Үшінші саусақ – ортан терек,

Төртінші саусақ – шылдыр шүмек,

Бесінші саусақ – кішкене бөбек.

Бір дегенің – білеу,

Екі дегенің – егеу,

Үш дегенің – үскі,

Төрт дегенің – төсек,

Алты дегенің – асық,

Жеті дегенің – желке,

Сегіз дегенің – серке,

Тоғыз дегенің – торқа,

Он дегенің – оймақ,

Он бір дегенің – қара жұмбақ.

 

Жаңылтпаш

1. Төбесі төбел төрт бөрік,

Төртеуі де көк бөрік.

2. Анау арал, қай арал?

Қайыңды арал, талды арал.

3. Есет атам ет асатар,

Ет асатса бес асатар.

4. Торта қойдым, орта қойдым,

Орта қойдым, жорта қойдым.

5. Топ бала, топ бала

Ойнап жүр топтала

Зымырап допты ала

Қуады көп бала.

 

Сонымен қоса Жекекөл ауылында баяғы заманнан келе жатқан ойындардың түрлері де сақталған. Сол ойындардың бірін маған Ибрагимова Зүлфия апай айтып берді.

Шеңбер ойыны

Бұл ойынды бір мезгілде бірнеше жерде өткізуге болады. (Балалар кезек күтіп жалықпас үшін). Ол үшін екі-үш жерден диаметрі бір кездей шеңбер сызылады. Шеңбердің ортасына бір – бірден асық тіккен ойыншылар сақаларын үйіріседі. Сақаларының алшы, тайқы, бүк, шік түскендеріне қарай ату кезегі белгіленеді. Бұл ойындағы шартта тигізу ғана емес, асқан асықты шеңбердің сыртына шығарып жіберу. Мерген асықшы атқан асығы шеңберден шықпай қалғанша кезекті ешкімге бермейді. Көмбедегі асық таусылып біткен кезде ең көп ұпай жинаған ойыншы жеңімпаз болады. Әр шеңберден шыққан жеңімпаздардың арасында ақтық сайыс өткізіледі.

Асау көк

Бұл ойынды әртүрлі бас қосуларда үлкен-кіші, кәрі жас түгел ойнай береді. Мұнда алдымен бір жуан арқанды жерден 40-50 сантиметрдей биіктікте жалаң керіп, әрбір ойнаушы 50-60 сантиметрдей ұзындықтағы бір таяқты алып, керген арқанның үстіне малдасын құрып отырып, қолындағы таяғымен біраз жер тіреп орнығып алғанша тұрады да, онан соң:

- Әне, кетті асау көк,

Міне кетті асау көк.

Үйретпесек болмайды,

Жылқымызда асау көп,-

деп өзі малдас құрып отырған арқанның астынан қолындағы таяғын оңнан-солға, солдан-оңға қарай алма-кезек өткізіп отырады. Соңында, арқанның астынан таяқты жығылмай отырып кім көп өткізіп алса, сол жеңімпаз болады. Ал алғашында жығылып қалғандар ән айтып, би белеп өнер көрсетіп береді. Бұл ойын балаларды қауіп- қатерден тайсалмайтын батыл да батыр азамат болып есеюге баулып, айла – тәсілдерін молайтып, бәсекелік қуаттарын арттырады. Өмірге деген құштарлығы мен үміткерлік сезімдерін оятып, зейін- зерделерін ашады.

Сырық – сырық

Бұл ойынды көбінде естияр өрендер мен бозбалалар бас қосқанда ойнайды. Ойын алдында арбаның үстіне адамды емін-еркін көтеретіндей бір мықты сырық орнатады, онан соң, арбаны бір атқа жегіп, оны бір адам майданды айналдыра, тоқтаусыз қуалап айдап отырады (кейде оны ойыншы өзі атқарады). Міне, осы ойыншы сырыққа өрмелеп шығып шыр көбелек айналып, төбесімен шаншылып зырлап бара жатқан арбаның үстіндегі сырықта сан алуан ойын көрсетіп, небір қиын, күрделі әрекеттер жасап, көрермендерін таңғалдырып, таңдай қақтырады. Міне, бұл ертеде «Сырық-сырық» немесе «Сырық ойыны» деп аталған. Бұл ойын адамды жүректілікке, ерлікке, қайсарлыққа баулып, шеберлігін арттырады. Денелерін шыңдап, шынықтырып, көңіл-күйлерін көтеріп, рухтарын тасқындатады. Ауылдың көпті көрген қарияларының бірі Ибрагимов Марат атай маған мына төмендегі аңыз-әңгімені айтып берген болатын.

 

«... ЖАМАН БОЛСА БАСҚА САЛАР БӘЛЕСІ БАР»

Ел ақсақалдары жиналып отырған алқалы топта талқыға түскен сөздің ыңғайына қарай бір кісі:

- «Қазақта ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар, баласы бардың панасы бар», - деген бар емес пе? Сонда бұрынғылар осыны білмей айтқан ба?- деп, «кім не дер екен?» дегендей айнала көз тастапты.

Сонда Шортанбай:

- Дұрыс айтасың, бабаларымыз еш нәрсені де бұра айтпаған, бірақ өзіміз тура мағынасында түсінбейміз. Әйтпесе ол былай айтылар еді:

 

Ағасы бардың жағасы бар;

Жақсы болса жағасы бар,

Жаман болса кейінгі інісіне табасы бар.

 

Інісі бардың тынысы бар;

Жақсы болса тынысы бар,

Жаман болса төтенше жұмысы бар.

 

Баласы бардың панасы бар;

Жақсы болса панасы бар

Жанам болса басқа салар пәлесі бар – деген екен.

 

Бөкен қарттың сөзі

 

Дүниеге жарасады күн мен ай.

Бұл заман тұра бермес бұрынғыдай,

Мысалы дүниені мен айтайын.

Теңеледі бір заманда жарлы мен бай.

Өзгеріп одан кейін заман болар.

Жолына шариғаттың күмән болар,

Қызығы кәрі-жастан ұят кетіп,

Тәртіпсіз ары жойылып, тәмам болар

Үлгісіз ата-ана болар.

Еркекті әйел билеп дана болар.

Бірде асып-сасып көкігендер.

Таусылып құлазыған дала болар.

Күншілер көрінгенге қуғын салып,

Ақыры күнәсызға жала болар.

Үлгілі, өнегелі салтты құрып,

Қаптаған айналасы қала болар.

Сары жайлау, Сары арқалы жер тартылып,

Өрісі жоқ жырық-жырық дала болар

Сары қымыз сапырулы қолдан кетіп,

Сарғайған ішетұғын шайы болар.

Ұлы арсыз, қызы ұятсыз болып өсіп.

Бала емес, бәле баққан жайы болар.

Ақыр заман адамы көп білем деп ғалым болар.

Надандығы халыққа мәлім болып,

Шариғат пен кадисте жұмысы жоқ.

Құранды қате оқып, күнә болар.

Оқыған ғұламалар таусылған соң,

Ақыры сол наданды молда қылар.

Әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі бар. Қандай халықтың болмасын, салт-дәстүрлері сол халықтың мінез-құлқын, қасиеттерін таныта алады. Мысалы қазақтарға тән бауырмалдық, ақжарқындық, қонақжайлық. Жалпы салт-дәстүрдің ұрпақ тәрбиесіндегі мәні зор деп білемін. Осы фольклорлық жұмысты орындағаныма қатты қуанамын. Қарап отырсам ауылда болып жатқан көптеген өзгерістерді білмейді екенмін. Осы жұмыс арқылы өз білімімді толықтырып, ауылымды қыр-сырынан таныдым. Халық ауыз әдебиетінің осыншама үлгілерінің менің ауылымда сақталғанына қатты қуанамын. Маған қол ұшын беріп, бар білгендерін айтқан ауылдың қарт адамдарына алғысым шексіз. Ауыл қарттарының барлық кіші балаларды жинап алып, оларға бұрынғы заманның аңыз-әңгімелерін айтып жүргенінің өзі үлкен жетістік. Өз немерелеріне осындай жырларды айту, қазақ салтының жойылып кетпеуіне үлкен үлесін тигізеді. Бұл жастарға үлкен өнеге ретінде көріну керек. Демек, қазақтың салтын әрі қарай дамыту – қазіргі жастардың мойнына ілінген үлкен парыз.

 

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

МИНИСТЕРСТВО ОБРАЗОВАНИЯ И НАУКИ

РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН

М. ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ

 




Поиск по сайту:

©2015-2020 studopedya.ru Все права принадлежат авторам размещенных материалов.