Помощничек
Главная | Обратная связь


Археология
Архитектура
Астрономия
Аудит
Биология
Ботаника
Бухгалтерский учёт
Войное дело
Генетика
География
Геология
Дизайн
Искусство
История
Кино
Кулинария
Культура
Литература
Математика
Медицина
Металлургия
Мифология
Музыка
Психология
Религия
Спорт
Строительство
Техника
Транспорт
Туризм
Усадьба
Физика
Фотография
Химия
Экология
Электричество
Электроника
Энергетика

Организм реактивтілігі

Алматы 2009

Кіріспе

Патофизиология - ауру организмнің тіршілік заңдылықтарын зерттейтін медицинаның түбегейлі ілімі. Ол клиникалық пәндердің негізгі іргетасын қалайтын, аурудың пайда болу себептерін, дамуы мен аяқталу заңдылықтарын тұтас организмнің, жүйкелік-эндокриндік және иммундық реттелу негіздерінде, дерт туындататын ықпалдарға икемделіп-бейімделу мүмкіншіліктерімен біріктіре қарастыратын іргелі қағидалық ілім. Ол физиология, молекулалық биология, биохимия, иммунология, патомор-фология, фармакология т.б. пәндермен тығыз байланыста болу арқылы медицина ғылымының заманына сай жетістіктерін клиникалық пәндермен байланыстырып біріктіретін пән. Патофизиология ауру туралы жалпы қағида қалыптастырып, оның даму жолдарын анықтау арқылы аңғарымдамалық, патогенездік профилактика және емдеу жолдарының негіздерін қалайды. Қандай да болмасын жаңадан ашылған аңғарымдамалық және терапиялық ісшаралар алдымен патофизиологиялық тәжірибелерде тексеріледі. Ауру дамуындағы себеп-салдарлық арақатынастарды ажырату арқылы дәрігер мамандарда клиникалық дүниетанымды қалыптастырады.

Патофизиология пәні жалпы және жүйелік бөлімдерден тұрады. Жалпы патофизиология, организмде орналасқан жеріне және пайда болу жаратылысына қарамай, ағзалар мен тіндердің қызметтері бұзылыс-тарынының даму тетіктері мен себептерінің үлгілік заңдылықтарын зерттейді. Жүйелік патофизиология дерт туындататын ықпал әсер еткенде жекелеген ағзалар мен тіндердің қызметтерінің бұзылыстары мен сауығуының жалпы және арнайыланған тетіктерін анықтайды. Патофизиологияның бұл екі бөлімі де аурудан сақтандыру, аңғарымдау және емдеу әдістерін іздестіретін және практикаға ендіретін амалдық медицинаның қағидалық негізін қалайтын ілімге жатады.

Патофизиологиялық зерттеулер жасуша ішілік, жасушалық, тіндік, ағзалық жүйелік және тұтас организмдік деңгейлерде физологиялық, био-химиялық, биофизикалық, иммундық және морфологиялық әдістерді пайдаланып өткізіледі. Науқас адамдарда бұл әдістерді қолданып ауруды зерттеу клиникалық патофизиологияның негізін құрайды.

Организмнің бүліністеріне әкелетін себепкер ықпалдардың топтық және түрлік сипаттамаларын, молекулалық, жасушалық, тіндік, ағзалық және жүйелік деңгейлерде олардың бүліндіру тетіктерін, спецификалық және бейспецификалық қорғану жолдарын, бүліністер кездерінде икемделу-бейімделу тетіктерін зерттеу патофизиологияның түбегейлі бағыты болады. Осының нәтижесінде адам ауруының заманына сай қағидасын қалыптастырады, дерттің дамуы мен аяқталуының жалпы және нақты заңдылықтарын анықтайды.

Сонымен бірге, патофизиологияның практикалық медицинаға қатысты үлкен амалдық бағыты бар. Ол дәрігерде клиникалық дүниетаным қалып-тасуына, ауруды дұрыс аңғарып, дұрыс емдеуді үйретуге бағытталады.

Осы мақсатта:

● аурудың патогенезіне қарай әйгіленімдерін талдау арқылы оның:

√ қай ауру екенін аңғаруға;

√ пайда болу себебін анықтауға;

√ ары қарай даму мүмкіндіктері туралы болжам жасауға;

√ емдік шараларды таңдап алуға - қажетті тұжырым жасалады;

● аурудың түрін аңғару үшін функциялық және зертханалық аңғарымдамалық әдістерді ғылыми тұрғыда таңдап алуға ықпал етеді және зертханалық зерттеулердің нәтижелері талданады;

● дерттік ықпалдардың әсерлеріне қарсы бағытталған организмнің қорғаныстық-икемделістік тетіктерін ажырату арқылы оларды сергітетін әдістерді пайдалану барлық емдеу тәсілдерінің негізін қалайды.

Осы келтірілгендерге байланысты клиникалық патофизиология пәнінің негізгі мақсаты болып, нақты науқас адамда, оның өмір сүретін қоршаған ортасымен және организмнің даралық реактивтілігімен байланыстырып, аурудың этиологиясы мен патогенезі және сауықтыру шаралары туралы түсінік қалыптастыру есептеледі.

Оның міндеттеріне:

● науқас адамда ауру дамуының жалпы және өзіндік заңдылықтарын зерттеу;

● организмнің даралық реактивтілігімен және қолданылған емдік шаралармен дерт дамуының байланысын анықтау;

● емдік шаралардың нәтижелілігін арттыру үшін нақты науқаста нақты дерттің патогенезін зерттеу;

● ауру патогенезінің заманына сай түсінігіне байланысты патогенездік емдеу тәсілдерін қалыптастыру – жатады.

Ұсынылып отырған «Клиникалық патофизиология» оқулығы медициналық жоғары оқу орындарының жоғары курстарының студенттеріне және медицина мамандарына арналған. Ол екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде клиникада көптеген аурулардың патогенезін ұғынуға маңызды біртектес дерттік үрдістер дамуының жалпы заңдылықтары талданады. Екінші бөлімінде жекелеген жүйелер мен ағза қызметтері бұзылыстарының заңдылықтары және оларды патогенездік емдеу негіздері ұсынылады. Әрине бір оқулықта медицинаның барлық салаларын қамту мүмкін емес. Сол себепті бұл оқулықтың негізгі мақсаты болып, клиникалық медицина мамандарын бүгінгі күннің ғылыми жетістіктеріне сай дерттанудың жалпы заңдылықтарымен таныстыру есептелді.

Автор

 

 

Ауру және біртектес дерттік үрдістер

 

Ауру - нозологияның және жалпы дерттанудың (патологияның) негізін қалайтын түсінік. Ол жекелеген ауру түрлерін (нозологиялық бірлікті) ажырату үшін қолданылатын атаусөз. Сонымен бірге, бұл атаусөз жалпылама ауру туралы түсінікті де береді. Кезкелген ауру гендік реттелулердің негізінде жүйкелік-эндокриндік және иммундық реттелулердің өзгерістерімен сипатталатын тұтас организмнің жаңа сапалы жағдайы. Бүгінгі таңда организмнің дертке деген тұқым қуатын бейімділігі болмайтын ауру жоқ деуге болады. Сол себепті бір аурудың өзі әр адамда оның тектік ерекшеліктеріне, жас мөлшеріне, өмір сүру ортасы мен салт-дәстұріне т.с.с. байланысты әртүрлі өтеді. Тұқым қуалаушылыққа бейімділік жүзеге асу үшін ауру туындататын қоршаған ортаның (экзогендік) немесе организмнің өзінде болатын (эндогендік) ықпалдармен оның өзара әрекеттесуі болуы шарт.. Бұл кезде тұқым қуалаушылыққа бейімділіктің нәтижесінде дерт туындататын ықпалға организмнің қарсы тұру қабілеті азаюынан, оның төзімділігі төмендейді. Ондай жағдай гендердің қадағалауымен түзілетін, организмнің дерт туындататын ықпалға төзімділігін қамтамасыз етуге бағытталған, қорғаныстық ферменттердің немесе нәруыздардың қалыптыдан ауытқып кетуінен байқалады. Мәселен, туберкулез таяқшалары әр адамда болуына қарамай, елдің бәрі бұл аурумен сырқаттана бермейді. Ол үшін организмнің, фенотиптік ерекшеліктеріне байланысты, туберкулезге қарсы иммунитеттің жеткіліксіздігі болуы шарт. Елдің көпшілігінде He-lykobacter pylory болады, бірақ асқазан мен ұлтабардың ойық жарасы бәрінде бірдей кездеспейді. Тіпті, ауыр жұқпалардың жалпы адамзатқа бірдей індеті (пандемиясы) кезінде 100% адамның одан жан тапсыруы байқалмайды. Дегенмен, организмнің тұқым қуалаушылыққа бейімділігі болғанына қарамай, себепкер ықпал әсер етпей ауру туындамайды. Әсер ететін себепкер ықпалдың күші мен қарқыны тым қатты болғанда дерттің пайда болуы организмнің тұқым қуалаушылыққа бейімділігіне байланысты болмай байқалады. Соның өзінде дерттің өтуі әр адамда әртүрлі болады. Кей науқастар тез арада жан тапсырса, кейбіреулері қатты сырқаттанып, ауыр бейнет көреді, басқалары жеңілірек ауырады. Былайша айтқанда дерттің пайда болуы мен өту жолдары организмнің даралық реактивтілігіне байланысты байқалады. Осыған байланысты адамзатты дерт туындататын ықпалдарға «төзімді», «сезімтал» және «өте сезімтал» топтарға ажыратуға болады.

Аурудың кезкелген даму сатысында организм мен себепкер ықпалдың өзара әрекеттесуінен бір жағынан дерттік бүліністер байқалса, екінші жағынан оған жауап ретінде қорғаныстық серпілістер, дертке байланысты функциялық жүйелер мен организмнің ішкі тұрақтылығы бұзылыстарына бейімделу және бұзылған функциялық жүйелердің атқаратын қызметтерін теңгеру тетіктері дамиды. Бұл қорғаныстық, бейімделістік және теңгерімдік серпілістер науқастың сауығу тетіктерінде маңызды орын алады. Сондықтан дәрігер аурудың патогенезін талдағанда оларды ажыратып, науқасты емдегенде осыларды ширатуға бағытталған емдік шаралар қолданулары қажет.

Кей жағдайларда бұл қорғаныстық тетіктер тым артық болып кету мүмкіндігін есте сақтау керек. Мәселен, қабыну кезінде жіті кезеңдік нәруыздар, цитокиндер тым артық өндірілуінен тұтас организмнің жүйелік бүліністері дамуы ықтимал. Қызба кезінде дене қызымы қатты көтеріліп кетуі де организм үшін зиянды.

Аурудың белгілі даму сатысында дерт туындатқан бастапқы себепкер ықпал маңызын жоғалтады. Бұл кезде ауру дамуындағы себеп-салдарлық арақатынастардың бір тізбегі дерттің ары қарай дамуын өршіте беруі мүмкін. Мәселен, ОЖЖ-нің белгілі бөліктерінде тұрақты қозу ошағы қалыптасуы дерттік жүйе дамуына әкеледі. Сол себепті дерт, ешбір сыртқы әсерсіз, өзбетінше мезгіл-мезгіл пайда болып тұрады.

Қорыта келгенде, ауру - деп тұтас организмнің қоршаған ортаның ықпалдарына қорғанып-бейімделу мүмкіншіліктерінің шектелуімен көрінетін, дерт туындататын сыртқы немесе ішкі ықпалдардан дамитын, оның биологиялық және әлеуметтік мұқтаждықтарын атқара алмайтын жаңа сапалы жағдайын айтады. Сол себепті ауруды емдегенде пайда болған дертті ғана емдемей, тұтас организмді емдеу туралы ұстаным болуы көне заманнан келе жатқан қағида.

Біртектес дерттік үрдістер белгілі себепкер ықпалдың организммен өзара әрекеттесуінен пайда болып, көптеген құбылыстардың жалпы заңдылықтармен тізбектеліп өтуімен көрінеді.

Дерттік үрдіс дамуының белгілі бір сатысында бастапқы дерт туындатқан себепкер ықпал маңызын жоғалтып, организмнің өзінде пайда болған өзгерістер дертті ары қарай, ешбір сыртқы әсерсіз-ақ, жалғастыра береді. Осыдан пайда болған эндогендік себепкер ықпал организмнің ішкі тұрақтылығын және функциялық жүйелердің қызметтері мен олардың бұзылыстарына қарсы тұратын қорғаныстық тетіктерді бұзады. Бұл кезде организмнің сауығуына бағытталған қорғаныстық тетіктер өздерінің бастапқы маңызын жоғалтып, біртектес дерттік үрдістің немесе аурудың дамуын қамтамасыз ететін тізбегіне айналады. Мәселен, сепсис кезінде иммундық қабілетті жасушалардың өзара қарқынды әрекеттесулері нәтижесінде көптеген цитокиндер бөлініп шығарылады. Бұлар, қанда дерт туындатқан бактериялар жоғалғанына қарамай, ішкі ағзалардың қызметтерін бұзады.

Біртектес дерттік үрдіс кезінде эндогендік себепкер ықпал пайда болғаннан кейін оның даму жолдарында негізгі патогенездік тізбек те өзгереді. Егер ишемияның бастапқы кезеңінде жасушалар деңгейіндегі бүліністердің негізгі патогенездік тізбегі болып, энергия тапшылығынан дамитын, мембраналар арқылы иондар тасымалдануының бұзылыстары есептелсе, артынан ишемияға ұшыраған тінде қанайналым қалпына келген-нен кейін олардың бүліністерінің патогенезінде жасуша мембраналарында липидтердің еркін радикалды асқын тотығуы негізгі тізбекке айналады. Осылай біртектес дерттік үрдістер кезінде эндогендік себепкер ықпал пайда болғаннан кейін олардың сатыларына қарай даму жолдары да құбылып тұрады.

Біртектес дерттік үрдіс көптеген себепкер ықпалдардың әсерлерінен дамиды. Ол әрдайым организмнің жүйелік серпілістеріне жатады. Оның дамуында барлық сатыларына тән белгілі бір жүйенің қызметтері бұзылыстарын ғана ажыратуға болмайды. Мәселен, гипоксия, ишемия және жүйелік қабынулық серпілістердің әр сатысында шеткері қанайналымның икемделістік және дерттік өзгерістері кездерінде жүйкелік-эндокриндік реттелулердің, тыныс алу жүйесінің өзгерістері, қанмен оттегі тасымалдануы т.б. әртүрлі өтеді. Былайша айтқанда, біртектес дерттік үрдіс дамуында организмнің көптеген жүйелері бірігіп қатысады.

Біртектес дерттік үрдіс әртүрлі аурудың дамуында көптеген құбылыстардың негізгі тізбегін құрады. Бұл кезде бір дерттің өзінде бірнеше біртектес дерттік үрдістер байқалуы ықтимал. Мәселен, жарақаттық ауру, сепсис және жүйелік қабынулық серпілістер кездерінде организмде қабыну, циркуляциялық гипоксия, қызба бір мезгілде байқалады.

Сайып келгенде, ауру белгілі бір дерттің түрін көрсететін түсінік болса, біртектес дерттік үрдіс сол аурудың негізгі даму жолдарын қалайтын, бірақ біртұтас аңғарымдамалық түсінік емес.

 

Организм реактивтілігі

Кейбір жұқпалардың індеттері кездерінде (мәселен, тұмау) барлық адамдар бірдей ауыра бермейтіні көптен белгілі. Жұқпалы ауруларға қарсы екпелер жасағанда кейбір адамдарда жұқпалардың клиникалық көріністері байқалып, иммунитет дамыса, басқалары иммунитет дамуымен мүлде жауап қайтармайды.

Қандай да болмасын аурутуындататын белгілі бір қоздырғышқа әр адам әртүрлі жауап қайтаратыны көне заманнан белгілі болған. Мәселен, Абу Али ибн Синаның, Парацельстің т.б. еңбектерінде осындай ерекшеліктер туралы нұсқамаларды кездестіруге болады. Соған карамай организмнің реактивтілігі туралы түсінік ХХ-ғасырдың басында, аллергия туралы түсінікті Пирке енгізгеннен кейін, ғана пайда болды.

Аурутуындататын ықпал әсер еткеннен кейін аурудың пайда болуы немесе болмауы және оның өту түрі организм реактивтілігінен байланысты болады. Сондықтан реактивтілікті және оның даму жолдарын білу аурудың патогенезін жете түсінуге, одан алдын-ала сақтану мен емдеу жолдарын нәтижелі қолдануға мүмкіншілік береді.

Н.Н.Сиротинин: «организм реактивтілігі –қоршаған ортаның ықпалдарына организмнің белгілі жолмен жауап қайтару қасиеті» деп анықтаған. Бірақ келтірілген анықтама көпшілік ғалымдардың көңілдерінен шыққанымен, бұл қасиет тұтас организмге ғана тән бе, жоқ әлде жекелеген жүйелерге, ағзалар мен жасушаларға да тән бе? – деген сұрақтың төңірегінде даулар әлі күнге дейін жүріп жатыр. Бұндай жауап қайтару қабілет тұтас организм деңгейінде ғана емес, оның жекелеген жүйелерінің, ағзалары мен жасушаларының деңгейлерінде де байқалады. Мәселен, бронхиалық демікпемен ауыратын науқастардың кеңірдекшелерінің ацетилхолинге сезімталдығы, сау адамдарға қарағанда, жоғары болады. Оқшауланған жағдайда қызмет атқарып тұрған жүрекке гипоксиямен, адреналинмен немесе пилокарпинмен әсер еткенде өзінің жиырылу күшін өзгертіп жауап қайтарады. Қан лейкоциттері пробирка ішінде де фагоцитоздық қызмет атқарады. Орақ тәрізді жасушалы анемия кезінде эритроциттер гипоксияға жауап ретінде тез гемолизге ұшырайды. Бөтен текті антигенге сезімталдығы көтерілген жануарлардың лаброциттерін алып, оларға әйнектің үстінде сезімталдықты көтерген антигенді қосқанда бұл лаброциттер өздерінің түйіршіктерін сыртына бөліп шығарады. Ал сезімталдығы көтерілмеген сау жануарлардың лаброциттері мұндай жауап қайтармайды. Осы келтірілген деректерден қоршаған орта ықпалдарына организмнің жекелеген жүйелері мен ағзалары және жасушалары да жауап қайтара алатынын көруге болады. Сондықтан жоғарыда келтірілген анықтама былай толықтырылғаны жөн.

«Реактивтілік – деп қоршаған ортаның әртүрлі, солардың ішінде аурутуындататын ықпалдарына тұтас организмнің және оның жекелеген жүйелері мен ағзаларының жауап қайтару қабілетін айтады».

Тұтас организмнің реактивтілігі реттеуші (жүйке, эндокриндік және иммундық) жүйелердің қатысумен қамтамасыз етіледі. Бұл кезде заттардың алмасуы, иммундық жауап, қан, қанайналым, тыныс алу жүйелерінің өзгерістері байқалады. Ол қабынудың өту қарқынымен, фагоцитоздың айқындылығымен, лейкоцитоз даму, дене қызымы көтерілу, эритроциттердің тұну жылдамдығы, антиденелер өндірілу, бүлінген тіндердің қалпына келу және жараның біту дәрежелерімен т.б. көрінеді.

Реактивтілік түсінігі организмнің төзімділігімен тығыз байланысты.

Организмнің төзімділігі және оның түрлері

Төзімділік (резистенттілік)– деп аурутуындататын ықпалдарға организмнің тұрақтылығын айтады.Төзімділік пен реактивтілік өзара бірімен-бірі тығыз байланысты және екеуі де тірі организмнің негізгі қасиеттерінің бірі болып есептеледі. Төзімділік спецификалық және бейспецификалық болып ажыратылады (1-сызбанұсқа).

Спецификалық төзімділікке иммунитеттің барлық түрлері жатады. Бүгінгі күні иммунитет даму жолдары азды-көпті жақсы зерттелген болса, бейспецификалық төзімділік белгілі дәрежеде нақтылай ажыратуды қажет етеді.

Туа біткен белсенді бейспецификалық төзімділікке организмнің физиологиялық болмысты қорғану-бейімделу тетіктерінің белсенді қосылуымен қамтамасыз етілетін оның тұрақтылығын жатқызуға болады. Мәселен, ауада оттегінің жетіспеуіне организм тыныс алуы мен жүрек соғуын жиілетіп, қанда эритроциттердің санын көбейтіп, гемоглобин молекуласының оттегіге деген үйірлігін арттырып т.с.с. жауап қайтарады.

Туа біткен енжар бейспецификалық төзімділік организмде әртүрлі биологиялық тосқауылдардың және қорғаныстық рефлекстердің, қанда және басқа тіршіліктік сұйықтардарда бактерия жойғы ферменттердің (лизоцим, пропердин т.б. протеазалардың, цитокиндер мен интерферондардың), асқазан сөлінде тұз қышқылы болуымен қамтамасыз етіледі. Шырышты қабықтарда тосқауылдық қызметті қадағалайтын сөлденістік IgA болады.

Жүре біткен бейспецификалық төзімділік қоршаған ортаның ұдайы өзгеріп тұратын ықпалдарына организмнің бейімделуі арқылы дамиды. Бейімделудің нәтижесінде организм көптеген сырттан әсер ететін және өзінде пайда болған аурутуындататын ықпалдарға төзімділігін арттырады. Мәселен, жануарлардың организміне қысқа мерзімді ауыртпалық (стресс) туындататын ықпалдармен бірнеше мәрте әсер еткеннен кейін артынан олар ауыр ауыртпалық жағдайларға төзімді болатыны Ф.З.Меерсонның еңбектерімен дәлелденді.

Адам организмі көптеген кіші жүйелерден тұратын өзін-өзі реттейтін күрделі біртұтас жүйе. Организмде әр жүйеге қарсы жүйе болатыны белгілі. Мәселен, қан ұю жүйесіне қарсы антикоагулянттық жүйе, тотықтырғыш жүйеге қарсы антиоксиданттық жүйе, иммундық сергіткіш жүйеге қарсы иммунитетті тежейтін жүйе, ауыру туындататын жүйеге қарсы оны басатын жүйе, ауыртпалық (стресс) дамытатын жүйеге қарсы оны шектейтін жүйе т.б. келтіруге болады. Организмнің гомеостазы осы жүйелер мен қарсы жүйелердің өзара тепе-теңдігімен қамтамасыз етіледі. Осыған байланысты қысқа мерзімді ауыртпалықтардың әсерлерінен стресс-дамытатын жүйе әсерленуі оны шектейтін жүйенің белсенділігін арттырады. Стресті шектейтін жүйеге мыйдағы шағын реттеуші пептидтер (эндорфиндер мен энкефалиндер), серотонинге жауап қайтаратын жүйе, шеткері тіндерде өндірілетін простагландиндер мен антиоксиданттар жүйесі т.б. жатады. Стресті шектейтін жүйенің әсерленуі организмнің аурутуындататын ықпалдарға төзімділігін арттырады.

1- сызбанұсқа

Табиғи иммунитет

Реактивтіліктің түрлері

Организмнің реактивтілігі:

● түрлік;

● топтық;

● даралық – болып ажыратылады.

Клиника жағдайларында даралық реактивтіліктің маңызы өте зор. Даралық реактивтілік адамның тектік ерекшеліктеріне, дене бітіміне, жүйкелік, эндокриндік, иммундық жүйелерінің жағдайына, науқастың мекендеу ортасының ықпалдарына, қоректену ерекшеліктеріне, оның жасы мен жынысына байланысты.

Даралық реактивтілік:

● спецификалық;

● бейспецификалық – болып ажыратылады (2-сызбанұсқа). Олар өз адына физиологиялық және дерттік болып бөлінеді.

Спецификалық даралық реактивтілікке организмнің иммундық реактивтілігі жатады. Физиологиялық спецификалық даралық реактивтіліктің көрінісі иммунитет кезінде байқалады. Дерттік спецификалық даралық реактивтілік аллергия, иммундық тапшылықтар және иммундық тежелулер түрлерінде көрінеді.

Сыртқы орта ықпалдарына организмнің иммундық жүйесінің қатысуынсыз жауап қайтаруының барлық түрлерін бейспецификалық реактивтілік – дейді.Мәселен, ашығу, жарақат, қансырау, гипоксия, температуралық, химиялық және сәулесоқ әсерлер кездерінде реактивтіліктің бейспецификалық көріністері байқалады. Жұқпалар, аллергиялық, аутоиммундық аурулар кездерінде реактивтіліктің әрі спецификалық (иммунитеттің сұйықтық және жасушалық тетіктері), әрі бейспецификалық көріністері айқындалады. Соңғысына қабыну, лейкоцитоз, қызба, бүлінген ағзалардың қызметтері бұзылыстары т.б. жатады.

Бейспецификалық реактивтілік физиологиялық және дерттік деп ажыратылады. Физиологиялық реактивтілік – деп сау организмнің қоздырғыштарға жауап қайтару қабілетін түсінеді.

Дерттік реактивтілік – деп әртүрлі экзогендік және эндогендік ықпалдардың әсерлеріне организмнің қалыптыдан ауытқыған, өзгерген түрде жауап қайтару қабілетін айтады. Ол гиперергия, гипоергия, анергия, дизергия түрлерінде көрінеді. Дерттік реактивтілік мына жағдайларда:

● тұқым қуалаушылыққа бейімділігі бар және аллергиялық болмысы болуы кезінде;

● жаңа, әсіресе шала, туған балалар мен кәрі адамдарда;

● сүлде аурулардың болуы нәтижесінде;

● организмнің ұзақ немесе сапалы ашығуы кезінде;

● организмнің ұзақ гиподинамиясы кезінде;

● қоршаған ортаның химиялық заттармен, иондағыш сәулелермен ластануларының әсерлерінен - байқалады.

2-сызбанұсқа

Организм реактивтілігінде тектік ерекшеліктердің маңызы.Адамда организмге түсетін химиялық қоспалардың тіршіліктік өзгерістерін (биотрансформациясын) қадағалайтын гендік бақылау болатыны белгілі. Осыдан дәрілік заттардың, тағамдық қоспалардың, қоршаған орта ластағыштарының, кәсіби зиянкестердің, солармен қатар физикалық ықпалдардың әсерлерінен дамитын дерттік үрдістер организмнің генотипінің ерекшеліктеріне байланысты байқалады. Оның негізінде организмдегі ферменттер, құрылымдық және тасымалдық нәруыздар, антигендері бойынша адамдардың тектік құрылымдарында кең тараған көптүрлілік (полиморфизм) жатады. Генотипте аллельдердің даралық құрастырылуы әр адамда әртүрлі. Бұндай адамдардың гендік ерекшеліктері биологиялық белгілерінің бірегейлігін ғана анықтап қоймай, сонымен қатар қоршаған ортаның дерттуындататын ықпалдарына да жауап қайтаруын ерекше-лендіреді.

Кейбір аллельдердің ерекшеліктері сыртқы орта ықпалдарына организмнің дерттік түрде жауап қайтаруына немесе идиосинкразия дамуына әкеледі. Былайша айтқанда кейбір дерттік үрдістерге адамның тегімен берілетін бейімділік байқалады.

Дерттік үрдістерге бейімділігі бар адамдар тобына тегімен берілетін бейімділік гендері бар, тектік ерекшеліктері қолайсыз қиыстырылған адамдар жатады.

Тегімен берілетін бейімділік гендері - деп адамның туылуына және туғаннан кейінгі өміріне айтарлықтай теріс әсер етпейтін, бірақ белгілі бір жағымсыз жағдайда ауру туындауына әкелетін қалыптыдан ауытқыған гендерді айтады (Баранов В.С., 2001). Әрбір нақты дерттің дамуын туындататын тегімен берілетін бейімділік гендердің аллель нұсқаларының ерекшеліктері «гендік торлар» – деп аталады. Осындай торларда негізгі (орталық) және қосымша (өңдеуші) гендерді ажыратады. Олардың атқаратын қызметтеріне және заттардың алмасуындағы маңызына қарай уытсыздандыру гендері, мембрана рецепторларының гендері және шүріппе (триггер) гендері – деп ажыратады.

Уытсыздандыру гендері организмге түскен ксенобиотиктерді ыдыратуға қажетті көптеген ферменттердің түзілуін қадағалайды. Осы гендердің тектік көптүрлілігі әртүрлі химиялық заттарға, тағамдық өнімдерге, дәрі-дәрмектерге, өндірістік және ауылшаруашылық уларға және канцерогендерге организмнің даралық жауап қайтару ерекшеліктерін анықтайды.

Мембрана рецепторларының гендері жасушалар аралық өзара әсерлерге, ксенобиотиктердің жасушаларға енуіне және жасушалар мен вирустардың өзара әрекеттесулеріне ықпал етеді. Мәселен, Д3 витаминінің рецепторы түзілуін қадағалайтын геннің (VDR3) белсенділігі төмендеуі остеопороз дамуына бейімдейді. СД4 рецепторы түзілуіне жауапты CCR5 генінің көптүрлілігі осы аллель бойынша гетерозиготты және гомозиготты адамдардың жұқпалы ауруларға төзімділігіне әртүрлі әсер етеді.

Бүгінгі күні 50-ден астам шүріппе-гендер белгілі. Бұл гендерге көптеген онкогендер мен супрессор гендер (антионкогендер) жатады. Оладың мутациясынан адамда қатерлі өспелер жиі дамиды. Төмен тығыздықты липопротеидтердің гені ауытқуымен атеросклероз және жүректің ишемиялық ауруы дамуын байланыстырады. Гепарин кофакторы жеткіліксіздігінің гені (HCF2) және ангиотензинге ауыстыратын ферменттің (17q22-q24) генінің мутациялары да осы аурулардың дамуына әкелуі мүмкін. Ангиотензинге ауыстыратын ферменттің (АСЕ) генімен миокардтың және қан тамырлары қабырғаларындағы тегіс салалы ет талшықтарының гипертрофиясын, инсулинге төзімді жағдайлар (метаболизмдік синдром: біріншілік артериалық гипертензия, миокард инфаркты, диабеттік нефропатия және ангиопатия т.б.) дамуын байланыстырады.

Бүгінгі күні молекулалық биология қарқынды дамуына байланысты предиктивті медицина қалыптасып келеді. Жеке адамдардың генотиптерін немесе олардың қадағалауымен түзілетін өнімдерін (ферменттер, нәруыздар) анықтау арқылы олардың кейбір ауруларға тектік бейімділігін алдын-ала аңғаруға және сол дерттен сақтандыруға бағытталған медицинаның саласын предиктивті медицина. дейді.

Дерттік үрдістерге тектік бейімділік сәйкес генотиптері бар адамдарда сыртқы ортаның өршіткіш ықпалдарының әсерлерінен пайда болады. Бұл ықпалдардың әсер ету қарқынының айырмашылықтарына байланысты дерт әр адамда, тіпті бір отбасының жеке бастарында, әртүрлі болып көрінеді. Барлық адамзатты қоршаған орта ықпалдарына жақсы бейімделе алатындарға және тектік ерекшеліктері қолайсыз қиыстырылған адамдарға ажыратуға болады. Соңғылары кейбір дерттердің дамуына тектік бейімділігі бар адамдардың тобына жатады.

Әрбір ауруға барлық белгілі гендерді анықтаудың мүмкіншілігі бола бермейді. Мұндай жағдайларда сол аурудың дамуына жауапты өнімдердің (нәруыздардың, ферменттердің) белсенділігін анықтау маңызды.

Қоршаған ортаның ықпалдарына дамитын дерттік серпілістер кездерінде ксенобиотиктердің организмде тіршіліктік өзгерістеріне (биотрансформациясына) қатысатын кейбір ферменттердің (Р450 цитохромы, N-ацетилтрансфераза, қан сарысуында холинэстераза, глюкоза-6-фосфатдегидрогеназа, лактаза, протеазалардың бәсеңсіткіштері т.б.) түзілуін қадағалайтын аллельдердің көптүрлілігінің (полиморфизмінің) маңызы дәлелденген. Бұндай жағдайларға жақсы зерттелген мутацияның бір түрі болып α1-антитрипсин түзілуінің бұзылыстары есептеледі. Бұл ферменттің тапшылығы бар, әсіресе гомозиготты (генотип ZZ), адамдарда сүлде пневмония, обструкциялық бронхит, өкпе эмфиземасы, бронхиалық демікпе, өкпе туберкулезі, құздаматәрізді полиартрит дамуына өте жоғары бейімділік болады. Антитрипсин және басқа антипротеазалар лизосомалық протеазаларды бәсеңсітіп, қабыну дамуын шектейтін міндет атқарады. Олардың тапшылығы нәтижесінде тіндердің кезкелген, тіпті мардымсыз бүліністері (қабыну, микроциркуляция бұзылыстары т.б.) кездерінде протеолиздік ферменттер өзгерген тінді бүліндіре бастайды.

Антитрипсин жеткіліксіздігінің гені бойынша гетерозиготты адамдарда да (генотип МZ) ауаның шаңдануына және темекі шегуге дерттік серпілістер дамып, өкпе эмфиземасы дамуына қауіп-қатер төнеді. Бұндай адамдар ел арасында 10%-дан астам кездеседі.

Организмде ацетальдегиддегидрогеназа-1 ферментінің тапшылы-ғынан ішімдіктердің аз мөлшерлеріне дерттік серпілістер байқалады. Содан бұндай адамдар ішімдікке тез құнығып кетеді.

Дәрілердің емдік нәтижелерінде және олардың жанама жағымсыз әсерлерінде жекелеген адамдарда ауқымды ерекшеліктер болатыны белгілі. Дәрілердің организмдегі өзгерістері спецификалық және бейспецификалық ферменттердің қатысуымен болады. Осыдан әр дәрінің организмдегі тіршіліктік өзгерістері осы ферменттердің немесе нәруыздардың әртүрлі ерекшеліктерімен тығыз байланысты болады. Сол себепті дәрілік заттарға әр адам әртүрлі жауап қайтарады.

Глюкоза-6-фосфатдегидрогеназа ферментінің тектік тапшылығы бар адамдарда безгекке қарсы қолданылатын примахиннің, дифенилсульфонның, көптеген сульфаниламидттердің және басқа дәрілердің әсерлерінен гемолиздік анемия жиі дамитыны белгілі. Метгемоглобинредуктаза ферментінің тектік жеткіліксіздігі бар гетерозиготтық адамдарда примахин, дифенилсульфон, хингамин қабылдаудан кейін метгемоглобинемия және цианоз байқалады.

Организмге түскен дәрі-дәрмектер т.б. ксенобиотиктер бауырдағы N-ацетилтрансфераза (NАТ) ферментінің қатысуымен ацетилденіп, сыртқа шығарылады. Ацетилдену реакциясының жылдамдығына қарай адамдар үш фенотипке: жылдам, баяу және аралық ацетилдеушілердеп ажыратылады. Жылдам ацетилдеушілерге қалыпты аллелі бойынша гомозиготтылар, баяу ацетилдеушілерге ауытқыған аллелі бойынша гомозиготтылар, аралық ацетилдеушілерге гетерозиготты адамдар жатады.

Баяу ацетилдеуші адамдарда дәрілік заттар организмде ұзақ сақталып уытты әсер етеді. Мәселен, бұндай адамдарда изониазидтің әсерінен шеткері жүйкелердің бүліністерімен көрінетін асқынулар пайда болады, индометациннің т.б. стероидтық емес қабынуға қарсы дәрілердің әсерлерінен асқазан мен ұлтабардың ойық жарасы дамиды. Баяу ацетилдеуші адамдарда қуық обыры жиі дамиды. Организмге қосымша ықпалдардың (темекі шегу, резеңке бұйымдарының өндірістері, бояулар) әсерлерінен оның дамуына қауіп-қатер артып кетеді.

NАТ-2 фенотипі бар адамдарда жүрек-қан тамырлық, жүйке және эндокриндік жүйелердің сүлде аурулары жиірек кездеседі. Бұл адамдар жиі артериалық гипертензиядан қайтыс болады. NАТ-2-5 және NАТ-2-4 генотиптері бар адамдар мұнай-химиялық өндірістердің жағымсыз факторларына төзімді келеді, ал NАТ-2-6/7, NАТ-2-7/7 және NАТ-2-4/7 генотиптері барлар химиялық гепатозбен жиі ауырады.

Хиругияда бұлшықеттерді босаңсыту үшін қолданылатын дитилинді тегімен берілген қалыптыдан ауытқыған холинэстераза ферменті ыдыратпйды. Содан бұндай ферменттері бар адамдарда дитилиннің әсерінен тыныс алу ұзақ тоқтап қалуы мүмкін.

Көпоралымды көмірсутектер организмде арилгидрокарбонгидро-ксилаза ферментінің әсерінен гидроксилденіп белсенді эпоксидтерге айналады. Эпоксидтер көпоралымды көмірсутектердің өте қуатты өспе туындататын түрлеріне жатады. Осыдан көпоралымды көмірсутектердің өспе туындататын қабілеті:

● эпоксидқұратын ферменттердің тым артық белсенділігінен;

● эпоксидтерді ыдырататын ферменттердің жеткіліксіздігінен – байланысты болады.

Өкпе обырымен ауыратын адамдардың 30%-ға жуығы арилгидро-карбонгидроксилаза ферментінің белсенділігі жоғары топқа жатады. Сондықтан бұл ферменті көп адамдарды алдын-ала анықтап, темекі шегуден және көмірсутектерімен қатысты кәсіби жұмыс істеуден сақтандыру қажет.

Сонымен қатар, адамды қоршаған ортаның тез арада ауқымды құбылыстары гендердің мутациялық өзгерістерін туындатуы ықтимал. Жаңа экологиялық жағдайларда бұрын қызмет атқармайтын (бұғып жатқан) гендер қызмет атқара бастайды. Осылай қоршаған орта ықпалдарының экогене-тикалық әсері байқалады.

Белгілі сыртқы орта ықпалдарына кейбір арнайы мутациялары бар адамдардың сезімталдығы қатты көтеріліп кетеді. Мәселен, ауру дамуына тектік бейімділіктің патогенездік жолдары HLA-жүйесі антигендерімен байланысты болатыны көптеген зерттеулермен дәлелденген. HLA (ағылш. human leucocyte antigen – адам лейкоцитінің антигені) жүйесі адамның даралық фенотипін, соның ішінде әртүрлі дерттерге оның бейімділігін анықтайтын гендік кешенге жатады. HLA-жүйесінің үш құрамбөлшегінен тұратын тін үйлесімділігінің үлкен кешенінде (MHC, ағылш. major hystocompatibility complex) гендердің үш класын ажыратады. Бірінші класы А,В және С, екінші класы –DP, DQ және DR топтарынының гендерінен, үшінші класы С2, BF, С және С топтарының гендерінен тұрады. Бұл гендер 6-хромосоманың қысқа иығында орналасқан. Олар омыртқалы жануарлардың барлығында болады. Бұл гендердің 1-класы жасушалардың сыртқы бетінде болатын β2-микроглобулинмен байланысатын, молекулалық массасы 44 кДа, трансмембраналық пептидтердің түзілуін қадағалайды. МНС-жүйесі гендерінің 2-класы қадағалауымен түзілетін антигендер трансмембраналық димерлерге жатады. 3-кластағы гендер С3-конвертаза құрылуына қатысатын комплемент жүйесінің құрамбөлшектері түзілуін қадағалайды.

Дерт дамуы мен HLA-жүйесінің антигендерінің арасындағы байланысты түсіндіруге арналған бірнеше жорамал бар:

● HLA-жүйесі антигендерінің молекуласы мен эндогендік әсер ететін кейбір заттардың рецепторларының арасында ұқсастық болуынан, ағзалар мен тіндердің реттелуі мен функциясы бұзылыстарына әкелетін, бәсекелестік байланыстарға ұшрауы ықтимал;

● HLA-жүйесі антигендері мен кейбір аурутуындататын жұқпалардың беттеріндегі антигендердің құрылымдық ұқсастығы болуы мүмкін. Содан бактериялық антигендермен иммундық жүйе түрткіленуінен аутоантиденелер түзілуі және аутоиммундық үрдіс даму мүмкіншілігі пайда болады;

● әртүрлі дерттік ықпалдардан HLA-жүйесінің өзгерген антигендері аутоиммундық серпілістер туындатуы мүмкін.

HLA-жүйесі гендерімен байланысты дамыған аурулардың көпшілігі иммундық жүйенің бұзылыстарынан болады. Мәселен, DR-3 антигенінің генімен аутоиммундық аурулар дамуы байланысты. Бұл кездерде жасушалардың сыртқы беттеріндегі рецепторлардың аутоиммундық бүліністері байқалады. HLA-жүйесі гендерінің өнімдері вирустармен байланысып, олардың жасушалар ішіне енуін қамтамасыз етеді. Вирустар аутоантигендермен қосылып аутоиммундық серпілістер туындатады.

Аутоиммундық аурулар негізінен МНС гендерінің екінші класымен байланысты дамиды. Инсулинге тәуелді қантты диабет дамуында DR-3, DR-4 гендерінің маңызы зор деп есептеледі.

DR антиген тобы бар адамдар созылмалы гепатитпен, құздаматәріздес полиартритпен, тиреотоксикозбен, жайылмалы склерозбен т.б. аурулармен жиі ауырады. В-27 антигені бар адамдар шорбуындайтын спондилитпен, DR-7 антигені барлар - псориазбен, DR-3/4 антигені барлар – инсулинге тәуелді қантты диабетпен, DR-2 антигені барлар – ойық жаралы колитпен және Крон ауруымен, DR-3 антигені барлары – глютен ауруымен, В-47 антигені барлар бүйрек үсті бездерінің туа біткен гиперплазиясымен жиі сырқаттанады.

Сонымен бірге, басқа жүйелердің көптүрлілігіне байланысты пайда болатын ауруларда белгілі. Мәселен, сау немесе миелоидтық лейкозбен ауыратын адамдарға қарағанда лимфолейкозбен ауыратын науқастарда, қан сарысуындағы гаптоглобин бойынша, Нр 1-1 фенотип жиі кездеседі, ал Нр 2-2 фенотипі өте сирек болады. Бірінші фенотипі бар адамдарда лимфолейкоз екіншілерімен салыстырғанда 3,5 есе жиі кездеседі.

А(II)-қан тобы бар адамдарда 0(I) тобы барлармен салыстырғанда асқазанның, тоғышектің, анабездің, жатыр ернеуінің т.б. ағзалардың обыры жиі байқалады. Бұл адамдарда қатерлі анемия, құздама, жүректің ишемиялық ауруы жиі кездеседі және оларда тромэмболия дамуына бейімділік болады. 0(I) қан тобы барлар онекелішектің ойық жарасымен жиі ауырады. Солай дегенмен жоғарыда келтірілген көпфакторлы дерттердің дамуында бұл аллельдер негізгі аурутуындататын гендерге жатпайды. Олардың дамуында көптеген сырттан әсер ететін факторлардың маңызы зор.

Жаңа туған, әсіресе шала туған балалар мен кәрі адамдарда қоршаған ортаның ықпалдарына жауап қайтару қабілеті қатты төмендеген (гипергия) болады немесе тіпті жауап қайтару болмайды (анергия). Сондықтан оларда жұқпалы аурулар дене қызымы көтерілмей, ауыр түрде өтеді, қабыну кезінде қан тамырларының өзгерістері, қабынулық сіңбелердің қалыптасуы, фагоцитоз өте әлсіз болады.

Организм реактивтілігіне сүлде аурулардың әсері. Дерттік бейспецификалық реактивтілікке жоғарыда көрсетілген-дермен бірге бұрыннан дамыған сүлде (созылмалы) ауруларын жатқызуға болады. 40 жастан асқан адамдарда ең болмағанда бір сүлде ауру жиі кездеседі.

Организмнің реактивтілігіне қантты диабет, сүлде гепатит, артериалық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, өкпе туберкулезі, сүлде анемия, ішек дисбактериозы т.с.с. аурулар қомақты әсер етеді. Осы аурулардың бірі болғанда қосымша дерттуындататын ықпалға организмнің жауап қайтару қабілеті өзгереді. Мәселен, қантты диабет кезінде жұқпаларға организмнің төзімділігі төмендейді. Содан тері мен шырышты қабықтарда іріңді бөртпелер пайда болады, жиі өкпе туберкулезі дамиды. Бұл жағдайларда хирургиялық жара іріңдеп, асқынып бітеді. Осы жағдай хирургтардың назарында болғаны жөн. Қантты диабет кезінде миокардта бүліністер пайда болады, қансырауға организмнің төзімділігі төмендейді (Т.П. Ударцева, А.А.Имамбаева, Ш.С Қарынбаев). Ол қан тамырларында атеросклероз дамуына қолайлы жағдай туындатады. Осыдан науқас адамдарда жүректің ишемиялық ауруы, артериалық гипертензия жиі байқалады. Бұл кезде диабетті инсулинмен емдеудің нәтижесінде калий иондары жасушалар ішіне ауысып кетеді де, гипокалиемия дамиды. Ол өз алдына жүрек аритмиялары дамуына әкеледі. Инсулинмен емдеу бауырда, миокардта және бүйректе гипоксиялық өзгерістерді азайтпайды. Сондықтан ол бұл ағзалардың дерттік бүліністерін үдетіп жібереді (А.А.Имамбаева). Инсулинмен емдеудің нәтижесінде гипогликемия дамуына қауіп-қатер төнеді. Содан гтпогликемия дамуына жауап ретінде инсулинге қарсы гормондардың (глюкагон, адреналин, кортизол т.б.) өндірілуі артып кетеді. Олар өз алдына қанайналым, жүйке және қан жүйелеріне жағымсыз әсер етеді. Бұл өзгерістер қарттарда миокард инфаркты, инсульт, тромэмболия т.б. қайтымсыз бүліністерге әкелуі мүмкін.

Қантты диабет кезінде дамитын ангиопатиялар мен нефропатиялар да организм реактивтілігін одан сайын бұзады. Бұл кездерде жарақат, стресс т.б. аурутуындататын қосымша ықпалдардан ауыр асқынулар пайда болады. Мәселен, бұл жағдайларда хирургиялық әрекеттерден ауыр қан кетулер мен бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі дамуы ықтимал.

Өкпе туберкулезі кезінде иммундық реактивтілік төмендейді. Сонымен қатар бұл дерт жүрек еті бүліністерін асқындырып жіберуі мүмкін. Ол организмнің уыттануынан және созылмалы гипоксиядан байқалады. Сонымен бірге туберкулезді емдейтін дәрілер жүрекке және бауырға уытты әсер етеді. Кардимиопатияның нәтижесінде тыныстық гипоксия қанайналымдық гипоксиямен ушығады. Бауыр қызметінің бұзылыстарынан организмнің сырттан әсер ететін және оның өзінде пайда болатын уыттарға төзімділігі азаяды.

Бауырдың сүлде аурулары кездерінде нефропатия, жүрек аритмиялары, энцефалопатиялар дамуы мүмкін. Бұл кезде дәрілердің организмде ыдыратылуы бұзылады. Мәселен, дәрілік заттардың денеден жартылай шығарылу кезеңі бірнеше есе ұзарып кетеді. Содан олар организмге уытты әсер етеді.

Жүрек-қантамырлар жүйесінің, өкпенің аурулары және созылмалы анемия кездерінде қансырау өте ауыр өтеді. Өйткені бұл кездерде организмнің гипоксияға бейімделу жолдары шектеледі.

Кезкелген сүлде қабыну темір тапшылықты анемия дамуымен қабаттасады. Өйткені бұл кездерде темір иондары макрофагтармен жұтылады және нейтрофилдер өндіретін лактоферрин оларды байланыстырып макрофагтарға тасымалдайды. Ұзаққа созылған нейтрофилдік лейкоцитоз организмде антипротеаза ферменттерінің туа біткен немесе жүре пайда болған жеткіліксіздігінде дәнекер тіндердің жайылмалы жүйелі бүліністеріне әкеледі. Сонымен қатар нейтрофилдер көптеп лейкотриендер өндіріп, жүрек етінің бүліністерін туындатады.

Ішек дисбактериозы кезінде де организмнің реактивтілігі өзгереді. Дисбактериоз кезінде қалыпты ішек бактерияларының витамин өндіру және ферменттік қабілеттері азаяды. Сол себепті организмде витаминдердің, әсіресе олардың В-тобының, К-витаминінің жеткіліксіздігі дамуы аурутуындататын ықпалдарға организмнің төзімділігін төмендетеді. К-витаминінің жеткіліксіздігінен қанағыштыққа бейімділік байқалады. Артық өсіп-өніп кеткен ішек микробтарының ауыз қуысына, өт және несеп жолдарына, қанға тарап кетуі ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Мәселен, ішкі ағзалардың ошақты іріңді қабынулары, сепсис дамуы ықтимал. Сонымен бірге тағамдық заттарға немесе бактериялардың антигендеріне аллергия дамуы мүмкін. Ішектен өзіндік уыттанудан жүйке жүйесінің бұзылыстары адамның жалпы дімкәстігіне, әлсіздігіне, бас ауыруына, еңбекке қабілеті төмендеуіне т.с.с. құбылыстарға әкеледі.

Дисбактериоз кезінде ішектерден өт қышқылдарының қайта қанға сіңірілуі бұзылынан олардың өтте азаюы байқалады. Содан өтте өт қышқылдары мен холестериннің арақатынасы төмендеуі өт жолдарында тас байлануына әкеледі.

Омыртқа бағанасы ауытқуларынан және остеохондроз дамуынан ішкі ағзалардың жүйкелік реттелулері бұзылып, олардың қызмет атқару қабілеті қалыптыдан өзгереді. Мәселен, остеохондроз кезінде жергілікті көріністермен қатар дербес жүйкелік және нәрленістік бұзылыстар, рефлекстік жүйкелік-қантамырлық өзгерістер байқалады. Кеуде омыртқаларының остеохондрозы кезінде жүрек қыспасына ұқсас төс астында және жүрек аймағында қатты ауыру сезімі болады. Ол коронарлық артериялардың рефлекстік қатты жиырылуы нәтижесінде дамуы мүмкін.

Құздамаға ұқсас полиартриттерді қабынуға қарсы бейстероидтық дәрілермен емдеуден асқазанда ойық жаралар жиі дамиды. Өйткені бұл дәрілер асқазан қабырғасында циклоксигеназа ферментінің белсенділін бөгеп, Е тобындағы простагландиндер түзілуін азайтады. Содан асқазан қабырғасының қанмен қамтамасыз етілуі бұзылады, тұз қышқылының өндірілуі артады, асқазан сөлінде шырыш пен бикарбонат анионы азаяды.

Нашақорлар мен маскүнемдерде де организм реактивтілігі қатты өзгереді, оларда дерт көптеген ағзалардың бүліністерімен аяқталады.

Ұзақ ашыққаннемесе сапасыз қоректенген адамдарда тағамда нәруыздардың, витаминдердің, микроэлементтердің тапшылығынан тіндерде нуклеин қышқылдары мен нәруыздардың түзілуі қатты азаяды. Тағамда нәруыздардың тапшылығы және олардың сапасыздығы денеде май түзілуін арттырып, гипрелипидемия, дислипопротеидемия, жасуша мембраналарында липидтердің асқын тотығуы дамуына әкелетін майлар мен көмірсуларының алмасуын өзгертеді. Содан организмнің глюкозаға шыдамдылығы және оның сырттан енгізілетін инсулинге сезімталдығы азаяды (Н.Н.Рыспекова). Тағамда нәруыздардың және витаминдердің аздығынан анемия, иммунитеттің әлсіреуі және аурутуындататын ықпалдарға организмнің төзімділігі төмендеуі байқалады, қабыну баяу өтеді, жараның бітуі ұзаққа созылады. Эксперименттік жануарларды нәруыздары өте аз тамақпен қоректендіру кездерінде қантты диабет жеңіл дамиды және ол өте ауыр өтеді (Н.Н.Рыспекова).

Организмнің бейспецификалық реактивтілігіне қазіргі адамдарға тән қимыл-қозғалыстың және қол жұмысының аздығы қомақты әсер етеді. Мәселен, тәжірибелік жануарлардың қимыл-қозғалысын ұзақ шектеуден қантты диабет кезіндегідей көмірсулары мен майлардың алмасуы бұзылады. Бұл кезде липолиз артып гиперлипидемия, атерогендік липопротеидтердің көбеюімен көрінеті дислипопротеидемия байқалады, глюкоза енгізгенде гипергликемия ұзақ сақталады. Гипокинезия кезінде жануарлардың қансырауға төзімділігі азаяды. Бұл кезде қансырауға жануарлар тыныс алуын және жүрек соғуын жиілетіп жауап қайтармайды (С.П.Лобанов).

Қоршаған орта ықпалдарының организм реактивтілігіне әсері. Қоршаған ортаның шамалы қарқынды химиялық заттармен, иондағыш сәулелермен ластануларына ұзақ ұшыраған адамдардың сезімталдығы тіпті әлсіз аурутуындататын ықпалдарға көтеріліп кетеді. Мәселен, химиялық зиянды газдармен, ауыр металдармен ауасы ластанған қалаларда тұратын адамдардың арасында тыныс алу жолдарының вирустық аурулары, өкпе мен жүрек-қан тамырлар жүйесінің дерттері жиі кездеседі. Ванадийдің, хромның, қорғасынның т.б. қоспаларымен қатысы бар кәсіби өндіріс жұмысшыларында тыныс алу ағзаларының, бауыр, бүйрек және жүрек-қан тамырлар жүйесінің аурулары жиі байқалады. Фосфор өндірісінде істейтін жұмысшыларда жиі уытты гепатит дамиды, жасуша мембраналары липидтерінің асқын тотығуы артып кетеді, зат алмасуларының және нәруыздар түзілуінің бұзылыстары дамиды, хирургиялық жара асқынып бітеді.

Қалалық автобустардың жүргізушілерінің қанында атерогендік липо-протеидтердің мөлшері жоғары болатыны, оларда атеросклероз және жүректің ишемиялық ауруы жиірек кездесетіні дәлелденген (Т.П.Ударцева т.б.). Кадмийдің, қорғасынның, ванадийдің және хромның қосындыларымен уланған жануарлардың жүрегінде гипоксиялық және реоксигенациялық бүліністер тым ауыр өтетіні байқалды (А.Нұрмұхамбетов, Л.Қабулбекова, Б. Қасенов, Ш.Базарбекова). Бұл металдардың әсерінен жүрек, бауыр, мый жасушаларының мембраналарында липидтердің асқын тотығуы артуы және лизосома мембранасының тұтастығы бүлінетіні дәлелденді (К.Умирзақова, М. Балабекова, Д.Ахмедшина). Аутокөліктердің дизель қозғағыштарының шығаратын газдарының әсерлерінен организмді оттегімен қамтамасыз ететін жүйенің бұзылыстары, жүректің жиырылу қабілетінің әлсіреуі, өкпе ұяшықтарының жасушаларында сурфактанттардың түзілуі азаятыны белгілі (Р.Жұмашева, А.Қысмұратова).

Ядролық сынақ полигондарына жақын мекен тұрғындарының арасында лейкоздар мен өспе өсу дерттері жиі кездесетіні белгілі. Өйткені оларда иммунитеттің әлсіреуі, гендер мен хромосомалардың мутациясы байқалады. Радийбелсенді сәулелермен сәулеленген жануарларда қансырау мен жарақат ауыр түрлерде өтеді және оларда жарақаттық сілейме шамалы жарақаттың өзінен дамиды.

Адам әрекеттерінен пайда болған қоршаған орта ластағыштарының әсер ету жолдарын 3–сызбанұсқадан қараңыз.

Мембрананың тосқауылдық және насостық қызметтері бұзылыстарынан жасуша іші мен сыртында иондардың бөліністері өзгереді, қозымды тін жасушаларында электр әлеуеті қалыптасуы бұзылады. Оның рецепторлық қызметі өзгерістерінен ағзаның жүйкелік-эндокриндік және паракриндік реттелулері бұзылады. Мәселен, жарақаттық сілейме кезінде қан

тамырлары адреналинге жауап қайтармайды немесе бұрмаланған түрде жауап қайтарады. Содан бұл кезде адреналиннің әсерінен қан қысымы күрт түсіп кетуі мүмкін. Бұндай жағдайларда организмге кортикостероидтық гормон енгізіп, артынан адреналин енгізу нәтижелі болады. Кортизон жасуша мембранасын тұрақтандырып, адреналиннің әсерін жақсартады.

Осы себептерден қоршаған ортаның ластағыштарына душар болған науқас адамдарды емдегенде мембраналарды тұрақтандыратын антиоксиданттық және т.б. дәрілерді пайдалануға мәжбүрлік туындайды.

Осы келтірілгендерге байланысты бұл тұрғындардың дерттерін емдеу кезінде дәрігер науқастың мекендеу ортасын есте сақтау қажет.

3-сызбанұсқа

Организмнің адаптациясы және оның реактивтіліктегі маңызы.Қоршаған ортаның ұдайы құбылып тұратын ықпалдарына организмнің бейімделу мүмкіншіліктері оның реактивтілігіненбайланысты болады. Сондықтан реактивтілікті организмнің адаптациясы туралы түсініктен бөлек қарастыруға болмайды.

Адаптацияның нәтижесінде организм ө

 




Поиск по сайту:

©2015-2020 studopedya.ru Все права принадлежат авторам размещенных материалов.